1-ші тақырып. Қазақстанның қазіргі заман тарихына кіріспе


 Білім беру жүйесін жаңартудың мақсаттары мен міндеттері



Pdf көрінісі
бет40/68
Дата18.01.2022
өлшемі4,71 Mb.
#24093
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   68
Байланысты:
Тарих лекциялар

2. Білім беру жүйесін жаңартудың мақсаттары мен міндеттері. 
Тәуелсіз  Қазақстанның  білім  беру  жүйесінің  құқықтық  негіздерін  қалыптастыру 
үшін,  1992  жылы  -  «Білім  туралы»,  1993  жылы  «Жоғары  білім  туралы»  заңдар 
қабылданды.  Содан  кейінгі  жылдарда  білім  берудің  әр  саласы  үшін  он  сегіз 
тұжырымдама  жасалды.  Мемлекеттік  емес  білім  беру  мекемелері  ашылды.  Басқару 
жүйесін  оңтайландыру  мақсатында  білім  беру  саласындағы  мемлекеттік  саясатты 
реттейтін  Білім  беру  комитеті  құрылды.  Жаңа  оқулықтар  мен  әдістемелік  әдебиеттер 
әзірлейтін Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясы есік ашты.  
Білім  берудің  ұлттық  жүйесінің  жаңа  құрылымы  Қазақстан  Республикасы 
Конституциясының  30-бабына,  сондай-ақ  ағарту,  ұлт  және  мәдениет  мәселелері 
жөніндегі  Біріккен  Ұлттар  Ұйымы  (ЮНЕСКО)  ұсынатын  Білім  берудің  халықаралық 
стандарттық  жіктеліміне  сәйкес  құрылған.  Білім  берудің  үздіксіздік  пен  өзара 
байланысқа негізделген жаңа: мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта, жоғары, жоғары 
оқу  орнынан  кейінгі  білім  беру  деңгейлері  құрылды.  Қазақстандағы  міндетті  орта  білім 
беру  11  жыл  құрайды.  Бұрын  оқушылар  мектепке  6-7  жастан  қабылданып,  бастауыш 


 

