Өмірзақ айтбайұлы



Pdf көрінісі
бет24/27
Дата05.02.2017
өлшемі1,46 Mb.
#3428
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

qazaq-tili@mail.ru деген мекеніне жолдағандары жөн. 
–  Жастар  тарапынан  қолдау  таппаған  кез  келген 
істің  болашағы  жоқ.  Елдің  келешегі  –  білімді  жастары. 
Қазақстанның жастары жан-жақта білім алып, бірнеше 
тілдерді  меңгеріп,  Отанымызға  оралып  жатыр.  Елбасы 
ұсынып  отырған  үш  тілді  жетік  білу  саясаты  туралы 
қандай пікіріңіз бар?
–  Үш  тілді  меңгеру  деген  Елбасы  саясатын  түсінемін, 
қолдаймын,  қуаттаймын.  Бірақ  осы  Елбасы  тастаған  ұран 
тектес  ұғымды  жұрт  сан-саққа  жүгіртіп,  әр  жаққа  тартып 
жүрген адамдар бар. Егер мүмкіндігіміз жетсе, одан да көп 
тілді  меңгергенге  не  жетсін.  Тарихтан  білеміз,  30-40  тіл 

336
меңгерген  полиглот  адамдар  бар.  Бірақ  біздің  міндет  –  ең 
алдымен,  өз  ана  тіліңді  білу.  Ана  тілін  білмеген  адамның 
қанша  білімді  болса  да,  қанша  көп  тілді  меңгерсе  де  өз 
ұлтына  беріліп  қызмет  етуі  мүмкін  емес.  Бағалы  маманды 
сырттан шақырып алуға болады, ал ұлтқа шынайы қызмет 
ететін, ұлтының жан-дүниесін терең білетін азаматты қайдан 
аларсың. Сондықтан біз ана тіліне барынша көңіл бөлуіміз 
керек. 
Бұл орайда қазақ азаматтары алдымен бірінші кезектегі 
міндеттерін  белгілеп  алуы  керек.  Мемлекеттік  тілді,  ана  
тіліңді  қаншалықты  игердің,  ел  алдындағы  парызыңды 
қаншалықты  түсіндің  дегенді  анықтап  алу  керек.  Үш 
тұғырлы  тіл  дегенді  басқаша  түсініп  жүрген  адамдар  бар. 
Елбасының  көтеріп  отырғаны  –  ел  басқарған  адамдар  бір 
тілмен  шектелмей,  әлемдік  тілдерді  меңгерсін,  солармен 
иықтассын  деген  алысты  көздеген  мақсат.  Ағылшын  тілін 
меңгеру  қазақ  баласына  да  керек  дүние.  Екі  тілді  қоса 
меңгерсе, қоғамның табысы да мол болады деп ойлаймын. 
Бірақ қалған тілдер ана тілі деген тұғырға табан тіреуі керек.
Сондықтан  Елбасы  саясатын  қолдаймын.  Одан  қашқақ-
таудың қажеті жоқ. Мүмкіндігінше атсалысу керек.
–  Ұлттық  мәдениет  пен  ана  тілі  –  егіз  ұғым.  Бүгінгі 
бүлдіршін ертеңгі елі мен жерінің қамын ойлайтын азамат 
атануы  үшін  бастауыш  сыныпта  барлық  бүлдіршіндерді 
ұлтына қарамастан мемлекеттік тілде оқыту мәселесіне 
қалай қарайсыз?
–  Бұл  менің  көптен  көтеріп  жүрген  мәселем.  Меніңше, 
50-60 жастағыларға мемлекеттік тілді оқытуымыз әурешілік. 
Қазақтың  үлкен-кішісінің  қазақ  тілін  игермегені  –  қасірет, 
кемшіліктің  ең  үлкені  сол.  Мұны  о  баста  қазақ  тілінің 
барлық мәселесін көтерген А. Байтұрсынұлы айтқан. Баланы 
бастауыш сыныпта өз ана тілінде оқыту А. Байтұрсынұлы-
ның принципі. Мен соны қуаттаймын. Ол кісі, ең алдымен, 
барлық  қазақ  баласы  бастауышты  қазақша  оқысын  деген. 
Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлының Совет Одағының кезінде 

337
қызмет  жасағанын  ұмытпауымыз  керек.  Ұлы  ағартушы  өз 
ойын толық ашып айта алмаған. Менің бұған қосарым қазір 
біз тәуелсіз ел болғандықтан, біздегі барлық азамат ұлтына, 
жынысына, тіліне қарамастан мемлекеттік тілде білім алуы 
керек. Өйткені олардың барлығы да Қазақстан азаматтары. 
Осы  жердің  суын  ішіп,  абырой-атағына  ортақ  болып  жүр.  
Сондықтан  балабақша,  орта  мектептердің  бастауыш  сы-
ныптарының барлығы мемлекеттік тілде білім беруі керек. 
Менің ұстанымым осы. 
«Ел ҮКімЕті алДымЕН 
тіл заҢыНыҢ талаПтарыН ОрыНДаСыН»
Халықаралық «қазақ тілі» қоғамының президенті
академик өмірзақ айтбайұлымен сұхбат
–  Өмірзақ  Айтбайұлы,  Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев- 
тың  ел  халқына  Жолдауында  Қазақстанның  2050  жылға 
дейінгі даму стратегиясын ұсынғаны белгілі. Стратегияда 
саяси-мәдени,  әлеуметтік-экономикалық  мәселелермен  қа- 
тар  мемлекеттік  тілге  де  көп  көңіл  бөлінген.  Елбасы 
елдегі  жазу  реформасы  туралы  саяси  шешім  қабылдап,  
2025  жылы  латын  әліпбиіне  көшу  туралы  міндет  қойды. 
Тілші-ғалым  ретінде  осы  бағыттағы  жұмыстар  қалай 
жүру керек деп ойлайсыз. 
– Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бұл шешімін 
ел дамуын жаңа өреге бастайтын маңызды қадам деп біле-
мін.  Әліпби  ауыстыру  жайлы  осы  кезге  дейін  де  бірнеше 
дүркін әңгіме болған еді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 
мұны  өткен  ғасырдың  тоқсаныншы  жылдарының  басында 
көтеріп, латынға көшуді ұсынып қана қоймай, қазақ тілінің 
дыбыстық  ерекшеліктерін  ескерген  жаңа  әліпбидің  нұсқа- 
сын  да  қоса  жасаған  болатын.  Бұған  қаламгерлер  мен  әр- 
түрлі сала мамандары үн қатып, латын жазуының көптеген 
нұсқалары  жасалды,  оның  қажеттігі  мен  зәрулігі  негіз-

338
делді.  Бұл  талқылауларға  Елбасы  нүкте  қойып,  латынға 
көшетінімізді айқындап берді. Ендігі мәселе латынға көшу-
дің дайындық жұмыстарын жүйелі, тыңғылықты жүргізудің 
тиімді тетіктерін қолға алуда. 
Осы  кезге  дейін  реформа  жасалмаған  сала  қалған  жоқ. 
Бұл  реформалар  белгілі  бір  салаларды  ғана  қамтыса,  жазу 
реформасы  еліміздің  бүкіл  азаматтарын  қамтитын  болады. 
Сондықтан  бұл  мәселе  асқан  жауапкершілікпен  қарауды 
талап  етеді.  Әліпби  ауыстыру  деген  тек  таңбаларды  ғана 
өзгертуден  тұрмайды.  Бұл  жерде  жалпы  жазу  жүйемізге, 
емле-ережемізге  түбегейлі  өзгерістер  енгізу  қажет. 
Ашығын  айтқанда,  қазіргі  қолданыстағы  әліпбиіміз  бен 
емле-ережелеріміз  орыс  тілінің  заңдылықтарын  негізге 
алған  көшірінді  дүние.  Тіпті  қазақтың  төл  дыбыстарының 
өзін  анықтауда  жаңсақтықтарға  жол  берілген.  Сөйтіп  тіл 
білімінде қателіктердің өзі қалтқысыз қағидаларға айналып 
кетті.  Мұның  барлығын  белгілі  тілші  ғалым,  фонетика 
саласының  білгірі,  профессор  Әлімхан  Жүнісбек  ғылыми 
тұрғыдан жан-жақты талдап, дәлелдеп берген. Жаңа әліпби 
қабылдайтын  болған  соң  осындай  келеңсіздіктерден  қоса 
арылуымыз  қажет.  Бұл  үшін  білікті  тілші  ғалымдардан, 
информатика,  психология,  т.б.  салалардың  мамандарынан 
іріктелген арнайы жұмыс тобы құрылғаны жөн. Аталған топ 
латын жазуына негізделген жаңа әліпбиімізді, латын әліпбиі 
негізіндегі  емле-ережені  көп  ұзатпай  дайындап  беруі  тиіс. 
Үкімет қаулысымен бекітілген әліпбиді жаңа оқу жылынан 
бастап  мектеп  оқушыларына  жеке  пән  ретінде  оқыта 
беру  керек.  Газет-журналдар  мен  интернет  сайттардың 
жартысын жаңа латын әліпбимен шығарып, жұртшылықтың 
көзін  үйрете  берген  абзал.  Сонымен  бірге  кириллицадан 
латынға  ауыстырып  беретін  компьютер  бағдарламаларын 
да дайындай беру қажет. Сонда биыл мектепке іліккен бала 
2025 жылы мектеп бітіргенде латын жазуына көшуге толық 
дайын болып шығады. 
–  Жаңа  сіз  басы  артық  әріптерден  арылу  туралы  да 
айтып  қалдыңыз.  Егер  орыс  тілінен  келген  ол  әріптерді 

339
қоспасақ,  тілімізге  басқа  тілдерден  енген  сөздерді  қалай 
жазамыз? Халықаралық терминдерді қалай таңбалаймыз?
– Сіздің айтып отырғаныңыз көзіміз үйреніп, етіміз өліп 
кеткен  жаңсақтықтардан  бастау  алып  отырған  алаңдау-
шылық.  Мәселенің  ашығына  келетін  болсақ,  халықаралық 
термин  дегеннің  өзі  қатып  қалған  дүние  емес.  Жазу 
реформасының  өзі  де  қазақ  тілінің  төл  заңдылықтарына 
сай  емле-ережелерін  түзіп,  өзінің  табиғатына  сай  дамуын 
қамтамасыз  ету  үшін  қолға  алынып  отырған  жоқ  па?  Біз 
шет тілдерден енген термин сөздерді тікелей сол шет тілінен 
емес,  орыс  тілінің  негізінде  алып  отырмыз.  Ал  орыстар 
ол  терминдерді  орыс  тілінің  дыбысталу  ерекшеліктеріне 
сай  икемдеп  пайдалануда.  Біз  сол  қалыптан  ауытқымай, 
тіліміздің төл заңдылығын белден басып отырмыз. Енді бұл 
ескі сүрлеуден шығуға тура келеді. Демек бұл терминжасам 
қағидаттарын да қайта қарау қажет деген сөз. Бұл мәселеге 
Елбасының  өзі  де  арнайы  тоқталды.  «Кез  келген  тіл  өзге 
тілмен  қарым-қатынасқа  түскенде  ғана  өсіп,  өркен  жаяты-
нын әрдайым есте сақтаған жөн.
Осы  заманғы  ғылыми  терминологияның  негізін  латын 
тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған 
қазіргі  дәуірде  күн  сайын  дерлік  ағылшын  тілі  дүниежүзі 
халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы 
батыл  ену  үстінде.  Бұл  үдерістен  біз  де  тыс  қалмауымыз 
керек.
Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай тер-
минологиялық  қорын  жасаған  соң  оны  рет-ретімен,  кезең-
кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз 
керек... 
Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен 
консенсус  іздеу  керек.  Сонымен  қатар  әбден  орныққан  ха- 
лықаралық  және  шет  тілінен  енген  сөздерді  қазақ  тіліне 
аудару  мәселесін  біржола  шешу  қажет.  Бұл  мәселе  оқ-
шауланған  қайраткерлердің  ортасында  шешілмеуге  тиіс. 
Үкімет мұны реттегені жөн», – деген пікірі терминологиялық 
жүйемен бірге Мемлекеттік терминологиялық комиссияның 

340
да  жұмысын  заман  талабына  сай  басқаша  ұйымдастыруға 
жетелейді. 
– Жазу реформасын іске асыруда ел Үкіметінің алар орны 
ерекше.  Ортақ  іске  пайдасы  тиюі  үшін  Үкіметке  нақты 
қандай ұсыныс айтасыз?
– Жаңа Премьер-министр Серік Ахметов Үкімет басына 
келген  кезде  Үкіметтің  мәжілістері  қазақ  тілінде  жүретін 
болады  деп  ресми  мәлімдеме  жасағанда  ерекше  қуанған 
едік.  Еліміздің  зиялы  қауымы,  әртүрлі  ұйымдарының 
басшылары  Премьер-министрдің  бұл  бастамасына  тілек-
тестігін  білдіріп,  қолдау  хаттарын  жолдаған  еді.  Алайда 
Үкімет  мәжілістері  әлі  де  орыс  тілінде  өтіп  жатқанын 
көріп  біліп  отырмыз.  Айтылған  сөз,  берілген  серт  қайда 
қалды? Ата заңымыз бен тіл туралы заңымыздың талаптары 
қайда қалды? Сондықтан біз Үкіметтен артық нәрсе талап 
етпейміз. Ең алдымен, мемлекеттік тілге қатысты заңдарды 
сақтаса,  орындаса  дейміз.  Мына  қалпымен  шетелдің 
мемлекеттік  тілінде  жұмыс  жүргізетін  Үкіметіміз  жазу 
реформасының  өзін  сөзбұйдаға  салып,  ұзын-сонарға  ай-
налдырып  жібере  ме  деген  қаупіміз  жоқ  емес.  Дегенмен 
ел  Үкіметі  әлі  де  саналылық  танытар,  Елбасы  межелеген  
ХХІ  ғасырды  Қазақстанның  «алтын  ғасырына»  айналдыру 
жолында аянбай қызмет етер деп үміт етеміз. 
Сұхбаттасқан Н. Асқаров
ұлттық ҒылымИ тЕрмИНОлОГИЯНы 
қалыПтаСтырУДыҢ  КЕлЕСі мӘСЕлЕлЕрі
 
Қазақтың  халық  болып  қалыптасуынан  әлдеқайда  бұ-
рын  дана  бабамыз  әл-Фараби  кейінгі  ұрпақтары  –  мына 
біздерді  ойлап,  «Аспанды  жерге,  ғылымды  елге  (халыққа) 
жақындатсам  деп  едім»  деп  армандаған  екен.  Осы  арман 
бағамдап  қарасақ,  адамзаттың  үмітін  қоздатып,  адам 

341
баласын алға сүйреп келе жатқандай. Қазақ, қазақ болғалы 
да,  тарих  тәлкегі  мен  талқысына  түсе  жүріп,  арман  жібін 
үзбей  мына  күнге  жеткен  екен.  Сонда  оның  аракідік 
ғылымға да қол созған кезі көп болған. Соның нәтижесінде 
әлем  мәдениетіне  ол  да  өз  үлесін  қосқан.  Орхон-Енесей 
ескерткіштері,  Күлтегін,  Білге  Қаған,  Мұхамед  Хайдар 
Дулати,  Махмұт  Қашқари,  Қадырғали  Жалаири,  Ахмет 
Яссауи,  Бабыр,  Ыбырай  Алтынсарин,  Шоқан  Уәлиханов, 
Абай  Құнанбаев  т.т.  Ал  жаңа  заман  заңғарлары  –  А.    Бай- 
тұрсынұлы,  М.  Дулатұлы,  Х.  Досмұхаметұлы,  Ә.  Бөкей-
ханұлы, Т. Рысқұлұлы, С. Қожанұлы, С. Садуақасұлы, Н. Тө- 
реқұлұлы,  М.  Жұмабайұлы,  Ш.  Құдайбердіұлы,  Қ.  Қуан-
ұлы, М. Омарханұлы, Қ. Имантайұлы т.т. толып жатқан зия- 
лылардың қай-қайсысы да осы бір арман-үміт атты тұлпар-
дың жалынан мықтап ұстаған. Бұлардың көбі ғылым тереңі-
не үңіле отырып, қайтсек тілімізді соның айбынды құралына, 
кемел  қызметшісіне  айналдырамыз  деп  сарсылған  да  түрі 
бар.  Мұны  біз  бұлардың  қалдырған  мұрасына  көз  тіккен 
сайын байқаймыз.
Алақұйын  заманалар  алмаса  келе  тілімізді  сансаққа 
салып,  талай  «тар  жол,  тайғақ  кешуден»  өткізіпті.  Сөйтіп 
әлем  тілдерінің  қай-қайсысымен  де  теңдесе  алар  мәреге 
жеткізіпті.
Бірақ,  өкінішке  орай,  осы  ұлы  мұраны  кейінгі  ұрпағы 
аялап  тұтына  алмай,  қажеттілігін  сезіне  алмай  өгейсіне 
түскен.  Өрелі  әрекеттер,  өресіз  ықыласқа  килігеді  де, 
қазіргі  қазақ  тілінің  орта  жолда  оқтығы  шығып,  дөңгелегі 
сынып  қисайып  қалған  көне  арбадай  шиқылдап  тұрған 
жайы  бар.  Қисайғанды  түзетейік,  сынғанды  салдырайық 
дегендей  нақты  әрекетке  барар  ағайынның  саны  жылдан-
жылға азаймаса көбейер түрі жоқ. Тіл сүйерлер емес, тілден 
безерлер  қатарын  дамылсыз  молайтып  отырғанымызды 
көрсек те, көрмегендей болу екен ең қиыны.
Міне,  осындай  күйде  күн  кешкен  тіліміздің,  әйтеуір 
әупірімдеп,  мемлекеттік  мәртебеге  жеткеніне  шүкіршілік 
етесің.  Етесің  де,  мәртебеленіп  отырған  тіліміздің  сол 
деңдейдегі  шарттары  түгел  ме  деген  сауалға  жауап  іздеп 

342
сарсыласың.  Мемлекеттік  тілдің  жалын  күдірейтіп  көрсе- 
тер  бір  тармағы  –  ғылым  тілі  дейтін  болсақ,  мұның  да 
әң-гімеге  арқау  болар  ауыр  жүгі  жетерлік!  Шешім  күтер  
мәселесі  де  толып  жатыр.  Әрбір  тілдің  айшықтанар  әлде-
неше  ондаған  қызметінің  ішінде  ең  күрделі  де  қиын  түрі 
осы  ғылым  тіліне  келіп  тіреледі.  Ал  екінші  Ұстаз  айтқан 
ғылымның  халыққа  жақындауы,  ең  алдымен,  осы  тілге 
тікелей байланысты екенін ұғар ұрпақ сыңайы әлгіндей.
Баз біреулер ғылым атаулыны қазақтардың пешенесінен 
тыс тылсым дүние есебінде танығысы келеді. Ондайлардың 
түсінуінше,  ғылым  тек  орыс  немесе  Еуропа  тілдерінде 
дамыған,  сондықтан  сол  тілдерде  жасалып,  қалыптасқан 
ұғымдар  мен  түсініктерді,  жеке  сөздер  мен  атауларды 
солардан  мұртын  бұзбай  қабылдаған  тіл  ғана  ғылымға 
қызмет  ете  алады  деп  ұғатын  тәрізді.  Мұның  мүлде  қате 
пиғыл  екенін  біздің  ғылым  тарихы  әлденеше  дәлелдеген. 
Арғы жағына бармай-ақ, бергі 70 жылдың шамасында көрі- 
ніс  берген  тіл  қолданыс  тәжірибеміздің  өзі  бұл  жөнінде 
көптеген  оң  мысалдар  ұстады.  Бір  қиыны  зерттеушілердің  
дені  өз  ана  тілінде  оқып,  тәрбиеленгендіктен  осы  жалған  
түсінік  жетегінде  кетті.  Тіпті  кешегі  кеңестік  тәрбие  пе-
шенесіне мөр боп таңбаланған қайсыбір зиялыларымыздың 
арасында  да  әлгіндей  қасаң  пиғылдан  арыла  алмай  жүр-
гендері  бар.  Ана  тілінде  де  ғылыми  зерттеу  жұмыстарын 
жүргізуге  болатыны  ондайларды  ойландыра  қоймайды. 
Әсіресе,  қоғамдық  ғылымдар  –  биология,  математика,  ме-
дицина  ғылымдары  саласында  еңбек  еткен  бірен-сарандар 
болмаса, қазақ ғалымдары ізденістерін көбінесе орыс тілін-
де  өрбітті,  өрбітіп  келеді.  Міне,  осының  салдарынан  өзге 
түгілі,  оқымыстыларымыздың  өзі  зерттеу  жұмыстарын 
қазақша жүргізуді қиынсынатын «дәрежеге» жетті. Осыдан 
келеді  де  қазақта  ғылым  тілі  бар  ма,  жоқ  па  деген  мәселе 
туындайды.
Баз біреулердің тілге деген «патриоттық сезімі» ерекше 
ойнап,  «бұл  қалай,  қазақ  жазуын  сонау  Орхон-Енисейден 
бастауға талаптанып жүргенде ғылым тілі неге жоқ болсын 
бізде» деп өрепкейді, екіншілер, «бұл жерде түсінісіп алатын 

343
жайлар  әлі  көп»  деп  дәлел  ұсынғысы  келеді.  Біз  осының 
себеп-салдарын ғылыми түрде дәлелдеп шығу жағындамыз.
Шынында,  ғылым  тілінің  қазіргі  жағдайы  қалай  осы? 
Және  мұны  дамытатын,  қалыптастыратын  не?  Міне,  осы 
сауалдардың  жауабын  іздеу  арқылы  біз  біраз  мәселенің 
басын ашуға мүмкіндік алсақ керек.
Сонымен,  қазақ  тілі  ғылым  тіліне  айналды  деп  тұжы-
рымдау үшін, біз ғылым мен білімнің барлық саласы бойын-
ша  талапқа  сай  қанағаттанарлық  жауап  табуымыз  керек. 
Дағды  бойынша  қоғамтану,  жаратылыстану,  техникатану 
деп  санамалап  қарап,  үйірлеп  топтап,  саралайтын  болсақ, 
осылардың ортасынан ойып алып қоғамтану саласы бойын-
ша  ғана  ғылым  тілі  нышанын  әңгіме  ете  алатын  жағдайда 
екенбіз.  Оның  өзінде  де  ауыз  толтырып  айтарлықтай 
мысалды тек тіл мен әдебиет саласынан ғана таба аласыз. 
Ал  заңтану,  пәлсапа,  педагогика,  психология,  театр,  кино-
тану,  өнертану,  бейнетану  т.т.  тіпті  тарих,  этнография, 
археология салаларының өзінде зерттеулеріміз толық қазақ 
тілінде жүргізіліп жатыр, ғылым тілінің нышанын білдіретін 
мынадай еңбектер мол деп ауыз толтырып айта қою әзірге 
қиын. Тұнып тұрған тундра. Рас, ондаған терминологиялық 
сөздіктер, оқулықтар, оқу құралдары бұл жөнінде әрекетсіз 
емес екенімізді танытады.
Алайда бұл ғылым тілін қалыптастырды дейтіндей пікір 
жүгін көтере алмайды.
Сонда  қазақ  тілінің  ғылым  тіліне  айналуы  үшін  не 
қажет?
Нендей шарттар мен талаптар қажет?
Бұл біріне-бірі тығыз байланысты, бірінен-бірі туындап 
жататын бірнеше мәселеге байланысты. Олар мыналар:
І.  Ғылым  атаулының  барлық  салалары,  тармақтары 
бойынша  ғылыми  зерттеу  жұмыстары  қазақ  тілінде 
жүргізілуі  тиіс.  Бұл  жөніндегі  біздің  жағдайымыз  қалай? 
Шындығына келсек, ғылымның қайсыбір салалары (тіл бі- 
лімі  мен  әдебиеттану,  кейінірек  биология,  математика)  бо- 
йынша  жүргізілген  кейбір  зерттеу  жұмыстары  болмаса, 
басқа  ауыз  толтырып  айтар  еңбектер  көп  емес.  Тек 

344
50-60-жылдардан  бері  қарай  ғана  тіліміз  ғылымның  көп-
теген  салаларына  қызмет  ете  бастайды.  Алайда  мұның 
ешқайсысының  өзіне  тән  терминологиялық  жүйесі  жаса-
лып, қалыптасты деп айта алмаймыз.
ІІ.  Білімінің  барлық  жүйелері  бойынша  мектеп,  орта 
және жоғары оқу орындарына арналған төл (аударма емес) 
оқулықтар  мен  оқу  құралдары  жазылып,  қалыптасуы  тиіс. 
Мұнда да, біз, жоғарыдағыдай алақұла жайтты байқаймыз. 
Бірінде  тәп-тәуір,  екіншісінің  тілі  не  қазақша,  не  орысша 
екені  белгісіз,  үшіншілерінде  мұндай  да  еңбектер  түзіл-
меген.  Қазақша  деген  оқулықтар  мен  оқу  құралдарының 
өзді-өзіне ғана тән ерекшеліктерін танып білу тіпті қиын.
ІІІ.  Ғылым  тілі  ретінде  қалыптасатын  тіл  –  ғылым  мен 
білімнің барлық салаларының ең әуелі құрылымдық қаңқа-
сы  боларлық  терминологиялық  жүйесі  жасалуға  тиіс.  Ол 
үшін  лексикографиялық  жұмыстар,  яғни  терминологиялық 
сөздіктер  көптеп  түзілуі  керек.  Ал  бұл  жөнінде  не  айта 
аламыз?  Әрине,  сөздік  түзу  жөнінен  құралақан  емеспіз. 
Сонау  20  жылдан  бері  қарай  түзіліп  келе  жатқан  екі  тілді 
терминологиялық  сөздіктер  тіліміздің  ғылымға  қызмет  ету 
қабілетін едәуір арттыра түскені мәлім. Бірақ мұнда да күні 
бүгінге дейін даулы мәселелер көбейе түспесе, азайған жоқ.
ІV. Тілдің ғылымдана түсуіне қажетті ең басты шарттың  
бірі  –  ғылыми  ізденістер  мен  сөйленістердің  бәрінің  қазақ 
тілінде жүргізілуі дер болсақ, бұл турасындағы табысымыз 
да шамалы. Сол баяғы тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы 
салалары  бойынша  ғана  сұранысқа  жауап  бере  алатын 
үлгілер бар. 
V. Бірен-саран болса да жарық көрген ғылыми еңбектерді 
саралай  байқасақ,  мынау  мына  ғылымның,  анау  ана  ғы-
лымның  өзіне  ғана  тән  қалам  сілтесін  баяндау  тәсілін, 
стильдік  өрнегін  танытады  дейтіндей  бұлтартпас  айғақты 
мысалды табу өте қиын. Яғни ғылыми стильдің ара-жігі әлі 
айқындала қойған жоқ. 
VІ. Сондай-ақ ғылым тілін, ғылыми мәтін (текст) стилін 
тарам-тарамымен  талдап  беретін  арнайы  ғылыми  барлау 
еңбектері  тағы  жоқ.  Бірде  бір  ғылым  туралы,  бірде  бір 

345
ғылымның  өзіндік  зерттеу  мақамы,  қалам  сілтесі  жайында 
жазылған зерттеу жұмысын қолға шам ұстап табу қиын. 
VІІ. Әдеби тіліміздің ғылыми қолданыс құралы ретінде 
барынша  жандана  түсетін  ортасы  –  Ғылым  ордасы.  Ин-
шалла,  Ұлттық  Ғылым  академиямыздың  құрамында  отыз- 
дан астам ғылыми-зерттеу институт бар еді. Оның әрқайсы-
сында  кем  дегенде  бірнеше  жүзден  ғылыми  қызметкерлер 
(сырттан ізденушілер мен аспиранттарды қоспағанда) жұмыс 
істейтін бұлардың қазіргі халы екіұдай. Жаңадан шаңырақ 
көтеріп, өз алдына отау тігіп жатқан салалық Академиялар 
мен  ғылыми  мекемелер  қаншама!  Осының  бәрінде  қазақ 
тілі ғылымның қажетіне жаратылып жатыр ма? Бұларда Ана 
тілге деген мұқтаждық, қажеттілік мүлде сезілмейді. Айтулы 
ғалымдарымыздың өзі халқымыздың абыройын асқақтатар 
жаңалықтар мен ой-пікірлерін қазақ тілінде емес, көбінесе 
орыс  тілінде  жазғанды  артық  санайды.  Өйткені  олардың 
көзін ашқалы бергі көргені қазақ жазуы емес, орыс жазуы. 
Сондықтан оларды кінәлаудың де қисыны жоқ. Тиіп-қашып 
қазақша жазылған бірді-екілі ғылыми еңбектер ғылым тілі 
дейтін күрделі де қызық саланың жүгін көтере алмайды.
Сондай-ақ  қазақ  мәдениетінің  тарихында  азғана  мерзім 
ішінде, атап айтқанда небәрі он-он бес жылдың айналасын-
да үш жазу алмасты. Жазудың тұрақсыздығы, сауатымызға 
нұқсан келтіргені мәлім. Ол ғылыми тілдің де дамуына кері 
әсерін тигізді.
Міне,  осы  айтылған  мәселелердің  өзі-ақ  біздің  қазақ 
қауымында  өзінің  толық  мәніндегі  ғылым  тілі  қалыптасты 
деп айтуға ертерек екенін дәлелдесе керек.
Баз  біреулердің  қазақ  энциклапедиясы,  он  томдық  тү-
сіндірме сөздігі, бес томдық Қазақ Республикасының тари-
хын,  әр  алуан  монографиялық  еңбектерді,  түрлі  ғылыми 
басылымдарды т.т. тіліне тиек етіп, бізде ғылым тілі әлде-
қашан жасалды, оның басы-қасында А. Байтұрсынұлы сын- 
ды  асқан  тұлғалар  тұрды  деп  өрекпуі  әбден  ықтимал.  Бар  
нәрсені бағаламай, табысымызды тәркілеуден біз де аулақ-
пыз.  Бұлар  сөз  жоқ,  ғылым  тілінің  жүйелене,  қалыптана 
түсуіне негіз болар орны, жөні бөлек бағалы дүниелер.

346
Бұл  жерде  арнайы  тоқталуды  қажет  ететін  бір  мәселе 
бар.  Ол  Ахмет  Байтұрсынұлы  және  оның  айналасы  жө- 
нінде. Қазақ мәдениеті мен ғылымының тарихында бұлар-
дың  есімдері  алтын  әріппен  жазылары  хақ.  Неге  десеңіз, 
қазақ ғылымының еңсе көтеруіне, саралануына негіз бола-
тын  терминдік  сөздер  жүйесінің  жасалу,  қалыптасу  тари-
хын сөз еткенде, әсіресе, Ахаңды айналып өту тіпті мүмкін 
емес. Ана тілінде тұңғыш сауатын ашып, қазақ тілі дейтін 
пәнді  оқыған  қазақ  зиялыларының  бір  де  бірі  тайға  таңба 
басқандай анық та дәл, ұғынықты сипатталатын терминдік 
жүйені тірек еткен заңдылықтарды ұмыта алмайды. Себебі 
мұнда  әр  алуан  мағынаны  арқалап  тұрған  даралық  сипат- 
тау  атау  сөздерінің  бәрі  Ахаңның  асқан  білгірлігінің  нәти-
жесінде  пайда  болған.  Қаншама  сүзгілесең  де  қайталап 
соқпайтындай  етіп  мүсінделген  бұл  терминдер  жүйесі 
шынында да әлі күнге мызғымай, сауатымыздың жетіле бе-
руіне  қалтықсыз  қызмет  етіп  келеді.  Сонымен  бірге  елдің  
еңсе  көтеруі  жаппай  сауат  ашуға  тікелей  байланысты  деп  
сенген Ә. Ермеков, М. Дулатұлы, Е. Омарұлы, Қ. Жәлелұлы,  
Ж.  Аймауытов,  М.  Жұмабаев,  С.  Қожанов  сынды  бекзат-
тардың қай-қайсысы А. Байтұрсынұлы үлгісін жетекшілікке 
алып,  әралуан  оқулықтар  жазып,  ғылыми  танымдық  мәні 
бар  мақалалар  жариялап  отырған.  Бұдан  бергі  жерде  де 
оқу-ағарту ісіне мән берілуіне орай ғылым мен мәдениеттің 
өркендеуіне тікелей себі тиген әрекеттер болды. Оның бәрі 
жұртшылыққа мәлім. Дегенмен, бұл жерде саралап түсініп 
алатын тұстар баршылық.
Ғылыми тілдің негізгі тірегі – терминдік жүйенің жасалу 
барысы  ешқандай  талас-тартыссыз  тып-тыныш  жатпағаны 
мәлім.  Мұны  да  есепке  алып  отыру  керек.  Алғашқыда, 
яғни  20-30-жылдарда  қазақ  тілінде  термин  жасау  процесі  
А.  Байтұрсынұлы  үлгісінше  жүріп  жатты.  Ол  қандай  үлгі  
еді?  Ол  –  атау  сөздерді,  яғни  терминдерді  жасап,  тұрақ-
тандыруда  негізінен  қазақ  тілінің  өз  байлығын  барынша 
іске қосу болатын. Ол кезде түзілген сөздіктерге үңілсек, біз  
осыны аңғарамыз. Өз байлығымыз өз қажетімізді өтеп жа-
тыпты.  Бұл  жерде  тілдің  қауызын  ашып,  тілін  түре  арши  

347
білген  айрықша  білгірлік  нышаны  байқалады.  Жоғарыда 
аталған  зиялы  қауым  түгелімен  ана  тіліне  осылайша  адал 
қызмет  еткен.  Тіліміздің  бар  қадір-қасиетін  зергерлерше 
зерделеп, небір ғажайып терминдерді қатарға қосып кеткен. 
Бірақ  осыған  қарамастан,  А.  Байтұрсынұлының  өзін  де 
қазақтың  ғылым  тілін  түбегейлі  жасап  кетті  деп  айта  ал-
маймыз.  Ол  ғылым  тілін  қалыптастыруға  негіз  болатын 
үлгіні  ғана  жасап  үлгерді.  Оның  өзі  жоғарыда  аталған  екі  
ғана  сала  бойынша.  Міне,  осы  үлгіні  негізге  ала  отырып, 
қазақ  қауымы,  ғылыми  әлеумет  ғылым  дейтін  ауқымы 
мейлінше  кең  зәулім  орданың  сала-саласы  бойынша  іліп 
әкетіп, терминологиялық жүйені жасап жатса және барлық 
ғылыми  ізденістер  мен  зерттеулер  жаппай  қазақша  жүргі-
зіліп,  стильдің  өзіне  ғана  тән  табиғаты  қалыптасатындай 
мүмкіндік  жасалып  жатса  ғана  ғылым  тілі  жөнінде  келелі 
әңгіме  болар  еді.  Ал  патриоттық  сезім  нәтижесінде  анда-
санда  жарық  көріп,  ел  қолына  бірде  жетіп,  бірде  жетпей 
шөліркетіп  тұрған  бірен-саран  монографиялық  зерттеулер, 
оқулықтар  мен  оқу  құралдар,  мақала-баяндамалар  ғылым 
тілі дейтін ірі де іргелі проблеманың жүгін көтере алмайды. 
Біз  бұл  пікірімізді  біреудің  шамына  тиіп,  мәселенің  шын 
сыйқын көрмей-білмей айтып отырған жоқпыз. Біраз жыл-
дан  бері  осы  мәселені  жан-жақты  қарастырып,  не  бар,  не  
жоқ,  не  қажет  деген  жайларды  тексере  келгендегі  тұжы-
рымымыз, бұл. Әрине, біз бұл пікірді талқылауға салуға бол- 
майтын  ақтық  ақиқат  ретінде  ұсынудан  аулақпыз.  Зерттеп, 
шындық  шегіне  жетейік  дейтіндерге  жол  ашық.  Бет  жыр-
тысуға  емес,  пікірталасына  бармыз!  Жұртқа  өзімдікі  жөн 
дегенді  жеткізу  үшін  біреудің  пікірін  тәлкек  етудің  жөні 
жоқ.  Ғылыми  ізденістер  нәтижесінде  деректерді  алға  сала 
отырып,  дәлелденіп  жатса,  ғылымның  да,  ғалымның  да 
мерейі үстем!
Сонда  ғылым  тілі  дегеніміз  не  өзі,  ол  әдеби  тіліміздің 
қай  даму  сатысында  көрінетін  сала?  Бұл,  біздіңше,  және 
көптеген тілдер тарихынан байқалатындай, әдеби тілдің да- 
мыған, кемелдене бастаған тұсына тән құбылыс! Еуропа тіл-
деріне ертерек, орыс тілінде XIX ғасырдың II жартысы т.б. 

348
жағдайлар бізді осындай ойға жетектейді. Ал қазақ тілінің 
даму тарихына үңілсек, алуан жағдайларды байқаймыз. Ол 
үшін  әдеби  тіл  категориясының  өзін  анықтап  алуға  тура 
келеді.  Бұл  жөнінде  қазақтың  небір  кемел  сөз  зергерлері 
мен  ғалымдары  кейінгі  өрелі  ойларға  өзек  болар  толғақты 
тұжырымдарын  айтып  кеткен.  Олардың  бәрінен  үзіп-
жұлқып  үзінді  алып,  әңгімені  ұзата  берудің  мәні  болмас. 
Сонда көбінің тоқтайтыны қазақтың жазба әдеби тілі Абай-
дан  бері  қарай  өріс  алды  деген  пікір.  Ал  екі  сөзінің  бірі 
ғылым туралы ұлы Абайды ғылым тілін жасады деп айтуға 
тағы  да  ешкімнің  аузы  бара  қойған  жоқ.  Бұл  кісіден  бергі 
жердегі әдеби тіліміздің шоқтығын биіктеткен тұлға, әрине 
Ахмет Байтұрсынұлы. Оның өзі және төңірегі ғылым тілі-
нің  тұғырын  тұрғыза  бастаған  тұсында  мақсатты  мәреге 
жете алмай, опат болып жатты. 
Әдеби тіліміздің шарықтай түсуі Ахмет дәуірімен тоқтап 
қалған  жоқ.  М.  Жұмабаев,  Ж.  Аймауытов,  Б.  Майлин,  
С.  Сейфуллин,  І.  Жансүгіров,  Ж.  Аймауытов,  М.  Әуезов,  
Қ. Жұбанов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Еру- 
баев  сынды  халқымыздың  ары  мен  абыройына  айналған  
сөз  зергерлері  әдеби  тілді  бұрын  жетпеген  биікке  көтерді. 
Сөйтіп  көркем  әдебиет  тілі  өзінің  шарықтау  шегіне  жетті. 
Кезінде  ғылыми  ой-сананы  қалыптастыра  түсер  мақала, 
кітапшалар  жазғанмен,  бұлар  да  ғылым  тілін  жасай  алған  
жоқ  және  бұл  мәселе  олардың  тікелей  міндетіне  де  жат-
пайтын.  Дегенмен  20-30-жылдары  басталған  әр  алуан  әре-
кеттер  –  оқулықтар,  оқу  құралдары,  сөздіктер  және  сан  
түрлі шаруашылық пен ғылым салалары бойынша түсінік-
теме  түрінде  жазылған  әр  қилы  сападағы  қазақ  тіліндегі 
еңбектер  ғылым  тілі  ордасына  бет  түзеген  алғашқы  ны-
шандар болатын. 
70-80-жылдардың  ауқымында  қазақ  тілінің  терминдік 
жүйесі  неше  алуан  жасалу,  қалыптасу  кезеңдерін  бастан 
кешкені  мәлім.  Қазақ  тілінің  қақпасын  айқара  ашып 
тастағанымыз  соншама,  жат  сөздер  мен  атаулар  легі  күні 
бүгінге  дейін  толастамай  келеді  екен.  Сонда  есептеп 
қарасақ, өз сөз байлығымыздан гөрі интертерминдердің қа- 

349
расы  көбейіңкіреп  кеткенін  байқаймыз.  Бұл,  әрине,  бір 
жағынан  сөздік  қорымыздың  байытқанынан  тіл  тыны- 
сын  тарылта  түскен,  ұлт  тілінің  даму  өрісін  тежейтін  құ-
былыс еді.
Ал  80-жылдардың  екінші  жартысынан  бергі  жерде  ру-
хани  тынысты  кеңейте  түскен  жаңа  көктем  лебі,  ғылыми 
ізденістерге  де  жаңа  бір  серпін  әкелгендей  болды.  Біз  өз 
тіліміздің байлығына тереңірек, әрі жиірек үңілуге мүмкін-
дік  алдық.  Сөйтіп,  қазақ  тілінің  қоржынында  қимылсыз 
жатқан атаулар қолданыс қатарына андыздап шыға бастады. 
Сөйтіп,  біз,  ғылым  тіліне  қызмет  етерлік,  оның  өрісін 
кеңейтерлік терминологиялық жүйе санын молайта түстік. 
Бірақ, сарқылмас байлығымыз бен ашылған мүмкіндіктер 
көзін  еркін  пайдаланып  отырған  қазақ  қайсы?  Әрине,  әл-
гіндей  мүмкіндік  көзін  ашуға  септігі  тиген  үлкен  фактор- 
дың  бірі,  ол  –  тіліміздің  мемлекеттік  мәртебе  алуы.  Іс-
қағаздары  әуелгі  кезде  талап  бойынша  екі  тілде  жүргізіле 
бастаған болатын. Қазір тек бір ғана орыс тілінде жазылады. 
Тіпті  бұрыннан  хат-хабарды  қазақша  жазып  келген  Тіл  
білімі  институты  мен  Әдебиет  және  өнер  институты  да 
жоғарығы  жолданатын  хат-хабарды  орысша  түсіруге  мәж-
бүр. Өйткені талап осыған ойысып барады. 
Ал жиналыс, конференция, сессия дегендеріңіз қазақ ті-
лін қажетсінуден қалды. Кеше ғана академия бөлімшелерінің 
есеп  беру  –  сайлау  жиналысы  өтті.  Одан  кейін  ҒМ-ҒА  
жалпы  жиналысы  болды.  Бұрынғы  басқосуларда  қайсы  
бір  ғалымдарымыз  өздерінің  ой-пікірлерін  қазақ  тілінде  
де  жеткізіп  жататын.  Ал  мына  жиындарда  қазақ  тілінің 
үні  мүлде  шықпай  қалды.  Осыған  кінәлі  кім  деп  ойлай-
сыздар? В.С. Школьник пе? Бәлкім ол жиналысты тек орыс  
тілінде жүргізу жөнінде нұсқау берген шығар. Жоқ, құдайға 
шүкір,  ондай  жарлықтың  болмағаны  белгілі.  Қайта,  ол 
«Сіздер  қазақша  сөйлей  беріңіздер,  түсіну-түсінбеу  менің 
шаруам!» деген сыңай танытады. 
Ал  біз  болсақ,  ел  қамын,  тіл  қамын  ойлайтын  жастан 
әлдеқашан асып кеткенімізге қарамастан, бір адамға жетер-
лік  атақ-дәрежеміздің  барлығына  қарамастан,  сол  баяғы 

350
жалтақтықтан арыла алмай, «ойбай, анау түсінбей қалады» 
деп  жалбақайланып  жатамыз.  Әйтпесе,  көбіне  қазақша-
орысшаны  араластырып  өткізіп  келе  жатқан  жиындар  әлі 
жалғаса түсуде. 
Неліктен  бұлай?  Бізге  қазақша  сөйлемеңдер,  қазақша 
жазбаңдар  деген  біреу  бар  ма,  осы.  Осындай  пиғылды 
Елбасынан естіп пе едіңіздер? Қайта, ол кісі кезі келгенде 
қазақша  да,  орысша  да  қатарынан  сөйлеп,  жаңа  бағыт, 
жақсы үлгі көрсетіп жүрген жоқ па?! Осыны неге ары қарай 
ұластырып  алып  кетпейміз?  Неге  күргейлене,  күдіктене 
береміз?  Бұл  біздің  өз  шаруамыз  емес  пе?  Егер  тіл  маған, 
саған, оған керек болмаса, кімге қажет? Ал керек екенін біле 
тұра өз тілімізді өзіміз неге аяқасты етеміз, неге қорлаймыз? 
Қажеттілікті өзіміз жасамасақ, бізге кім жасап бермек?
Осы  тұста  біздің  көбіміздің  бойымызды  жайлаған  ма-
сылдық мінез-қылық (құлық емес, қылық деп әдейі алдым) 
жайлы айта кетпесе болмайды. Біз «дайын асқа, міне, ауыз» 
деген  тәрбие  түлектеріміз.  Осындай  масылдық  тілге  деген 
көзқарастан да байқалатыны бар. 
Қадірлес,  сыйлас  қайсыбір  ағайын  маған  кездескен  
сайын  «Тілің  не  боп  жатыр,  құртатын  болдыңдар  ғой  түге 
бүлдіріп, шұбарлап» деп кінә таға сөйлеп жатады. Олардың 
ойынша кейінгі кезде қазақ сөздері интертерминдерді ығыс-
тырып бара жатқан көрінеді. Мұндай жандарға не деп жауап 
берерсің. Олар, әрине, қазақ дейтін халыққа өзінің де тіке-
лей қатысы бар екенін білмей отырған жоқ, біледі. Тілдің де 
өз мұрасы екенін, мұра болғанда, ұрпағына сап таза күйінде 
аялап  жеткізер  ұлы  қазына  екенін  де  сезеді.  Алайда  ол  
кешегі  кеңестік  кезеңде  буын-буынды  алып  қойған  жат  
тілдік теріс тәрбиеден шыға алмайды. Тіпті біреудің қолы-
мен  от  көсеуге  әбден  дағдыланып  қалыптасқан  ол,  бұл 
шаруаны да басқа біреу істеп берсе екен дейді. Ана тілдің 
негізі  –  отбасынан,  ата-ананың  өз  қасынан  басталып  жа-
салатынын  елемей,  өз  нәсілін  біреу  тәрбиелесе,  тілді  де 
біреу  үйретсе,  әйтеуір  бұл  қиын  шаруа  менен  аулақ  болса 
деген пиғыл құрсауынан шыға алмай жүргені. Бүкіл ел, ұлт  
болып  кіріспесе,  жуық  арада  арыла  алмайтын  қырсықты 
дерттің бірі осы. 

351
Қиындықтың  түйіні  мен  себебін  іздеп,  ұлт  пен  ұрпақ 
парызын өтеудің орнына, әлгіндей дертке шалдыққан жан-
дар,  осы  дәрменсіздік  шырмауынан  шығар  сылтау  іздей 
бастайды. Ал, сөз жоқ, іздеген табады. 
Жұрт  қалауы,  Үкімет  қолдауы  арқылы  қаптап  ашылған 
қазақ  балабақшалары  мен  қазақ  мектептерінде  тәрбие  жұ-
мыстары  мен  білім  беру  сапасы  мүлде  төмен  екен  деген 
желеумен көп ата-ана кейінгі кезде өз балаларын табиғи ұя 
мен ортадан алып қашып жатыр. 
Сол ата-аналар бұлай торығудың орнына бір жағадан бас, 
бір жеңнен қол шығарып, ұрпақ тәрбиесіне өмірін бағыш-
таған  осынау  ғажайып  жандар  (мұғалімдерді  айтып  отыр-
мын)  неге  мұқтаж:  оқулықтар,  оқу  құралдары,  осы  заман 
талабына  сай  техникалық  құрал-жабдық,  мектеп  құрылы-
сы  т.т.  толып  жатқан  қажеттіліктер  жайын  біріге  отырып 
ойластырса ғой. Сондай-ақ олардың жай-күйі, еңбекақысы, 
демалыс жағдайы жөнінде де дабыл қағып отырса. Оқу мен 
тәрбие  жұмыстарының  құлдырау  себептерін  айқындап, 
жұмыла  әрекет  жасалмаған  жерде  істің  бәрі  бекер.  Жа-
пондарда  «бала  тәрбиесін  ойламаған  ата-ана  қылмыскер» 
деген мақал бар екен. Шынында да солай емес пе?
Тіліміздің  төменшіктеп  жүргені  мына  өз  басымыздың 
немкеттілігі мен немқұрайдылығымызға да байланысты ма 
деймін.  Мұны  Елбасымыз  да  қадап,  қазып  айтқан  жоқ  па, 
кеше. Ойланайық, ағайын!
Әрине,  осының  бәрін  айта  келгенде,  біз  тілдің  өрістей 
алмай отыруына тікелей себепші тағы бір үлкен факторды 
ескермей  отырған  жоқпыз.  Ол  Үкімет  үйі  мен  Президент 
кеңсесіндегі  тілдік  ахуал  жайы.  Бұған  сан  салада  Заң  жо-
баларын  қабылдап,  талқылап,  бекітіп  жатқан  парламентті 
де қоса айтар едік. Қазақ сонау патша заманынан бері қарай 
бастық сыйлап, басшыға қарап тірлік еткен халық қой. Бір  
бастықтың мойны қисық болса, жапа-тармағай солай ыңғай-
ланамыз. Қай саланы алсаңыз да осы мінез байқалмай тұр-
майды. 
«Тіл туралы» Заң шықты... Елбасыдан бастап мән бері-
ліп еді. Ел жапа-тармағай тіл-тіл деп сайрай жөнелді. Өздері 
ден  қойды,  балалары  мен  немерелерін  қазақша  тәрбиелеп 

352
оқыта бастады. Балабақша, мектеп жағдайын айтып, дабыл 
қақты. Мекемелерде іс-қағаздары екі тілде жүргізілді. Бұдан 
да басқа сан түрлі оң тірліктер өріс алды. Қазақтың еңсесі 
көтеріліп,  өз  алдына  ел  болғанын  сезініп,  еркін  тыныстай 
бастаған шақ еді, бұл. 
Қалай  базар  нарқы  қолданып,  солай  басшылардың  на-
зары экономикаға ойысып еді, ел де тілден гөрі нанның қа-
мын  көбірек  ойлайтын  болды.  Сөйтіп  тіл  уақытша  көңіл 
алдарқату сияқты іс болып қалды. Жаным арымның садағасы 
дейтін ұлы халық ұрпағы, мал-жанына қоса арын да саудаға 
сала бастады. 
Ел  қараған  үш  басты  мекемеде  отырған  қызметкерлер 
де,  олардың  қолынан  шығып,  жер-жерге  жіберіліп  жатқан 
хат-хабарлар да қазақ тілін қажетсінбейтін жағдайға көшті. 
Ал  Қазақстан  тәуелсіз  ел  ретінде  әлемнің  бар  түкпірімен 
дипломатиялық, экономикалық, ғылыми, мәдени байланыс-
ты күшейтіп, достық қарым-қатынасты дамытып отыр. Бұл 
жағынан  мәртебелене  түскендейміз.  Бірақ  солардың  бәрін-
де  де  қазақ  тілінің  үні  шықпайтынына  қайранмын.  Кеше 
ғана  өзімізбен  қатар  тәуелсіздік  жалауын  көтерген  іргелес 
мемлекеттер  экономикасымен  бірге  тілінің  де  мәртебесін 
көтеріп  отырғанын  көргенде  қарап  отырып  қорынасың, 
намысың қозады.
Қазақ тілін бір кісідей білетін Елбасымыздың шет мем-
лекеттер басшыларымен ресми кездесулерде кейде орысша 
шешен  сөйлеп  кеткенін  көргенде,  бір  жағынан,  масатта-
насың, бір жағынан, осы біздің қазақ тілін қатарға қосамыз 
деп  әуре-сарсаңға  түсіп  жүргенімізге  жол  болсын  деп 
торығасың!  Көк  байрағымыз  төбемізде  деп  желпінгенмен, 
осындайда біз, әлі де орыс елі мен орыс тілінің боданынан 
шыға  алмай  отырғанымыз  жоқ  па  деп  күйзелесің.  Осыны 
байқап,  көріп,  біліп  отырған  министрлер  мен  әкімдер, 
басқа да мекеме басшылары қазақ тілін қанша жерден мем-
лекеттік  етсеңіз  де,  оны  есіктен  сығалатар  түрі  жоқ.  Қай 
жерге  бас  сұқсаңыз  да,  қайран  «аға  халықтың»  тілі,  орыс 
тілі жалын күдірейтіп алдыңыздан шыға келеді де, есіктен 

353
имене аттаған қазақ тілінің мысын басып тастайды. Әйтеуір, 
қазақ  тілінің  өрісін  тарылта  беру  үшін  әлгі  мекемелерге 
тек  орысша  сөйлейтіндерді  әдейі  таңдап  жинаған  сияқты. 
Министрлер  Кабинетінің  басқарып  отырған  саласынан 
басқа  есіктері  қазақ  тіліне  оңайлықпен  ашыла  қоймайды. 
Оның мұң-мұқтажы құлақтарына жетпейді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет