АБДУЛЛИН Хизмет Әбдімүталипұлы (10.10.1925. Алматы обл. Еңбекшіқазақ ауд. Баяндай а. -
5.3. 1986. Алматы) - жазушы. 1951 -55 ж. Алматыда шығып тұратын "Жаңа өмір" журналы
редакциясында әдеби қызметкер. бөлім бастығы және жауапты хатшы. 1955 - 80 ж. ұйғыр тілінде
шығатын "Иеңи һаят", "Коммунизм туғи" газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы
қызметтерін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті секциясын
басқарды. А. шығармаларының негізгі өзегін ел қорғау, бостандық жолындағы күрес, болашаққа
деген сенім, махаббат, адамгершілік мәселелері құрайды. Шет елдегі ұйғырлардың өміріне
арналған "Турфан аясында" романы, "Ауылдастар", "Тағдыр", "Отты шеңбер", "Жылдарға
жауап", Гүлстан" сияқты повестер мен әңгімелер жинақтары, "Анаят", "Давутжан" атты өлеңдер
мен поэмалар жинақтары бар. "Тас түйін" аталатын повестер мен әңгімелер жинағы қазақ тілінде
жарық көрді. Ол А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Л.Н. Толстой, Р.Тагор. М.В. Исаковский
шығармаларын ұйғыр тіліне тәржімалады.