— Әрине, әрине, Сүке. Түрме бастығы өтiрiк айтар деймiсiң.
— Ә-ә-ә, ол да мүмкiн-ау, — дедi үнi зорға шыға. — Бiрақ...
киiмдерiн әкелдi.
— Солай сияқты.
— Қайтемiз. Өз еркiмiз өзiмiзге әлi тиген жоқ.
— Ол бәрiбiр келiспейтiн едi.
— Тура пойызға салып жiберiңдер.
346
Сүлеймен қарақшы
V
Айдан аса уақыт өткенде, Сүлеймен Тәшкенге жеттi. Түрме
қақпасынан шыққанда “бастық қулық ойлап, жолай солдаттарға
бiздi аттырып тастайтын шығар” деген қаупi бос екен. Төрт қарулы
солдат орман iшiмен бiр жарым күн айдап, қолдарына әлдебiр
қағаз, аз ғана ақша ұстатып, пойызға салып жiберген. Пойызға
мiнгенде жылпос Микайдың қуанғанын айт. Мұны құшақтап,
қайта-қайта сүйе берген. Шошқа артқан жамау-жасқаулы тесiк
вагонның суығын елемей, әйтеуiр түрмеден құтылғандарына
қуанған екеуi он бес күнде Семейге жеттi. Микай сонда қалып,
Сүлеймен басқа пойызға ауысқан. Содан жүре-жүре, мiне,
Тәшкенге де жеттi. Жолда бұдан құжат сұрап, ешкiм мазаламады.
Тек Шымкент стансасында бiр мiлиса бұған ұзақ қарады. Өзіне
ол да таныс көрiнген. Бiрақ қай жерде көргенiн есiне түсiре
алмады. Ал мiлиса жақындауға батпады-ау деймiн, қарап-қарап
тұрып, басын шайқады да ары кеттi. “Қазiр қасына бiреулердi
ертiп келiп, мазамды алатын шығар” деп қобалжып едi бұл. Жоқ,
мiлиса сол кеткеннен зым-зия жоғалды.
Бiр ай бойы “Тәшкенге жетсем, баяғыда Қоқанда өзi өлтiрмей
жiберген, ақырында қан iшiсiп, анда-дос болған Құрақты iздеп
табайын. Күн көруiме сол жәрдемдесер. Бәрi жақсы болып,
жолыма аз-маз пұл тауып алсам, Қоқанға барып, Дилданың
жағдайын бiлейiн” деп ойлап келген. Тәшкенде күн жылы.
Жайқалған көктем. Мұнда жеткесiн, бiрден Өрiкзар маңындағы
“Алай” базарына барып, Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарды
iздеп тапты. Олардан Құрақты сұрады.
— Құрақтың кiмi боласың? — дедi өзiн Сыбанқұлмын деп
таныстырған түрi сартқа ұқсас ұзын бойлы делдал. — Танысың
ба, әлде жекжатың ба?
— Қазығұрт жақтан келген жекжаты едiм. Атым — Сүлеймен.
— Онда, Сүлеймен, ертең кел. Мен оған хабар берейiн.
— Тәшкенде қонатын жерiм жоқ. Бүгiн-ақ ертiп барсайшы.
Болмаса айт, қай көшеде тұратынын.
— Түрiңе қарасам, кiсi қорқатындай адам екенсiң. Сенiң кiм
екенiңдi бiлмей жатып, оған ертiп бара алмаймын. Жататын жерiң
жоқ болса, бiр күнге амалда. Анау шайхананың жанында қонақүй
бар. Жамбаспұлын берсең, неше күн десең де жатқызады.