Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі



Pdf көрінісі
бет2/13
Дата07.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#3600
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Қансонар
Кеңесбек, тебін жақтан келтір атты,
Пейілмен шабыстысын бер тұрақты.
Жортайын Қансонарда ой мен қырды,
Із кесіп бетке алайын бел-қыратты.
Демін кең алсын атың иінінен,
Жол тартып көптен бері түйіліп ем.
Көрейін көз жіберіп айналаға,
Шығып ап “Шұбартөстің” биігінен.
Бойыңда болса болар асқан жігер,
Мен десең, өзің сүйген “Қасқаңды” бер!
Байқап ем сүрінбейтін қасиетін
Орғытып таутекедей тастан жүрер.
Қасқаны бар шабыспен ағызайын,
Алыстап қарақостан тағы ұзайын.
Қалайша құр өткізем қансонардың
Қашанда мынау дейтін нағыз айын?!

20
   
21
   
Заман кімдікі?
Жастайыңнан жан рақат болған дербес,
Көлденең көз киліксе қорған бермес.
Жарға жығып кетсе де орға итеріп,
Мен бір іске бел будым қолдан келмес.
Бастасам ба қазірден жеке қалып,
Айтар сөзім ақиқат екені анық,
Ақша билеп нарықтық қатынасты,
Тәртіпсіздік тұрса да етек алып.
Шайнар едім көкжалша көлемі ұтты,
Мытиын ба аюша төрелікті?!
Арыстанша ақырсам, былқ етпейтін
Өресіздер қалайша өлең ұқты?!
Жегідей жеп жатса да ішімде мұң,
Ешкім білмес тұңғиық пішіндемін.
Көп сұраққа толғанып жауап таппай,
Көлгір заман мынау-ақ түсінгенім:
Мына заман төрешіл шендінікі,
Жеп үйренген майбөксе шелдінікі.
Күң мен құлдың жоғалса жексенбісі,
Кембағалдар, көзіңмен жерді нұқы.
Мына заман қартаймас жасаңдікі,
Бой алдырған ішкенге масаңдікі.
Пысықтардың дәурені жүріп жатыр,
Күн туар ма болатын нашардікі?
Мына заман би болған қатындікі,
Бас изеген шыбындап мақұлдікі.
Сырт айналса өлеңнен артын беріп,
Болғаны да құр далбақ ақындікі!
Мына заман пұл болған сиырдікі,
Бұлтақ ізін жасырған шиырдікі.
Тәуелсіздік түбіне жеткендейін
Өндіршегі үзіліп қиылдікі.
Дүниенің бар құты тіреудікі,
Одан-бұдан сапырып күреудікі.
Үлес алып қалмасаң, ұпай жинап,
Түбі өзің де боларсың біреудікі!
Түнгі сарын
Түнгі сарын. Тұрып кеттім төсектен,
Шықтым үйден, ауылдан да шеткері.
Қайран менің жастық шағым бос өткен,
Тіршілік те, өліара да өтпелі.
Ес жинасам, маңдай алдым – зират жақ,
Мең-зең қалпым жалт қарадым аспанға.
Қараңғыда күй шойнақ та, би ақсақ,
Қараңғыда ой шіркін де астарлы, ә?!
Көз алдымда қара кетпен, көк тесе,
Көрінбейді қараңғы жол сорабы.
Бұған дейін ағып түсіп кетпесе,
Көк төсінде тұр жұлдызым жоғары.
Дәл ортада тербетіліп мен тұрмын,
Ауыл – анау, аруақтар – мына жақ.
Тілімді әрең кәлимаға келтірдім,
Көкке қарап жасай бердім мінәжат.
Ойға батам
Тағдыр кейде мейірлі, кейде қатаң, 
Кейде тарпаң, ал кейде жай момақан.
Негіздемек болам да соның бәрін,
Жалғыз тірек дәл мендей ойға батам.
Не біледі тереңді бойламаған,
Не бітірер уақытша қойған адам?!

22
   
23
   
Жүйелемек болам деп соның бәрін –
Жалғыз тірек дәл мендей ойға қалам.
Кім түсінер мұнымды байбалам деп,
Бір кісілер жүр ме осы бәйге алам деп?!
Шешпек болып түйінін көп сұрақтың,
Оңашада отырып ойланам кеп!
Шығам ойдан серпіліп, ширатылып,
Қызықтырып ән елтіп, күй батырып.
Ұшығына жеткізбес ойлар қамап, 
Тағы бір кез отырам “ми қатырып”!
Көкдөнені көңілдің Құлагердей,
Өзгереді тіршілік тұра бермей.
Дүниенің кіндігін ұстап тұрған
Адамзаттың тағдыры мына мендей!
Өзекті жарып шыққан өлең
1
Жетпіс жыл желкенімді шайқадыңдар,
Енді тыңда, менің де айтарым бар.
Тоналғаным аз емес, содан маған
Тілім, дінім, иманды қайтарыңдар!!!
Өздерің біл, мақұлда, мақұлдама,
Көкорайдан қалғаны – тақыр дала.
Жұрдай бола жаздаппын бәрінен де, 
Қазақ деген сақталып атым ғана.
Заман бұлай тұрған жоқ жаралғаннан,
Деген қисын тарап жүр мамандардан.
Езіп түскен еңсемді тоқырауда
Кетпей қалай кірігіп, аман қалғам?
Өткірірек естілсе сөзім бүгін,
Оңай емес ашуы төзімдінің.
Салт-дәстүрін халқымның аялаңдар,
Тіліме де сала жүр көзің қырын.
Кірбің болып кетпейді шырадай мұң,
Әкімдіктің әрқашан ұраны – айбын.
Өзімдікін өзіме қайтарыңдар,
Шектен шығып дәнеңе сұрамаймын.
Қуанамын, туыстар жеріне ме,
Түсінісіп жатқанда келін-ене?!
Өзге жердің пұшпағын қаламаймын,
Өзім ие болайын жеріме де.
2
Жер-жебірімді қазып үңгір еттіңдер,
Жекен-суымды лай қылып кеттіңдер.
Енді соны даулап алсын, жасаған,
Менің момын қазағыма екпін бер.
Елді көрмей, жерді көрген қайраткер,
Жұртты көрмей, бұлтты көріп жайлат кел.
Енді соны жария қылсын, жасаған,
Менің жуас қазағыма қайрат бер!
Жара жатыр қаншама ұзақ жыл емдер,
Кезең туды жолсыздықты жүгендер.
Бассыздыққа тұсау болсын, жасаған,
Менің төзгіш қазағыма жігер бер?!
Қазақ осы ерте оянып, кеш білген,
Бар жұмысын тоқ етермен шештірген.
Кімге болсын ойын айтар ірікпей,
Қарызданып сөз алмайды ешкімнен!
Оңай болмас шетке барып жерсінбек,
Қазағымда орын алмас кемшін бет.
Кеш қалмасақ сол жайбасар мінезбен,
Жанға – қуат, тілге медет берсін деп.

24
   
25
   
Сөз алғанда азаматым сом бөлек,
Артта қалып, жүреміз бе сөлбіреп?!
Қайтарайық қазынасын халқымның,
Тоң жібісін, демеп жібер соңғы рет!!!
Катабайка
Катабайка – қашаннан қиын асу, 
Қиындықпен қиын ғой қиюласу.
Оңай шығар деймісің, жүргізуші,
Бірінші жылдамдықтың күйін басу.
Қиындықтың көп татқан қатал дәмін,
Өрісі кең, жолы ұзақ сапардамын...
...Кеше ғана білдім ғой Катабайка
Катабайка қалайша атанғанын?!
Кеткендейін бір ғана сәті қапы,
Емес екен батыр мен ақын аты.
Атам екен ол менің көз көрмеген,
Сол атамның шын аты – Қатыбақы!
Еңбек етіп өткерген қару-әлін,
Табиғаттың үйреніп дару әнін.
Қыстау салған мекендеп осы араға
Бірі екен ғой жұпыны шаруаның.
Тауысар ма көп сырды сапар айта,
Жаңғырығып сан менен сапа қайта?!
...Бір дуалы ауыздың құдіретімен
Қатыбақы атанған Катабайка!
Ой
Тыным бермей мазалайды ой күнде,
Еңсе түссе,
Көтерілмей бой мүлде.
Орыныңды таппаған соң,
Өмірге
Өкпеледің, өкпелемей қойдың не?!
Қажет емес алдамшы үміт, жалған бақ,
Мақсат – менің жолдамам да, ар – мандат,
Дүниенің кетігіне кірпіш боп,
Қалансам деп келем әлі армандап.
Көгершіндей көгімде ұшып бір үміт,
Түнерген бұлт бара жатыр түріліп.
Бір қыран құс айдынында көңілдің
Оп-оңай-ақ шүрегейді жүр іліп.
Мына күйім минут сайын әрқилы,
Бар болмысым ойдан ғана балқиды.
Шөгіп бара жатқан менің еңсемді,
Тұлпар ойлар тұяғымен тарпиды.
Арманым
Арманым жалғыз өзің, кермиығым,
Асылдай жалт-жұлт еткен зер киігім,
Адасып жүріп сенен күдер үзбей,
Аластап махаббатпен жол күйігін.
Билеген бұратылып жез киігім,
Белдеуден бері салсай көз қиығын.
Балама таба алмаспыз махаббатқа,
Бағасыз ете алмаспыз сөз биігін.
Жарқыным, қол жетпестей биіктейсің,
Жасанып орғып тұрған киіктейсің.
Жаныма жағатын сөз: “Мына сені
Жалғанда өте шығам сүйіп”, – дейсің.
Еркеш Ибраһимнің ізімен
Бір ауыз сөз арман болды айта алмай,
Бір ауыз сөз қалып қойды байқалмай.
Бір ауыз сөз жан түкпірін қозғайды,
Бір ауыз сөз көңіліңді қайтармай.

26
   
27
   
Бір ауыз сөз шабытты шақ жақсы айтам,
Бір ауыз сөз тыңдаушы жоқ, жат сойқан.
Бір ауыз сөз – ойлап тұрған періште,
Бір ауыз сөз – ойнақ қылған ақ сайтан.
Бір ауыз сөз, мұқтаж мүлде бастайды,
Бір ауыз сөз, ұстаз мүлде саспайды.
Бір ауыз сөз дүр сілкінтіп серпілтер,
Бір ауыз сөз желпіндіріп тастайды.
Бір ауыз сөз – тыныштықтың қорғаны,
Бір ауыз сөз – тіршіліктің орманы.
Бір ауыз сөз – жарым ырыс жан байыр,
Бір ауыз сөз – тылсым күштің арманы.
Бір ауыз сөз арқау етер дастанға,
Бір ауыз сөз дарқан еткен астарға.
Бір ауыз сөз қанат байлап көңілге,
Бір-ақ самғап көтереді аспанға.
Бір ауыз сөз жарып шыққан жаныңды, 
Бір ауыз сөз қызған шоқтай жалынды.
Бір ауыз сөз өне бойды балқытып,
Бір ауыз сөз қуалайды тамырды.
Тісім  менің 
Бойымдағы қайратым – тісім менің,
Бүтін болсаң,
Мен жап-жас пішіндемін.
Қызыл тілге ие боп тұрған да сен,
Сыртқа шықпай құпиям – ішімдегім.
Қылшылдаған шағыңда тас та шайна, 
Бірақ...
Өткір беделді босқа шайма!
Уыз тісі шыққандар қас қылмайды,
Темір тіспен, тегінде, басқаша ойна!
Тісім менің,
Сен барда иек қызып,
Тағдыр маған қойғандай сый өткізіп...
Болашағың көптен-көп ойлантады,
Алтын тістер жүргенде сүйек мүжіп.
Леп белгі
Ырғақтың леп белгсі – төте мүлкі,
Бір дауыс сәл-ақ қызып өтер ілкі.
Кейде леп қойылатын кезі болар,
Сол дауыс шықпаса да көтеріңкі.
Бір дауыс баз біреуді іреп келді,
Бір дауыс зор таяныш, тірек берді.
Аңғартып келе жатқан соның бәрін,
О, сенің қасиетің, леп белгі!
Жақсының ылғи тұрсаң соңына сен, 
Дұрыс-ақ дер едім ғой оның әсем...
Сап етіп кеп қаласың қайбір жақтан,
Шықса да күйініштің жөні бәсең.
Тұрғандай ол біреуді тамсандырып,
Біреудің жан дүниесін жансар қылып...
Бір сөйлем жазсам деймін өмір бойы
Қоятын шартарапқа жар салдырып.
Өнердің шын дәстүрі болып әдеп,
Уәде берсем қайтер соңыра деп?!
Ақыры сол сөйлемді жазған күні
Қоятын-ақ шығармын соңына леп!

28
   
29
   
Демократия
Сорын қайнатқан,
Қолын байлатқан,
Дерек іздеген,
Өлім-айғақтан,
          Демократия.
Өзін ойлы еткен,
Сөзін сөйлеткен,
Қызыл тамшылар
Төзім көйлектен,
         Демократия.
Келдік, кеш қалдық,
Көрдік астамдық,
Түспей ауыздан
Теңдік, бостандық,
          Демократия.
Пәни жер-аспан, 
Сәби тәй басқан. 
Тұрды шақырып, 
Ақ үй қоймастан,
          Демократия.
Әнің жыр еткен,
Жанын жүдеткен.
От боп атылған
Жалын жүрекпен,
          Демократия.
Ынтымағыңды ойла
Мен, шіркін, десең, 
              сұрағыңды сапыр.
Ел-жұртым десең, 
              ұраныңды шақыр.
Қайтаруды есе 
              жамылып бетке,
Тайпа-ру десе
               жанығып кетпе.
Тізгін өнімдей
               Қызыр қоймасын,
Жүзге бөлінбей
               жүзің жайнасын.
Қазақ десе
              қаның қайнасын,
Алаш десе
              Арың ойнасын.
Мүмкін десең,
              шын тұрағың қайда?
Ұлтым десең ынтымағыңды ойла!
Ана тілі
Көз сүйсінтер бала мүсін, дана түр,
Тұла бойды кернегендей бар ақыл.
Сол бейнеден айтарыңды бұлжытпай,
Уыз дәммен жеткізеді ана тіл.
Ана тілі – ең нәзігім, ең еркем,
Бұл жалғанда кім бар оған келер тең?!
Өз тілімде бүгін ойды аяқтап,
Өз тілімде сөз бастаймын мен ертең.
Өз тілімде ән шырқайды құс таңдай,
Қанатты сөз әлем кезіп ұшқандай.
Шыңыраудан шығаратын сезімді,
Өз тілімде  қуат қандай, күш қандай!
Анам мені осы тілмен әлдилеп,
Әкем тағдыр талқысына салды илеп.
Өз тілімнің сазын айтып құйқылжып, 
Бара жатыр қызыл-жасыл шар билеп.

30
   
31
   
Өмір мен ауыл
Ой, өмір-ай, ағыстың қарсы аққаны-ай,
Қарсы аққаны-ай, тыныштық аңсатқаны-ай.
Тыным іздеп ауылға келген басым,
Жас та болсам, тыныштық шаршатқаны-ай!
Ой, өмір-ай, әдейі теріс аққан, 
Талқан шығар келі мен келсаптан.
Аяғыма оралғы тауып беріп,
Шығарғысы келмейді мені саптан.
Түсіп едік бір жолға құдай атқан,
Қарашы енді, ағысты былай аққан.
Ырық бұзбай ыңғайлап жатыр ауыл,
Той-думанмен ұстап ап бір аяқтан.
Тағы ағысқа кезігіп олай аққан,
Көбік шашып толқынын борай атқан,
Ауыл, шіркін, қызықтап босатпады,
Шідер салып оң аяқ, сол аяқтан.
Ой, өмір-ай, енді ағыс босай аққан, 
Қалғып бара жатқанда дос оятқан.
Ауыл деген жібермей алып қалды,
Тіршілікпен шырмап ап қос аяқтан.
Мен кінәлі
Қалқам, сені кінәлайын неге мен?!
Баяғыдай көңіл болсын деген ем...
...Бірақ енді соның бәрі арман ғой,
Ортасынан қақ бөлінді керегем.
Ызғар шашып ұя қалды қаңырап,
Түк сезбедім, сен жыладың аңырап. 
Жылы орыннан қашып кеткен мен бейбақ.
Ортасына түскендейін шаңырақ.
Соның бәрі болды менің өзімнен,
Сен шыдадың
Шыдап бақтың төзіммен.
Енді қалған тіршілік те далбаса,
Ал ішімде боздайды бір боз іңген.
Кешерсің бе, мен жазықты, күнәлі ем?!
Мені ғана сынап, бағып тұр әлем,
Сен көтеріп жүргеніңде бақытты, 
Семіздікті көтере алмай мына мен.
Баяғыдай көңіл қайда?    Енді не?
Түзу жолдан адастырған жел, міне.
Қандай азап тартқызсаң да пейілмін,
Аяқ-қолды арқан тартып кергіле.
Баяғыдай іңкәр көңіл –  құштарлық
Болып қайта оралар ма ұшқан құт?!
...Жазылмайды тілеп алған ауру –
Өз басыма өзім салған дұшпандық.
Жүрек шапағаты
Өлең деген жазылмайды-ау бекерге,
Айқын ойлар айтқан жерге жетер ме?!
Әлде ақынның шым еткізіп жүрегін,
Бір өткінші кезең болып өтер ме?!
Әлде ақынның сол жүрегін езіп тек,
Түк түсінбей отырар ма ежіктеп.
Өзгенің де аулай ма екен көңілін,
Ешкім білмес бір қиырдан сезіп кеп.
Тек ақынды тебірентіп, тербетіп,
Терең ойға батыра ма селдетіп.
Түсіндіріп айту қиын түгелдей,
Тек өлеңмен тола қойса кем-кетік.

32
   
33
   
Бұл өлеңде ғажап сиқыр бар бірақ,
Сол сиқырдан қалатын көп албырап.
Өлең деген –  сылдыраған балбұлақ,
Өлең деген –  жағадағы тал-құрақ.
Осы өлеңнің қуат-күші болмаса,
Жарым көңіл бүтінделіп толмас, ә?!
Таңдай қағар өлең жазу мүмкін бе,
Шабыт құсы сәтті күні қонбаса?!
Төңірекке тараса өлең шуағы,
Қысылғаннан қымыран боп шығады.
Өлең ғана өртенеді өзекте –
Махаббаттың, шапағаттың шырағы.
Менің бақытым
Тілдей бетте өмірім бүкіл менің,
Ештеңені қиратып бітірмедім.
Ой ширатып, түзеліп пікірлерім,
Орналасты қисайтып үтір белін.
Бір нүктенің сөйлемін бүтіндедім,
Бір сөйлемді жөнге сап түтудемін...
...Балғын сегіз баланың әкесімін,
Тоғызыншы бір ұлды күтудемін.
Бес ұлым мен үш қыз бар қазір менде,
Адамдыққа талпынып әзірленген. 
Уақытым зымырап өтіп жатыр,
Балаларды ойнатып, әзілдеумен.
Сомбреро қалпағы – күн қағары,
Тоғызыншы, сеземін, ұл болады.
Жөні бөлек ырымның, бара жатыр
Түтінімнің  биіктеп мұржалары.
Тәуба, тағдыр бергендей кіл жаңаны,
Тайқы біткен маңдайдың тұр жауабы.
Төңіректеп шықпай жүр балаларды
Пырақ болып ұшуға бір жабағы.
Жанұямда болардай алты ұл, үш қыз,
Жарылқансақ, әлемдік тартылыспыз.
Тірегіміз –  әрқашан бейбітшілік,
Тілектеспен кіндіктес, жан туыспыз.
Құлдыраңдап ойнаса тоғыз балам, 
Қырға сүйреп шығарар өгіз болам.
Қиын емес асатын асқар тау да,
Бұйым болмас кешетін теңіз маған.
Қалыптасар жасынан ең ізгі адам,
Қасиетті жап-жатық негіз бағам.
Балалар деп толғайды сыбызғы-тау,
Балалар деп сызылтып қобыз-далам.
Қайғы жоқта қанағат қара су да,
Не жетіпті таласып, санасуға?!
Маған біткен байлық пен бақыт түгел –
Менің тоғыз баламның анасында!
Қолды болған бәсіре
Ұрланған малдың Айдар – бас иесі,
Күрең байтал – жиенімнің бәсіресі.
Сандалдым екі ай іздеп, тұрмаса да, 
Тіреліп соған ғана несібесі.
Біреудің жат қылығын біреу байқар,
Көрдім деп барымтадай сүреңді айтар.
Екі ұры елең-алаң іліп кетіп,
Өрістен қолды болды күрең байтал.

34
   
35
   
Жиенім – періште әлі сәби атты,
Жаңа айырған жұпар мен аммиакты.
Іңірде қолды қылып бәсіресін,
Боп жүрмін жиен алдында мен ұятты.
Жылқыға келген ізі бар қос ұрының,
Жасай ма түн жамылып дос ырымын?!
“Алыстан іздеме, – деп айтты куә, –
Мойнына салып берем осы бүгін”.
Жоқ іздеп түзегенде жарық бетті,
Сөзінен көрген куә танып кетті.
Учаскелік өкіл де ұрылар жақ,
Мал ізін жасыруға барып кепті.
Ұрының мықты сүйер бәйтерегі,
Дәл соған сүйенбесе, қайтер еді?!
Індетіп іздемеді, шіркін, әттең,
Құйрығы шығып тұрған байтал еді.
Бағынбас, заңға көнбес тасыр емі,
Бұл неткен арсыз, бетпақ ғасыр еді.
Суырып алып шығып бере алмады,
Сирағы шығып тұрған бәсірені.
Қорқа ма, ұры-қары жүр алшаңдап, 
Қуанып “қусың” десе шығар самғап...
...Мойындар емес ешкім ұсталса да,
Ойым бар енді ұстасам, ұран салмақ.
Өлең туралы
Өмір қарыз тәрізді төленбеген, 
Қызық бардай мен әлі бөленбеген,
Сол жұмбақтың шешуін табар жолда
Мен өлеңнен адасып, өлең – менен.
Өлең, шіркін, өнетін орта қандай,
Секем алып үріксе, қорқады аңдай.
Шешемін деп жұмбақты алаңдаймын,
Айықпаспын сол дерттен сорпаланбай.
Тұрғандаймын шәкірттей білмей сабақ,
Аңдып тынып қалғандай жүрмей сағат.
Сөйтсем жала жауыпты сырттан біреу,
Өтірік мен өсекті жүндей сабап.
Жалған шағым үшін көп дауласар ем,
Жеткізбейді шындыққа маубас әлем.
Болат сымдай қырқылып үзіледі,
Ақиқат пен жаланың жалғасы әрең.
Енді шындық термесін төкпе дейін, 
Жаңылайын жүрістен көпке дейін.
Алауласын жан-жағын жарқыратып,
Әр тұтанған жырыма от берейін.
Өлеңіммен қайтадан қауышайын,
Аспандайын, самғайын, тағы ұшайын.
Мен тынымсыз жақсылық сәтті күтем,
Дөңгелек жыл әр атқан таңы сайын.
Тағы да өлең туралы
Өлеңқұмар еттің де жастай, Алла-ай,
Өмір бойы қойдым ғой тастай алмай.
Осы өлеңнің жолына құрбандыққа
Әуселесін ақыл-ой шашты аянбай.
Өткен сәтті есептеп, шіркін, сағат,
Өлеңменен табыстым күн-түн санап.
Өзгелердің ойынша, мен білгенде,
Ақын деген – дәреже, мүмкін санат.

36
   
37
   
Өлең – құрдас, ән – құрбы, жыр – тетелес,
Тұлпар-шабыт, көсіліп сілте, теңес.
Өзегімнен шығатын өз өлеңім,
Ақын болу – шарт емес, міндет емес.
Көктем-өлең күлімдеп гүл жарғаннан,
Шыңда шумақ шырайлы құлжа арманнан.
Ақын болу – шарт емес, міндет емес
Өлең болып өтетін бұл жалғаннан.
Келер күндер
Асыл күндер өтіп жатыр жоғалып,
Қолдан келсе, қояр ма едім доғарып?
Соның бәрін біліп тұрып, қиын-ау
От басында отырғаным омалып.
Келер күндер – арман болған құс аппақ,
Шын ұмтылсам жеткендеймін үш аттап.
Жерошақты күзетуім жөн бе екен,
Күні бойы қу тіземді құшақтап?!
Жолға аттанам, күн нұрынан от алып,
Жалқаулықтың іргетасын қопарып.
Жарқын күндер, өздеріңе жеткізем,
Жақсылықты кеудемдегі қотарып.
“Абзал уақыт, сабыр сақтап күте біл,
Қаймағынан бұзылмасын сүт-өмір”.
Қара қылды қақ бөлетін алмастай
Жақсы жұрттың маңдайына бітеді ұл.
Есімде Қабанбай ауылы
Осы ауылдағы мектептің ардагер ұстаздары 
Сейтқали  Бөлтекбайұлы мен Тоқан Жұмашұлына
Сейтқали!
Анау көрінген Маңырақ – топжарған өңір,
Басталды дейсің жарқырап Ақжардан өмір.
Қояр да қоймай Қабанбай ауылына бастап әкелдің,
Ырыздығын тосып алдыма ақжарма көңіл.
Тоқан!
Мен – құдайы қонақпын, сынаймын, кетем,
Маңдайыңдағы бақытың жұбайыңда екен.
Азаматтығыңды көтеріп сездіріп жүрген
Бұйырғанын айтсайшы: шырайлы мекен.
Қайда жүрсем де қапталдап қалжыңым қалмай,
Сол әзілімнің өтеуіне қоржының болмай...
...Көсілуімді түгендеп, шешілуімді іздеп,
Айтылмай жатқан жасырын ән-жырым бардай!
Рақмет, достым, отырдық дастарқан басы,
Балбырап пісіп жарыңның асқан жамбасы.
Шертілмей қалды Өскемендегі хикаяларың,
Сейтқалидікіне келіп үзіліп дастан жалғасы.
Сейтқали!
Мен – сыпайы қонақпын, шақырдың болмай,
Теріс кетуі мүмкін бе ақылдың қонбай?!
Әңгіме айтар шама жоқ, шалдығып-шаршап,
Шалжиып шалқып төріңде жатырмын оңбай.
Сейтқали бастап ақырын әзілін нәш қып,
Жайылып көрпе болғандай, жазылып жастық.
Әншейінде әдепті болып, биязы көрініп,
Жүз грамнан соң арыстанның ауызын аштық.
Сейтқали!
Жомарт пейіліңді көрсетіп, ішіп-жегіздің,
Қыздырып алып досымды маған “күшік” дегіздің!

38
   
39
   
Жалаңаштанып тастап жағалауыңда жаттық
Ондатра ойнаған жасанды пысық теңіздің.
Ағыттық келіп қауызы шешілген әнді,
Жұбайларыңның дауысы қандай есілген әрлі!!!
...Қабанбай ауылы қашан да түсіме кіріп,
Сейтқали, Тоқан қалатын шығар есімде мәңгі!

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет