157
- Барлық күшім жеткенінше, ақырғы демім біткенінше адамды, оның
әділеттілігі мен ізгілігін айқай салып мақтана айтуды қоя алмаспын! – дедім
мен». Ешқандай боямасыз, бүкпесіз, жүректі жарып шыққан шынайы сөздер.
Баласының өміріне төнген қауіптен арылған ана үшін әрине бұл дәрігер
«сыйынар құдай да, пір тұтар пайғамбар да» болып қалатыны ақиқат.
Жазушы кейіпкерлері өздерінің ой-санасы, алған тәрбиесі, білімі, парасатына
қарай сөйлейді. Баласына өмір сыйлағаны үшін ризашылықпен айтылған
сөздерге дәрігер де «біздің міндетіміз» деп кәсіби тұрғыда жауап береді. Асып-
тасып, еңбегін бұлдап, бағалау жоқ. Бұл диалог-деталь әйел-ананың бойын
билеген эмоцияны, психологиялық ситуацияны ғана емес, характер танытқыш
қасиетке де ие.
Жазушы А.Алтайдың «Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат...
ештеңе жат емес екен» деп басталатын «Казино» новелласындағы Жошы мен
сұлбаның диалогы арқылы автордың қоғамға деген көзқарасы танылады. Заман
шындығын, қоғамды жайлаған дерттің, оның себебін де көрсетіп береді:
- Тап қазір қоғамға қарымды қимыл, әлеуетті әрекет керек. Тек сонда ғана
адам өз-өзін ақтай алады. Қоғам кінәлі болса да, оған бәрінен бұрын кінәлі
адам... Кінәлі сайтан емес, кінәлі – сен! Бүлінген дүниеге бүлдіргіш пенде
керек. Сенің күнің енді туып келеді. Әлі-ақ астаң-кестең етер күш құйылады
саған. Сонда ғана сайқал қоғам сауыға бастайды.
- Сайтан иектеген қоғам ғой.
- Сайтан емес, сайтан билік иектеген сайқал қоғам... Билік пен қоғам
жыланның тіліндей екі айырлы болып көрінгенмен, кіндігі бір егіз құбыжық.
- «Сиям егізі» дейсің ғой.
- Сол билікті тудырған да керенау қоғам. Қоғамның өзі кінәлі!
Адамның өзі
кінәлі! – Сапалақ сұлба мұны айнала шеңбер жасады. –Әділеті жоқ адам адуын
мінез танытады. Шексіз билік шектеп шығып, ақыры әділетсіз қоғам суық
қолды сұғанақтыққа барады. Тексіз тағайына тартады – деді сайтан-сапалақ
пәлсапасын шегелей түсіп.
- Қатерлі қоғам – матаулы адам, - деді Жошы да.
- Дау жоқ. Тарпаң қоғам, соқыр сана үстемдік құрғанда жұрт сансырап,
қоғам қорғаншақ күйге енеді... сондықтан саусоқыр қоғам саналы пендесінің
пешенесіне жазылардай сорақы шешім шығарады.
- Ол не? – Жошы қызына сұрады.
- Ой – ойран. Дүние түбі – ойран. Салқын сана сабырлы шешімге келеді.
Кісенді білек, сезімді жүрек шұғыл кіріседі. Суық ақыл, ыстық жүрек сұмдық
әрекетке бет береді. Ол сонарда соқпақ салған бөрідей жалғыз жортады: жалқы
күй кешіп, жалынусыз аттанады. Соқпақ сорабы – сойқан лаң... ойран қоғам,
сайран адам...
- Жоқ. Мүмкін емес! – Жошы лажсыз міңгірледі» [170].
ХІХ ғасырдағы ағылшынның сыншыл реалист жазушысы У.Теккерей өз
қоғамын «қарғыс атқан қоғам» деп атаса, Асқар Алтай өз қоғамын «сайқал
қоғам» деп атады.
158
Түйіндей
айтқанда,
қазақ
новеллистерінің
қолдауындағы
тілдік
детальдардың қызметін былайша саралауға болады:
- Автор диалог құруда белгілі бір мақсатты көздейді, жазушы мақсатының
орындалуына диалог-деталь көп септігін тигізеді;
- Кейіпкердің ішкі әлемінде болып жатқан өзгерістерді таныту құралы
ретінде диалог-детальдарды шебер пайдалана біледі;
- Тарихи-әлеуметтік оқиғаларды кейіпкер тағдырымен сабақтастырып,
байланыстыра беруде тілдік детальдар зор қызметке ие;
- Диалог-детальдар аз сөзге
көп мағына сыйғызады;
- Тілдік детальдар характер танытқыш
сипатқа ие;
- Тілдік детальдар автордың даралық қолтаңбасын танытады;
- Тілдік детальдың көркемдік қолданысы новелла құрылымына жігін тауып
кірігіп, орайласып жатады;
- Диалог-детальдар кейіпкер әрекеті, жалпы тұлға табиғатын ашумен ғана
шектелмейді, ол ерекше психологиялық жүк көтере біледі.
Байқағанымыздай, тілдік детальдар қаламгерлерге шағын жанрда кесек
туындылар тудыруға мүмкіндік беретін тәсіл қызметін атқарған. Бір ғана
диалог тәсілін қолдана отырып, көптеген новеллистер образ бейнесін ашумен
ғана шектелмей, кейіпкер характерін де бере білген. Тілдік детальдың автор
ұстанымын таныту мақсатында да атқаратын қызметі зор.