білім  төрт  сыныптан  тұратын.  Шәкірттер  орта  білімді  17-18  жасында  алып  шығатын. 
Енді 1990 жылдардың ортасында жоғары оқу орындарына емтихан тапсырудың тестілеу 
әдісіне көшу орын алды. 
Сөйтіп,  1990  жылдардың  реформалары  мен  өзгерістерінің  нәтижесінде  Қазақстанда 
мемлекеттік  және  мемлекеттік  емес  секторлардан  тұратын  жалпы  (орта)  және  жоғары 
білім  беру  жүйесі  қалыптасты.  Бұл  жүйенің  басты  міндеттері  жалпы  да,  арнаулы  да 
сапалы  білім  беруді  ары  қарай  дамыту  мақсатынан туған, ал бұл еліміздің  XXI ғасырда 
тұрақты өркендеуі үшін өте қажет. 
2000 жылдары орта білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. 2003 жылдан 
бастап  оқушылар  бір  мезгілде  мектепті  бітіру  емтихандары  және  жоғары  оқу  орнына 
түсу емтихандары болған ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өтетін болды. 
2000  жылдары  білім  сапасын  бағалаудың  ұлттық  жүйесі  қалыптасып,  оқу  үдерісіне 
жаңа  ақпараттық  және  кредиттік  технологиялар  енгізілді,  қоғамда  он  екі  жылдық  орта 
білім  беруге  көшу  туралы  пікірсайыстар  жүріп  жатты.  Қазақстанда  он  екі  жылдық орта 
білім  жүйесін  енгізу  2019  жылға  жоспарланды.  Ол  кезде  барлық  мектептерде  нөлінші 
сыныптар құрылатын болады. 
Барлық сыныптардың білім берудің жаңартылған мазмұнына өтуін 2020 жылы аяқтау 
жоспарланған.  Бұл  жайында  2016  жылы  қарашаның  2-сінде  өткен  ОКҚ  (Орталық 
Коммуникациялар  қызметі)  брифингі  барысында  ҚР  БҒМ  Мектепке  дейінгі  және  орта 
білім  департаменті  директорының  орынбасары  Зейнеп  Мақсұтова  мәлімдеді.  Оның  сөзі 
бойынша,  2015  жылдың  қантарында-ақ  республикамыздағы  барлық  бірінші  сыныптар 
жаңартылған оқу жүйесіне көшкен. Жаңа жүйе кезең-кезеңмен: екінші, бесінші, жетінші 
сыныптарда  -  2017-2018  оқу  жылында,  үшінші,  алтыншы,  сегізінші,  оныншы 
сыныптарда  -  2018-  2019  оқу  жылында,  төртінші,  тоғызыншы  және  он  бірінші 
сыныптарда  2019  жылы  енгізілмек.  Сөйтіп,  барлық  мектептер  кезең-кезеңмен  білім 
берудің жаңартылған мазмұнына көшетін болады.  
Қазіргі  уақытта  республикамызда  7307  күндізгі  мемлекеттік  жалпы  білім  беру 
мектептері жұмыс істейді. Оларда 2,5 миллион оқушы, яғни елдің әрбір жетінші тұрғыны 
білім алып жатыр. Ел мектептерінде 300 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Мұғалімдердің 
үштен  бір  бөлігінің  20  жылдан  артық  еңбек  өтілі  бар.  Мектеп  мұғалімдерінің  80%-тен 
астамы - әйелдер. Мектептердегі барлық мұғалімдердің 23,9%- ке жуығы тілдерді (қазақ, 
орыс, ағылшын) оқытумен айналысады. Барлық мектептердің үштен біріне жуығы  - бір, 
68%-і  -  екі,  ал  1,5%-і  үш  ауысымда  жұмыс  істейді.  Үш  мыңнан  асатын  (45%)  мектеп 
қазақ  тілінде,  екі  мыңға  жуық  мектеп  аралас  -  қазақ  және  орыс  тілдерінде  оқытады. 
Қазақстанда ұлттық мектептердің тағы үш түрі: өзбек, ұйғыр және тәжік мектептері бар. 
Олардың түлектеріне ҰБТ тапсыру тілін: не қазақ, не орыс тілін таңдау құқы берілген. 
2000  жылдары  жалпы  білім  беретін  мектептерді  компьютермен  және  техникалық 
құралдармен  жабдықтауға  үлкен  көңіл  бөлінді.  Экономикалық  қиындықтарға 
қарамастан,  барлық  дерлік  орта  білім  беру  мектептері  компьютерлермен  қамтамасыз 
етілген.  Президент  бастамасының  арқасында  елімізде  зияткерлік  мектептерінің 
тармақталған  желісі  жүйелі  түрде  жүзеге  асып  келеді.  Орта  білім  беру  саласында  қол 
жеткен  жетістіктердің  бірі  2009  жылдың  ақпанында  Астанада  Тұңғыш  Президенттің 
физика-математика  және  химия-биология  бағытында  оқытатын  Зияткерлік  мектебінің 
ашылуы болды. Ол мектептердің түлектері кейін жоғары білікті инженерлер мен ғылыми 
қызметкерлердің  жетіспеушілігін  толтыратын  болады.  Білім  берудің  жаңартылған 
мазмұнында  құрылған  Назарбаев  Зияткерлік  мектептерінің  саны  жиырмаға  жетті. 
Олардың іс-тәжірибесі күллі білім беру жүйесіне таралатын болады. 


 

«
Қазақстан-2050»  Стратегиясында  Н.Ә.Назарбаев  аса  маңызды  мақсат-  әлемнің 
жоғары  дамыған  30  елінің  қатарына  кіру  міндетін  қойды.  Стратегияда  елдің  өркендеуі 
үшін  өзекті  болып  саналатын,  барлық  салаларды,  оның  ішінде  әлеуметтік  саланы 
қамтитын  міндеттер  айқындалды.  Білім  мен  ғылымның  дамуы  деңгейі  елдің  бәсекеге 
қабілеттілігінің  негізгі  белгілеріне  жатады.  Соған  байланысты  республикамызда  жалпы 
білім  беретін  мектептер  мен  училищелердің,  колледждердің  деңгейі  мен  сапасын 
көтеруге ерекше көңіл бөлінеді. 
Жоғары  оқу  орындары.  Жоғарғы  мектеп  тәуелсіздік  жылдары  ішінде  үлкен  және 
қарама-қайшылыққа толы жолдан өтті. Бұл жолда саны көп өзгерістер орын алды, білім 
министрлігі басшылығы бірнеше рет ауысты, оң да, теріс те құбылыстар байқалды. 
Қазақстанның  жоғары  білім  беру  құрылымы  айтарлықтай  өзгерді.  Егер  1990  жылға 
дейін Қазақстанда небары екі университет (ҚазМҰ және ҚарМУ) бар болса, ал кейіннен 
жеке  жоғары  оқу  орындарын  ашуға  рұқсат  берілген  соң,  университеттер,  академиялар 
мен  институттар  саны  көбейді.  1990  жылдарда  көптеген  педагогикалық,  техникалық 
және  басқадай  институттар  атауларын  өзгертіп,  университеттерге,  академияларға 
айналды.  Нәтижесінде,  1997  жылы  Қазақстанның  жоғары  білім  беру  жүйесінде  83 
мемлекеттік емес және 57 мемлекеттік жоғары оқу орны, оның ішінде: 27 университет, 9 
академия,  екі  дербес  университет  -  Әл-Фараби  атындагы  Қазақ  мемлекеттік  ұлттық 
университеті,  Қожа  Ахмет  Ясауи  атындағы  Халықаралық  қазақ-түрік  университеті 
жұмыс істеді. 
Білім  беру  саласын  қаржыландыру  ісінде  реформалар  аз  болған  жоқ.  Қазақстан 
Республикасы  Үкіметі  1999  жылы  жоғары  оқу  орындарында  мамандар  даярлау  үшін 
кредиттер  беру  тәртібін  бекітті.  Жастарға  жоғары  оқу  орнында  оқу  үшін  15  жылға 
есептелген мақсатты мемлекеттік кредит алу мүмкіндігі туды. 
Жоғары білім беру жүйесінің мақсаты  - қоғамның, мемлекеттің және әрбір адамның 
жоғары  білім  алуға  деген  сұранысын  қанағаттандыру,  адамға  білім  алып,  оқудың 
мазмұны мен мерзімдерін таңдау мүмкіндігін беру. Сондықтан жоғары және жоғары оқу 
орнынан  кейінгі  кәсіптік  білім  беру  құрылымы  Қазақстанда  үш  деңгейлі:  бакалавриат, 
магистратура  және  докторантура  болып  саналады.  Осындай  құрылым  1999  жылы 
Қазақстанның  Болонья  үдерісіне,  білім  берудің  бірыңғай  халықаралық  стандартына 
қосылуы нәтижесінде мүмкін болды. Бакалавр даярлаудың нормативтік оқу мерзімі төрт 
жылға есептелген. Бакалавриат түлектерінің білім алуды магистратурада (оқу мерзімі - 1-
2 жыл) жалғастыратын мүмкіндігі бар. 
2000  жылдарда  жоғары  оқу  орындарының  саны  өскені  байқалды,  бірақ  олардың 
барлығы  бірдей  тең  дәрежеде  сапалы  білім  бере  алмайтыны  тексерулер  мен 
аттестациялар  барысында  белгілі  болды.  2008  жылы  тексеру  нәтижелері  бойынша  24 
жоғары  оқу  орны  кәсіби  талаптарға  сай  болмауы  себепті  112  мамандық  бойынша 
лицензияларынан айырылды. Университеттер мен институттардың саны 2008 жылы 144-
ке  дейін  қысқарды,  оның  ішінде:  85  университет,  32  институт,  26  академия,  1 
консерватория  бар.  Олардың  тоғызының  ұлттық  университет  және  академия  мәртебесі 
бар еді. 
Аспирантура  мен  докторантурада  1990-2000  жылдары  жоғары  білікті  ғылыми  және 
ғылыми-педагогикалық  мамандар  даярлау  жақсы  жолға  қойылды.  Жоғары  оқу  орнынан 
кейінгі  ұлттық  білім  беру  жүйесі  жұмысының  нәтижелі  болуы  үшін  ол  (жүйе)  Болон 
келісіміне сай бағдарламаға өзгерді: онда үшінші деңгейде философия докторлары - РҺD 
(Dосtог оf Рһіlоsoрһу) даярланады. 


 

Ғылыми-педагогикалық  мамандар  -  доктор-магистрлер  даярлау  жүйесіне  өту 
Қазақстанның  әлемдік  ғылыми  білім  беру  кеңістігіне  ықпалдасуы  қажеттігіне 
байланысты  болды.  Алайда  қазақстандық  ғылыми  білім  беру  қоғамдастығында  бұл 
мәселе  өткір  пікірталастар  туғызды.  Классикалық  неміс  үлгісіне  негізделген  бұрынғы 
білім беру жүйесін жақтайтындар аз болмады.  
«Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы. Мамандар даярлау және білім беру саласында 
жетекші  шетелдік  университеттермен  байланыстарды  дамыту  ісінде  1993  жылы 
қарашаның  11-інде  ҚР  Президентінің  бастамасы  бойынша  құрылған  «Болашақ» 
бағдарламасының орасан үлкен маңызы болды. Алғашқы қазақстандық студенттер 1994 
жылы  АҚШ,  Ұлыбритания,  Германия,  Франция  елдеріндегі  жоғары  оқу  орындарына 
білім алу үшін аттанды. Кеңес заманынан кейінгі кеңістік елдерінің тарихында алғаш рет 
талантты жастарды мемлекет есебінен шетелде оқыту мүмкіндігі пайда болды. Егер 2004 
жылы  785  студент  әлемнің  13  елінде  білім  алса,  ал  2005  жылдан  бастап  «Болашақ» 
бағдарламасы  бойынша  стипендия  алатын  студенттер  саны  3000-ға  дейін  жетіп,  олар 
дүние жүзінің 32 елінде алдыңғы қатарлы 630 университетте оқу мүмкіндігін алды. 
«Болашақ»  стипендиясының  тағайындалуына  орай,  республикамызда  Батыстың 
қазіргі  заман  талаптарына  сай  білімдерін  алған  мамандардың  саны  өсті.  Президент 
стипендиясын  иеленушілерді  біріктіру,  кейіннен  оларды  жүмысқа  орналастыру,  тұрғын 
үймен  қамтамасыз  ету,  олардың  мүдделері  мен  құқықтарын  қорғау  мәселелерін  шешу 
үшін, 2001 жылы «Болашақ» қауымдастығы құрылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында 
білім  алған  түлектер  мемлекеттік  қызметте,  білім  беру  және  денсаулық  салаларында, 
ұлттық компанияларда жұмыс істейді, сонымен қатар Батыс елдерінің менеджменті мен 
стандарттарын осы салаларға енгізіп жатыр. 
2009  жылдың  маусымында  ҚР  Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың  бастамасымен 
«Астананың  Жаңа  университеті»  АҚ-ы  құрылды.  Аталған  университет  2010  жылы 
маусымның  7-сінде,  Қазақстан  Үкіметінің  Қаулысына  сәйкес,  атауын  «Назарбаев 
Университеті» деп өзгертті. Оған алғашқы студенттер қабылдау 2010 жылы қыркүйекте 
басталды. Университет білім берудің ұлттық жүйесінің артықшылықтары мен ең жақсы 
әлемдік ғылыми білім беру тәжірибесін сәтті ұштастыра отырып, Қазақстанның жоғары 
білімінің  үлгісіне  айналды.  ҚР  Президенті  2011  жылы  қаңтардың  19-ында  «Назарбаев 
Университеті»  мәртебесі  туралы,  «Назарбаев  Зияткерлік  мектептері»  және  «Назарбаев 
Қоры» туралы Заңға қол қойды. 
Университет  2011  жылы  маусымның  15-інде  заңды  мәртебесін  ауыстырып, 
«Назарбаев  Университеті»  автономиялық  білім  беру  ұйымы»  деп  аталатын  болды. 
Университет  өзінің меншікті  білім  беру  стандарттары  бойынша  жұмыс  істейді  және  ҚР 
Білім және ғылым министрлігінің басқаруына жатпайды. «Назарбаев Университеті» 2013 
жылы  алғаш  рет  Жоғары  бизнес  мектебінің  және  Жоғары  білім  беру  мектебінің 
магистрлік  және  докторлық  бағдарламаларына  қабылдау  үшін  есік  ашты.  «Назарбаев 
Университетінде»  2014  жылы  тамыздың  20-сында  оқуды  аяқтаған  магистранттарға 
дипломдар тапсырылып, 46 студент магистрлік бағдарламаның алғашқы түлегі атанды. 
Сонымен,  реформалар  мен  өзгерістердің  нәтижесінде,  Қазақстанда  жалпы  (орта), 
арнаулы  орта  және  жоғары  білім  берудің  мемлекеттік  те,  мемлекеттік  емес  те 
секторлардан тұратын, негізінде, халықаралық стандарттарға сай, қазіргі заманғы жүйесі 
пайда болды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   68




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет