Мақпал Жұмабай
Жоғалған тілдер туралы жыр
Тілдің бесігі – тәуелсіздік
Бөбегім, дүние жүзінде мыңдаған тілдер бар. Замананың ызғарына қарсы
тұра алмай, жойылып кеткендері қаншама. Тілдің жойылғандығы – ұлттың
жойылғандығы. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет
Байтұрсынұлы бабаңның жанайқайын осы жазбаларымды оқыған сайын
есіңе алып, ұғына түсерсің.
Тілдерге төнген қауіп қатерді саралап, ЮНЕСКО оларды жыл сайын
Тілдердің Қызыл кітабына енгізеді. Сол кітаптан бір үзік ... «Жер бетіндегі
тілдердің тағдыры алты сатылы шкала бойынша айқындалады. Біріншісі,
өлген, жойылған тілдер. Жер бетінде бірде бір сөйлеушісі қалмаған тіл.
Екіншісі, жойылу алдындағы тілдер. Оннан бірнеше жүзге дейін сөйлеушісі
бар тіл. Бәрі егде жастағы адамдар. Олардың өлімімен, тіл де жойылады.
Үшіншісі, жойылу үстіндегі тілдер. Екі жүзден ондаған мыңға дейін
сөйлеушісі бар тіл. Бірақ олардың қатарында жас ұрпақ өкілдері жоқ. Бұл
тілді аға ұрпақ екінші тіл есебінде қолданады. Төртіншісі, қауіп төнген
тілдер. Бұл тілде жас ұрпақ өкілдері сөйлейді. Әйтсе де, олардың қатары
уақыт өте келе азаяды. Сөйлеушілердің саны мыңнан миллионға дейін
ауытқып отырады. Бесіншісі, тұрақсыз тілдер. Бұл тілде барлық жастағы
адамдар сөйлейді. Бірақ тілдің ресми мәртебесі әрі беделі жоқ.
Алтыншысы, болашағы зор тілдер. Ешқандай қауіп қатерсіз жылма жыл
өркендеп келе жатқан тілдер».
Бөбегім, қаралы тізімге енген тілдердің тағдырын оқығанда, туған қазақ
тіліңнің тағдырын ойла. Ана тіліңді жылап тұрып жақсы көр. Оны сақтап,
дамыту – сенің азаматтық, ұлттық парызың екендігін ұғын!
Тағдырына қауіп төнген тілдердің дені ел болып тұғырын орнықтырмаған,
замананың өн бойында мемлекеттілігін қалыптастыра алмаған халықтардың
еншісінде. Тілді сақтаудың, дамытудың алғышарты, негізі – тәуелсіздікте.
Ұлттың азаттығында. Тілдің бесігі – тәуелсіздік. Сенің туған халқыңның –
қазақ ұлтының егемендігі бар. Ең басты байлығы сол. Бөбегім, ер жеткенде
сен де еркіндігімізді сақтау үшін еңбек етуге тиістісің!
Баоның әні – бо халқының соңғы әні
Андаман тілі
Бөбегім, сен құрсағымда тебінесің... Жылы сөз айтсам, сүйінетін тәріздісің.
Сен тіршілікке ұмсынып, жарық дүниеге ұмтылсаң, Андаман аралдарының
бірінде ака-бо тілінің соңғы сөйлеушісі Бао сексен бес жасында көкірегін
кернеген өкінішімен көз жұмды. Бұл 2010 жылдың қаңтар айы.
Андаман – Үнді мұхитын бойлай жатқан, Үндістанның аумағына қарайтын
арал. Ғалымдардың зерделеуінше, аралдың байырғы тұрғындарының бірі
бо халқы бұл жерді 65 мың жыл бойы қоныс еткен. Олар Ұлы андаман
тайпасына кіретін дүниенің қарт халықтарының бірі еді. Ғалымдар ака-бо
тілін адамзаттың ежелгі тілдерінің санатына қосады. Ал Бао болса, бүгінде
көзі тірі 52 андамандықтың ішіндегі ең қарт адам болатын.
Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде андамандықтардың саны бес мыңға
жуықтады. Ағылшын басқыншылары 1858 жылы аралға басып кіріп, жұртты
атып асып, жаппай қырып тастады. Тірі қалғандарының өзі еуропалықтар
әкелген жұқпалы аурулардан көз жұмды.
Көзі тірі елу шақты андамандық бүгінде Үндістан мемлекетінің
қамқорлығында. Бейбақ жұртқа ас-суды үнділіктер жеткізіп тұрады. Ал
онсыз да жер бетінен жойылуға шақ қалып тұрған арал иелері араққа
салынып жатыр...
Бао өмірінің соңғы жылдарын лингвист, профессор Анвита Абби бақылады.
Зерттеушінің әңгімелері жүректі шымырлатады. «Ака-бо тілінің соңғы
сөйлеушісі болғандықтан Бао жалғыздықтың азабын тартты. Ол сырласарға
жан таппай құса болды. Ал осы кейуанамен бірге тұтас бір мәдениеттің әрі
қайталанбас ғажап тілдің құмға сіңгендей жоғалатынын сезіп тұру маған
қандай қасірет болғанын білесіз бе?!» - дейді ол. Бао қырық жыл бойы туған
тілінде ешкіммен әңгіме дүкен құрмаған.
Бөбегім, құрсағымдағы саған қазақтың әнін саламын. Ертең сен де
жалғарсың анаңның әнін, ал кейуана Бао болса, қасірет әнін айтып жатыр.
Бүтін халқын туған тілінде соңғы рет жоқтаған Бао бейбақтың дауысын
лингвистер таспаға түсіріп алыпты. Не деген зарлы арман... Баоның әні – бо
халқының соңғы әні.
Тевфикпен кеткен текті жұрт
Убых тілі
Бөбегім, жер бетінде сан мыңдаған өсімдік пен жан-жануардың түрі бар. Бір
гүл жойылса, не болмаса бір құстың түрі құрдымға кетсе, табиғаттағы тепе
теңдік бұзылады. Ғалымдардың дабылы қорқыныш ұялатады. Әйтсе де, сол
өсімдіктер мен жан-жануарлардан гөрі дүниеде тілдер тезірек
жоғалатынын біреу білсе, біреу білмес. Дәл бүгінгі күні әлемдегі тілдердің 40
пайызына жойылу қаупі төніп тұр. Ал өсімдік атаулының 8 пайызы ғана
қатер алдында. Жер бетінде екі аптада бір тіл өледі. Тілмен бірге тұтас
халық ізім-ғайым жоғалады. Адамзат баласын осы мәселе алаңдатуы керек.
Бірақ... 1992 жылы қазанның жетісінде убых тілінің ең соңғы сөйлеушісі
Тевфик Есенч деген қария көз жұмды. Оның өлімі зерттеушілерден басқа
ешкімді тебіренткен жоқ.
Убых тілі - өлген тіл. Бұл тіл абхаз-адых тілдер тобына жатады. Убых
тілінде Қара теңізінің Кавказ жағалауын жайлаған убых ұлты сөйлеген.
Бұл – бүгінгі Сочидің әбден орыстанған Центральный, Хостинский,
Лазаревский аудандарының аумағы. Шынтуайтына келгенде, Сочидің
байырғы халқы жер өңдеп, бақ өсірген - осы убықтар.
Убыхтардың тағдыр талайын ешбір халықтың басына бермесін. Ол орыс
отаршылдығының құрбанына айналды. Кавказ соғысынан кейін Ресей
империясының шешімімен 1864 жылы убыхтар түгелдей Түркияға, сол
кездегі Осман империясына жер аударылды. Небары 50 мың халқы бар
Убыхия әп сәтте жоқ болды. Туған жерде қалған 33 ошақ та Ресейдің түкпір-
түкпіріне айдалды.
Убых жұрты басқа халықтарға сіңісіп, өз ұлттығын сақтай алмады. Олардың
ұлт ретінде дамып, іргесін қайта көтеруіне ешқандай да мүмкіндік жоқ еді.
Тевфик Есенч... Оны ғалымдар убых жұртының Гомері деп бағалаған.
Убыхтың соңғы тұяғы қара жердің қойнына кеткенше, қолынан қаламын
тастамай еңбек етті. Тевфикке ана тілі Кавказ қасіретін көзбен көрген атасы
Ибригимнен жетіпті. Есенчтің деректері Ж.Дюземиль, Х.Фогт, М.Кумахов
сынды ғалымдардың зерттеуіне арқау болып, хатқа түсті. Убых халқының
тарихын Тевфик жалғыз өзі жылап жүріп, адамзатқа жеткізді. Халқыңның
ақырғы ұланы екеніңді біле тұра өмір сүру неткен азап?!
Бүгінде убых тілі жойылды дегенге келіспейтіндер баршылық. Қайсыбір
ғылымдар убых тілінде сөйлеушілер Туркияның Балыкесір елдімекенінде
және Сочиде де бар деген пікірінен қайтпай отыр. Лингвистер убых тілін
қайта қалпына келтірудің алғышарттарын қарастыруда. Әдеби тіл негізін
жаңғыртумен әуестеніп жүргендер де бар. Бірақ, бұл – убых тілін де, убых
ұлтын да қайта тірілте алмайтын үмітсіз қадамдар...
Бөбегім, убыхтардың қайсыбір замандардағы айбарлы күндеріне Қара
теңіздің айдыны ғана куә. Убых тілінің күмбірін бүгін жағалауға соққан
толқындар ғана жоқтайды.
Мың жарым жылдық қарсылық
Айн тілі
Бөбегім, қазақ ел қорғаған батырларын жырға қосып мадақтап, ерлік даңқын
ғасырдан ғасырға жеткізген ғой. Бұл халық та эпикалық жыр мен аңыз,
дастанға бай. Әдеби мұрасы ауыздан ауызға тарап, тарихтың өне бойында
халық рухын көтеруге қалтқысыз қызмет еткен. Әңгіме – мың жарым жыл
бойы жапон басқыншылығына қарсы күрескен айндар туралы. Адамзат
тарихында жат елдің басқыншылығына ержүректікпен осыншама ұзақ
уақыт төтеп берген халық жоқ-ау, сірә.
Айндар жапон аралдарына осыдан 7-8 мың жыл бұрын аяқ басқан. Ондаған
ғасырлық жапон отаршылдығы бұл жауынгер, намысшыл, текті жұртты
тығырыққа тіреп, ыдыратып жіберді. 20-ғасырдың басында айн халқы
жерінен түгелдей айырылды. Жерінен айырылған айндар туған тілінен,
ділінен өз еркімен бас тартуға мәжбүр болды. Бұған себеп, жапон билігінің
айндарды «жабайы, бұратана» деп қаралап, оларды қоғам өмірінің барлық
саласынан аластата бастауы еді. Әлеуметтік қыспақта қалған айндар жаппай
жапондана бастады. Қарапайым тіршілік, тірі қалу сынды мәселелер айндық
ел болып қалу мұратын күл қылды. Айндардың басым көпшілігі өздерінің
шығу тегін жасырып, күнкөріс үшін жапондық салт пен санаға бас ұрды.
Мәдени, рухани мұрасынан теріс айналды. Сол кездегі санақ нәтижелері
айндар санының күрт төмендегенін көрсетті. Олардың саны бір ғасырдың
ішінде небәрі 30 мыңға жетер-жетпес қалғаны расталды. Ал осылардың
ішінде, ресми деректерге сүйенсек, 15-і ғана туған тілін біледі. Бейресми
деректер, олардың саны 900-ге жуық дейді.
Айн – жойылудың аз алдында тұрған тілдердің санатына жатады. Ол ресми
түрде 1920 жылы қолданыстан шықты. Бүгінде айндар түгелдей дерлік
жапон тілінде сөйлейді.
1990 жылдары айн тілін қайта жандандыруды көздеген бұқаралық сілкініс
туды. Оның көш басында айн халқының өкілі Каяно Сигэру тұрды. Дәл осы
қайраткердің жанқиярлығы арқасында Жапонияда айн тіліндегі газет жарық
көрді. Әуе толқынынан радиобағдарлама жүйелі түрде тарала бастады. Әу
баста эфирге Сигэрудің өзі шығып тұрды. Бұған қоса, ол туған жері
Нибутани қаласынан айн мәдениетінің мұражайын ашты. Айн халқы хақында
жүзге жуық кітап жазды. Бір сөзбен айтсам, айн халқының өз тамырына бет
бұрып, ана тілін меңгере бастауына Сигэру түрткі болды. Ең бастысы, бұл
халық «мен айнмын» деуден намыстанбайтын, өз шығу тегінен жерінбейтін
күйге жетті. Ал қайраткер Каяно Сигэру 1994 жылы Парламент сайлауына
түсіп, жапон тарихындағы тегі айн тұңғыш депутат болып сайланды.
