3. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы
және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері
15
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып
табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол
Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік
құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.
1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік Думаның
комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруді өз қолына
алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград
Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің
құрамы мен міндеттерін белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда:“Азаматтар!
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен әскердің
қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара күштеріне қарағанда
анағұрым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер
туғызды. Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси
қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін
тағайындады”, - деп князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл
кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия
жариялауды; 2) сөз және баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни және
сословиялық шектеушіліктерді жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын
айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын Құрылтай
жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полицияны милициямен алмастырып,
жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағындыруды және т.б. демократиялық негіздерді
басшылыққа алатынын мәлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы
алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол
жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың
бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың
бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси
күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі
орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс
бостандығын кеңінен пайдаланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917
жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай
шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық
Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның
түпкір-түпкірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің
мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық әкелген Уақытша
үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке адал
қызмет етуге серт берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нәсілдік кемсітушілік
жойылды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт бұрынғы бұратана
атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының
Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мәні де осында болатын.
Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов:
“Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл
революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және,
екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп
түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25
маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал
7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау сияқты шаралары да
ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: “Сары әскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен
аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі
құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді”, - деп жазды.
16
Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге жетісімен түрлі әлеуметтік
топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық
ұйымдары арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды. Қоғамдық
негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: азаматтық атқару комитеті,
біріккен қоғамдық құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды.
1917 жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару комитеттері
құрыла бастады. Мәселен, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда
Семейде біріккен қоғамдық ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі
әлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл халықтың демократиялық
басқару дәстүріне құлшына араласқанын аңғартады.
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік орындарын құру
туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел
өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз және сәуір айлары
ішінде ескі әскери губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық басқару жүйелері
жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық және уездік
комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық және ауылдық
деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару орындары қалыптаса бастайды. Мамыр
мен маусым айларында бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті және
басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.
Батыс майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана бөлімін
басқарып жүрген Ә.Бөкейханов 20 наурыз күні Торғай облыстық комиссары қызметіне
тағайындалды. Қазақ елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір
өкілінің империяның әкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда, тіпті
уезд бастығы дәрежесінде қызмет жасамағандығы мәлім. Империяның басқару жүйесінде
қазақтар болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ә.
Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыстық
басшылыққа келген бірінші қазақ болатын.
1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары болып Бизянов бекітілді.
Ақмола мен Семей облыстары қарайтын Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес
мүшесі И.Лаптев жіберілді.
1917 жылы сәуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түркістан өлкесінде нақты
тәртіп орнатып, күнделікті туындап отыратын мәселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару
үшін Түркістан уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума мүшесі
Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ә.Бөкейханов, екінші Дума мүшесі М.Тынышпаев,
үшінші
Дума
мүшелері
С.Мақсудов,
В.С.Елпатовский,
А.А.Липовский,
П.И.Преображенский, О.А.Шкапский және генерал-майор А.Дәулетшин енді. Комитеттің
төрағасы болып Н.Н.Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу,
Закаспий облыстарында және Хиуа мен Бұқара хандықтарындағы орыс поселкелеріне
Түркістан комитеті Уақытша үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.
Ә.Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай облыстық комиссары
ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса алмады. Торғай облыстық комиссары
Ә.Бөкейханов өз қызметінде жергілікті жердің салт-дәстүрін, ерекшеліктерін білетін
азаматтарды, әсіресе, қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орындарына
тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша, Қостанай уездік комиссары болып
бірінші және екінші мемлекеттік Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік
комиссары болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл округтік сотының
мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.
Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы барысында да баяғыша
болыстыққа таласқандай таласып, ескі әдетке салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол
жөнінде “Қазақ” газетінде: “Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды.
Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына көп қой, бір ту бие сойып,
17
3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре
Уәлиханов сайлауды бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” - делінген.
1917 жылы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне сәйкес
болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан,
Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын
комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты
көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов,
И.Ермұратов, Ж.Кенжебаев, Е.Өтемісов және т.б. құралған комиссия келіп 3 маусымға дейін
14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде
белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті.
Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында -
Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында -
Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ"
газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар
съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де,
Уақытша үкіметтің органдарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә.Бөкейханов -
Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А.Шкапскиймен
бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов,
Ж.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы
басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс
істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі
өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам
делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат,
төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы -
Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы -
А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін,
діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды
шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін
белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын
жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты.
Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша
айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов,
А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары
шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының
бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты.
Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топтарын біріктіріп,
олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға
қаулы қабылдап, оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін ұйымдастыру
бюросын сайлады. Оның құрамына Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қазақ ұлт
зиялыларының белгілі тобы енеді. Съезд осы жылы мамыр айында Мәскеуде өткізуге тиіс
болған Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.
1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік мұсылмандар съезі болып
өтті. Съезде ұлттық-территориялық федеративті негіздегі демократиялық республика ұлттық
автономия құру мәселелері қаралды.
Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пайда бола бастады. Жұмысшы
және солдаттарға қарағанда шаруа депутаттарының Кеңесі кейінірек, яғни мамыр және
маусым айларында құрыла бастады. Кеңестердің көпшілігін алғашқы кезде эсерлер мен
меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық партиясы өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің
әлсіздігі мен аздығы, жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен саяси
жетілмегендігі, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесінің төмендігі себеп
болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда
18
25-тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы, 9 шаруа, 7 солдат депутаттарының
Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда болуынан бастап Қазақстан Кеңестері, әсіресе,
жұмысшы және шаруа депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты
болды. Кеңестердің құрамына орыстар, қазақтар, украиндар, татарлар, ұйғырлар, өзбектер
және басқа халықтардың өкілдері енді. Солдат депутаттары Кеңестеріне көбінесе орыстар,
украиндықтар, ішінара татарлар кірді.
Орталық Азияда және Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман депутаттарының Кеңестері
құрылды. 1917 жылғы 16-21 сәуірде Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің І
өлкелік (Түркістандық) съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады және Ресейді басқарудың ең
жақсы нысаны Түркістанға және басқа да ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия
берілетін жағдайдағы Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд Құрылтай
съезіне дайындалуға және «Шура-и Ислам» мұсылмандар партиясының бағдарламасын
тануға шақырды.
Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұсылмандар қозғалысы
негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған болатын. Ташкенттегі съезде (1917 ж. сәуір)
қалыптасқан «Шура-и Ислам» партиясының Шымкентте, Әулиеатада, Перовскіде, Қазалыда
және басқа қалаларда жергілікті ұйымдары болды, оларға мұсылман дінінің православие
дінімен тең құқықтылығы, діни шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының
ашылуы, Мекеге қажылыққа баруға рұқсат ету және басқа да діни құқықтар мен
бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері мен қатардағы
мұсылмандар кірді.
Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда өзіндік ерекшеліктері
болды, бұл өлкенің отар ретінде әлеуметтік-экономикалық және саяси даму деңгейіне, оның
көпұлттығы мен халқының құрамы негізінен ұсақ буржуазия өкілдерінен шыққандығына
байланысты еді. Тап осындай жағдай Түркістан өлкесінде де орын алды. Мұнда патша
өкіметі құлаған соң биліктің үш түрі орнады: олар – Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару
комитеттері және мұсылмандар ұйымы. Егер алғашқы екі билік сырт жағынан қарағанда
жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны ашымай бұрынғы саясатты жүргізсе, ал ұлттық
зиялылар басқарған оның соңғысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді шешуге
тырысты.
Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси
өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе, олардың жергілікті
ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық
қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге
қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері "Алаш" партиясының әлеуметтік
негізін құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған "Алаш" партиясы
іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың
желтоқсанында жүзеге асқан еді.
Тарихта "Алаш" партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын 1917 жылдың
21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол
кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана
және Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 мәселе күн тәртібіне қойылды:
мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы туралы; жер мәселесі;
халық милициясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін мәселесі;
әйелдер мәселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау;
бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси партиясын құру туралы және т. б.
Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер
мәселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси
пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен
М.Дулатов тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ә.Бөкейханов қазақ
ұлттық-территориялық автономияның Ресейдің құрамында болуын жақтады. Бірақ, ол
мемлекет демократиялық федеративті парламенттік республика негізінде құрылуына басты
19
назар аударды. Бүл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің
қарарында: "Қазақ облыстары территориялық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс" деп
жазылды. Сондай-ақ, жер мәселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық
аймақтары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай
жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Олардың арасында
"Қазақ" газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-либералдық қозғалысының көсемдері
Ә.Бөкейханов,
А.Байтұрсынов,
аймақтардан
А.Ермеков,
Х.Ғаббасов,
Ж.
Х.
Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды.
Съезде қаралған барлық мәселелер талқыланып, шешімдер қабылдану барысында қазақ
ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші
Бүкілқазақ съезі "Алаш" қазақ ұлттық саяси партиясын шын мәнінде заңдастырды. Атқару
комитеті негізінде партияның басқарушы органы сайланды.
Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дәуірдегі Коммунистік партияның идеологтары
Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі
деп бағалап келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы Алаш қозғалысы,
соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде
"ұлтшылдықтың", "буржуазияшылдықтың" ешқандай да белгісі болған емес. "Алаш" қазақ
халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды. Сондықтан, қазіргі де, болашақ
ұрпақтың да санасында оның өмір сүрген уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған
өзінің толық тәуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең маңызды бір кезеңі деп
бағалануы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |