Жанат БАҚЫТ тележүргізуші ƏР ҚАЗАҚ БІРІНШІ БОЛЫП ОҚУЫ ТИІС Қуаныш мырзаның «Екінші болма!» деген кітабының атына қарап
«Ешқашан екінші болма, бəрінің алдында бол» деп айтқысы келген шығар
деп ойлап едім. Олай емес екен.
Мысалы, екі Жанат бар дейік. Біріншісі – еңбекқор, ерте оянады,
уақытты ұтымды пайдаланады, ізденгіш, өз кемшілігін мойындап, сонымен
жұмыс жасайды, күреседі.
Екінші Жанат – жалқау, өзіне сенімсіз, сөзінде тұрмайды, кездесуге
ылғи кешігіп барады.
Міне, «Екінші болма» дегені сол екен.
Расында, біз біреудің өміріне прокурор, өз өмірімізге адвокатпыз.
Өзгенің өміріне психолог, өз өмірімізде психопатпыз.
Жай ғана мысал. Бүгін мен парақшама бақуатты жанның тойына арнап
пісірілген торттың суретін салып, сол тортты дайындаған маманның қандай
профессионал екенін айттым. Ал көп адам уақытын БЕКЕР кетіріп,
энергиясын БОСҚА жұмсап, «Қандай ақшаға жасалған той? Оданда сол
ақшаға үйтпей ме, бүйтпей ме» деп прокурор бола қалды. Торттың ақшасы
қайдан келгенін, торттың неше күнге жеткенін, қандай пакетке
салынғанына дейін шемішкеше шағып тастапты ел... Бір уақыт өзіңізді
жетістікке жеткен, бизнесі бар, мейрамханасы бар, мектеп, балабақша
салған, қайырымдылыққа жұмсайтын қоры бар адам ретінде елестетіңізші.
Екі емес, он тонна торт пісірсеңіз де – өз ақшаңыз! Сіз онда адвокат болар
едіңіз.
Біз елестетпек түгілі, ондай жетістік жайында армандауға да қорқамыз.
Неге қорқамыз? Өйткені біз өз-өзімізге сенбейміз. Еріншек екенімізді
мойындағымыз келмейді. Мақсатымыз жоқ. Жеңіл жолмен пайда көргіміз
келеді. «Ей, қойшы, бірдеме бастау үшін ақша керек, əке-көке керек» деп
прокурор бола қаламыз. Мықтысың ба, алдымен өзіңді жең, ойыңды өзгерт.
Брайан Трейси «Биікке жетуің үшін өзіңнен мықты адамдармен дос
бол! Оларды үлгі ет!» деген.
Əр қазақтың жігіті – Қуаныш мырзадай болса, аз уақытта дамыған 50
елдің қатарына қосылар едік!
«Екінші болма!» кітабын əр қазақ бірінші болып оқуы тиіс!