Саясаткер Жапон Парламентінің айн халқы мен оның мәдениеті туралы заң
қабылдауына ықпал етті. Әйтсе де, жапон билігі айндарды өз алдына аз ұлт
деп ресми түрде тек 2008 жылы таныды. Өкініштісі, Сигэру бұл күнге жеткен
жоқ. Ол 2006 жылы дүние салды.
Бөбегім, Каяно Сигэрудің ұлы Сиро да туған тілін жетік білмейді. Ата-
анасының өмірлік мұратына, сеніміне адалдық таныту – перзенттік борыш
болса керек...
Секвойя – чероки көсемі
Чероки тілі
Бөбегім, иісі мұсылманның жарық дүниедегі маңызды міндеттерінің бірі
– ағаш отырғызу. Адам баласы бұ дүниеде еккен талының саясында о
дүниеде дамылдайды екен. Қандай ізгілікке бастайтын пәлсапа! Жетісудың
қойнауындағы Жаркент жерінде діңі алты адамның құлашына сыймайтын
алып қара ағаш бар. Ел ішінде оны Әулие ағаш деп атайды. Бұл ағашты
осыдан жеті-сегіз ғасыр бұрын, Меккіге қажылық сапарға аттанып бара
жатқан ел ағалары отырғызған деседі. Ал әлемдегі ең алып ағаш Секвоя деп
аталады. Секвойя Америка құрлықтарын жайлаған үндістердің жерінде
өседі. Бұл – жер бетіндегі ең үлкен әрі ең ұзақ жасайтын өсімдік. Алып
Секвойялар 4 мың жыл жасайды. Олардың орташа ұзындығы 95 метр, ал
диаметрі бес метрден он бір метрге дейін жетеді. Әлемдегі ең алып Секвойя
ағашына – Генерал Шерман деген ат берілген. Төрт мың жылдық тарихы
бар ағаштың салмағы 2 995796 келі. Ал ең биік Секвойя – Гиперион. Оның
биіктігі 2006 жылы 115 метрге жеткен. Ғалымдар ағаштың әрі қарай өсуіне
ұшар басына салынған құстың ұясы бөгет болған дейді. Бүгінде бұл жасыл
желекті өсімдіктер АҚШ-тың Ұлттық парктерінің қорғауына алынған.
Мамандар Секвойяның сонау миллиондаған жылдар бұрын пайда
болғанын дәлелдеп отыр. Бұл ағаштар азайып-азайып, бүгінде Сьерра-
Невада тауы мен Калифорния, Орегон ормандарында ғана қалды.
Еуропалық басқыншылар үндістердің жерін қанды қырғындармен жаулап
алып, сан мыңжылдық тарихын күл еткені белгілі. Үндістердің асқақ рухын
танытып тұрған Секвойяларды отау да – отарлау саясатының бір белгісіндей
көрінеді маған... Тайпасының тағдыры үшін ерлік рухын танытқан чероки
көсеміне Секвойя есімі берілгендігін жыр етеді тарих...
Черокилер тайпалық қоғамнан асып, мемлекет құру қадамдарын жасаған
бірден бір үндіс тайпасы. ХІХ ғасырдың орта шенінде черокилер өз
Конституциясын қабылдап, заң жүйесін бекітті. Сайлау арқылы үкіметін
жасақтап, президентін, яғни Ұлы Көсемін орынтаққа отырғызуды көкседі.
Қазіргі күні черокилердің өз Конституциясы, өз Көсемі бар. Бірақ, еншісінде
еркіндігі де, жері де жоқ. АҚШ үкіметі тарапынан черокилер тайпа ретінде
танылып, оларға резервациялық аумақ бөлініп берілген. Чероки тайпасы
жерінің белгілі бір аумағын казиноларға жалға беріп, содан түскен
қаражатқа күнелтеді. Мектептері мен ауруханаларын да осы қаржыға
салады. Әрі тайпа федералдық бюджеттен арнайы субсидиялар алып тұрады.
Айта кетерлігі, үндіс резервацияларында ойынханалар салуға мүлдем тыйым
салынбайды. Үндіс тайпалары үшін негізгі кіріс көзі осы. Мұның астарында
да үлкен саясат жатқандай көрінеді маған...
