139 Ойлау бұзылыстарының жасқа байланысты ерекшеліктері Ойлау бұзылыстары балалар мен жасөспірімдік шақ психикалық ауруларының
клиникасында үлкен орын алмайды.
Балалық шақта жиі сандырақ тәрізді фантазиялар кездеседі.
Сандырақтан айырмашылығы бұл фантазиялар тұрақсыз болып, бұл жағдайда
науқастарға ұғындыруға болады. Фантазиялар арманшыл адамдарға тән, ал
балалық шақта барлығы дерлік арманшыл, фантазияларға бейім болып келеді.
Өздерінің фантазияларында балалар, жасөспірімдер өз армандарын, тілектерін
шындыққа айналдырады, басты рөлді, әдетте ержүрек кейіпкер сипатында
ойнайды. Фантазиялар маңыздылығын жоғалтқанша оларға сенеді, артынан
қарапайым шынайылыққа оралады.
Сандырақ түзілуі үшін ойлаудың жетік дамуы қажет болғандықтан, бұл
бұзылыс балаларда сирек кездеседі. Балаларда бұл функция әлі де толық
құрылмаған және егер, сандырақтық идеялар пайда болған жағдайдың өзінде,
олар әдетте примитивті және эмоционалды күймен байланысты болып келеді.
Жақындарына деген жеккөрініш, белгісіз қауіптілікті сезіну сияқты көрініс
береді. Балалар өз күйзелістерін нақты түсіндіріп бере алмайды. Балалық және
жасөспірімдік шақта мазмұны бойынша жиі өзінің ұсқынсыздығы, бөтен ата-
ана жөніндегі — ата-анасы өзінікі емес, ауыстырылған, бөтен жандар, аса бағалы
немесе сандырақтық идеялар кездеседі. Балалар мен жасөспірімдерде жабысқақ
идеялар жиі бақыланады.