Оқулық Алматы, 2014 Б. Қ. Қапасова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің



Pdf көрінісі
бет6/16
Дата29.01.2017
өлшемі5,06 Mb.
#2986
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Сөз дәлдігі
Тіл ғасырлар бойы, замандар бойы жасалып қалыптасады. 
Халықтың әр кезеңдегі тарихының, шаруашылық пен тұрмысының 
көрінісі. Ұлттық дәстүр, салт, әдет­ғұрып, тарих, шаруашылық­
тұрмыстық өзгерістер, ерекшеліктер, таным, сенім тілде сақталады. 
Тіл – сонысымен қадірлі. Онда біздің ата­бабаларымыздың ойы, 
пікірі, жаны мен қаны бар. Тарих тілдің сол тілде сөйлеуші ұлт 
ерекшелігіне қарай жүйесін қалыптастырады. Тілдік жүйені 
дыбыстың айтылуы, өзара үндесуі, сөз мағынасы, оның өзгеруі, 
мағына өзгеруінің әдіс­тәсілдері мен жолдары, қосымша, сөздердің 
тіркесуі, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі, т.б. құрайды.
Айтушы, жазушы ойының дәл жетуі, түсінікті болуы ауы­
зекі сөйлеудегі қажетті ерекшеліктерді ескеру болса, жазуда тіл­
дік жүйе құрамындағы бөліктердің лингвистика ережелеріне 
бағындырылады. Сөздің дәл берілуі, ойдың жетуі ғылыми стиль 
мен ресми тіл стилінде сақталады. Публицистикалық, әдеби тіл 
стильдер бұдан бөлек. Әдеби тіл  ойды бейнелі, сурет күйінде жет­
кізуді мақсат етеді. Ғылыми стиль нақты санмен, анықтамасының 
өзі де мағынасын аша алатын терминдермен көрсетіліп, айтар, 
жазар ойды дәл бере алады. Бірақ тіл көркемдеуді, әдемі жеткі­
зуді, сұлу да бейнелі суретті де қажетсінеді. Бұл –  адам жанының 
сұранысы. Бұны өтейтін өнердің бірі – тіл өнері. Қазақ халқы ойды 
көркем де қуатты, бейнелі де тегеурінді жеткізуді «өнердің алды» 
деп бағалайды.
Адам ойы тіл арқылы айқындалады. Сөздің өзі – адам сана­
сындағы ұғым, түсініктің көрінісі. Сондықтан да сөз бен ұғымның 
арасында алшақтық, қарама­қарсылық болмауы керек. Сөз дәлдігі 
сол сөздің ұғымына сай келетін мағынаны дәл тауып беруімен 
анықталады. Сөз дәлдігін айтар, жазар ойға  ұштастыруда:
1. Әр сөздің жеке тұрғандағы мағынасымен бірге басқа сөз-
дермен  тіркескенде өзгерер ерекшеліктерін, қызметін, стиль-
дік сипатын, қолданылу аясын да ескеру;
2. Қазақ тілінің заңдылықтары мен ерекшеліктерін жетік 
білу.

74
3. Орфоэпиялық норманы меңгеру: әрбір дыбысты, сөзді, 
тіркесті дұрыс айту, екпінді нық қою; сөздер арасындағы 
кідіріс, ырғақты дәл беру;
4. Қосымша қимыл-қозғалыс, ым-ишараны дұрыс, орны-
мен пайдалану керек.
Сөз дәлдігі
Айтылар ой, сөз туралы нақты білімнің, түсініктің болуы
Ой қисынының жүйелілігі
Қажет сөздерді таңдай білу
59-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазыңыздар.
Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. 
Тағы  да  ескектете,  желпіндіре,  желіктіре,  ышқындыра, 
құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды. 
Әмірқан бәйгеден келді! Зал сарт­сұрт, айғай­ұйғай, гуілдеп, 
толқындап барып басылды. Әмірқанды құшақтап алып, арқаға 
қағып, бетінен сүйіп жатырмыз. 
Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды 
ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән 
салса, ол өзін­өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауы­
сы көмейімен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын 
ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол – тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. 
Ән салса рақаттанып, гүл­гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі 
де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның 
ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың. 
(Ж. Аймауытов)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Әншінің ән айту өнерін жазушы қалай суреттеген:
а) киім киісінің өзгешелігі;

75
ә) дауыс құбылтуын айшықтайтын сөздер;
б) түр, сипатының өзгерісі.
2. Қарамен жазылған сөздердің  сөйлемдегі, мәтіндегі эмоциялы­экс­
прессивті мәні қандай?
3. Мәтіндегі «бәйге», «елемейді», «нақысын», «әнге айналады» сөздері 
мен сөз тіркестерінің синонимдерін тауып, алмастырып айтып көріңдер, 
қандай өзгешелік бар?
Сөз дәлдігі және тұрақты тіркестер
Тілдегі тұрақты сөз тіркестері тілді көркем айшықты айтудың 
бір тәсілі болса, ендігі бір артық  белгісі  сөзді негұрлым дәл 
нақты береді. Мысалы: «тез» деген  мен  «көзді ашып­жұмғанша» 
тіркесінің мағынасын бірдей дей алмаймыз. Жылдамдықтың 
соншалықты күштілігін сөзден гөрі тұрақты тіркес дәл ашып 
тұр.
Тұрақты сөз тіркестері тілде сөзді алмастырып қана қоймайды, 
ойды анықтайды. Таным­түсінікті береді. Осындай ерешеліктеріне 
қарай тұрақты сөз тіркестерін шартты түрде таным­түсінікті және 
ой дәлдігін ашатын тіркестер деп бөлуге болады.
Жаугершілік заманда жауынгер ұрыста өзі жеңген жауларының  
басын кесіп, қанжығасына байлап алатын көрінеді. «Қанжығаға 
байлады», «қанжығасында кетті», «қанжыға майланды», «қан­
жығаң қан болсын», «қанжығасын қандады», «қанжығада жүрді» 
тіркестерінің тарихын аңыз осылай шертеді. Бұны тарих іздері де 
дәлелдейді. 
Әр істің, әр заттың қадір­қасиеті болады деген халық нені 
болсын қадірлеген. Қиратып жоюды, сындырып шағуды хош 
көрмеген. Бұдан «киесі ұрды», «киесі атады» деген тіркес қалған. 
Қазіргі тілде де сөзді дәл, нақ беретін көптеген тіркестер бар. Мы­
салы: зиялы қауым, салтанатты жиын, ұлықтау рәсімі, жұлдыз жо­
рамал, т.б.
Қазақ ұлтының ерекшелігін ашатын, халықтың шаруашылық,  
тұрмыс­тіршілігінің айғағы болатын, рухани мәдениет негізін 
айқындаушы белгісі – тіл. 

76
Тұрақты сөз тіркестерінің негізі белгілері
1. Тіркес құрамында кемінде екі сөз болуы керек.
2. Сөздердің орны өзара ауыстырылмайды.
3. Тіркес құрамындағы сөздерді басқа сөздермен өзгертуге кел­
мейді.
4. Тіркес құрамындағы сөздер жеке­жеке мағына бермей, 
барлығы тұтас бір мағынаны ашады.
5. Құрамындағы сөздер бір бүтін тұлға ретінде жұмсалады
6. Тұрақты сөз тіркестері идиома және  фраза деп бөлінеді.
Идиома – тіркес құрамындағы сөздерді бөлуге келмейтін, 
мағына тұтастығы тіркеспен бірге анықталатын сөздер тобы. Мы­
салы: мұрнын көкке көтеру (менменсу), қара қылды қақ жару 
(адал), аузына ақ ит кіріп, қара ит шығу (қатты балағаттап 
ұрсу), салы суға кету (ұнжырғасы түсу) т.б. Фраза – тіркес 
құрамындағы сөздердің біреуі болса да, бастапқы лексикалық 
мағынасын сақтаған сөз тіркесінің түрі. Мысалы: тепсе темір үзу  
(мықты), бұраң бел (нәзік, жіңішке бел), алма мойын (әдемі мой­
ын), асқар тау (биік тау) т.б.
Қазақ  тілі  –  тұрақты  сөз  тіркестеріне  бай  тіл.  Тілдегі 
көркемдеп, бейнелеп жеткізудің әрі нақты суретті көзге елестете 
жеткізудің құралы болатын тұрақты сөз тіркестері «Қазақ тілінің 
фразеологиялық сөздігінде» (І. Кеңесбаев. А., 1977) берілген. 
60-жаттығу.
Көш алдында Тәкежан, Әзімбай, Майбасар  бар­ды. Қастарына  
он шақты ер­азамат, нөкер ертіпті. Қалың көштің қонатын орнына 
келіп, топтанып тұр. Жігітектің кішкене шым қоралары аяғының 
астында қалып бара жатыр. Аз ғана ауылдардың қыс талшық 
ететін, иек астындағы болымсыз ши қорықтарына қалың қой мен 
түйе, сиыр жапырлап келіп тұмсық салды. Кейбір қоралардың, 
аласа қоршау артындағы маяларына бос түйелер, үлкен сиыр­
лар тұра қалып, қарбыта асап жатыр. Бұншалық өктем зорлықты 
күтпеген момын ауылдар біріне­бірі жүгірісіп, әбігерге түсті. Аз­

77
дан соң Жігітек ауылдарынан бас құрап аттанған он шақты салт 
атты зорлықшыл ауылға қарай беттеді. 
(М. Әуезов).
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Мәтіннен тұрақты сөз тіркестерін теріп жазыңыздар, мағынасын 
анықтаңыздар.
2. Фразеологиялық тіркесті жеке сөздермен, еркін сөз тіркесімен 
ауыстырыңыздар.
Үлгі: талшық ету – аздап  қорек ету, үнем ету;
1. Фразеологиялық тіркестердің мағынасын көрсетіңіздер.
Үлгі: аяғының астында қалу – елеусіз қалу;
2.  Фразеологиялық  тіркестердің  құрамына  талдау  жаса­
ңыздар.
Үлгі: аяғының астында қалу
[1) аяқ­зат есім, ­ы, ­тәу. ІІІ ж., ­ның­ілік септ. жалғауы; 2) асты­
көмекші есім, ­нда жатыс септік жалғауы;  3) қал­көмекші етістік, 
­у­қимыл есімнің жұрнағы]
61-жаттығу. Көп нүктенің орнына тұрақты сөз тіркестерін қойып 
жазыңыздар.
1. Алғаш естігеннен .... 2. Жанатты көргеннен­ақ ... 3. Айтқан 
уәделері орындалмай ... 4. Арманды түсінбей­ақ қойды, қашанда 
көңілге келер  демейді,... 5. Айтқаны анық ... 6. Нағашысы асығыс 
екен... 7. Әпкесін әлі тосып отыр, нағыз... 8. Көптен хабарласпа­
ды, былтырдан бері... 9.  Нұржанның үйі де ... жерде екен. 10. Енді 
бәрі де ... болды. 
62-жаттығу.
Әке мен бала
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жол­
да қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

78
– Анау тағаны, балам, ала жүр, – деп.
Бала әкесіне:
 Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, – деді.
Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың 
шетінде  темірші  ұсталар  бар  екен,  соған  жеткен  соң,  әкесі 
қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз 
жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай 
шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі 
бірем-бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз 
жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында 
келе жатқан бала да тым­ақ қызығып келеді екен, жерге түскен ши­
ені жалма­жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және 
бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір 
әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып 
жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалы­
мен  беріп тұрып айтты:
 Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп 
көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін 
аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде 
болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; 
азға қанағат ете білмесең, –  көптен де құры боласың,  деді.
(Ы. Алтынсарин) 
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Әңгіме тіліндегі көркем әдебиет стилі мен ауызекі тілінің белгілерін 
анықтаңыздар.
2. Әңгімеде ауызекі тіл стилін қолдануының қажеттілігі неде?
3. Қарамен жазылған сөздерге лексикалық, стильдік және грамматикалық 
талдау жасаңыздар.
63-жаттығу. Берілген сөздердің, сөз тіркестерінің сыңарын тауып 
жазыңыздар.
1. Тілге ... 2. Алтынмен аптап ... 3. Құралайды ... 4. Шіріген 
... 5. Түйені ... 6. Еңкейген шал ... 7. Бетегелі ... 8. Тіс қаққан ... 

79
9. Жіпсіз ... 10. Мақтамен ... 11. Көпті көрген ... 12. Алқалы ... 
13. Қасықтай қаны ... 14. Салы ... 15. Ит терісін  ... 16. Тауы ... 
17. Ұнжырғасы ... 18. Аузына ... 19. Жер­жебіріне ... 20. Жегенін 
... 21. Көз етті ... 22. Кежегесі ... 23. Ала жіпті ... 24. Көкейге ... 
25. Тісі ... 26. Қан ... 27. Жаны ... 28. Бармақ ... 29. Аузы ... 30. Іші 
... 31. Бетінен ... 32. Жарғақ құлағы ... 33. Етек ... 34. Құлақ ... 
35. Түтін ... 36. Арқа ... 37. Бауыр ... 38. Аспан ..., жер ... 39. Аузының 
суы ... 39. Жұмған аузын ... 40. Қылдай ... 41. Құлаққа ұрған ... 
42. Ақ қар, .... 43. Әңгір таяқ ... 44. Екі езуі... 45. Табан ақы, ... 
46. Жұлдызы ... 47. Төбесінен ... 48. Көрер таңды ... 49. Бесене­
ден ... 50. Ну ...
67-жаттығу. Сұрақтарға жауап беріңіздер.
1. Ауырдың үстімен  жүрген ненің астымен жүреді?
2. Көрінгеннен не алуға болады екен?
3. Түймедейді қалай үлкейтеді?
4. Қара қылды қалай жарады?
5. Бір ұрты – май, екінші ұрты ше?
6. Ауызға ақ ит кірсе, қандай ит шығады?
7. Жерден неше қоян табуға болады?
68-жаттығу. Төмендегі тіркестерден тұрақты сөз тіркестерін бөлек, ер­
кін сөз тіркесін бөлек бөліп жазыңыздар.
Ат ізін салмау, аттың ізі, жіппен байлау, жіпсіз байлау, тізер­
леп отыру, тізе бүкпеу, өткір көз, көз ілмеу, тарының қауызы, 
бір тарының қауызына сыйғызу, иненің көзі, иненің жасуындай, 
жылқы малы, жылқы мінезді, үйдің қабырғасы, қабырғаңмен 
кеңес, тақырға отырып қалу.
Еркін сөз тіркестері
Тұрақты сөз тіркестері
Аттың ізі
Ат ізін салмау

80
Сөйлеудегі сөз бен мағына бірлігі
Сөйлеу ішкі мағына, мазмұнға бай болғанда көркем де әсері бо­
лады. Ойлап сөйлеп, әр сөзді екшеп таңдап, орнымен қолданудың 
әңгімелесуде, сөйлеуде мәні зор.
Қазақ тілінің мол қазынасын меңгерген, тілді терең білетін 
сөй леуші, жазушы сөзі көркем де мағыналы болады. Сөйлеудегі 
ойдың кең көлемде берілуі, мазмұнының айшық, әсерлі жетуі – 
білімділік пен мол ақылдың да көрсеткіші. Ұлттық тілдің сыр­си­
патын жақсы білетін, әдеби тіл мен ауызекі тіл ара­жігін бөлшектей 
алатын, тілдегі түрлі (фонетикалық, лексикалық, морфографиялық, 
синтаксистік) жарыспалы сөздердің қажеттісін екшей алатын, тіл­
дік норма ерекшеліктерін айқындайтын адам сөйлеуде сөз бен ой 
бірлігінің қатынасына зер сала, ұқыптылықпен қарауы керек. Ай­
тар сөздің мазмұнды жетуі біздің мәдениетімізді де анықтарын ес­
тен шығармағанымыз жөн.
Сөйлеудің мазмұнға бай болуы, көркем шығуы үшін төмен­
дегілерді есте ұстаған дұрыс:
– қандай жағдайға қатысты;
–  мәселенің шешілуіне қандай жаңа, тың пікір әсер етуі мүм­
кін;
–  оны қандай сөздермен берсе неғұрлым әсерлі болады;
– айтылған пікірлердің нақты дерекке қатыстылығы қандай;
– дау туғызар, келесіге, талдауға, ой елігінен өткізуге  болатын 
қандай ыңғайы, қажеті бар;
– айтушы, сөйлеуші ұстанымы не, оның тыңдаушы ұстанымымен 
сабақтастығы қандай.
66-жаттығу
Енді міне, Сұлтан екеуміз пейіштің нақ төрінен орын алғандай 
отты маздатып жағып тастап, жетісіп балық пісіріп жеп от­
ырмыз. Нан, тұз, балық асып жейтін ыдыс ала келмегенімізге 
өкінеміз. Сұлтекең кепканы теріс айналдырып киіп алған. Бір 
жақ қабырғасы кап­қара болып, қарылып піскен ыстық балықты 
күйелеш­күйелеш ұртына жөнелтіп жатып:

81
– Қара Көже айтшы, осылай өмір сүрген жаман ба,–  деді. 
Мен ойымдағыны айттым:
– Рақат, нағыз рақат.
– Ендеше оқу оқып не азабың бар. Таста оқуды.
– Онда мені мамам өлтіреді.
– Өлтірмей қалсын. Кісі өлтірудің оңайын-ай, ә. Бұрнағы 
жылы жәкем де маған: оқуды тастайтын болсаң, жота теріңнен та­
спа тілмесем неғылсын, онда екі қолымды төбеме қойып беземін 
сенен деп, ант­су ішуші еді. Сол да түк істеген жоқ қой. Белбеуімен 
жотама екі осқанда, өзенге қарай тұра жүгіріп ем, екі көзі ша-
расынан шығып, өзінің зәресі ұшты. Артымнан қуып жетіп, 
құшағына алып: «оқымасаң, оқымай­ақ қой, әйтеуір тірі жүр қу 
жалғыз деп, аймалап, сүйіп, үйге әкелді. Содан бері қарай ләм деп, 
аузын ашпайтын болды. Ал егер мамаң саған қол тигізетін бол­
са, онда милицияның тура өзіне жүгір. Баланы ата­анасы ұрсын 
деген заң жоқ бізде. Бұл үшін олардың көкесін танытып жібереді. 
«Мамам мен өлтіреді» дегенім, әрине, жай сөзім. Мүмкін, сәби 
кезімде ұрса, ұрған шығар. Бірақ ес білгелі ол маған қол тигізіп 
көрген емес. Қандай реніші болса да сөзбен айтады, қас­қабағымен 
білдіреді. Қымс етсе, «әй тоқмаш жейсің!», «тоқмаш берем!» 
деп, күш көрсететін ол әжемнің әдеті ғой. Бірақ оның «тоқмашы»  
жапырайған аузынан ұзап көрген емес 
(Б. Соқпақбаев)
Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. Сұлтан мен Қожа пікірлеріне талдау жасаңыздар.
2. Қарамен жазылған сөздердің ойды ашудағы қызметтері қандай?
3.  Сұлтан  мен  Қожаның  пікірлерін  ұстаным  деуге  келе  ме? 
Дәлелдеңіздер.
67-жаттығу. 
Жым­жырт жиынның ішінен алдымен сөйлеген – майысқақ 
Қаратай. Ол:

82
– Сұмдық екені рас. Ұлы­қызыңның басына бермесін. Шын 
болғанда, кәпір қауымында кететін іс қой бұл, – деп, «Қодардың 
айыбы шын ба, бекер ме?» деген өз ойларындағы күдікке еп­
теп қана бір соғып, қиялап салды. Қодардың бұл жиындағы ата­
ласы – Сүйіндік. Құнанбай бағанадан зіл салғанда, әдейі соған 
шұқшиған. Оны да жұрттың бәрі біліп отыр. Қодар қылығының 
орайын алдымен өз туысына «айыпты», «сорақы» дегізіп өз аузы­
нан айтқызып алу Құнанбайға да керек. Ал Сүйіндік сол сөзді оп­
оңай, бір айналмай салса, ертеңгі тауқымет бұнда. Және алдымен 
Қодардың сол Құнанбай айтқандай айыптылығына да көзі жеткен 
емес. Ол Қаратайдың шапшаңдығынан бір пайда да тапқандай бол­
ды. Әсіресе, оның «шын болғанда» деген босаң тастаған жерін 
ұстады да:
– Осы айыбына көз жетсе, тұрғызып қойып бауыздайық. Бірақ 
сол шынына жеткен жан бар ма?... – дей беріп еді. Құнанбай сер­
піліп, ілгері ұмтыла түсті.
– Ей, Сүйіндік, – деп киіп кетіп ұрыса сөйледі, – албасты да 
қабаққа қарай басатын. Қыры жоқ қасиеті жоқ басшы болса ыбы­
лыс, жын иектемей нетеді. Адал десек, аман десек, жан берейік, 
ақтайық, ақыретте айыбын өз мойнымызға алайық. Бірақ менің 
екі бірдей жаным жоқ. Майысар болсаң, жаныңды да берерсің. 
Беремісің, жаныңды?! –  деп сарт етіп өзіне жабыса түсті.
Сүйіндік Құнанбайдың бағанадан бергі зіліне енді ызалана бас­
тап еді.  
– Е, тастай алмай жүрген жаным жоқ! Терге демесем, жаным­
ды ала қой деп кепілге келіп пе екенмін, – деп томсарып қалды. 
Мұның қолынан келгені бар қарсылығы осы еді. Баж еткенмен 
ықтап кеткен сықылды. Құнанбай сезді де, енді жүйемен ұтпақ 
боп, қуғынға салды.
– Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен 
елді терге. Ел тұрсын, кешегі жиында бетімізге былш еткізіп, 
жарып айтқан жатты терге. Соған да жеткен. Бар да «өтірік» 
деп соны иландырып келші. Ел аузына қақпақ болып көрші. Бірақ 
ол қолыңнан келмейді. Ендеше, не ер бол да, ақта! Немесе илан 
да, жазала! Тек, жарықтығым, дүмбілезіңді көрсетпе, былқыл­
сылқылыңды аулақ әкет! – деді.

83
Енді Сүйіндік те үндей алмай қалды. Аз бөгелген соң бағанадан 
Құнанбайға сыр алдырмай, салқын ғана қарап отырған Байсал:
– Қара деп жазалаған күнде, мұның жазасы не болмақ,– деп 
еді, Құнанбай:
– Жазасы – шариғат жолы. Шариғат не бұйырса, сол болады. 
Мұндай сұмдыққа қазақ айтқан жол жоқ. Кесігін де айтпапты,– 
деді.
Құнанбай бұған ашумен, зілмен кеп, енді осы тұста күй-
зелгендік күй көрсетіп, осымен жиынның қабырғасын қайыс-
тырғысы келген. 
(М. Әуезов)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Жазушы әр кейіпкердің мінез сипатына қарай сөйлеу ерекшеліктерін 
де аша білгеніне назар аударыңыздар:
а) Қаратайдың қиялап салуы;
ә) Сүйіндік күдігі;
б) Құнанбай ызғары;
в) Байсал салқындығының сырын жазушы қандай тілдік тәсілдермен 
берген.
2. «... өз ойларындағы күдікке ептеп қана бір соғып, қиялап салды», 
«шын болғанда» деген босаң тастаған жерін ұстады да, «ұрыса сөйледі», «... 
сарт етіп өзіне жабыса түсті», «Баж еткенмен ықтап кеткен сияқты» деген 
сөйлеушінің жағдайға қатысты ойларын көрсетер қатарды толтырып, айты­
сушылар ұстанымына (позиция) талдау жасаңыздар.
3. Қарамен жазылған сөйлемдердің ойды, пікірді жинақтаушылық 
қызметіне назар аударыңыздар. Сөз қолданысының, сөзі таңдап алудың, 
сөйлем құрылымы өзгешелігінің тыңдаушыға әсері қандай?
68-жаттығу. «Қазақ тілі – өркениет пен ғылым тілі» деген тақырыпта 
пікірлесу өткізіңіздер.
– Пікірлеріңіздің көңілге қонымды болуын;
– әңгімелесуші адамның ойына зер салып, орайлы көзқарасымен 
санасу керектігін;
– әңгімелерінің тыңдаушыға дәл жететіндей көркем шығуын;
– өз ұстанымдарыңды дәлелдеу қажеттігін еске ұстаңыздар.

84
69-жаттығу.
... Қыр басында тұрған Абылай енді Бұқар жырауға бұрылды.
– Жырау, бүгін ақ түйенің қырын шөгіп жатқанын көрдіңіз бе? 
– деді ол, –  жамандықтың белгісі болмаса нетсін...
Бұқар  жырау  қытай  әскерлерінің  төртінші  рет  шабуылға 
шыққанын көріп тұрған. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа 
жиырма қытай жабылғалы келе жатыр. Басым күшке шыдай алмай, 
қазақ қолының бір жақ шеті жапырылып кейін шегіне түскенін 
Бұқар жырау жаңа аңғарды. Осыны көріп тұрған Бұқар жырау 
Абылай сұрағына асықпай қайтарды.
–  Қасқырдан  қорыққан  қойшыдан  жақсы  күзетші  шыға 
қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіне­өзің сен. 
Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.
– Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?
– Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшы өмірі ұзақ 
болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар ...
– Ол қандай ем?
– Ажал.
– Ажал?
– Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады, – 
деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан 
қанатын көрсетті.
– Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе­өзің сенбей­
тін аурудан айығасың.
Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Жалынқұйрығын тебініп 
қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнелді.
Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір 
тізерлей отырып, алласына «ақсарбас» айтып, жалбарына 
бастады. Әрине Бұқар жыраудың құдайға бағыштаған сөзін діни 
адамдардың біреуі естісе, «құран сөзін қор еттің!» деп сөгер еді, 
өйткені, оның аузынан құдайға жалбарынудан көрі, ұран шақыруға 
ұқсас ереуілді жыр тізбегі ағытылып жатқан (І. Есенберлин).

85
Сұрақтар мен тапсырмалар
1.  Абылайхан  мен  Бұхар  жырау  диалогіндегі  негізгі  ой  қалай 
түйінделген?
2. Хан күдігі не? Жырау шешімі қандай болды?
3. Бұқар жырау Абылайханға қандай кеңес берді?
4. Жырау ақылы кеңесін тыңдауға хан  қай ойға жүгінді деп ойлайсыздар?
а) Бұқардың өзінен үлкен жасын сыйлады;
ә) өз ойына дөп келді, хан да осы ойда болатын;
б) басқа көңілге қонар кеңес жоқ екеніне көзі жетті.
5. Халықтың ақыл­кеңес тыңдаудағы қандай қағида, талап, ережелерін 
білесіздер?
70-жаттығу. Қандай кеңес бересіздер?
1.  Көршісімен  ренжіскен  дос­құрбыларыңызға  кеңес  бе­
ріңдер. 
2. Уақытын дұрыс ұйымдастыра алмайтын бауырыңа (іні, сіңілі, 
қарындастарыңызға) қандай кеңес айтасыздар?
3. Кітап дүкеніне, кітапханаға барғысы  келмеген досыңызға 
кеңесті қалай айтар едіңіздер?
Кеңестің төмендегі түрлерінің бірін таңдап алыңыздар.
Орындалуын талап 
ететін кеңес
Екіұшты кеңес
1. Міндетті түрде, қалай 
болғанда да, сөзсіз осылай 
әркет етуің керек.
2. Дәл осы айтылғандарды 
орындау қажет.
3. Менің ақыл­кеңесім ең 
бастысы көңілге алынуы қажет.
4. Осы кеңесті дәл осылай 
орындауды талап етемін.
1. Менің ойымша ... 
дұрыс болады.
2. Өзіңе мынадай кеңес беруге 
рұқсат ет:
3. Қарсы болмасаң, 
менің айтарым ... 
4. Мені тыңдасаң,  ...  
кеңес берер едім.

86

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет