Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сақ Қ. С 17 Алаш мұрасы./ Қ. Сақ. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2014



Pdf көрінісі
бет25/37
Дата31.12.2021
өлшемі1,34 Mb.
#22411
түріБағдарламасы
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   37
«Еш нəрсе емес абақтыға жапқаны, 
Қиын емес дарға асқаны, атқаны. 
Маған қиын осылардың бəрінен 
Өз аулымның иттері үріп қапқаны».
Бізге ең қиыны, жанымызға батқаны жаудың жақыннан 
шыққаны болды. Ол күндері біз көрген қорлығымызды ха-
лыққа  жариялап  шыға  алмайтын  едік.  Күзетші-тыңшы  көп 
еді. Біз жетім едік, жалғыз едік. Жолдасымыз жоқ еді. Ха-
лыққа  көрініп,  қызмет  етейін  деген  азаматтар  ақшаға  ар-
иманын  сатқан  жүзіқаралардан  қаймығып,  жарыққа  шыға 
алмайтын еді», – деп жазуы сол жайынан сыр тарқатады.
Осы мақалада сондай халық қамын өз пайдасына мансұқ 
еткен жүзіқаралардың кесірінен газет 1916 жылы да əкімшілік 
орындарының  тінту,  тексеруіне  ұшырағанынан  нақты  де-
ректер  келтіріледі.  Оны  архив  материалдары  да  жоққа 
шығармайды. 1916 жылғы 19-шілдеде  Орынбор  генерал-
губернаторының  атына  Орал  губернаторынан  телеграмма 
келіп түскен. Онда Ілбішін уезіндегі 6-ауылда 7-шілде күні 
Қажығалым  Аулымбердиев  деген  молданың  басқаруымен 
өткен  мəжілісте  қазақтардың  соғыс  жұмысына  адам  бер-
меу жөне үкімет орындарына тізім жасатпау туралы шешім 
қабылдағаны жəне сол жиында молданың əскерге адам бер-
меуге  шақырған  Бөкейхановтың  хатын  оқығаны  жөнінде 
ақпар  алынғандығы  айтылған.  Телеграммада,  сондай-ақ, 
айтылған  уездің  басқа  да  ауылдарында  болып  өткен  бас-
қосуларда  «Қазақ»  газетінің  қызметкерлері  Байтұрсынов 
пен Дулатовтың да есімдері айтылып, оларға қазақтың ылғи 
да кеңес алуға барып тұратындығы көрсетіледі».


168
Мұндай  шағым-арыздың  аяқсыз  қалмайтындығы  айтпа-
са да түсінікті. Жоғарыдағы мақалада Орал губернаторының 
телеграммасына орай 1916 жылы 12-тамызда Орынбор жан-
дарм  мекемесінің  бастығы  полковник  Кошинцевтің  Орын-
бор  губернаторына  берген 8680-нөмірлі  құпия  анықтама-
сынан  мəліметтер  келтіріледі.  Онда  аты  аталған  «Қазақ» 
қаламгерлеріне  тағылған  айыпқа  қатысты  мынадай  дерек-
тер  бар: «1.Орал  губернаторының  телеграммасында  Бай-
тұрсынов 25-июнь  жарлығына  қарсы  қазақты  құтыртты 
дейді.  Бірақ  ол 23-майдан  август  басына  шейін  Торғай 
уезінде  мал  есебін  алып  жүрді.  Торғай  уезінде  ондай  іс 
істегені  естілмеді. 2...Орал  губернаторының  телеграммасы 
бойынша, 30-июльде  Дулатовтың  пəтерінде  һəм  «Қазақ» 
басқармасында тінту болды. Бірақ 25-июнь жарлығына қарсы 
қазақты  құтыртқандай  ешнəрсе  табылмады.  Ə.Бөкейханов 
туралы  Самар  жандарм  мекемесіне  білдірдім.  Самар  жан-
дарм  мекемесінің  бастығынан  хабар  алдым,  Бөкейхановты 
сыртынан бақылап жүрміз деген»...
Осылайша, əкімшілік мекемелерінің қатаң бақылауында 
болған  «Қазақ»  газеті  қаламгерлерінің  патша  жарлығына 
қарсы  ашық  күреске  шыққан  көтерілісшілерді  қолдай  қой-
мауы қарапайым халық тарапынан да түсінбеушілік туғызған. 
Сол  себептен  де  басылым  басқармасына  өздерінің  ұстаған 
жолдарын айқындап, көпшілік қауымға дұрыс жеткізіп оты-
ру  үшін  көптеген  хат-хабар,  мақалалар  мен  үндеулер  жа-
зып  таратуларына  тура  келеді.  Олардың  барлығына  бірдей 
тоқталып, талдап, жатпай-ақ, Алаш азаматтарының осынау 
халық  басына  түскен  зар  замандағы  атқарған  қызметтерін 
«Қазақ  жұртына», «Алаштың  азаматы»  жəне  «Торғай  һəм 
Ырғыз уезінің халқына» деп аталатын үш бірдей үндеу жа-
риялауларынан-ақ толық тануға болады деп білеміз.
Үндеу қоғамның көкейтесті мəселесіне орай көпшіліктің 
назарын өзіне аудару үшін белгілі бір əлеуметтік топтың не-
месе жеке тұлғалардың халқына арнауы екендігі белгілі. Қа-
зақ  баспасөзінің  қалыптасу  дəуірінде  мұндай  əдіс-тəсілдің 
алғаш  рет  қажетке  жаратылуынан-ақ  «Қазақ»  басқармасы-
ның, атап айтқанда, Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов пен М.Ду-