Чероки халқы үшін де тілінің тағдыры бүгін қыл үстінде тұр. Америка
құрлығының байырғы иесі – күллі үндістердің ортақ қасіреті бұл. Америка
Құрама Штатын жайлаған черокилердің саны – 250 мың. Олардың бір
пайызы ғана туған тілінде емін-еркін сөйлей алады. Тайпа көсемдері туған
тілдеріне түбегейлі жойылып кету қаупі туып тұрғанын жасырмайды.
Тарихтың бір кезеңдерінде чероки көсемі болған Секвойяны бекер еске
алмасақ керек. Ол тілге төнген қауіппен өз заманында өздігінше күрескен
тұлға. Чероки тілі осы көсемнің арқасында жоғалып кетпей, бүгінгі күнге
аман жетті. Секвойя 1821 жылы тұңғыш чероки әліпбиін жасап, жарыққа
шығарды. 1825-1826 жылдар аралығында тайпа кеңесі әліпбиді ресми түрде
мақұлдады. Секвойя үр жаңа әліпбимен 1828 жылы «Чероки Феникс»
газетін шығара бастады. Әлеуетті черокилердің қолдауымен осы тұста
чероки тілінде білім беретін 30 мектеп ашылды.
Елдігі мен тілі үшін жан аямай күресіп жатқан тұста тайпаның басына
тағы да сын сәт туды. 1838-1839 жылдары черокилер тарихи қоныстарынан
Оклахоманың шөлейт жерлеріне күштеп көшірілді. Сонда жерін қимай
жылаған екен жұрт. Чероки көші өткен сол соқпақ бүгінгі күнге дейін «Жас
тұнған жол» деп аталады. Содан бері черокилердің көз жасы сарқылған жоқ.
Олар ділінен де, дінінен де, тілінен де айырылды...
Бөбегім, черокилер бүгінде халықтық болмыс-бітімін сақтау үшін
мынадай қайғылы қадамдарға да барып жатыр. Онсыз да аз халық арнайы
референдум өткізіп, ел Конституциясына өзгеріс енгізбек. Таза қанды
черокилерді ғана тайпа құрамында қалдырмақ. Тайпа ішінде тайталас тууда.
Өйткені, черокилердің басым көпшілігінде негрдің қаны бар.
Бөбегім, әр чероки Секвойя ағашын көрген сайын арқаланып кетеді.
Өйткені, халқының ертеңі үшін еңіреген ердің аты Секвойя еді...
Ле Годинек Інжілді неге аударды?
Бретон тілі
Бөбегім, сен былдырлай бастадың. Көздерің күлімдеп, бір ұлы іс
тындырғандай «ғыыыыыыыыы» дейсің. Қайта-қайта айтып, мақтанасың. Ал
мен таңғалып отырмын. Әр халықтың өзіне тән дыбыстары бар. «Ғ» әрпі
тарихтың өне бойында халқымызбен бірге жасасып келеді. Осы әріпсіз туған
тіліңді елестете аласың да? Жоқ! Бір әрпі жоғалса, тіл тұтастығынан,
болмысынан айрылады. Әзірге сенің өмірге деген зор құлшынысың, анаңа
деген көзсіз махаббатың осы бір әріпке сыйып тұр!
«Ғ» дыбысы әуезді, орамды француз тілінде де бар. Ал осы сұлу француз
тілінің тасасында да көне тілдердің құрдымға батып жатқанын біреу білсе,
біреу білмес. Провансал, баск, каталон, корсикан, эльзас, фламанд халықтары
үшін де Франция – атамекен. Эльзас жұртының тілі – неміс тілінің диалектісі
саналса, фламандықтар нидерланд тілінде сөйлейді. Ал провансал халқының
ана тілі – окситан тілі. Корсикан және каталан тілі – роман тілдер тобының
бір-бір бұтағынан тарайды.
Ұлы Француз революциясының көсемдері «Байырғы тілдердің барлығы
жойылуы керек. Француз тілі – ортақ ұлттық тілге айналуы тиіс. Ол –
бостандық тілі болуы керек» деген ұран тастаған. Осы ойға жұмылған
француз идеологтары: «Біз мемлекет заңдарын, сауда жүйесін, тіпті,
қоғамдық ой-сананы да революцияладық, революциялық ойдың діңгегі,
қаруы - тілге де төңкеріс жасауымыз қажет. Біздің сәулеміз Францияның
түкпір-түкпіріне жетпестен сөніп қалып жатыр» деп, жергілікті тілдерді қауіп
көрген. Олар «Ұлы Революцияға қауіп төндіретін басты күш – осы тілдер»
деп ой түйген. Франциядағы тілдерді тықсыру саясаты, міне, осы кезеңнен
басталды. Ел аумағындағы байырғы тілдің бәрін бір мезетте жойып жіберу
әсте қиын еді. Есесіне, жергілікті тілдердің тұғырын құлату әлі күнге дейін
жалғасып келеді. Екі жүз жыл бұрынғы тіл турасындағы революцияшыл
байламдар бүгінгі француз билігі үшін де маңызын жоймаған тәрізді. Аз
халықтардың тілі біртіндеп-біртіндеп құмға сіңіп барады. Бұл мәселе бүгінгі
француз қоғамының биік мінберлерінде көтеріліп жатқан жоқ. Бір сөзбен
айтсам, француз қоғамы бұл халықтардың тілдерінің тағдыры хақында
ашық сөз қозғамауға тырысады.
Франция аумағындағы жойылудың аз алдында тұрған тілдің бірі – бретон
тілі. Бретондықтар – кельттік тамырдан тарайтын этникалық топ. Қазіргі
Франция жеріне V ғасырдың орта шенінде бүгінгі Британиядан ауып келген.
Бұл жұртты туған топырағынан англосакстар ығыстырған. Бретондықтар
Францияның солтүстік-батысынан Бретань герцогствосын құрып, өз тілімен,
дәстүрімен өркендеуге ұмтылғанымен, француздардың шылауынан шыға
алмады. Ал Бретань өз алдына автономиясынан айырылғаннан кейін,
бретондықтардың өз салт-санасын сақтауға қауқары жетпеді. XVIIІ ғасырда
алыс ауылдар болмаса, қала маңы түгелдей дерлік француз тілінде сөйлейтін
болды.
Бретон тілі туралы сөз қозғағанда, Жан-Франсуа Ле Годинектің есімін айтпай
кетуге болмас. Ол заманауи әрі әдеби бретон тілінің негізін қалаушы. Туған
халқының тілін араға ғасыр салып, ХІХ ғасырда дәл осы азамат тірілтті.
Лингвист 1807 жылы «Кельт-бретон грамматикасын» жарыққа шығарды.
1821 жылы «Кельт-бретон сөздігін» жариялады. Ле Годинектің халық
арасында «Тіл атасы» атануы осы еңбектерінің баға жетпес құндылығынан
болса керек.
Жан-Франсуа Ле Годинектің орфографиялық реформасын, ең алдымен,
баспагер, тіл жанашыры Теодор Эрсар де ла Вильмарке мақұлдап, «Барзас
Брейз» балладалар жинағын жаңаша орфографиямен халық назарына
ұсынды.
Ле Годинек Інжілдің бретон тіліндегі нұсқасын жазуды арман еткен. Мұның
себебін түсіну қиындық тудырмасы анық. Лингвист діни наным-сеніммен
бірге тіл де мәңгі жасайды деп үміттенген. Оның пайымынша, Құдайға
сыйынып, дұға оқитын әр бретон туған тіліне жақындай түспек. Інжілдің Ле
Годинек аударған нұсқасының таралуына тыйым салғанымен, шіркеу
лингвисттің тілдік реформасын 1840 жылы мойындады. Бретон тілінің
ұлттық тіл ретінде сақталуына негіз болған дәл осы тарихи жайт.
Бүгінде 6-7 млн бретондық бар. Дегенмен, өз ана тілінде сөйлейтіндерінің
саны – 700 мыңға жуық. Сөйлеушілерінің басым көпшілігі аға буын өкілдері.
Бретон тілінде хабар тарататын радио, телебағдарламалар, бай әдеби қор,
бретон тілінде білім беретін мектептер желісі болғанымен, жас ұрпақ туған
тілінен қол үзуде. Бұл мектептер жекеменшік негізде жұмыс істеп тұр.
Францияда Тубон заңына сәйкес француз тілінде білім беретін мектептер
ғана мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Тубон заңы француз тілін
сыртқы ықпалдан сақтап, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау үшін
қабылданған.
Бөбегім, Ле Годинек қателескен жоқ. Ол тарих өткелдерінен аман-есен өту
үшін туған тіліне алтын көпір салып берді. Бірақ, ол көпір шайқалып тұр...
Достарыңызбен бөлісу: |