ісіп кеткен, езуінде, мұрын астында да қан ұйып қатып қалыпты. Жаралы
аяғына салмақ салмайын деп тұтқын ұзын скамейканың үстінде бір
жамбастап қисайып отыр. Алғаш қарағанында сау мүшесін, бет бедерін
қалдырмай мылжалап тастаған тірі өлік сияқты еді, кенет ине шаншып
алғандай селк ете қалдым: тұтқынның ісіп кеткен қабағының астынан
титтей боп сығырайып жалғыз көзі маған қадалып тұр екен. Бір сəт
орнымнан қозғала алмай қалдым. Түндегі мылтық даусын ұйқылы — ояу
жатып мен де естідім. Не атыс екенін түсінбей, бірақ секем алып оянып
бара жатыр едім, полковник ояу екен, менің елегізгенімді біліп, «еріккен
солдаттардың ісі ғой, еш нəрсе емес», деп бауырына қыса түскен. Атыс
ұзап естілмей кетті. де... менің тəтті ұйқым онша бұзылған жоқ еді...
Сыртқа шықсам, қақпаның аузындағы сақшыдан өте алмай он бес —
жиырма адам көшеде шоғырланып тұр: көбі қатын — қалаш, бала —
шаға да бар, шамасы сельсовет председателінің тағдырын білуге
келгендер болса керек. Бала көтерген бір əйел еңкілдеп келіп жылайды, бес
— алты жасар баласы шешесінің етегіне жармасқан, көзі шарасынан
шығып кетіпті, байғұс балада зəре жоқ.
Сол адамдардың алдынан қалай өткенімді... Арсыз адам, жерге кіріп
кетпейді екен. Өттім. Буыным қалтыраса да өттім əйтеуір.
«Ұяттан бір нəрсе қалған екен. Қып — қызыл болып кеткенін қарашы»
— деді бір əйел.
Онысына да рахмет, аяғаны болар.
Света ащы мырс етіп, езу тартты, бірақ езуінен күлкі емес мүсəпірліктің
табын көрем. Ол тағы да үнсіз отыр. Əңгімесін айтып болды ма, болса, бұл
ақтарылғаны байғұсқа жеңілдік əкелген жоқ. Өңінде, өңінде ғана емес – ау,
бүкіл тереңінде арылмас бір күйзеліс тепсінеді. Сол күйзелістің ар жағынан
не қыларын білмей дағдарған, сасқан адамның дəрменсіз ажары көрініп
келеді. Бір қолын таянып, бір қолымен жер шұқып біраз отырды, ішін
жегідей жеген мазасыз ойы барын сезем.
— Мен үлкен бақытсыздыққа ұшырадым. Екі қабат болып қалдым, —
деді Света бір түрлі қарлыққан дауыспен, басын көтерместен.
— Қой, қайдан білесің, бекер шығар,— дедім. Сасқаным ба,
жұбатқаным ба, білмеймін.
— Əй, бекер болмас. Білмеймін, бірақ солай сияқты. Əйел екенімді,
бойымда құштарлық бар екенін, масқара болғанда бүгін түнде ғана білдім
ғой. Естуім бар еді, сірə солай сияқты. Ерекше болатын көрінеді ғой, өзің
сезген жоқ па едің?
Мен «оны» кейінірек барып түсіндім — содан бері қайталанып
көрмеген ерекше лəззат есімде қалыпты. Сірə, Света да... сол сəтті кешкен
екен ғой. «Иə, солай», деп қоштағаным оған қуаныш болмас, «жоқ олай
емес, бекер» деп алдарқатқанымнан да жеңілдік шамалы. Ал, кейюге... мен
сірə, Светаға ұрсып көргенім жоқ, ұрыса да алмайтын шығармын, бірақ
туған шешесі болса да қазір кейігеннен не пайда? Істеген іс болса, оның
жазасы күні бұрын артығымен кесілген. Жұбаныш айтайын десең, — сөзің
жалған боп шығады, жалған сөз жарасын одан бетер ушықтырады. Мен
үндегенім жоқ. Кейде үндемеген де жақсылық.
Светаның не ойлап отырғанын білмеймін, оның хəлі мені қинап барады.
Лəззаты мен қасіреті араласқан осы бip масқара түн уақыт оза келе ұмыт
болар еді, шыбын жаны құрғыр шықпаған соң, тəн жарасы сияқты, жан
жарасы да түбі бір жазылады ғой. Бірақ ішіндегісін қайтеді? Не де болса
қалап тиген жары Николайдан сонша сақтанып келгенде... Тұла бойы
тұңғышы мұның қиын — қыстауда əйелдік осалдық жасап алған ең масқара
сағатын өмір бойы есіне салатын болса?.. Білмеймін. Ар жағына менің
ақылым жетпеді. Мүмкін, өмірдің өзі бір қисынын табатын шығар. Адам
баласын өмір бойы арылмайтын азапқа салу, нағыз үлкен қиянат сол емес
пе?
— Ал, Нəзира,— деді Света басып көтеріп менің бетіме тіке қарап.—
Біраз уақыт жолдас болып, бір-бірімізге үйренісіп қалып едік. Сөге —
жамандама. Енді екеумізге ажырасуға тура келіп тұр. Қош бол.
Meн сасқанымнан аузымды ашып, бақырайып Светаның бетіне қадалып
қаппын.
— Қош болғаны қалай? Сонда?.. Екеуміз...
— Мен өз жөнімді табуым керек. Сенің де жолың болсын.
Төбемнен жай түскендей тіл қата алмай қалдым. Менің осы хəлімді
Света сезді ғой деймін, жүдеу тартқан қатқыл өңі жұмсарып:
— Саған жалғыз қиын болатынын білем, үйренбеген, білмеген жерің
ғой, бұл жақ,— деді.— Бірақ менің хəлімді түсінсеңші сен. Жаңағының
бəрін ақтарғаннан кейін, мен сенімен бірге жүре алмаймын.
— Соны маған несін айттың, ішіңде жата бермей...
Бақытсыздық адамды тез есейтеді екен, Света маған кəдімгі көпті
көрген кексе адамдай мүсіркей қарады: мұңлы көзі «сен əлі біраз нəрсені
түсінбейсің ғой» деп тұр.
— Айтпасам одан да жаман болар еді. Жə, мен саған басшы болып
жарытпаспын. Мир не без добрых людей. Бір орайы болар саған да. Сен,
түсін, Нəзира. Мен енді сенімен бірге жүре алмаймын. Қош бол.
Света түйіншегін тез буып алды да жүріп кетті. Соңынан ұзақ қарап
тұрдым. Жаңағы келгендегісіндей емес, жүрісі ширақ, орманға тереңдеп
алыстап барады. Ағаш арасынан түскен күн сəулесінен ақсары шашы жарқ
етін қалады. Артына қайрылып қарай ма деп елең етем, бірақ артына
қайрылып қарамады.
Meн жалғыз қалдым.
|