169
латовтардың  қолдарынан  келгенінше  халқына  адал  қызмет 
етуден аянып қалмағандарына көзіміз жете түседі.
Апталықтың 1916 жылғы 192-нөмірінде  жарық  көрген 
«Қазақ жұртына» деген алғашқы үндеулері ел арасында өздері-
нің аттарын жамылып, жаңсақ пікірмен елді еліртіп жүрген 
алаяқтардың бетпердесін түріп, əшкерелеу мақсатында жа-
зылған.  Газет  арқылы  көпшілік  қауымды  олардың  сөзіне 
сеніп, арандап қалмауға шақырады. Апталықтың 8-шілдедегі 
188-нөмірінде  жарияланған  патша  жарлығына  қарсылық 
қылмай,  көну  керек  деген  пікірінің  «жеті  рет  өлшеніп,  бір 
рет пішілген» шешім екендігін былайша шегелеп жеткізеді: 
«...Патша  жарлығына  қарсылық  қылмай  орнына  келтіру 
керектігін газетіміз арқылы алты Алашқа жариялау жолын-
дамыз.  Біздің  мұнан  басқа  бүгіп  отырған  сырымыз,  ақы-
лымыз жоқ. Хатпен кісі пікірін жұртқа тегіс жая алмайды. 
Жұртқа тегіс тарайтын неше мың болып жұмасына басылып 
шығатын газеттегі сөз екендігі əркімге таныс болған шығар. 
Сондықтан газеттегіден басқаға сенбеңдер һəм көнбе деп біз 
жазды деген хатқа екі бастан сенбеңдер. Біз ондай сөзді айт-
паймыз».
Ал не себепті көну керек деп отырғандарын газеттің дəл 
осы  нөмірінде  жарияланған  «Алаштың  азаматына»  деген 
екінші бір үндеулерінде жан-жақты ашып көрсетіп, ұстанған 
жолдарының  дұрыстығына  оқырман  көзін  жеткізе  түседі. 
Мұнда талдап-түсіндірудің ұтымды жолы таңдалған. Ол қара 
жұмысқа жігіттерді бермеуден туатын қиыншылықтар мен 
патша жарлығына көнуден келетін ауыртпашылықты қатар 
қойып салыстыру əдіс-тəсілі болатын. Осы арқылы қайсысы 
дұрыс екендігін оқырманның өз таңдауына қалдыруы туын-
дының асқан шеберлікпен жазылғандығын танытады.
Сонымен, көнгенде келер қиыншылық пен көнбей, қар-
сыласқаннан  туар  ауыртпашылықтың  қайсысы  халыққа 
жеңілдеу  тиеді  деген  сауалға  Алаш  ардақтыларының  бер-
ген  жауабы  мынадай: «Көнгенде,  шаруаға  кемшілік  те  ке-
лер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің 
іргесі  бұзылмас.  Ал  көнбегенде,  хүкімет  құр  өкпелеп  қана 
қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер», – дей 


170
отырып,  оған  нақты  мысалдар  келтіреді.  Торғай,  Орал  об-
лыстарында бірлі-жарым писерлеріне зиян келгенін сылтау-
ратып елге əскер шығарылғанын, көптеген кісілер абақтыға 
жабылып, əскери сотқа тапсырылғанын, ал Жетісу облысын-
да  арыз-шағым  айтқандар  таяққа  жығылып,  тұтқындалып, 
қорлыққа ұшырап отырғанын қалың қазақ еліне құлаққағыс 
етеді.  Мұны  аз  көріп,  қарсыласуын  жалғастыра  берсе,  ел-
елге  жазалаушы  отряд  шығатынын,  онда  елдің  берекесі 
кететінін, бас пен малға əлегі бірдей тиіп, елдің іргесі бұзы-
латындығын  тəптіштеп  түсіндіріп  береді. «Міне,  біздің  екі 
ауырлық  дейтініміз  осы.  Бірі – барса,  шаруаға  кемшілік 
келіп,  алынған  жігіттер  аз  қазаға,  бейнетке  ұшырағаны, 
екіншісі  бармаймын  деп  қарсылық  қылса,  елге  келетін  зор 
бүліншілік.  Осы  ауырлықтың  жұрт  қай  жеңілін  тандау  ке-
рек», – деп түйін түйіледі.
Көп  ұзамай,  соңын  ойламай  «отқа  май  құйғандардың» 
кесірінен ел іші тынышсыздана бастаған тұста Алаш ардақ-
тылары  халқын  ақылға  шақырған  тағы  бір  үндеу  жария-
лайды.  Жан  толқынысынан  шыққан,  газеттің 1916 жылғы 
195-нөмірінде  жарияланған  «Торғай  һəм  Ырғыз  уезінің 
халқына!»  деген  арнауларын  тебіренбей  оқып  шығу,  əсте, 
мүмкін  емес.  Осынау  ел  қасіретін  сəл  де  болса  жеңілдету 
мақсатында бастарын тауға да, тасқа да ұрған ардақты Алаш 
азаматтарының жанайқайы ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Жоғары  азаматтық  рухта  жазылған  үндеу-басылым 
басқармасының  ашу-ызаға  булыққан,  неден  болса  да  та-
йынбастай тулаған жерлестеріне соңғы арнауы. Бұдан кейін 
кеш  болатынын  олар  жақсы  түсінді.  Сондықтан  жандарын 
жегідей жеген жайларды түгел ақтарып, қалай болғанда да 
тура  келген  апат  тасқынынан  ел-жұртын  аман  алып  қалу 
қамында  жан  сала  əрекеттенгендері  байқалады.  Сөздің  құ-
дірет-күші  де  осы  жерде  сезіледі.  Алаш  азаматтарының 
қолындағы  жалғыз  қаруы – баспасөз.  Сол  арқылы  елге  та-
ралған жанайқай – жүректен шыққан сөздері кімді де бол-
сын ұйытып, жан тебірентпей тұрмайды: «Бұл хатты жазу-
шы біздер – өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, 
қабырғамыз  қайысады.  Біздің  ата-ана,  туған-туыстарымыз 


171
іштеріңде.  Бізді  қазақ  баласы,  қанына  тартады,  жаны  аши-
ды десеңдер, тіл алыңдар! ...Біз газет арқылы болсын, ауыз-
ша да болсын, бұрын сан рет айтқанбыз, көнбесеңдер, елге 
бүліншілік болады, əскер шығады, түбінде алмай қоймайды 
дегенбіз. Сол айтқанымыз, міне, келді. Бұған біздің көзіміз 
бұрыннан  жеткен.  Əлі  де  болса,  бізді  осы  елдің  баласы 
екен дейтін болсаңдар, біздің ең соңғы, қысылғандағы ақы-
лымызды алыңыздар! Түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда 
жоқ. Өлген тірілмейді, өшкен келмейді», – деген жолдардан 
олардың азаматтық борыштарын барынша адал атқарғанын 
аңғарамыз.
«Қазақ»  газеті  көрнекті  қаламгерлерінің  ел  басына  сын 
болған  сол  бір  тарихи  кезеңдегі  енді  бір  атқарған  қызмет-
тері  патша  жарлығымен  қара  жұмысқа  алынған  қазақ  жі-
гіттерінің  қам-қарекетін  жеуге  арналады.  Оның  өзі  екі  ба-
ғыттан тұрады. Біріншісі – осынау қарбалас кезеңде өз пай-
дасын  күйттеген  «сауысқан-қарғалардың»  өлексе  іздеген 
ісін əшкерелеп, сын тезіне салу жолындағы амал-əрекеттері. 
Екіншісі – майдан тылындағы қазақ жұмыскерлерінің жай-
күйін  анықтап,  жыртығына  жамау  болу,  хал-жағдайларын 
елге білдіріп тұру бағытындағы ерен еңбектері.
Алғашқы мəселе туралы айтқанда, басылым басқармасы 
ел  қамын  жегенсіп,  өз  пайдасын  көбірек  ойлап  жүрген 
«жұрт жақсыларын» сынап-мінеуді басты тақырыптарының 
біріне  айналдырғанын  көреміз.  Апталықтың 1916 жылғы 
195-нөмірінде жарық көрген «Елді еліртушілер» деген мақа-
ласында  М.Дулатов: «Істің  ар  жағын  қойып,  бер  жағымен 
болып отыр. Жұрт түбінде не боларымен бұлардың жұмысы 
жоқ.  Суды  лайлап  жіберіп,  балық  ұстауларына  оңай  жол 
табылды.  Бұрын  жұрт  жұмысына  тиын  шығармайтындар 
бұл күнде жұрт ісіне мыңнан шығарамыз деп отыр. Солар-
дың  көбі  бұрын  жеп  үйреніп  қалған  дағдылы  ауыздар-
дан  асып,  жұрт  жұмысына  қанша  жұмсалар  екен.  Көбі-ақ 
атқамінерлердің  қалтасының  бұрыштарында  қалып  қояты-
ны  шексіз», – деп  қарапайым  халыққа  шындықты  жазып, 
солардың жеміне айналмау жөнінде ой тастайды. Осы маз-
мұндас  апталықтың 1916 жылғы 198-санында  жарық  көр-


172
ген  «Біздің  ел»  деген  екінші  бір  мақаласында  қанша  ай-
тылып,  жазылып  жатқанына  қарамастан,  құлқынының 
құлы  болған  «ақсақал-қарасақалдардың»  құрған  торына 
қара  шаруалардың  қалайша  топырлап  түсіп  жатқанына 
нақты  деректер  келтіреді: «Торғай  қазақтары 40 мың  сом-
мен  төрт  адамды  патшаға  жіберуге  қаулы  қылып  тарқады. 
...жұрт басы аман қалатын жолға мал аямайтыны рас, бірақ 
халықтың дағдаруын пайдаланып, бір айлық жолға кісі басы 
10 мың сомнан қаражат алуы – біздің қазақтың ғана қолынан 
келетін іс. Бір кісіге мың сом да азық болуға жараса керек 
еді, бір мың сом бір кісіге бір айда күніне 33 сом. 9 мыңға 
жол  болсын!
 
Ізденушілердің  мұнысы  «ертең  қиямет  бола-
ды,  малдың  не  керегі  бар»  деп  Қожа  Насрединнің  жалғыз 
қойын алдап жегеннің кебі емес пе?!» – деп, аңқау елге арам-
за  молда  болғандарды  əжуə  етеді,  жұртты  жемқорлардан 
сақтандырады.
Осындай ел ішіндегі жеке бас пайдасын халық қамынан 
жоғары қойып, тонын айналдырып киген «сужұқпастардың» 
типтік  образын  жасауда  апталықтың 199-нөмірінде  басыл-
ған «Ішік кайырлы болсын!» деген туындының орны бөлек. 
М.Дулатов
 
қаламынан туындаған шығарма төл əдебиетіміз-
ді  байытқан  тұшымды  сатиралық  əңгімелердің  бірі  десек, 
қателеспейміз.  Ол  диалогқа  құрылған.  Жұрт  қаржысын 
жеке  бастарының  қажетіне  жаратып,  оңай  олжаға  белше-
ден  батқан  қос  «жарылқаушының»  əңгімесінен  сол  кездегі 
атқамінерлердің бейнелі образын бұлжытпай танисыз. «Ой, 
шырағым-ай, жұрт жарықтықтың арқасында бір бүтінделіп 
қалалық  та»  деген  Қожекеңнің  (əнгіме  кейіпкері)  ақыл-
кеңесіне Тоқаш мырзаның: «Сіз əлі жұрт арқасында киініп 
қалалық деп отырсыз, осындағы газетші қулар ...бізді кінə-
раттап жатыр, ...сонша ақшаны қайда жұмсадыңдар десе, елге 
не дейміз?» – деп қобалжушылық танытуы, оған
 
Қожекеңнің: 
«Шырағым,  Тоқашжан,  сен  əлі  баласың  ғой,  біз  мұндайды 
көп көргенбіз, оның не қысылатыны бар. Адвокатқа бердік, 
переводчик, чиновниктерге бердік дейміз, ретін таппаймыз 
ба», – деп  жауап  қайыруы – өмір  шындығынан  шынайы 
көрініс. Осылайша, ел «игі жақсыларының» типтік образын 


173
жасау арқылы сол
 
кездегі қазақ қоғамы бой алдырған ауру-
кеселді сын тезіне сала түзету – шығарманың басты мақсат-
мұраты. Ол сонысымен де құнды.
Апталық  қаламгерлері  қара  жұмысқа  алынатын  қазақ 
жігіттерінің  қам-қаракетін  күнілгері  ойлап,  толғана  баста-
ған. Патша жарлығы жарияланған күннен көп өтпей-ақ га-
зеттің 189-нөмірінде  жарық  көрген  «Оренбург, 15-июль» 
деген  басылым  басқармасы  атынан  жазылған  бас  мақала – 
соның айғағы. Мұнда майдан тылына алынғалы отырған ел 
азаматтарының  керек-жарағы  жөнінде  алғаш  рет  сөз  қоз-
ғалады.  Олардың  бас  амандығы  жолында  не  істелінуі  ке-
рек  деген  сауалға  жауап  іздестіріледі.  Оқырман  қауымды 
осы туралы ойлануға шақырады: «Жоғарыда айтқан ретше 
үйден  сайланып  шығу  бай  балаларының  қолынан  келеді. 
Бірақ  жұрттың  бəрі  бірдей  емес.  Жалаңаш-жалпы  кедей-
лер көп. Міне, осылардың күні қараң. Бұларға қарасу, кем-
кетігін  жетістіру – жұртқа  зор  борыш», – деп  ел-жұрттың 
алдында  тұрған  нақты  міндеттерді  белгілеп  береді.  Қазақ 
жұмыскерлерінің  қал-жағдайын  ойластыруды  бұдан  кейін 
басылым басқармасы басты назарында ұстап отырған. Оған 
газеттің əр нөмірінде дерлік жарық көріп тұрған материал-
дар дəлел бола алады Мəселен, «Орынбор, 8-октябрь» деген 
бас мақалада бұл мəселе екінші бір қырынан талқыға салы-
нады. Ұзынқұлақтан естулері бойынша, кей жерлерде ауру-
сырқаулы адамдар да тізімге ілініп кетіп жатқандықтары жө-
нінен хабардар екендіктерін айтып, басылым басқармасы он-
дай келеңсіздікті қатты айыптайды. Сонымен бірге метірке 
жоқтықтан қазақ жігіттерінің жасын айыру ісі қиыншылыққа 
ұшырап,  сақалын  саудаға  сатқандардың  «пысықтығымен» 
19 бен 31 жастан тысқарылар да қара жұмысқа жегіліп ке-
тіп  жатқандығына  наразылық  танытады.  Бұл  жөнінде  га-
зет бетінде, сонау 1914 жылдан бастап-ақ мəселе көтеріліп, 
оған жол бермеу туралы қанша айтылып, жазылып келгеніне 
қарамастан, оны еститін құлақ, орнына келтіретін басшылық 
болмағаны, дау жоқ, Алаш азаматтарының ашу-ызасын ту-
ғызбай қоймаған. Сөйтсе де, ашуды ақылға жеңдіріп, кеш те 
болса кемшіліктерді түзетуге уақыт барлығын кеңес етіп, ел 


174
қамын,  жер  жайын  ойлаудан  бір  танбаулары  олардың  биік 
азаматтық болмыстарын айқындай түседі.
Жоғарыдағы  кемшіліктердің  анық-қанығын  айқындауда 
М.Дулатов  қаламынан  туған,  газеттің 204-санында  жария-
ланған  «Орынбор»  деген  мақаланың  орны  бөлек.  Қаламы 
жүйрік  журналист  мұнда  өзі  көрген,  куəсі  болған  жайға 
оқырман назарын аударады: «Ақтөбе уезінің Тұзтөбе болы-
сынан  алынған 260 һəм  екінші  Бөрте  болысынан  алынған 
291  жұмысшы  Орынбор  келіп  жатыр  еді. 30-октябрь  күні 
бұларды  Оршаға  жөнелтпек  екен,  олар  жатқан  баракқа  ба-
рып  жолықтым.  Бұларды  Ақбұлақта  қарап  алған  комиссия 
ауруына  һəм  жасының  артық-кеміне  онша  ілтипат  етпеген 
көрінеді.  Мысалы, 2-Бөрте  қазақтарынан  Қалыбай  Отар 
баласы – құлақ-тілсіз,  Сұлтанғали  Əли-баласы – көкірек 
ауру,  Кенжебай  Айтуған  баласының  көзі  көрмейді,  Ерғали 
Биміш баласы – теңге қотыр», – деп, ел тізгінін қолына ұс-
таған атқамінерлердің мінін дəлелді түрде беттеріне басады. 
Ол  жігіттердің  Орынбордағы  əскери  дəрігерге  тексеріліп, 
елдеріне  қайтуларына  рұқсат  алғандықтарын  хабардар 
етеді.  Бұл,  сөз  жоқ,  Алаш  азаматының  араласуымен  қол 
жеткен  əділеттік.  Бірақ,  ол  жөнінде  бұл  арада  ештеңе  ай-
тылмауы  авторының  оңай  олжа  іздеген,  атаққұмар  адам 
емес, халқының қамын жеген азаматтық болмысын паш етіп 
тұрғандай əсер қалдырады.
Мақалада  қара  жұмысқа  ылғи  кедей-кепшіктің  алынға-
нына  наразылық  білдіріліп, «байлар  малымен,  оқығандар 
білімімен,  атқа  мінгендер  пысықтығымен»  аман  қалып 
отырғандығы заң жолымен де, шариғат жолымен де əділет-
тік емес екендігі жеріне жеткізіле сыналып-мінеледі. «Жаз-
дыкүні ақсақалдары «ізденеміз» деп Орынбор келгенде осы 
кетіп  бара  жатқан  кедейлердің  бұзау-торпағын  сатқызып, 
ақшаларын өз балаларын қалдыру жолына жұмсағаны ұмы-
тылған.
Бұл  жігіттердің  ішінде  жалаңаш  кетіп  бара  жатқандары 
бар. Бұлардың бай ағайындары қайда? Жұрттың жұрттығы 
қайда?  Шынымен-ақ,  қазақтан  қайыр-ықсан  көтерілгені 
ме? «Құдайдың  үйін  көрген»  бұл  елдің  қожа-болыстары 


175
қайда?  Тым  болмаса,  осы  жұмыс  тақырыпты  нəпсілерін 
ауыздықтайтын  реті  бар  емес  пе  еді», – деген  жолдар-
дан  халқының  қамын  ойлап  аһ  ұрған  азаматтың  үнін  есті-
гендей боласыз. Осыдан кейін: «16-жылдың оқиғасы – ұлт-
шылдардың  байшылдық  пердесінің  шетін  ең  алғаш  түрген 
оқиға. ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ байларынын со-
йылын  соғып,  бірақ  сол  сойылды  жалпы  «қазақ»  атынан 
соққан  ұлтшылдар  байшыл  екенін  еңбекші  бұқараға 1916 
жылы ең алғаш көрсетті. Жалпы қазақ емес, қазақтың байла-
рын ғана басқаратындығын, еңбекші бұқараның көтерілісіне 
олардың жүрегі жібімейтіндігін 1916 жылы айқын дəлелде-
ді.  Ұлтшыл  ақындардың  қаламы  байлардың  мақсатында 
ғана қозғалып, ақындық бұлағы байлардың мақсатында ғана 
құйылатынын, еңбекші бұқараға түскен қиындық оларға бит 
шаққандай  көрінетіндігін  де 1916 жыл  көрсетті»
1
, – деген 
пікірмен қалай келісесіз? Ол көрінер көзге жала жапқандық, 
шындықтың өңін айналдырып айтып, аққа күйе жаққандық 
екендігін жоғарыдығы мəліметтер толық дəлелдейді.
1916  жылғы 25-маусым  жарлығын  жалғыз  қарсы  алған 
басылым – «Қазақ»  газеті  халқымыз  бастан  кешірген  сол 
бір  сұрапыл  заманның  шынайы  шежіресі  болуымен  де  аса 
бағалы. Шын мəнінде бүкілелдік ұйымдастырушы орталық-
қа  айналған  басылымның  назарынан  тыс  қалған  мəселе 
жоқ. Оның төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары тек үгіт-
шілік-насихатшылық  жұмыстармен  ғана  айналысып  қоймай, 
керек жерінде жұрт ортасынан табылып, халық қамы үшін 
қол күштерін де аянып қалмағандарына – апталық матери-
алдары айғақ. Олар қысқа күнде қырық түрлі хабар таратып, 
не  істерін  білмей  сеңдей  соғылысқан  халықтың  ес  жиюы-
на  қолқабыс  етумен  бірге,  қара  жұмысқа  алынып  жатқан 
жігіттерге  қандай  киім,  жолға  қандай  азық  керегінен  бас-
тап,  майданға  барып  орналасқаннан  кейінгі  жағдайлары, 
олардың  елімен  байланысы  секілді  істеріне  түгелдей  бас-
шылық  етіп  отырған.  Тіпті,  керек  десеңіз,  оларға  тиісті 
үкімет  мекемелерінің  назарын  аударып,  қолдарынан  кел-
ген  жəрдемдерін  аямағандықтарын  дəлелдейтін  деректер 
жеткілікті.
1
 С.Мұқанұлы. ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті, 67 б.


176
«Қазақ»  газеті 1916 жылдың 22-қазандағы  бас  мақала-
сында  «жұмысқа  алынғандардың  жабдығында  болу  мінде-
тіне» байланысты жұрт алдында екі түрлі талапты тартады. 
Оның бірі жігіттерге барған жерінде бас-көз болып, олардың 
мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізіп тұратын орыс жəне 
қазақ  тілдеріне  бірдей,  білімді  жігіттердің  керектігі  болса, 
екіншісі, қазақ жұмыскерлерінің хабарын біліп, артынан ке-
рек-жарағын жеткізіп тұратын адамдардың қажеттігі еді.
Апталықтың 1916 жылғы 204-санында жарияланған хабар 
бойынша қазақ жігіттерін қара жұмысқа алу науқаны қызған 
шақта  басылым  басқармасының  белді  өкілі  Ə.Бөкейханов 
Петербургтегі  мұсылман  фракциясы  жанындағы  бюро-
да  қызмет  етіп  жүрген  жерінен  Мəскеуге  келеді.  Сөйтіп, 
Мəскеу  арқылы  өтіп  жатқан  қазақ  жұмыскерлерінің  қал-
жағдайын  біліп,  қайда  бөлінгендері  туралы  хабарларын 
алып,  солардың  керек-жарақ,  мұң-мұқтажына  байланысты 
əкімшілік мекемелердің есігін тоздыра келіссөздер жүргізіп, 
нақты  жəрдемдер  көрсетілуіне  қолқабысын  тигізеді.  Мəсе-
лен,  Земскі  Одағы  Бас  комитетінің  төрағасы  князь  Львов-
пен болған келіссөздер нəтижесінде осы комитеттің жаны-
нан қара жұмысқа алынған «бұратана» жұрттардың бөлімін 
ашуға қол жеткізеді. Бұл бөлім тікелей майдан тылындағы 
жұмыскерлердің жағдайын жақсартумен айналысып, көпте-
ген игілікті істер атқарған.
Осынау сауабы мол істе Алаштың арыс азаматы жалғыз 
болмаған.  Оның  жанында  қазақтың  көкірек  көзі  ояу,  оқы-
ған  жастары  бірге  қызметте  болып,  арқалаған  жүгін  тең 
бөлісе  көтеріп  əкетіскен.  Атап  айтқанда,  Мұстафа  Шоқай, 
Мырзағазы  Есболов,  Тел  Жаманмұрынов,  Мұса  Сейдалин 
жəне  Бекентаев  сынды  асыл  азаматтардың  осынау  сын  са-
ғаттарда атқарған қызметтерін бөле атау керек.
Кейіннен  бұл  топты  ардақты  Алаш  азаматы  М.Дулатов 
толықтырады. Апталықтың 1916 жылғы 215-ші, 1917 жыл-
ғы 229-сандарындағы  жарияланымдарға  жүгінсек,  ол 1917 
жылдың 5-ақпанында Минскідегі Земск жəне қала одақтары 
жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің төрағасы Ə.Бөкей-
ханов  пен  оның  орынбасары  М.Есболовтың  шақыруымен 


жолға шығады да, Минскіге наурыз айының басында жетеді, 
сөйтіп сол жақтан «Қазақ» газетіне материалдарын жолдап, 
қазақ жігіттері мен ел арасындағы байланысты дұрыс жолға 
қояды.
Ə.Бөкейханов бастаған топ осылайша 1917 жылдың шіл-
де-тамыз айларына дейін майдан тылындағы қазақ жігітте-
рінің қасы-басында болып, мойындарына алған міндеттерін 
адал  атқару  жолында  аянбай  қызмет  еткендіктеріне – га-
зет  материалдары  айғақ.  Бір  ғана  мысал,  қара  жұмысқа 
алынғандарға  байланысты  «Қазақ»  газетінің 244-нөмірінде 
жарияланған  ең  соңғы  мақалаға  көңіл  қоялық.  Онда  Мин-
скіден  майдан  тылындағы  жігіттердің  ең  ақырғы  тобы-
мен  елге  оралған  Серік  Жиенбайұлының  есебі  берілген: 
«28  шілдеде  Минскідегі  бұратана  бөлімі  жабылды. ...Бұл 
күнде  Мəскеу  мен  Петроградтан  басқа  қалаларда  бұратана 
жұмысшылары жоқ. Мəскеу һəм басқа қалалардан жинаған 
ауру,  өлген  бұратаналардың  списіктері  Тургайский  облас-
ной управаға тапсырылды», – деген жолдардан Алаш азамат-
тарының бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, оны 
аяғына  дейін  тиянақты  түрде  орындап  шыққандығына  көз 
жеткіземіз. Бұл – елдік үшін, елдің ертеңі үшін болған, жан-
кештілікпен  жүргізілген  күрестің  жарқын  көрінісі.  Оның 
басы-қасында  «Қазақ»  газеті  басқармасы  жəне  солардың 
маңайына  топтасқан  қазақ  зиялылары  тұрды.  Бұл  жөнінен 
кейіннен  ұлы  Мұхаң,  Мұхтар  Əуезов  А.Байтұрсыновтың 
50  жылдық  мүшелтойына  арналған  мақаласында: «Қазақ» 
газетінің 1916 жылғы  қан  жылаған  қазақ  баласына  істеген 
еңбегі,  өнер  білімі,  саясат  жолындағы  қажымаған  қайраты 
біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын», – деп 
жазуы дəл, əрі жоғары берілген баға. Біз зерттеу еңбегімізде 
соған толық көз жеткіздік деп білеміз.


178


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет