Бағдарламасы бойынша шығарылды Жұмабаев Мағжан Шығармалары (әдеби басылым). 2-том: Әңгіме



Pdf көрінісі
бет24/27
Дата19.01.2017
өлшемі1,21 Mb.
#2251
түріБағдарламасы
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

313
C
C
М. Жұмабаев
C
C
білмеді.  Сондықтан  оның  ауыр  ойы  серпіліп,  көңілі  ты-
ныштала  бастады.  Жастық  қайғыдан  тез  құтылады  ғой. 
Бұқарбай Сасықбай деген байға жылқышы болып жалдан-
ды. Тайымды жылқыға қосып қояйын деп байға сөйлесті: 
– Мейлі, жүре берсін. Дала кең ғой. Сенің бір тайыңа 
жер жетпес дейсің бе... Бірақ мынау тайыңның оңған жері 
жоқ қой: сирағы шидей...
Бұқарбай үндемейді. Сасықбай малдың сүйегін таны-
маушы еді. Ұзақ жол жүріп келген көк тайдың шынында 
түрі жаман еді. Сасықбай бірақ ішінен ойлап қойды: тай 
өсіп мінуге жараса, жылқыны өзінің тайымен бақтырамын 
деп.  Әркім  өз  пайдасын  көздейді  ғой.  Ауыл  үлкен  еді. 
Сасықбайдың ауылында үш қос жылқы бар еді. Бұқарбай 
жылқышы атанып, бірінші еңбегін сіңіріп, тамақты бірінші 
рет ішті ғой. Бұқарбай түн сайын таң атқанша ат үстінде 
жүріп,  жылқы  бақты.  Адамның  өз  еңбегімен  тапқан 
тамағының қанша қымбат екенін Бұқарбай сонда білді.
Сасықбай  сараң  еді:  малшыларға  тамақты  тек  аштан 
өлместік қылып қана беруші еді.
Жылқы  бағу  онша  ауыр  жұмыс  емес  қой.  Бірақ  не 
күндіз, не түнде тыныштық болмайды. Малшының ұйқыға 
балқығаны  жоқ.  Бұқарбай  жылқышының  күніне  тез 
көндігіп кетті. Ол да бір ақ киіз қалпақты, жыртық шал-
бар, жыртық тонды жылқышы болды да қалды. Бұқарбай 
сонда да көрген күніне күйінген жоқ. Бір жұбанышы көк 
тай  еді.  Басқа  жылқышылардың  менікі  деген  тайы  да 
жоқ қой. Бұқарбайдың көк тайды сылап-сипай бергеніне 
жылқышылар  күлуші  еді.  Сасықбай  таң  қалушы  еді. 
Бұқарбай тайын суға жүздіріп, жал-құйрығын тарап, балаша 
тайын айналдыра беруші еді. Тай Бұқарбайдың артынан 
күшік сықылды қайда барса, сонда барып, еріп жүруші еді. 
Жай сөйлеген, болмаса жекірген дауысын – бәрін ұғушы 
еді. Бұқарбай тайымен адаммен сөйлескендей сөйлесуші 
еді.

314
C
C
Шығармалары
C
C
– Бұл елде екеуімізді ешкім білмейді... Онысы жақсы. 
Сенің иең көп ақымақтық жасады ғой... Ештеңе емес. Тү-
зелеміз... Шет елде оны ешкім ескермейді,– деп Бұқар бай, 
бірақ қате ойлады. Сасықбайдың бойжеткен қызы бар еді.
Мешіт сұлу. Қыздар кейде жұрт көзіне ұнамсыз нәрсеге 
ауғыш болады. Мешіт сұлу да күн сайын жылқы құлатып 
ке ле  жатқан  Бұқарбайға  қарайды  да  тұрады.  Бұқарбай 
да  байдың  қызына  қарай  бастады.  Қараған  сайын  қыз 
Бұқарбайға ұнай берді. Сөйлеспей-ақ екі жас жүрек біріне-
бірі жақындап қалды.
