Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет3/125
Дата07.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#20913
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   125
Байланысты:
2 5364181919527341766

Қызыл жебе 
Еркек атаулының бәрі бас киімдерін қолына алып, кеуделеріне 
қысып,  бастары  жерге  жеткенше  иіліп,  бар  ынты-шынтасымен 
шоқынып жатыр. Приходько мырза көзінің қиығымен Тұрардың 
құлын  жарғағынан  тігілген  дөңгелек  телпегіне  қарап  қояды. 
Басқаның  бәрі  жалаңбас,  өзінің  ғана  телпекпен  тұрғаны  есіне 
түсіп кетіп Тұрар сасады. Оң қолы өзінен-өзі бас киімге созыла 
береді. Мұны байқаған Приходько құптаған белгі ретінде басын 
изеп, түсін жылытады.
Тұрар  сонда  да  мына  жалбарынып,  жұлқына  құлшылық 
ұрып жатқан топқа сіңісе алмай тұрғанын сезеді. Өзгелер дауыл 
жапырған  қоғадай  жығылып,  бір  иіліп,  бір  тұрып,  тынымсыз 
шоқынып  жатқанда,  міз  бақпай  сіресіп  қалған  Тұрар  ғана. 
Приходько  сол  көз  қиығымен  оған  қайта-қайта  қарай  береді. 
«Сен де шоқын!» деген белгі екенін түсініп, Тұрардың тұла бойы 
түршігеді.  Бірақ  шоқынуға  қолы  көтерілмейді.  Қолы  қол  емес, 
қорғасын  сияқты,  зорласаң  да  көтерілер  емес.
Мінбеден  сақалы  беліне  түскен  епископтың  дауысы  – 
құдайдың өз дауысындай құдіретті естіледі. Дәл төрде екі қолы 
екі жаққа керіліп, басы кеудесіне салбырап кеткен, азап шеккен 
кісінің суреті көзді еріксіз тартады. Өзі арық, екі аяғы салбырап, 
тек сүлдесі саудырап қалған. Бұл бейшараны неге керіп тастаған? 
Бұл Тұрар үшін жұмбақ.
Собор іші өзге бір бөтен дүние, өң емес, түс сияқты. Айнала 
балауыз шырағдандар жағылған. Қабырғалар қаз-қатар суреттерге 
толы. Епископ азынап тұр, хор ара-арасында зарлап қоя береді. 
Сай-сүйекті  сырқыратып,  жүрегіңді  елжіреткен  пәрменді  әсер 
әлдеқайда,  бұл  пәни  дүниенің  әуре-сарсаңынан,  күйбің-күйкі 
тіршілігінен  алыстап,  аспанға  шарықтатып,  жұмақ  жазирасын 
елестеткендей.
Приходьконың көз қиығы ғана арқаңды аяз қарығандай ызғар 
шаша бастаған. Тұрар оның не талап етіп тұрғанын сезеді, бірақ 
қозғала  алмайды.  Төрдегі  керілген  адам-суреттің  көзқарасы  да 
суық.  Өзгелерге  емес,  дәл  өзіне  қадалып,  айыптап  тұрғандай 
көрінеді.  Тұрар  қашқысы  келеді.  Өн  бойынан  суық  тер  саулап 
барады. Өкпесі қысылып, демі тарылып, өзімен-өзі арпалыстан 
жаны мұрын ұшына келгендей азаптанды.


7
Қызыл жебе
Собордағы  жұрттың  бәрі  құдайына  құлдық  ұрып,  әркім  өз 
өтінішін  іштей  айтып,  шағынып-жалбарынып  жатқанда,  Тұрар 
жалтақтап жан-жағына қарайды. Өзін әр бұрыштан аңдып жүрген 
Саймасайдың адамдары қазір де собордың бір жерінен сығалап 
қарап  тұрғандай  көрінеді.  Соборда  шоқынғандар  арасында 
тұрғанын  көрсе,  саймасайлықтар:
–  Рысқұл қарақшының баласы шоқынып кетіпті, шіркеуден 
көрдік, –  деп жер дүниеге жария  етер еді.
Осыны  ойлауы  мұң  екен,  Тұрар  бұрынғыдан  бетер 
дегбірсізденіп,  тұра  қашқысы  келді.  Приходькодан  қорқады, 
керулі адамның көзқарасынан қорқады. «Неге керіп тастаған?» 
Әкесі Рысқұлдың Саймасайлар байлап тастап, жабыла сабағанда 
бір сәтке басы осылайша салбырап қалып еді. Тұрардың суретке 
тесіле  қарап  қалғанын  көптен  байқап  тұрған  Приходько:
–  Иисус Христос. Құдіретті құдай, – деді.
«Құдайдың  өзі  осындай  қорлыққа  ұшыраса,  өзге  жұрт  не 
болмақ? Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде – деген осы 
да».
–  Мырза, мен аттарға бара тұрсам қайтеді?! Асау немелерді 
біреу-міреу үркітіп жүре ме? – деп сыбырлады Тұрар. Приходько 
бұрылмастан:
– Бара бер! – деп зілдене күңк етті.
Тұрар  адамдардың  ара-арасын  зыта  кеп  жөнелді.  Қара 
жамылған  бір  кемпір  ашулы  көзімен  ата  қарап:
–  Ух, басурман, нехрист! – деп ысылдап қалды.
Тұрардың бұл кетісіне көрмеде тұрған құдай да, оның әулие 
апостолдары  да,  мінбедегі  епископ  та,  собор  толы  діндарлар 
да  риза  емес  сияқты  көрінді.  Тек  собордан  шыға  келгенде 
табалдырықтан бастап, қақпаға дейін тізіліп тұрған қайыршылар 
ғана  оған  телміре  қол  созып,  бастарын  иіп,  әдеттен  айнымай 
тұр. Табалдырықтан қақпаға дейін желі байлам жер Тұрарға қыл 
көпірдің үстіндей, тозақ отының арасындай сезілген. Қалтасында 
ырымға қара бақыры жоқ, өзі жалшы баладан да қайыр-садақа 
дәмететін  жандар  болады  екен.  Құдайдың  өз  үйінде  мұншама 
қайыршылық  болар  деп  кім  ойлаған?!


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   125




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет