Құрметті әріптестер! Жаңа 2021-2022 оқу жылы қарсаңында Сіздерге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» дәстүрлі Әдістемелік нұсқау хатты ұсынып отырмыз. Әдістемелік нұсқау хаттың мазмұны еліміздің педагогикалық сарапшылар қауымдастығымен талқыланды. Білім беру ұйымдарындағы оқу процесі екінші жыл пандемия жағдайында өтуде. Шектеу шараларына байланысты оқушылардың білімінде туындаған олқылықтардың орнын толықтыру өзекті міндетке айналды. Әрбір педагогке шәкірттерінің білімін толықтыру бойынша арнайы жұмысты ойластыру және тиімді жүргізу қажет болып отыр. Биылғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы. Бұл идея былтырғы тамыз конференциясында айтылған болатын. Бірінші қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі. Мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Сабақ ұзақтығы 45 минутқа қайтарылды. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі артты. Өткен оқу жылында оқу жүктемесі төмендетілген үлгілік оқу жоспарларымен жеті жүз мектеп жұмыс жүргізіп, тәжірибе жинақтады. Осылайша мектептердің академиялық таңдау еркіндігі артты. «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсын енгізу оқушыларымыздың бойында қазіргі қоғамның талаптарына сай білім мен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биылғы оқу жылында еліміздің мектептері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, ағартушы-ұстазымыз Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын атап өтеді. Көрнекті педагогтің мұралары мен өсиеттері бүгінгі күнге дейін құндылығын жоғалтпады. Күнде таңертеңгісін сабақ басталар алдында мектеп директорының оқушыларды қарсы алатын жақсы дәстүрі ұсынылып отыр. Ең басты міндеттеріміздің бірі – оқушының білім алуы мен дамып- өсуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау. Құрметті ұстаздар! Бұл Әдістемелік нұсқау хат 2021-2022 оқу жылында Сіздердің сенімді де ең қажетті көмекші құралдарыңыз болады деп сенеміз.