Бұқарбай  бірақ  өзіне  мынадай  деп  ақыл  салушы  еді: 
бұрынғы ақымақтығың да жетер, енді ақылды бол, Бұқар-
бай... Сасықбайдың қызының қалыңына қанша сұрайтынын 
білесің бе? Күлкі болма, Бұқарбай!.. Байдың қызын алатын 
сендей сорлы емес қой...
Кейбір  іңірде  Бұқарбай  жаны  қоңыр  тартқанда  жер 
ошақтың  басында  отқа  қарап  отырып,  өзі  шығарып,  қо-
ңырлатып мынадай өлең айтушы еді: 
Есіктен күліп тұрып сұлу қарар
Жігіттің жүрегіне жара салар... 
Ер жігіт желдей саулап кетсе алысқа, 
Қапаста сұлу сорлы жылап қалар.
ІІІ
Осындай үш жыл озды. Ұзақ үш жыл. Үш рет жазғытұ -
рым  даланы  қызғалдақ  жапты.  Шілденің  ыстығынан 
дала ның шө бі үш рет күйді. Қыс үш рет барлық нәрсені 
қармен бүркеді. Алайда  Бұқарбай бақытты еді. Неге десең, 
оның көк тайы өсіп ат болды ғой. Қандай сұлу ат болды. 
Қамыс құлақ, серке сан, жібек жал. Бестісінде жүні аппақ 
айдай бозға айналды. Бұқарбай енді Ақбозат деп ат қойды. 
Ақбозатты  бұрынғыдан  бетер  сылап-сипап,  айналып-
толғанатын болды. Қойнына жататын қалыңдығынан бетер 

315
C
C
М. Жұмабаев
C
C
атты мәпелегеніне жылқышылар тағы күлді. Күлсе күлсін. 
Бұқарбай ең алғаш мініп, шабысын көргенде қуанғаннан 
жүрегі ойнап кетті: бұл жылқы емес, жел еді.
«Жоқ. Тағы бір жыл тұрып, толып, алты жасар ат бол-
сын. Онан соң мен бір байдың керуеніне жолбасшы болып 
кірермін... Жұмысы жеңіл, тұрмысы еркін. Онан соң өмір 
оңдалып кетер. Шыда, Бұқарбай, көп қалған жоқ» деп ой-
лады Бұқарбай.
Келесі жылы керуенмен кетем деген ой Бұқарбайға берік 
орнады. Бірақ бұл ойын ешкімге айтқан жоқ. Кетуге кет-
пек болды. Әттең Мешіт қалады-ау! Кім біледі қыз мұны 
осы күні ескермейтін де  шығар. Бірақ  Бұқарбай қыздың 
күйдіріп  қарайтын  қара  көзін,  сылдыраған  күлкісін,  күн 
жүзін ұмыта алмас!
Елде  Мешітті  алам  деген  жігіт  көп  еді.  Талай  қиыр 
жер лерден жаушы келіп еді. Бірақ қарт Сасықбай «қызым 
қымбат» деп сұраған қалың малының санын өзі де білмеуші 
еді. Әйткенмен де қыздың өмірі қысқа ғой. Қыздан айы-
рылар уақыт жетті. Кімге беремін деп Сасықбай ойлады. 
Ойын бекіте алмады. Сұраған жігіттердің бәрі де жақсы 
болғанмен, сұлу Мешітті бәріне де қиып беру қиын. Шал 
ойлап-ойлап  жұрт  жиып,  ат  шаптырмақшы  болды.  Кім 
бәйгеден  озып  келсе,  Мешітті  сол  алсын.  Бозбалалар 
бұған  қуанды.  Бәрі  де  өзінің  атына  сенеді  ғой.  Дәмелі 
бозбалалардың аттары шынында ығай мен сығай еді. Еоз-
балаларды желіктіру үшін Сасықбай жар қылды: 
– Бәйгеден кім келсе, ол келсін, маған бәрібір... Мейлі 
бір малшы келсін, Мешіт соныкі.
Сасықбайдың мынау бәйгесінің хабары Арқаның талай 
жеріне жайылды. Елдің әңгімесі осы болды. Бозбаланың 
бәрі-ақ Мешіттен дәмелі болып, аттарын жарата бастады.
Сөйтіп,  бәйге  күні  жетті.  Сасықбайдың  ауылына  ма-
ңай дағы елдердің кәрі-жасы қалмай қаптап келді. Қызық 
көргелі  келген  қалың  жұрттың  ішінде  маңайдағы  елдің 
бәріне қадірлі бір қарт би де бар еді. Табақ тартылып, ас-

316
C
C
Шығармалары
C
C
су ішілген соң, жиылған жұрт ат жібергелі ауылдан анадай 
қырға шықты. Жүйріктеріне мініп бозбалалар шықты. Ең 
соңынан Ақбозатқа мініп Бұқарбай шықты.
– Мынау ақбоздағы кім?– деп сұрады жұрт. Қызынан 
жаман жылқышының дәмелі болғанына ренжіп: 
– Бұл менің жылқышым ғой. Есер шіркін атын зорық-
тырады-ау,– деп немқұрайды жауап бере салды Сасықбай. 
Ақсақалдардың қаулысы бойынша дәмелі бозбалалар-
дың бәрі аттарына бала мінгізбей, өздері шабатын болды. 
Шабушылардың бәрі топтың алдына тізілген соң қарт би 
айдаушылар қосып беріп, қолындағы жалауды бір көтеріп 
қалды. Жігіттер желе жөнелді. Олардың артынан Бұқарбай 
да  жөнелді.  Ақбозат  әлі  жасырақ  қой  деп  көпке  шейін 
Бұқарбай  бәйгеге  қосуға  беки  алмап  еді.  Ақылға  салып, 
қосу жарамайды десе де, жастық шіркін билеп алып кетті: 
ауылдан шыға бергенде байдың үйінің есігіне көзі түсіп, 
есікте Мешіт сұлуды көзі шалып қалып еді. Мойындағы 
алқасы жарқ-жұрқ етіп, Ақбозатқа мініп кетіп бара жатқан 
Бұқарбайға қарап жымиып күліп қалды. Ірілікпен күлген 
сықылды. Дәмелі бозбала көбейген сайын арудың ірілігі 
ұлғая береді ғой. 
Жұрт атты елу шақырымға айдады.  Белгілі жерге барып 
жеткен соң айдаушылар аттардың бәрін қатар тізіп: «Ал!» 
деп  жіберді.  Ауыздықпен  алысып  тұрған  жүйріктер  ала 
жөнелді. Аспанды шаң жауып кетті. Бұқарбай Ақбозаттың 
басын  тартып  келеді.  Сонда  да  жігіттерді  біріндеп  та-
стап  келеді.  Тастай-тастай  Бұқарбайдың  алдында  үш-ақ 
жігіт  қалды.  Алтындай  сары  бір  текежәуміт  жүйрікке 
мінген  үш  жігіттің  біреуі  алыс  кетіп  барады.  Бұқарбай 
Ақбозаттың  басын  босатыңқырап,  екі  жігіттен  оп-оңай 
озып кетті. Алдында енді біреу қалды. Бұқарбай тақымды 
қысты, астындағы ат ілгері ұшып бара жатқандай. Алыста 
бұлдырап қалың топ көрінгендей, Ақбозат текежәуміттің 
құйысқанын тістеп қалды. Қабырғаласты. Текежәуміттің 

317
C
C
М. Жұмабаев
C
C
ырс-ырс етіп дем алғаны естілді. Екі аттың басы қаз-қатар... 
Бұқарбайдың жүрегі аузына тығылды: екі-ақ шақырым жер 
қалған. Ай, текежәуміт озғызса... Бұқарбай ердің алдыңғы 
қасына жата қалып, Ақбозаттың көзін сүртіп-сүртіп алып, 
айқайды  салып  жіберді.  Ақбозат  жақтан  атылған  оқтай, 
қырда ойнаған қояндай ағып кетті. Бұқарбай қалың топтың 
айқайына кіріп қалды. 
Бұқарбай озып келді. Өзгенің бәрі кейін қалды. Жұрттың 
бәрі  Ақбозатқа  жабырлап,  айналып-толғана  бастады. 
Кейбіреулер аттың басы, көзін сүйіп жатты. Бұрын жұрт 
мұндай жүйрік көрген емес.
– Бала сенікі,– деді қарт би Бұқарбайға.
–  Ие,  Мешіт  онікі,  қалыңмал  төлесе...–  деді  саспай 
Сасықбай.– Мейлі қазір алсын, мен сөзімнен қайтпаймын, 
озып келгенмен, кім болса да қалыңмал төлемек қой...
Өмірінің осындай қуанышты күніндегі мынау қайғыдай 
Бұ қарбай  өмірінде  қайғы  көрген  жоқ  еді.  Жұрттың  бәрі 
оған: «Ай, ырысты жігіт»,– деп қызықса, ол өзін-өзі қар-
ғайды...  Ие,  қандай  жүйрікке  мініп  қашсаң  да,  малғұн 
кедейліктен  құтыла  алмайсың  ғой.  Ауылға  келген  соң 
тәкаппар Мешіт сұлу да Ақбозаттың мойнынан құшақтады.
ІV
Бәйге  Бұқарбайды  бақытсыз  қылды.  Ол  өзінің  ауыр 
еңбегімен  тапқан  тыныштығын  жойды.  Енді  жабайы 
жылқышының тұрмысы оған ауыр көрінді. Жұрттың бәрі 
оны күндейді. Ол сорлы ылғи Мешітті,  сұлу көзді сұлу 
Мешітті ойлайды. Сасықбай айтты: 
– Міне, саған бір жыл. Мен сөзімде тұрам, сен қалың-
мал тап. Бір жылда таба алмасаң, мен Мешітті басқа біреуге 
беремін...
Мұндай  сөзді  есіткеннен  Бұқарбайға  денесіне  пышақ 
сұғу жеңіл болар еді-ау. Ана жерде Мешіт те қарап жымиып 

318
C
C
Шығармалары
C
C
күліп тұр! Мешіт Ақбозатты жақсы көріп кетті. Ылғи келіп  
қолынан жем береді.
Кәрі Сасықбай да Ақбозатты ойлай бастап еді. Бес жүз 
жылқысы бар, үш мың қойы бар, сұлу қызы бар. Мал мен 
басы түгел. Бірақ мынадай жүйрігі жоқ. Ақбозаттың атағы 
Арқаның талай жеріне жайылып кетті. Талай жігіттер талай 
жерден мынау тамаша атты құр көру үшін келетін болды. 
Ақбозаттың  мынау  атағы  кәрі  Сасықбайдың  ұйқысын 
қашырды.  Ол  ылғи  Ақбозатты  қалай  қолға  түсіруді  ой-
лайтын болды. Сараң бай бірнеше рет Бұқарбаймен былай 
сөйлесіп байқады: 
– Бұқарбай, атыңды сат маған. Жылқыдан таңдап, жи-
ырма жылқы ал. Қойдан таңдап жиырма қой ал.
– Жоқ,– дейді Бұқарбай.
– Оған қосып үстіңе ақ үй көтеріп берейін.
– Жоқ...
– Күміс ақшаны жаяйын, екі уысыңа сыйғанша ал.
– Жоқ...
– Үстіңе бір жібек бешпет, екі жібек қаптал жабайын.
– Жоқ...
– Енді не керек саған?
–  Маған  ешнәрсенің  керегі  жоқ,  бай...–  дейтін  еді 
Бұқарбай қасарып.
Бірақ бір күні кешке Бұқарбай: 
– Жарайды. Барлық айтқаныңның үстіне Мешітті қосып 
бер,– деп айтып салды.
– А-а! Сенің есің дұрыс екен... Бұл болмайды.
– Өзің біл, бай. Атымды алмасаң, маған тым жақсы.
Сасықбай қасарған жылқышыға ашулана бастады: 
«Мынау өзі бір атым бар деп, кісіні танымай кетті ғой... 
Арқада басқа жүйрік жоқ па екен?..»
Сасықбай қанша ойламайын-ақ десе де, Ақбозат оның 
ойынан шықпады. Мал-мүлік бәрі өзінде түгел. Енді оған 
не  керек?  Ақбозат  керек.  Ақбозат  оның  қолында  болса, 
Арқада тірі жанға бәйге бермей отырса... Мұндай жүйрік 

319
C
C
М. Жұмабаев
C
C
жоқ қой Арқада... Шал ұйқысынан айырылып, не қылуға 
білмей, кәдімгідей жүдеп қалды. Өзінің қанша байлығының 
өзіне қадірі болмай қалды...
Ақырыңда Сасықбай ауырып төсек тартып жатып қалды. 
Ас-су ішпейді. Уһлей береді. Бір күні Мешітті шақырып 
алып айтты: 
– Әлгі қасарған есекті шақырып алып келші, сөйлесейін 
деп едім.
Бұқарбай есіктен кіре, шал айтты: 
–  Мен  сенің  қасарғаныңнан  ауырып  қалдым...  Есек 
сықылды ақымақ адам екенсің! Жас күнім болса, мен сенің 
атыңды барымталап алар едім, не керек... Қасарған айуан, 
мына  сөзімді  тыңда:  мал-мүліктен  тілегеніңді    ал,  оның 
үстіне... Мешітті ал.
Бұқарбай шалды сыйлап, басын бүкті де, айтты: 
– Сасықбай, сен көп беріп менің барымды алмақшысың... 
Ақбозат атақты Есекқырғанның тұқымынан. Тіленші болып 
ауылдан шығып бара жатқанымда шешем маған: «Не берсе 
де, тайыңды берме!» – деп еді... Алайда, мен ойланайын...
– Шық, қасарған шіркін, ойлан!– деді шал қатты күрсі-
ніп.
Бұқарбай  үйден  шыға  келіп,  Мешітке  жолықты.  Ол 
босағада тұрып бәрін естіп жылап тұр екен.
– Сен мені сүймейсің, Бұқарбай...– деді қыз сыбырлап. 
Әлі жуырда ғана Бұқарбайды мазақ қылып күліп жүрген 
қыз еді ғой ол.
Бұқарбайды  Сасықбайдың  берем  дегені,  жалынғаны 
жұмсартқан жоқ. Қыздың жасы жұмсартты. Мас адамдай 
сенделіп ол малшылар үйіне келді. Басы айналып не қылуға 
білмеді.
Бұқарбай малшылардың жыртық, былық үйінде ойлап 
жатыр. Көз алдында қыздың жас төгілген беті. Қыздың тәтті 
даусы. Өзінің сол арада аяп кеткені – осылар тұр. Үйдің 
артында өзінің барлық қазынасы – Ақбозаттың жер тарпып 
тұрғаны естіледі. Не қылуға білмейді Бұқарбай. Өзге мал-

320
C
C
Шығармалары
C
C
шылар ұйқтап жатыр. Жалғыз-ақ Бұқарбай бір күнәлі адам-
дай азап шегіп жатыр, жас жүрегі аласұрады. Ақырында 
жас жүрек жеңді. Бұқарбай Ақбозатты Сасықбайға бермек 
болды.
Бұқарбай осы ойға жаңа беки бергенде, тыстан Ақбозат-
тың  кісінегені  естілді.  Бұқарбай  үйден  жүгіріп  шығып 
үлгірмеді, аттың қатты дүбірі естілді. Бұқарбай бұл ненің 
дүбірі екенін білетін еді ғой. Ақбозатты ұры мініп алып, 
желдей құйындатып кетіп барады.
Бұқарбай  байлаулы  тұрған  байдың  бір  бедеуіне  міне 
салып қуа жөнелді. Астындағы бедеуді төпеп қуып келеді. 
Алдынан аттың дүбірі естіліп келеді. Ол арада таң да атып 
қалды. Бұқарбай алыстан Ақбозатты көрді. Апырмай, мы-
нау шынымен Ақбозат па? Ақбозат алдына мал салмайтын. 
Ақбозаттың шынымен бір жабайы бедеуге жеткізгені ме? 
Бұқарбай  тағы  біраз  шауып  еді,  ұрыға  тіпті  жақындап 
қалды.  Жете  бергенде  Бұқарбайдың  жүрегі  қанға  толып 
кетті. Шыдамады. Айқай салып жіберді;
– Өй, сайтан, атты қор қылып келесің... Қамшы салма! 
Екі көзін сүрт!..
Ұры Бұқарбайдың айтқанын қылды. Сол арада Ақбозат 
оқтай  ағып  көзден  жоғалып  кетті.  Бұқарбай  астындағы 
бедеу  зорыққанша  шапты...  Бір  мезгілде  ат-матымен 
жығылып, Бұқарбай өксіп-өксіп жылады. Кәрі Сасықбайға 
бермек болғаны үшін оны қасиетті Ақбозаттың киесі ұрды 
ғой. Махаббат оның көзіне шел қаптатты ғой...
V
Бұқарбай ауылға үш күннен соң қайтып келгенде оны 
жұрт танымай қалды: мейлінше жүдеген, көздері жындан-
ған адамның көзіндей болған.
– Ақбозатты маған берген болсаң, мен оны сақтай білген 
болар едім. Сен қасарған есексің, Бұқарбай. Сен айуандай 
ақымақсың, Бұқарбай...– деді шал күйдіріп.

321
C
C
М. Жұмабаев
C
C
– Енді мені шығар, Сасықбай.
Бақытсыз байғұс, енді сен қайда барасың?
– Ақбозатты іздеймін... Мен онсыз тұра алмаймын.
Мешіт  бірақ  бұлай  ойламады.  Ол  Бұқарбайды  қатты 
сүйді. Қыздың жүрегі байлықты іздемейді ғой. Мешіттің 
өзі Бұқарбайға келді де айтты.
 – Бұқарбай, сең қайда барсаң, мен де сонда барамын... 
Мен сені сүйем.
Бұқарбай жылап қоя берді. Мешіт оның басын тізесінің 
үстіне  салып,  Бұқарбайды  қыздың  қылықты  сөздерімен 
уатты. Бұқарбайдың атынан айырылып байғұс болғанын 
ойлап, тіпті, қатты аяды. Қайратты қыз әкесіне барып: 
– Мен Бұқарбайдан басқа ерге тимеймін. Бұқарбай жа-
байы жылқышы емес, асыл жігіт,– деді. – Маған байлығы-
ның керегі жоқ. Мен өзім сүйген жабайы жылқышының-ақ 
қатыны болам,– деді қыз.
Сасықбай ашуланын, қызын үйден қуып шықты. Қыз 
бірақ тағы келіп, әлгі сөзін қайта айтты. Сасықбай бұрын-
ғыдан қатты ашуланып: 
–  Жарайды,  қасарған  қу...  әне  Бұқарбайың.  Менің 
разылығым жоқ. Саған теріс батам... Анау қасарған есек 
тірі жүрем десе, енді менің көзіме көрінбесін.
Тіл алмаған баласына атаның қайсысы қатты сөз айт-
пайды. Сасықбай да қызына көп қатты сөз айтты. Алайда 
атаның жүрегі ұзамай жұмсап қалды.
– Мешітке отау көтеріп берейін... Малшылармен бірге 
тұра алмайды ғой. Қасарған қудың отау берерлік қылығы 
жоқ. Қайтесің енді...
Отау артынан Сасықбай қызына үйірлеп жылқы, қоралап 
қой,  тағы  басқа  көп  мүлік  берді.  Сасықбай  бере  береді. 
Бұқарбайға бірі де керегі жоқ. Берсе де, бермесе де – бәрібір.
Бұқарбай  ақ  отауда  сұлу  Мешітпен  бірге  тұра  баста-
ды.  Бірақ  көңілі  бір  көтерілмейді,  ылғи  қайғылы.  Атын 
сағынады.  Түндерде  Бұқарбай  ояна  салып  жынданған 
адамдай ұшып тұра келеді. Ақбозаттың дүбірін естіп оя-

322
C
C
Шығармалары
C
C
нады... Міне, алдында жақын кетіп барады. Әне, желдей 
құйындатып барады... Бұқарбай соңға таман осындай дүбір 
естіп оянып,  ес-түсін білмей, байлаулы атқа міне салып, 
шауып-шауып, біраздан соң қасірет басып, беті запырандай 
сарғайып, салбырап қайтатын болды.
Бұқарбайға  байлықтың  да  қызығы  жоқ.  Оның  үстіне 
ауылға домбырасы бар бір соқыр өлеңші келіп, Ақбозаттың 
өлеңін  айтып,  Бұқарбайдың  қайғысын  тағы  молайтты. 
Ақындар Ақбозатты мақтап өлең шығарған екен: 
Судай сұлу Ақбозат, 
Мойны қудай иілген. 
Желден озған атқан оқ, 
Қыран ғой алғыр түйілген.
– Естисің бе, Мешіт?– деп уһледі Бұқарбай. – Мынау 
менің Ақбозатымды айтып отыр ғой. Әлі тірі ғой, шамасы... 
Ай, сорлымын ғой мен!.. Сол қазынамды сақтай алмадым-
ау...
Соқыр өлеңді соғып отыр: 
Жүйрікке баға жете ме? 
Жігітке жүйрік жан-жардай.
Байлық, бектік немене? 
Жүйріксіз жігіт сор маңдай!
Бұқарбай кәрі Сасықбайға келді де, айтты: 
Мен кетем, ата...
– Қайда?
– Білмеймін. Әйтеуір енді шыдар шамам қалған жоқ...
– Мешітті қайтесің?
– Ол күте тұрар... Маған ешнәрсе керек емес. 
Бұқарбай елден ел, шөлден шөл кезуге кетті. Көрінген 
жыл қының ішінде боз мал көрінсе, жүрегі аузына тығыла-

323
C
C
М. Жұмабаев
C
C
ды. Келеді, қарайды, Ақбозат емес. Тағы кезіп кетеді.
Түн  сайын  ұйқтап  бара  жатса,  Ақбозаттың  дүбірі 
естіледі. Ақбозат алыстан орап, Бұқарбайды айнала береді. 
Бірақ  жақындамайды.  Күнде  түнде  көкте  Темірқазық 
жүлдызын айналатын Ақбозат сықылды. Күнде ұйқтайын 
десе,  Ақбозат  айналады.  Ия,  Бұқарбайдың  Ақбозаты... 
Бұқарбай  күтеді...  Күн  санап  Ақбозат  жақындап  айнала 
бастады. Бұқарбай ас-судан қалып жүдеді, құр сүйегі қалды.
«Енді тез...» – дейтін еді өз-өзіне.
Сол кезде Арқаға бір хабар жайылды: Бір жынданған 
жігіт ылғи кезіп жүреді дейді. Бір боз ат іздейді екен деген. 
Боз ат іздеген жынды жігіт келеді деп қатындар балаларын 
қорқытатын болды. Түнде ұшырап қала ма деп, үлкендер де 
қауіптенетін болды. Өзі бір әр  уақытта әр жерде көрінеді 
дейді. Талайлар көріпті.
Еріккен бозбалалар жындыны ұстап алайық деп талай 
жиналысып іздеді. Бірақ Бұқарбай оларға ұшырамады.
Ақырында  Бұқарбай  мүлде  халден  тайып,  үш  күннен 
бері  шөлде  бір  құдықтың  басында  жатыр.  Түн  болды. 
Тағы  Ақбозат  айнала  бастады.  Енді,  тіпті  жақын  айна-
лып жүр. Әттең Бұқарбайдың көзін ашып, атына қарауға 
шамасы  жоқ...  Таң  атты.  Төртінші  түн  жетті.  Бұқарбай 
құдықтың басыңда сұлық жатыр. Кенет жап-жақын дүбір 
естілді.  Бұқарбай  көзін  ашып  жіберсе,  басында  Ақбозат 
тұр. Бұқарбай қуанғанынан айқай салмақшы болды. Бірақ 
болар-болмас күрсінуге-ақ шамасы келеді.
* * *
«Жындыны  аулап»  жүрген  жігіттер  құдық  басында 
Бұқарбайдың өлігін тапты. Сіресіп қалған екі қолымен киіз 
ақ қалпағын кеудесіне қысып жатыр екен.

324
C
C
Шығармалары
C
C
П. Дороховтан
БОЛЬШЕВИК  БАЛАСЫ
Бірінші тарау
1
Атасының  кеткеніне  біраз  болып  қалды.  Мишка  ата-
сының  суретін  қарап  отырып-отырып  үлкен  кісідей 
күрсінді.
– Апа, атам қашан келеді!? Сағындым,– деді. 
Мишка  апасының  сөзіне  нанды.  Атам  жуырда  келіп 
қалады ғой деп күтіп жүрді.
2
Бір күні түнде қатты есік қаққан дыбыс естілді. Миш-
каның  апасы  төсектен  ұшып  тұрып,  шапанын  жамыла 
салып,  есікті  ашты.  Үйге  алдында  офицер,  онан  кейін 
мылтық ұстаған солдаттар сау етіп кіріп келді. Солдаттар 
келе-ақ төсек-орынды, сандықты ақтарып, апалаң-топалаң 
қылды.  Тарс-тұрс,  ерсілі-қарсылы  сапырылысып,  еденге 
былш-былш  қақырынып,  сіңбіріп,  самбырлап  сөйлесіп, 
үйді бастарына көтерді.
Мишка оянып, көрпеден басын қылтитып қарап жатыр.
Офицер биік үстел үстінде тұрған Мишканың атасының 
суретін  көріп,  жиіркеніп,  бет-аузын  тыржитып  барып 
суретті қолына алды.
– А-а, батырдың өзі ғой!– деді. Мишканың апасы офи-
церге: 
– Суретке тимеңіз. Сізге оның керегі жоқ қой,– деді.
Офицер қабағын керіп, келемеж қылып күліп: 
– Бұл сасық сізге неменеге керек?– деді.
Мишканың апасы ыза болып, ерні дірілдеп, көзі мөл-
тілдеп жасқа толды.
Мишка  төсегінен  көйлекшең  атып  тұрып,  апасының 
жанына келіп, құйтымдай жұдырығын түйіп, офицерге: 

325
C
C
М. Жұмабаев
C
C
– Апама тиме!– деп айқай салды. 
Офицер:
–  Мына  боқмұрынды  қара!–  деп  қарқылдап  күліп, 
Мишканың мұрнын қысты.
Мишка әрі мұрны ауырып, әрі ызаға шыдамай жылап 
қоя берді. Аяғымен еденді теуіп қалып, офицерге: 
– Ақымақ! Шық үйден!– деді.
Солдаттар  кеткен  соң,  апасы  Мишканы  алдына  алып 
құшақтап, көпке дейін жылап отырды. Мишка апасына: 
– Жылама, апа. Атам келген соң, бәрін атама айтамыз,– 
деп жұбатты.
3
Бір күні апасы бір жерге барып келемін деп кетті. Үйге 
қуанышты  болып  қайтты.  Келе-сала  Мишканы  алдына 
алып сүйді.
– Құлыным-ау, құлыным. Атаң тірі екен. Мен жаңа ғана 
біліп келдім.
– Қайда екен?
Апасы еңкейіп Мишканың құлағына сыбырлады: 
– Большевиктермен кетіпті.
Мишка  большевиктердің  кім  екенін,  атасының  неге 
кеткенін, бәрін білген кісісініп басын изеді.
– Атам келе ме екен?
–  Келеді,  қалқам,  келеді.  Бірақ,  қалқам,  ақылды  бол. 
Атаңның қайда кеткенін тірі жанға тісіңнен шығарма.
Мишка басын изеді. Әрине, ол біреу бұрау салып сұраса 
да, атасының большевиктермен кеткенін айтпақ емес.
4
Тұрмыс күннен күнге ауырлай берді. Апасы Мишкаға 
сүт сатып алып ішкізуді қойды.
Бір күні Мишка сүтті тым аңсады.
– Апа, біз неге шайды қарадай ішеміз, неге сүт сатып 
алмаймыз? Менің сүт ішкім келеді!– деді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет