Қош, ескі жыл!
Сағат тілі он екіде айқасардай,
Сәт болар ма бір жылсыз қайта сондай?!
Кеп қалды деп Жаңа жыл, сабыр сақтап,
Шыдап тұрмын, кенеттен айта салмай.
Мұрша бермей аялдап ойлануға,
Мәжбүр болдық уақыттың ойнауына.
Екі мың жыл, ескі жыл, ескі ғасыр –
Барады өтіп тарихтың қойнауына.
Емес мезгіл ешкімнің жұрағаты,
Шежіреде сақталар ұран аты.
Екі мың жыл, ескі жыл, ескі ғасыр –
Енді көне тарихтың мұрағаты.
Жазбалардан іздерміз өшпегенді,
Компьютерден табармыз көшкен елді.
Жаратылдым ауаңда тозаңың боп,
Жиырмасыншы ғасырым, қош бол енді!
Қолданардай компьютер соңғы амалды,
Тұрар ма екен жарқырап сәуле мәңгі?!
Жиырмасыншы ғасырым, қош бол енді –
Махаббатым, жастық шақ сенде қалды.
Қош, қош, енді, дөңгелек Екі мың жыл!
Құйрығың – жел, жалың – ән, кекілің – жыр.
Туған буын ең соңғы жиырма-отыз жыл
Тұтқасында заманның жетіліп жүр.
Сағат тілі айқасып, таяқтасты,
Уақытқа бағынбай саяқ қашты.
Қош, Екі мың – ескі жыл, ескі ғасыр,
Жаңа ғасыр төріме аяқ басты.
202
203
Ұстаздық тағдырымды
жалғап келем
Өмір өрнегі
Өмірдің көрсете алмай нақ суретін,
Өнердің тартсам мейлі тақсіретін.
Тек қана өлеңіммен ашсам болды
Ақуыз ғұмырымның жақсы бетін.
Жеткізсе сезімді өлең ол қандай мін,
Қағазға қалам болып жортаңдаймын.
Тайызға шабақ болып қайырылсам,
Тереңде еркін жүзген шортандаймын.
Өлеңім – өз бояуым, өз өрнегім,
Жетпесе, менен кінә сөз өңдеуім.
Қызыққа кіріп кетіп, шыға алмадым,
Дәл қазір асу бермес кезеңдемін.
Кернеген көкіректе күмбірлеген,
Осы ма жыршы құсым бұлбұл деген?!
Уақыт тоқтамайды,
өтіп жатыр
Кей сәтім ойын-күлкі, дырдуменен.
Жазғаным жүйрік пе екен қаны қызған,
Жалынсыз салқын ба екен жаны мұздан?!
Оқушым, ризамын,
Өлеңіме
Қанағаттанбайтындықтарыңыздан.
Қазақ – ақынжанды халық
Қазақ қанша?
Соншама өлеңші бар,
Ұлтқа біткен қасиет өнер шығар.
Асыл ойы ақынның бәйтеректей
Жіберетін тамырын терең шынар.
Қазағымда жетеді кемел ақын,
Өлең сайын тыныстап дем алатын.
Кеуделерге ұя сап көгала үйрек,
Белдеулерге байласақ көгала атын.
Бір шырқаудан биіктеп,
төменсімей,
Жұма сайын жүлде алған өлеңшідей,
Жан дүниесін халқымның жайып салған
Ақындардың өлеңі өр елшідей.
Жүректерге ән құйып,
дән бастырған,
Кім болды екен өлеңге алғаш құрбан?!
Ақын жыры мұхиттан асып барып,
Құрлықтарды құрлықпен жалғастырған.
Тойдағы сезім
Той қызығы толар ма топ жалдаумен,
Тозып кетер қолында жоқ жан-дәрмен!
Сезімге бай, ақылға кемел болсын
Әркім Абай көксеген Тоғжан дәурен!
Той қызығы – тоқталмас аян дүбір,
Күреске түс, көкпар тарт, жаяу жүгір.
Сезімге бай, ақылға кемел болсын
Қозы көксеп жетпеген Баян ғұмыр.
Той қызығы – толассыз жүдетпейді ән,
Махаббат-жыр көтерген жүрек – майдан.
204
205
Сезімге бай, ақылға кемел болсын
Ер Төлеген аңсаған Жібек мейрам.
Той қызығы – айтыс қой құдашамен,
Айтыс үсті өзгеше сыр, аш, әлем!
Аспанымда шырқай бер, шарықтай бер,
Бүкіл қазақ аңсаған Күләш әуен!
Шыбын жан
Кеудем бар.
Өр кеудемде шыбыным бар.
Оны енді қыран құс деп ұғыныңдар.
Шыбыннан сескенетін ешкім жоқ-ау,
Қыраннан қорықсаңдар,
тығылыңдар.
Шыбыным, өр кеудемде шарқ ұрасың,
Кеңістікке ұмтылып талпынасың,
Білемін оны және түсінемін:
Осы жазған өлеңдер артыма сын,
(Төлеген, енді неге тартынасың?!)
Шыбын бар. Қайда қашар жүректілік,
Ғарышқа ұшайын ба... Шіреп тұрып?!
Артық мақтан – адамның жауы дейді,
Бір әрекет етейін білек түріп.
Ақ қайың
Сыйлығы табиғаттың мен – ақ қайың,
Жазда – жас, қыста – шымыр болаттайын.
Алтайдың бөктеріне өрлеп барып,
Бұқтырма жағасына қонақтайын.
Айтылар көктем-жазда арман сөзім,
Болмайды табиғатта жалған сезім...
...Қара күз қарашада аяқталып,
Айырылып жапырақтан қалған кезім.
* * *
Қимылдап қал күш-қуаттың барында,
“Қара тұяқ қатып қалмас қарында”.
Өмір өзі баулып алып кетеді,
Ойнақ салып асау аттың жалында.
“Алтын пышақ қап түбінде жатпайды”
Бәлкім, тағдыр келешекке сақтайды.
Өмір оны шарболаттай суарып,
Ұстарадай өткір қылып баптайды.
Дарын әр кез шыға келер жалын боп,
Қадірлейтін ардақ тұтып қалың көп.
Ақындығы түрлі-түрлі болғанмен,
Ақындардың арасында залым жоқ.
Жауларынан тайсалмаған домбытқан,
Көпшілікке ұнайтыны сондықтан.
Қынабынан суырылған қылыштың
Астында да тұлпар-сөзді орғытқан.
Майыспаған хан алдында шіренген,
Қайыспаған зәрі қатты дүреден.
Жақсылықтың түсірем деп сәулесін,
Жамандықтың бұлтын аршып күреген.
Көгілдір боп көлбеңдеген кіл арман,
Кемпірқосақ – сағым болып бұралған.
Адамдарға біткен барлық тамаша,
Қасиеттерден ақын жаны құралған.
Сенім
Кінәмді ақтап алар, жуып алар
Өлеңімде шараптың буы да бар.
Қызуына желпініп кеткен шақта,
Мөлдіреген түбінде суы қалар.
206
207
Тазартып бар күнәдан шайып алар,
Өлеңімде үндінің шайы да бар.
Сезім деген иірім жылым десек,
Терең ғана шымырлап байып ағар.
Кінәні сығып алар, бұрап алар,
Жырымда қоңыр салқын сыра да бар.
Кей сәтте көтерілсем деңгейімнен,
Еркелікті көтерген бір ағалар.
Жырлаймын тек өзіме жайды мәлім,
Елмен бірге қуанып, қайғырамын.
Тұлпар тарпып тұрғанда көкірегімді,
Елең қылмай ешкімнің тай-құнанын.
Сырымның несін бүгіп далдалаймын;
Біткен жоқ жансар шабыт, жалған айбын.
О, қызыл шай, қызулы шарап-шәрбат,
Сеніңдер,
Мен сендерді алдамаймын.
Шабытымды қамшылау
Ей, Төлеген, талаптың мін тұлпарын,
Ауыздықпен алысып жұлқынтарын.
Бұғалық сап асауын үйрет өзің,
Ойнақшытып тарпаңның іркілт әнін.
Жүгіріске жаратып алшы баптап,
Қосылып көр бәйгеге, қамшылап бақ.
Сыртқа шығып кетпесін ұят болып,
Орта жолда аяғы қансырап қап.
Ал дегенде тізгінді іркіп ұста,
Ұшқыр аттай тыз етіп, үркіп ұшпа.
Ат өнері мәреде сыналады,
Жұрт көзіне түсетін бұлқыныста.
Менің пәлсапам
Қаншалық кең болса да аспан асты,
Кәрілер жолдан тайып,
жас та адасты.
Арыстан емес түгел бұйра жалдар,
Данышпан емес түгел қасқа басты.
Оралу
Өлеңнен көз жазып қап,
қайта оралдым,
Сонылап соңым – сүрлеу, байтақ – алдым.
Ешқайда мойын бұрып қайырмасам,
Есемді бұрын кеткен қайтарармын.
Қалмаспын жайбарақат
тыным таппай,
Мен іштей теңіз болып шайқалармын.
Көкжиек өзгеше боп шақырады,
Мен енді өзгешелеу байқалармын.
Бұрын ел айтпағанды айта алармын,
Бұрын айтса,
Жаңғыртып қайталармын.
Жүрісі жанға жайлы, майда қоңыр
Жорғадай жолға түскен тайпалармын.
Сөз бен ой
Болса да ой – балдырған, сөз – балауса,
Бұл өлең бір орнынан қозғағанша,
Кеткенде жария боп бүкіл елге,
Еркелете алам ба өз баламша?!
Менен де иелік жоқ, кетеді ерік,
Оңаша қалай қалам жекеленіп?!
Бір сөзді айта алмаған сияқтанам,
Бір ойға енді ғана жете беріп.
208
209
Бір сөзім қалғандай боп аяқталмай,
Бір ойым тәй-тәй басып аяқтанбай,
Сол ойды аяқтандыра алмаспын мен,
Тегінде, күн жылысып, ай аттанбай.
Бөгде сөз
Болар ма өз сөзімдей жүзін берсе,
Ой, шіркін, құбылар ма қызыл көрсе?!
...Соңғы ойым аяқтанар деп сенемін
үздігіп соңғы демім үзілгенше!
2
Сайрап жатқан даңғыл ма, жолым бекем,
Жайлы ма екен жасаулы орын-мекен?!
Осы өлеңге қай күні қосты тағдыр,
Бағым ба екен,
білмеймін,
сорым ба екен?!
Мен ғана емес шығармын сор айдаған,
Бір шиырды қулап он айналам.
Бір өлеңді жазып ап,
қайта өңдеуден,
Тау қопарған тәрізді оңай маған.
Көңіл күйін құтқарып тұншығардан,
Өлең болып өртенер сыршыл арман.
...Қара байыр жұмыскер тақырыптан,
Қара маржан ақсүйек жыр шығарған.
Өзім туралы
1
Жалғызбын ес білгелі бір кіндіктен,
Қос кәрі көп армандап ұлмын күткен.
Әлпештеп дана болар деп болжаған,
Мен әлі түк айтқам жоқ білгірлікпен.
Толған жоқ: ойым – жарты, ақыл – ілмең,
Қаланбай берік, бекем жатыр іргем.
Түбінде болатын-ақ реті бар,
Жалғыздар, арқа сүйер ақының – мен.
Жоқ менде туған іні, туған аға,
Туған жер – кіндігімді жуған ана.
Өзіңе туыспын деп айтса біреу,
Жүрегім жөнеледі тулап ала.
О, өмір! Нұрын сыйлап уыстап күн,
Ішіне кіргізгендей ырыс-бақтың.
Кіндіктес бірге туған жоқ болса да,
Көңілдес, сырлас, мұңдас туыс таптым.
2
Жүрсем анық жер басып, бармын әлі,
Мінген көлік – қиялдың арғымағы.
Неше дүркін жаттығу жасап келем,
Трамплин – тағдырдан қарғығалы.
Тағдырыма налыдым түсіп еңсем,
Тұқырайтып, тұқшитып қысып ең сен.
Намысымды жанимын ерегесіп,
Елең қылмай ешкімнің ісін өлшем.
Ескермеймін сөз ерсін, мейлі, маған,
Айтам ылғи өзіме жайды ұнаған.
Туған жердің еңсесі көтеріңкі –
Алтайымнан алғаусыз айбын алам.
3
Қажетіме жаратсам құр мақтанды,
Қыздыра ма құр мақтан шындап қанды?!
Адал дейтін досымды бір қызғаныш
Мысық болып ішінен тырнап қалды.
Қызғанышқа мен қашан үйір едім,
Көп іздедім құртатын тыю емін.
210
211
Таба алмасам өзіме күйінемін,
Байқатпаған достарға сүйінемін.
Айтпаса да көрсетіп мінімді ешкім,
Қызғаныштың өзім-ақ тілін кестім.
Достарымның барында бордай тозып,
Саз балшықтай иленіп, үгілмеспін,
Мынау жарық дүниеден түңілмеспін.
Көзге түсіп ерекше білінбеспін,
Сәл иілсем иілем, бүгілмеспін.
Жақсы атағым шығуы мақсат емес,
Жаман атпен ауызға ілінбеспін.
4
Тегі, мені біреулер ұнатпайды,
Теріс пікір тез тарап тұрақтайды.
Ешкімім жоқ сыртымнан қорған болар,
Өзімді-өзім ақтамай, кім ақтайды?!
Ұстанғалы жүргем жоқ бір сүреңді,
Ұнатпайтын дос-жаран білсін енді.
Қара басып жүдемей, уайымдап,
Қатыратын жайым жоқ құр сілемді.
Ойға алмадым әркімге ұнаймын деп,
Орындала қояр ма бұлай міндет,
Табысатын кез болса, ашып айтып,
Бірімізді-біріміз сынай білмек.
Жүру емес сынасу түртінектеп,
Жуып-шайып мініңді сүртіп ептеп.
Зәрлі тілмен мазақтау емес тағы
Көмекейді тұратын күлкі кептеп.
Сына мені, тұрғанша құр қипақтап,
Қабылдаймын сыныңды ілтипатқа ап.
Пікірінен белгілі әрбір адам,
Сөздің басы авторын тұр сипаттап.
5
Болады жөнсіз езі мақтанның да,
Мінімді өзім біліп ақталдым ба,
Берілген тапсырманы оқымай кеп,
Қысылған оқушыдай... тақта алдында.
Сұрауы болар десек құр судың да,
Сынықсып кінәм үшін қымсындым ба?!
Бір сөзді айналшықтап жүрдім бе екен,
Оралған ат тәрізді қыл шылбырға?!
Артықша шалқып кеткен кездерімде,
Артынша қуыстанып сезбедім бе?!
Кәдімгі жазылмайтын дерт сияқты
Мақтану – айықпайтын безгегім бе?!
Атыңа жабысқанда-ақ әуелгі сын,
Алғашқы сол пікірге тәуелдісің.
...Өзімде жоқ пен барды қызып айтып,
Басталатын секілді дау енді шын...
Сөз қалмаған
Қанатты арман қол ұшын созған маған,
Айтылмайтын ақыннан сөз қалмаған...
...Тау өзенін көрсеңдер сарқырама,
Мені іздеңдер,
тегінде, өзге арнадан.
Дауыл соқса,
көзің тік көк теңізге,
Боран болса сұрапыл,
көктен ізде!
...Сайрап жатыр жазылып өмірбаян,
бір қарасаң, мен жүріп өткен ізге.
Жарау аттай баптадым қиялымды,
Қайда барып білмедім сиярымды,
212
213
Жолаушыдай тепектеп жоқ іздеген,
Сағындырған таба алмай күй-әнімді.
Басқа біткен дәулетті шайқап келдім,
Айдынына шомылып байтақ көлдің.
...Осы сенің жолыңда
ар жұлдызым,
Қуатымды барынша байқап көрдім.
Тартып тұрмас көгілдір ылғи бар маң,
Сусымалы жібектей сырғиды арман.
Кібіртіктеп жазықта көсіле алмай,
Көсілттім-ау өр менен ылдилардан.
Сұлу саздар жақсы-ақ қой,
кетсе өзіңмен,
Жалын шарпып жатса ғой көп сөзімнен.
Бақытыммен бетпе-бет кездескендей,
Арбасып та қаламын от сезіммен.
Ұзақ жазсам,
өлеңнің кетер мәні,
Қысқа жазу – таланттың шекер балы.
...Құлаш-құлаш жазылған көбік өлең –
Ақындыққа дайындық екен бәрі!
Жарыс
Өлеңде сақталар ма бүгін мәніс;
Келер ме екен қалыбына жығылған іс?!
Сұрапыл соғыс келіп
қиып түсіп,
Болмады біздің тұста құлын жарыс.
Жаңғырып ұрпақтардың байланысы,
Кәдеге жарап қалар пайдалысы.
Қатысу керек еді,
оқшау жүріп,
Менсіз-ақ өте шықты тай жарысы.
Болмас деп өлең – ермек,
жыр – алданыш;
Күйіктен өртенетін шығар намыс.
Бозым боп жігіттікке қадам басып,
Жүргенде,
өтіп кетті құнан жарыс.
Сонда да жат көрмедім өлеңді алыс,
Толассыз тоқтамайды өрен бар іс.
Үй болып, бала сүйіп жүргенімде
Менсіз-ақ бітіп қойды дөнен жарыс.
Күткенмен,
тындырған жоқ қаһарман іс,
Бұрауы – тарам жолдың қатар қағыс.
Бүгінгі жүгірістің жөні бөлек:
Басы жоқ,
аяғы жоқ
атан жарыс.
Жөн бе еді, сабыр сақтап ырғалғаным,
Қатыспай көп жүлдеден құр қалғаным?!
Жарыстан қалғаныма өкінбеймін,
Бір жүрсе өлеңіммен күллі арманым!
Жыр сонары
1
Жұп-жұмсақ қансонардың қар ұлпасы!
Өлеңнің сонарымен жарылқашы.
Шабытқа томағалы тұғыр болсын
Алтайдың тарғыл-тарғыл шағыл тасы.
Ұшатын сол тұғырдан ой ақ болсын,
Ұштасып пәк сезімнен тоят көрсін.
О, Муза!
Жыр сапарға бір шығайық,
Сонарда қалғып кетсең,
оят дерсің!
214
215
2
Айта алмасаң не олай, не бұлай деп,
Тарын-ай деп дүниенің,
кеңін-ай деп.
Онда сенің кигенің
шыны орнына
Мөлдіреген жылтырақ темір әйнек.
Беу, Төлеген!
Жөн мұны түсінгенің,
Не болады құр бөсіп ісінгенің?!
Дөңгелек жыл бір өлең толғамайтын
Бедеу ойдан жүдеген қысыр ма едің?!
3
Өлеңім – өз перзентім,
өс ұрпағым!
Дер шағың... мүмкін емес тосырқауың.
Үн қосып қайтқан құстың әуеніне,
Қосылып бар-жоғыммен жосылтамын.
Асықпа,
сап-сап, көңіл,
шат арманым!
Өрісті өмір атты сапардамын.
Қоршаған орта – менің кейіпкерім,
Өзім және ең басты қаһарманым.
Ақын арыз жазбайды,
өлең жазар,
Төңкеріліп түссе де төмен назар.
Көкжиегін көңілдің көтеретін
Құдіретті жыр дейтін өнер – базар.
Ақын жала жаппайды,
шын болмаса,
Жарамсақсып жатпайды сын болмаса.
Мәртебесі өлеңнің жоғары тұр,
Құлатам деу биікті –
құр далбаса.
Ақын шағым айтпайды,
жыр айтады,
Қуантады немесе мұңайтады,
Көгерсін деп өмірдің раушаны
Көбейсін деп көңілдің райханы.
Түбі барып соқтырар өкінішке,
Ақын тіпті жоламас өтінішке.
Шөлдер болсаң,
шербеттің жалынын жұт,
Бірақ шарап – өксіктің отын ішпе.
Сәтке ғана тұтанып сөнер шала,
Бір терлеуден қалмай-ақ өлер жала...
...Жүректерді нұрымен жылытатын:
Түбі мәңгі жасайтын өлең ғана!
Жыр тағдыр
Күнімді өткізгенше сан жорумен,
Шығайын сахнаға бар-жоғыммен.
Тумаған дер кезінде өзімнен бар,
Жүрмесем тайғақ кешу, тар жолыңмен.
Сынайын жеке өзімді маздағанмен,
Шығайын сахнаға аз ғанаммен.
Ұзаққа көсілейін, көсілмейін,
Сөйтсе де қысқа тірлік – жазды алам мен.
Ән мен жыр шалқығанда саз да дәурен,
Байыппен қалқығанда қаздар әбден.
Көңілдің қасиеті бәйек болған
Күлкіге көмек емес, назға – жәрдем.
216
217
Дайындық өтер кешті таңға ұрумен,
Шығайын сахнаға жаңғырумен.
Оқушым! Өздеріңмен алғашқы рет
Жүздесейін ақындық тағдырыммен.
Табысып таң бозынан бақтағы үнмен,
Қарысып жолсоқты боп атқа мінген,
Тұтқиыл кездесем деп үміттенем,
Сырнайлы, сыбызғылы шақтарыммен.
Мәз болып қанағатым азға әлі мен,
Тәңірдің табысқандай жазғанымен,
Ұстаздық тағдырымды жалғап келем
Ақындық тағдырымның саздарымен.
Мен, бәлкім, ауылдағы
ақырғы ақын
Тау болса алып Абай, тозаңымын,
Бөрідей білдірмеген өз арығын.
Еңбегім – атамекен,
туған жерім,
Еңбекте ана тілі – қожалығым.
Ұлы Абай мұхит болса,
тамшыдаймын,
Саятқа саяқ шыққан аңшыдаймын.
Ауылдан ақылдасар қара таппай,
Амалсыз өзімді-өзім қамшылаймын.
Сом тұлға – Абай,
ал мен – үлпілдекпін,
Өлеңін ұлы ақынның шіркін деппін.
Қойнауын Еңбегімнің тесіп шығып,
Қайнарын жыр-өлеңнің бүлкілдеттім.
Салыпты Абай салмақ ақынға тым,
Өлеңнің әр тармағы нақыл-мәтін.
Еңбекте табан тіреп тұрып жатқан
Шығармын ауылдағы ақырғы ақын.
Жетпіске толдым
Мен Жетпіске толдым, Жер басып жүрмін,
Шалдармен тәжірибе алмасып жүрмін.
Замандас кемпірлер ұшыраса қалса,
Кәдуілгідей қалжыңмен арбасып жүрмін.
Жас келіншектердің қолынан сүйіп,
Делебем қозып дауласып жүрмін.
Қыздардың әрбір сөзінен мағына іздеп,
Әзіл мен қалжыңдарына жармасып жүрмін.
Мен Жер басып жүрмін.
Мен Жетпіске толдым.
Оқушы балалардың ішінде жүрмін.
Елу бесімдегідей жігіт пішінде жүрмін,
Сапамды білмеймін, санам тозбаған екен,
Баяғыдай білімді күшімде жүрмін.
Оқушы балалардың ішінде жүрмін.
Мен жетпіске толдым.
Әріптестерімнің арасында жүрмін.
Катынқарағайдың даласында жүрмін,
Бұқтырманың жағасында жүрмін.
Бәрінен бұрын күндіз-түн ойланып,
Мінез-құлықты түзеудің шарасында жүрмін.
Өзімнен тараған сүйікті ұрпағымның,
Мені ойлаған санасында жүрмін.
Мен Жетпіске толдым.
Әйтеуір Жер басып жүрмін.
Зиялылардың шылбырына жармасып жүрмін.
Өзімді ұнатқан көңілдесім болса,
Тағдырымды тапсырып жалғасып жүрмін.
Тоқайласып келген жұмбағын шешіп,
Мазмұнын есіме түсіріп сан ғашық жырдың,
Әйтеуір Жер басып жүрмін.
219
Кетер еместей серпіні бойдан,
Сағыныштың қашан селкілі қойған.
Екі жарым жыл болды бақиға озған
Мәңгілік кетпес кемпірім ойдан.
Жүйке қоздырып, сананы сансыратпай,
Ақылдың куат, ентігім ойлан.
Шықпады мәңгі кемпірім ойдан.
Жетпіске толдым.
Мен Жетпіске толдым.
Жұртшылықтың ортасында жүрмін,
Қайнаған көптің ортасында жүрмін.
Тегі, біреулер жазып кеткен тәрізді
Төр Алтайдың шор тасында жүрмін.
Жетпісте бөлектеудей тақпақ нәрі,
Мезгілінен жаңылып атпақ таңы.
Туған күніме Тәңірдің сыйлағаны –
Менің аппақ көңілімдей аппақ қары.
Осы қарға тәуелді бұл күздің тіршілігі,
Аң-құс қысқы ұйқыға жатпақ бәрі,
Тоқырай ма, тоқтай ма, қалыңдай ма
Табиғаттың тынымсыз аппақ қары.
Достарыңызбен бөлісу: |