Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі



Pdf көрінісі
бет3/13
Дата07.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#3600
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Заман осы
Заман осы сездірмес сыдырымын,
Ойда жоқта орнығып бұдыр ұғым.
Қызып алып жүгінер жеңілтегің,
Бұзық алып жүгірер жұдырығын.
Заман осы көзбенен сұққылаған,
Сұқ тигенде азамат тік құлаған.
Қарызданып адалдық қалған кезде,
Арызданып құтылар ұтқыр аман.
Заман осы сөзбенен ұрғылаған,
Жазған сайын шақша бас дыңғырлаған.
Ақиқатқа жабысып пәле басы,
Құй батпақтан шығады сылбыр аман.
Заман осы байыпқа бағынбаған,
Қолға тұрмас  нәрседей сабындаған.
Тіршілігі кедейдің айдай аян,
Байығаннан кім қалды қағынбаған?!
Заман осы мүк қосып, тезек шегер,
Бар менен жоқ ажырап тез екшелер,
Байып бара жатқанда боқты көттер,
Жайып қана жатқанда жезөкшелер.
Өркен ойдан серт қалар түк қылауы,
Өлке тойған дерт болар тыққылауы,
Өтер сөздің етіңді ұрғылауы,
Өртер көздің сүйекті сұққылауы.
Өмір мен өлең
1
Мен десең, қалықтама төмен, арман!
Бұйырған қызығымды көрем алдан.
Келтіріп өз қисынын Тәңір-тағдыр,
Түсімде төрені емес, өлең алғам.
Дәрменсіз уланса да қазір сана,
Даңғылда дараланған әзіл сара.
Әкімдік маңдайыма жазылған жоқ,
Ақындық таңдайыма жазылса да.
 Төр  Алтай биігінен асқақ қарап,
Мұзтаудан жатқандай-ақ мақсат тарап.
Бұқтырма буырқанып үн қосады,
Өмірге өлең болып қақсақ қанат.
2
Ашылмас жөпшендіге жайлы сырым,
Таулықпын күн тұрпатты, ай мүсінім.
Жарыстың желпу білмес жүлдегері,
Сайыстың серпу білмес бәйгесімін.
Күн болсам, алтын теңге сыңғырымын,
Ай болсам, алтын шолпы сылдырымын.
Сұңқардың тепсе берік топшысымын,
Тұлпардың сексен өрім шылбырымын.
Тау бұзған Бұқтырманың арнасымын,
Еңбектің ел танитын таңбасымын.
Анамның ар нұрының қуатымын,
Әкемнің тағдырының жалғасымын.

Зымыран жыр келді оқыс жырғап-күтпей;
Шыңырау нұр арқауы жұмбақ жіптей.
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым;
Кетемін-ау, 
                   бастап ап, жырлап бітпей.

40
   
41
   
Сөз өрісін сөйлеуге бейім қымтап,
Ойым ортақ, болса да бейіл бұлтақ.
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым;
Өзі білсін,
Сынайтын кейінгі ұрпақ.
Бал арадай сағынса омарта айын,
Дода сайын жүлдегер болар тайым.
Таусылмайтын тақырып тауып бердің:
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым.
Орнықса да көңілге толқын-сенім,
Орындалмас армандай қорқушы едім.
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым,
Өрілді ме өрнектей көркің сенің?!
Туған жер 
1
Өзіңде менің мұң-қайғым,
Өзіңнен алам нұрлы айбын.
Тебіреніп кеткен кезімде,
Туған жер,
Сені жырлаймын.
Келбетің көзге ыстық-ақ,
Келемін содан ұшқын ап,
Жемісіңді жерден теріп жеп,
Жинаймын бойға күш-қуат.
Көгілдір тартқан тоғайың,
Көңілді соған орайын.
Елімнің басы болмай-ақ,
Жерімнің тасы болайын.
Кергіді баулып шың өктем, 
Кезімнен сонау шыр еткен.
Құлайын болып бұлағың,
Құйылып жартас шүмектен.
Танысып, ұқсап егіле,
Табиғат атты тегіме,
Тигізсем пайда еліме,
Тау-тасты туған жеріме.
Өзіңде менің мұң-қайғым,
Өзіңнен алам нұрлы айбын.
Тебіреніп кеткен кезімде,
Туған жер,
Сені жырлаймын.
              

Қарсы алдымда тұрды ауылым гүл жайнап,
Шүпірлеген малға толы нұрлы аймақ.
Қуанады сағынышты жүрегім,
Сезім, шіркін, сөйлетпейді-ау тіл байлап.
Жинап алып гүлдерінен ең нәзік,
Ұсынады кең көсіліп ен жазық.
Жартасына,
әр тасына үңілем,
Туған жердің суреті де нәрлі азық.
Қыздырынып
күнге төсеп арқасын,
тік шаншылып қасқайып тұр марқа шың.
Бұқтырманың өр толқынын құлаштап
Қызуым мен
сағынышым тарқасын.
Шежірелі туған өлке нұр сипат,
ажарыңды әнге қосып жүр шырқап.
Ақша бұлттың алақаны
Алтайдың
аппақ басын еркелетіп тұр сипап.

42
   
43
   

Ассалаумағалейкум, ауыл-аймақ!
Жатыр ма қызу еңбек жалын ойнап?!
Кәрі-жас шұбап кеткен өріс жаққа
қозы да мен келгенде жамырай қап.
Шуылы қой-қозының жамыраған,
Ішінде таныс кімнің әні маған?!
Біреуді біреу біліп танымайды
Ауылда...
Күйі бөлек дабырадан.
Ортаңа кеп қалғанда дәмің айдап,
Мың алғыс пейіліңе,
ауыл-аймақ!
Үстелде тобарсыған ірімшігі,
Әжем де жүгіріп жүр сары майды ап.
Таулы өңір,
орманды алқап ойлы-қырлы,
өзіне қызықтырмай қойды кімді?!
Көрмесе шыңнан асып бұрын,
енді
Самғайды ғарыштарға ой бүгінгі.
Туған ауыл
Қай ауыл?
Осы ауылды Еңбек дей ме?
Еңбектен дөңгелек жыл жел кетпей ме?!
Қысында бір ай бойы күн түспей ме,
Күні-түн аяз буып делдектей ме?!
Титыққан қара жұмыс азабы ма,
Тұрғыны тыным таппас мазалы ма?!
Тауында қар төсеніп, мұз жастанып,
Төзімді болғаны үшін жазалы ма?!
Шығыстан Өрдің желі қызылдай ма,
Батыстан Құбыласы ызыңдай ма?!
Алтайдың ақ түтегі батыстан кеп,
Әп-сәтте ауа райы бұзылмай ма?!
Сырғыма қары борап ұшқындай ма,
Сырғанап дедектетіп күш қылмай ма?!
Құйыны терістіктен орай соғып,
Дауылы ішін тартып ышқынбай ма?!
Бар малын ұшырам деп тасырлай ма,
Таңбаның құшырланып тасы ұрмай ма?!
Уаң мен Атыраудың шаңы борап,
Перделеп Ақдаланы жасырмай ма?!
Алтайдан Бұқтырмаға құламай ма,
Аужайын Қара жердің сұрамай ма?!
Өзгеше болып шықса желдің күші,
Өзі де табиғаттың шыдамай ма?!
Қанжардай көктем желі серт қорғай ма,
Қозғалса ескі сырқат дерт болмай ма?!
От қою көң-қоқырға қайдан шыққан,
Ұшқыны сәл тұтанған өрт болмай ма?!
Қалталы желге қарсы талтақтай ма,
Қорланып тесік қалта жалтақтай ма?!
Пәрменді пысықтардың әрекеті,
Ешкімге опа бермес ортақ пайда.
Оңар ма лағып кетсе төзім – айла,
Жап-жақсы басталған іс қожырай ма?!
Құдайды ұмытпасаң тәубеге кеп,
Сақтансаң сақтармын дер сөзі қайда?!
Ауылды жел меңдетіп Еңбек дей ме,
Мейманы сыйлаған соң, еңбектей ме?!
Қысында бір ай бойы күн түспесе,
Жазында салқын самал тербетпей ме?!

44
   
45
   
Жайлауда шалғыны өсіп жайқалмай ма,
Жонданған өрістен мал жайтаңдай ма?!
Жарылқап Нілібайдан жалғыз бұлақ –
Көктаста отырғаны байқалмай ма?!
Қайшыдан келген арна сарқырай ма,
Сағымы жарты ауылға жарқырай ма?!
Мен арық қазып бұлақ жеткіздім деп,
Таласып тағы біреу қалтырай ма?!
Жапырақ жайған орман өзгермей ме,
Құлпырып құбылғанын көз көрмей ме?!
Еңбектен шыққан шешен көбейер деп,
Килігіп тағы біреу сөз бермей ме?!
Бал ара қуыс тапса тоқталар ма,
Жыл құсы күзде ғана топталар ма?!
Ауылдың батыс жағы мол қарағай,
Мөлтеші қызыл-сары көп болар ма?!
Піскенде жеміс көзің қызығар ма,
Ашылып тәбет, көңіл бұзылар ма?!
Қасында қарақаттың тәтті құмар
Аюдың шым қопарғыш ізі бар ма?!
Жинаудан күз өнімін жалығар ма,
Көрмеген дәмін татып жан ұғар ма?!
Түсірген тау бөктерлеп бірнеше қап,
Қызылдар балқарағай дәні бар ма?!
Мол өнім телім күзде екшеле ме,
Қажет пе іліп қою тек шегеге?!
Күн шықпай тау бөктерін кезген аңшы,
Түгесіп бар қақпанын тексере ме?!
Жолаушы аспан көріп тосылмай ма,
Жаңбырдан секем алып шошынбай ма?!
Сәлден соң бұлт ыдырап, күн ашылып,
Зеңгір көк – кемпірқосақ қосылмай ма?!
Тізеден кешіп өтер батпақ бар ма,
Із түспес көше бойы жат қаптал ма?!
Сезімді ынтық қылған ақ қайың ба,
Сөзімді түртіп тұрған аппақ тал ма?!
Шынымен Еңбек деген осы ауыл ма,
Салмаққа жолдас – жеңіл, дос ауыр ма?!
Кейінгі бой түзеген тарпаң қыз ба,
Бейімді ой түзеген асау ұл ма?!
Тигендей төрден орын бәйбішеге,
Көп кілттен айырылған ба байғұс ене?!
Сыр бермей отырады-ау отағасы,
Кемпірі келін құйған шайды іше ме?!
Дәстүрдің сақталар ма бәрі бірдей,
Болар ма үйреншікті тәліміндей?!
Еңбекте туып бекер жүргендеймін,
Ауылдың адамдарын әлі білмей.
* * *
Ауылымды “Таңба” дейді, “Еңбек” дейді,
Осынау алып жатқан кең беткейді.
Басқаның талғамында жұмысым жоқ,
Мен үшін бұл араға жер жетпейді.
Мен үшін аңыз – Еңбек, өлең – Еңбек,
Қашанда осы ауылға бөгелем кеп.
Осы ара дүниеге келген жерім,
Атымды қойған мұнда Төлеген деп.
Төбемде жарқыраған күнім ашық,
Өмірге көкірегімді бұрып ашып.
Жаныма өлең құйып әлдилеген,
Ауылдың ортасында тұр лашық.
Қайтейін сырын айтып баспананың,
Жүргенде жолаушылап жас талабым.

46
   
47
   
Біреудің айтылмаған жыры болып,
Біреуге өлең болып басталамын.
Баспана тілемеймін, тас-темірден,
Қатайып буын бекіп, өскен іргем.
Қайда да ақ пейілмен сыйып жүрмін,
Тағдырлас, тату-құрдас, дос көңілмен.
Тигенде үлесіме талап таудай,
Биікке ұмтылайын қарап қалмай.
Өңім мен түсімде де жарқылдайды,
Болашақ саф алтынмен жалатқандай.
Домалап тасым кетер өрге менің,
Тағдырдың тартып сүйреп дөңгелегін.
Кешегі кеткен қатем шықса алдымнан,
Нұр жағып бүгінгіше өңдер едім.
Өткендей қаншама күн, қаншама түн,
Кеткендей жым-жылас боп әр сағатым.
Өткеннің өкінішін сездірмей-ақ,
Әдетім бүгінгімді қарсы алатын.
Заманның түзетермін есін немен,
Ақындық тұсауым бар кесілмеген.
Жүзінде ойнап тұрған ұстараның
Жұмбақпын оңайлыққа шешілмеген.
Бірімін түсінбесең жай күніңнің,
Тәуекел дегізетін айдыныңмын.
Намысы бітсе маған әр қазақтың,
Шабысын берсе және Тайбурылдың.
Өмірдің толқынында билеп кемем,
Білмеймін, несі қалды күйретпеген?!
Алайда жұдырықтай жүрекпенен,
Арқалап адамдықты сүйреп келем.
Орманда әнін тыңдап жыршы құстың,
Тауында туып-өстім күншығыстың.
Сыйлаған тартуындай табиғаттың,
Жарқылдап жанарымда тұрсын ұшқын.
Мен едім шал-кемпірдің жалғыз ұлы,
Өсірген мыңға балап бар қызығы.
Басқадан дәнеңені дәметпеймін,
Жұмсалса Отан үшін жан қызуы.
Ұлы өмір – әлпештеген абзал ана,
Әкемдей тәрбиеші ал замана.
Алтайдың қойнауында менің жаным,
Іздегің келсе, құрбым, тау жағала!
* * *
Көрінгенде бұлдырап ауыл маңы,
Кеудемдегі сағыныш дауылдады.
Қарсы ап мені ақ бауыр ақша бұлттар,
Таудың басын тұтасып бауырлады.
Автобуспен ағызып зырлап келем,
Арман айдап ән-күйлі ырғақпенен.
Туған дала, туған тау ән екен ғой,
Дүниеде мақтаулы тым жақсы өлең.
Көрінді әне көзге айқын ауыл маңы,
Өр кеудемде сағыныш дауылдады.
Мен сақылдап күлейін қуанғаннан,
Сен сартылдап құйылшы, жауын-дәрі!
Жасыл орман боп кеткен үй құндағы,
Гүл-бағымнан әсерлі күй тынбады.
Сүйгенім мен достардың сағынышы,
Сырласумен апталық ұйқымды алды.

48
   
49
   
* * *
Сағынып ауылыма бара салып,
Таң қалдым туған жерді
тамаша ғып.
Арнасы кішірейіп Бұқтырманың,
Қалғандай ақ бас шыңдар аласарып.
Шешілмес жұмбақтай боп осы мықты,
Көңілім барлық жайды тосын ұқты.
Өздері өсіп қоймай жерлестерім,
Көркейтіп ауылды да өсіріпті.
Жолдағы қайыңдар
Жол ұзақ,
Баратын жер алыс әлі,
Қайыңдар жолмен бірге жарысады.
Торғындай сусылдаған жапырақтың
бізге еріп қалмай қойды таныс әні.
Қаз мойын ақ қайыңдар жұмыр неткен,
Көтере жөнелгендей жүгін беттен.
Асыққан сарбаздардай дабыл қағып
қатарға сап түзеуге жүгірді еппен.
Қайыңдар,
жолаушыға құлшынып қал,
жамырап төлдей шулап тұр шыбықтар.
Сырттан бақыласаң,
қайыңда да
адамдардан аумаған тіршілік бар.
Бұқтырма
Бұқтырма Төр Алтайдан ырғып ағып,
Өлкені нұрға малып мың бұралып,
Ертіспен сырласқалы бара жатыр,
Көргенін жол-жөнекей жыр ғып алып.
Күй болып құйылады құлап ағын,
Жұмбақтап жеткізгендей бұлақ әнін.
Сүйсініп ұйып сені тыңдаса жұрт,
Қажетке жарағаның, ұнағаның.
Желдіртіп тентек өзен сан дүбірге,
Жағаны солқылдатып алды бірде.
Уақыттай зымырайды зырлап ағыс,
Құбылып күйдің бабы әрбір үнге.
Толқындар түсін бояп қара көкпен,
Толықсып ақтық демін алады өктем.
Балығын ілем дей ме Бұқтырманың,
Шүйіліп қыран бүркіт қарап өткен?!
Көкжал су биік құздан қарғып аққан,
Жарысса озып кетер арғымақтан.
Бұқтырма қырандардың жырын айтар,
Үйренсін сарын мәнін, әнді ұнатқан.
Мөңкіген арпалысып тулап аттай,
Тұрар ма тау өзені  зулап ақпай?!
Су анық тасығанда жұлқып-бұзып,
Тұрады өзге түгіл бура батпай.
Қоймайды таудың өзін сырғанатпай.
О, Бұқтырма, Бұқтырма, қара басқыр,
Толқыныңмен толқынды араластыр!
Ойнақ салған төсіңде ару қызды
Күдірейген жалыңмен жағаластыр!
Өркешіңмен сұлуды орашы бір,
Жаратылған өзенге бола шымыр.
Толқын бетін қалқыған самал желдей,
Түйдектеліп тоқтаусыз борашы жыр!
Пері қызы,
ақ толқын, үйір қатты,
болсын оған арналған сыйың тәтті.

50
   
51
   
...Өй-өй!
Мына сұлудың жүзгішін-ай,
Көкжал өркеш бетімен құйындатты.
Алтай
1
Алтайдың тауында өстім, тасында ойнап,
Салып ем шыңдарының басында ойнақ.
Төсінде бұлт ілінсе кетері бар
Құздардың аш денесін жасын бойлап.
Туған жер – шын ғашығым, нақ сүйерім,
Мен сенің азаматың – ақсүйегің.
Өзіңді жырға қосып ән шырқаймын
Қалғанша қашан түсіп жақ сүйегім.
Қанатты шабыт – Пырақ бір болатын,
Парнасым – Алтай болар жыр қонатын.
Сауығым сарқылмайды осы арада,
Жайым жоқ қызығыңнан құр қалатын.
2
Алтайым, бала кезден арманым ең,
Көп кездім таудың қайнар аңғарымен.
Анамдай емізіп ең бұлт емшегін,
Бойымда қуат содан қалған үнем.
Көңіліңе, анам, қаяу түсірмеспін,
Мәңгілік бұзылмасын мүсін, кескін.
Өзіңді алдамаспын, сенен басқа
Туралап сынай алмас ісімді ешкім.
Сен маған сүйеу болдың жанашырдай,
Жаныма тіреу болған ағашымдай.
Қаншама тайраңдасам, сыр бермейсің,
Көтердің еркелікті нағашымдай.
Ұлым деп мәпеледің Анашымдай,
Қол соғып қолдағандай дала шулай.
Мен сенен жылу алам таралатын,
Жаныңда жүргендердің бағы ашылмай.
Біреуге ән үйретем ол білмеген,
Бұл әннің пендесі жоқ көндірмеген.
Сөз орнын тауып айтар таңдай болса,
Дәл бүгін сөз берер ем зор мінбеден.
О, Алтай, бақыт үшін жаралып па ең?!
Жайылды атағың да таралып кең.
Халыққа ана болып келеді Алтай,
Қарыздар ана алдында бала біткен.
3
Өрлеп келем Алтайға асқар ала,
Сонау тарғыл шықсам деп тасқа ғана.
Орта жолда ылдиға домаласам,
Анық сонда қалдым ғой масқараға.
Ұмтыламын жанымды намыс буып,
Мазақтаған сияқты алыс бір бұлт.
Білінеді ызғар да жоғарыдан,
Өршеленіп желі де тағы ысқырып.
Сенің осы,
                  Төр Алтай,
                                    Ұлық тұлғаң,
Ыстыққа да суыққа шынықтырған.
Шумағыңдай өлеңнің тізілген тас,
Мені, тегі, жыр-әнге жуық қылған.
Көріп шыңның құпия сырбаз тасын,
Өлең сүйген жүрегім бір маздасын.
Абзал арман биікке жетелесе,
Ақын ұлың қалайша жыр жазбасын.

52
   
53
   

О, Алтай!
Ұқпағанға тым биіксің,
Жаныма жыр құйыпсың, нұр құйыпсың.
Білгенге көне тарих, шежіресің,
Білмеске сыр бермейтін тұңғиықсың.
Толас жоқ, орман тұнған құстар үні,
Әкелген кеңістіктен тысқарыны.
Алтайды тамашалап құмар қанбай,
Өмірдің білінбейді қысқалығы.
* * *
Қырқасында Алтайдың
Қарақатын жеп өстім.
Қырандайын марқайдым,
Шарапатың демес кім?
Туған жерді әрдайым
Араладым, кездім мен.
Жарқыраған маңдайы
Жақсылықты сездірген.
Табиғатқа әрқашан
Таусылмайды тойымым,
Таңдайыма салмасам
Тамылжыған мойылын.
Тау-тасынан сый іздеп,
Қасиетін кім білген?!
Тұтасады киіздей
Қызыл жидек, бүлдірген.
Маңқияды ну орман,
Ән айтады жыршы құс.
Үмітімді қуанған
Молайтады Күншығыс.
Туған өлке ардақтап,
Айналады қыз-ұлдан.
Бармақтай-ау, бармақтай
Балқарағай қызыл дән.
Тұрған мынау түйіліп
Мекенім ғой тау деген.
Нөсер болып құйылып,
Ақ қағазға жауды өлең.
Шыңның басы қарысып,
Жеткізбей-ақ қойса да,
Құзбен қатар жарысып,
Биіктейді  ой-сана.
* * *
Бұрқата соқты ақ құйын,
Аспанды бүркеп ақ тұман.
Ауылдың қымтап жапты үйін,
Көрінбей көзге жатты маң.
Орай да борай ақ боран,
Ықтатып пана таптырмай,
Аппақ қар жерді аптаған,
Көрмедік дауыл тап мұндай.
Үрей боп тиер сасқанда,
Бір оқыс қимыл етердей.
Үйіріп алып, аспанға
Ұшырып қана кетердей.
Талықсып барып, қайтадан
Алады демін ышқынып.
Жыры да бөлек – шайпау ән,
Мінезі – ожар күштілік.
Қайыңы қалды бүктеліп,
Қарағай шіркін сыр бермей.

54
   
55
   
Самырсын тұр-ау тік берік,
Батырдың қаны сіңгендей.
Боранның тегі, 
Күйі – егес.
Уақыт жоқ мойын бұрғандай.
Теңселіп тұрған үй емес.
Тербеліп Алтай тұрғандай.
Бұрқата соқты ақ құйын,
Аспанды бүркеп ақ тұман.
Ауылдың қымтап жапты үйін,
Көрінбей көзге жатты маң.
* * *
Әнге қоссам Алтайды,
қолда бақыт,
Шапқылатып, желдіртіп, жорғалатып.
Көлбей жүзіп мұхиттың көк төсінде,
Мұзтау тұрған сияқты зорға батып.
Күзі қандай тауымның, жазы қандай,
Қысы қандай, көктемі саз ұрандай!
Шөбін тартсаң, түгінен май шығады,
Қойнау толы, Төр Алтай, қазынаң бай.
Шың-құзынан сағымдай сыр аунайды,
Құсы қимай қоштасып тыраулайды.
Туған жердің өзіне тартқан білем,
Адамдары Алтайдың бір аумайды.
* * * 
Тауда туып, ойнап өстім шың-құзбен,
Үнсіз ғана сырласушы ем жұлдызбен.
Жастайымнан ұлылыққа бас идім,
Таулар... Таулар... биіктікті білгізген.
Шыңда шырқап тұңғыш рет ән салдым,
Ойда жүрсем тауды ғана аңсармын.
Биіктікті қыран болып көксеймін,
Ал етекте қанаты жоқ жансармын.
Тау дегенің көкке қарай өрлейді,
Кергіп тұрып, көкірек керіп сөйлейді.
Биіктікті сен үйреттің, туған  жер,
Сыр сандыққа жаққан отың сөнбейді.
Жоталар
Мойынын тығып  алып күз ішкері,
Тұрғандай мүйіздесіп сүзіскелі.
Жарқырап жатқанымен жайма-шуақ,
Қарайды суық көзбен мұз үстегі.
Сіресіп иықпен де тұр сіресіп,
Тістесіп бірін-бірі сілкілесіп.
Жоталар қатар-қатар емпең қағып,
Жөнепті төмен қарай дүркіресіп.
Төр Алтай сілемдерін жетекке алып,
Асыққан жолаушыдай тепек қағып.
Желбегей, түймеленбей жеткендейін,
Барады сыпырылып етек қалып.
Тау тағылымы
Бала жастан кездім мен шарлап тауды,
Ну орманмен қоршалған шарбақтаулы.
Таулар тәлім үйретті осы маған,
Әрбір ойды байыппен салмақтауды.
Биік шыңдар үйретті төске өрлеуді,
Сапар сайын олжасыз бос келмеуді.
Жерлестерге ақтарам сырын таудың,
Бүгіп қалмай сыр сандық – дос кеудемді.

56
   
57
   
Шырқау арман үйретті шарықтауды,
Ар-ұятқа қар дақ дарытпауды.
Өлеңіме Өр Алтай тұғыр болып,
Қыран-көңіл сүйеді қалықтауды.
Жолдар
Тау жолдары! Қай-қайда бастайсыңдар,
Қай қырқаға апарып тастайсыңдар?!
Бұлаң құйрық бұралаң ирек салмай,
Неге тура биіктен аспайсыңдар?!
Асығу жоқ. Жоғалып қашпайсыңдар,
Басыну жоқ. Омалып саспайсыңдар.
Тастөбеден шаншылып міз бақпайды
Асқақ шыңдар дегендей “аспайсыңдар”.
Тау жолдары! Сыртқа сыр шашпайсыңдар,
Шежірені жұмбақтап ашпайсыңдар.
Адалдыққа үйретіп жолаушыны,
Арамдыққа ешқашан баспайсыңдар.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет