120
арқылы жаңа мағына, жаңа сөз жасаудың бір көзі ретінде
пайдалана білді. Бұрыннан енген сөйлеу тілде бар кірме
сөздерді сол ауызекі тілдегі тұлғасында жазуға бейімделсе,
жаңа кіріп жатқан орыс сөздерін
жазуда белгілі бір прин-
цип ұстады деп айта қою қиын. Оны жоғарыда көрсеткен
сөздердің түр-тұлғалары байқата алады. Дегенмен, көптеген
жағдайда орыс тіліндегі түбір тұлғасы алынып отырды.
Кірме сөздерді бірыңғай жазу принципі кейінгі жылдарда
да бірден бірізге, жүйеге түсе қойған жоқ. Сөйтсе де оларды
жүйелеуде, қалыптастырып, тұрақтандыруда «Айқаптың»
қызметі зор болды. Орыс тілінен жəне осы тіл арқылы өзге
тілдерден енген интертерминдер туралы, жоғарыда əңгіме
еткеніміздей, «Қазақ» газеті де өте қызық мəліметтер береді.
Өзінің əу бастағы қазақ тілін барынша таза ұстау деген
бағыт-бағдарына қарамастан «Қазақ» газетін шығарушылар
(А. Байтұрсынұлы, т.б.) да русизмдер мен интернационалдық
терминдерден іргесін аулақ сала алмаған. Мəселен, осы
газеттің 1914 ж. 78-інші санындағы «Теміржол һəм Европа
соғысы» деп аталған мақалада қолданылған 881 сөздің 50-і
русизмдер екен. Сонда «Қазақ» газетінің қолданысында
қазақ тілінің дыбысталу жүйесіне қабылдап енгендері, қа-
былдамай сол өзіндік қалпын сақтап келгендері де бар.
Яғни өзге тілдік элементтерді қолдануда əу
бастан-ақ
екі түрлі ұстаным болғандығы байқалады. Бұл əрине тіл
қолданыстың əуелгі кезеңінде кездесе беретін құбылыс.
Тілдің осы бір аралық кезеңдегі болмысын дəл аңғарған
Ахаңдар (Байтұрсынұлы) кейде интертерминдердің қазақ-
ша-орысшасын қатар қолданып та отырған. Мысалы,
оқыған
дəрігерлер арасында не ауру екенін айыра алмай-
тын
докторлар толып жатыр («Қазақ», 1913, №27). Сөйтіп
оқырман таңдауына мүмкіндік жасалып отырады. Жал-
пы, «Қазақ» газетінің тіліміздің терминдену сапасы мен
сөзжасам процесіндегі жаңалықтары ұшан-теңіз. Бұл газет
сол кездегі басқа басылымдардың қай-қайсысынан болса да
сауаттылық жағынан əлдеқайда жоғары деңгейде. Əсіресе
121
қазақ тілінің негізгі байлығын, ішкі өз мүмкіншілігін іске
жаратуда теңдесі жоқ үлгілер туғызған. Сонымен бірге
өзіндік қорымыздың көзін ашуы əлденеше ғылыми түйін
жасауға мүмкіндік береді. Бұл арнайы зерттеуді керек ететін
тақырып
болғандықтан, біз бұл жолғы əңгімемізді осымен
шектей тұрамыз.
Қорыта айтқанда, бұл үшінші тараудың арқалаған жүгі
едəуір. Олай болатыны, мұндағы біздің көздеген мақсаты-
мызға байланысты. Барлай келгенде, термин сөздердің өзі-
нен-өзі оп-оңай жасала салмайтыны мəлім болып отыр.
Оның өмірде орын алған, соған негіз болған əлденеше
көздері анықталды.
Терминдік лексиканың
құрамын толықтырған ең бай
арнаның бірі ретінде араб-парсы сөздеріне иек артамыз.
Қазақ тілінің сөздік құрамын байыта түскен бұларды біз ең
көне қабат есебінде қарастырамыз. Қарап отырсақ, руха-
ни өміріміздің қай саласында қажетімізді өтеп, қатар тұра
қалатын арабизмдердің мүлде кіріккені соншама, қазір олар-
ды өзге тілдік элемент деп те ойланып жатпаймыз. Мəселен,
адам, қоғам, ғылым, білім, ілім, мектеп, тəрбие, тəлім,
оқу, өнер, мəдениет т.т. санай берсең ұшы-қиырына жету
қиын сөздерді əу баста өзге тілден енген деп кім ойлайды.
Бұлар – қазақ тілінің заңдылығын түгелімен бойына сіңіріп,
өзіміздің төл сөздер қатарына атам заманнан айналған
байлығымыз.
Қазақ терминологиясын қалыптастыруда айрықша орны
бар екінші бір көз – ол орыс жəне сол тіл арқылы келіп жет-
кен интернационалдық терминдер. Соңғы 50-60 жылда
бұлардың қатарының көбейгені соншама, қазіргі қолданыс-
тағы сөз байлығымыздың кем дегенде 70-80 процентін
қамтиды екен. Бұл, бір қарағанда,
тіл байытудың өнімді
жолы боп көрінгенмен, екінші жағынан, ұлттың тіл тыны-
сын тарылта бастаған, сондықтан да саналы түрде саралап
қолдануды қажет ететін лексикалық қорға айналып бара-
ды. Бұларды зерттеу нəтижесінде келген бір түйін мынау.
Қазақ тілінде терминжасам мəселесіне мүлде жаңаша қарау
қажеттігі даусыз. Əсіресе, терминжасам принциптерін
мүлде қайта қарап, оны ана тіліміздің өз табиғатынан туын-
дайтын қағида, шарттармен бекіте түсуіміз керек.
Соған
сəйкес қазақ тілінің емле ережесін қайта сүзіп, орфография-
лық сөздікті жаңадан түзу қажет деп білеміз.
Термин сөздердің бір көзі ретінде алғашқы газет, жур-
налдардың да берер материалдары жетерлік. Бұл ретте, біз
алдымен «Дала уəлаяты газеті» мен «Түркістан уəлаяты
газетін» ауызға алдық. Ал қазақ сөзінің нағыз терминдік
қызметте жұмсалуы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті-
нен бастау алатын тəрізді. Сонымен бірге бұл тарауда
моңғол тілдері мен түркі тілдеріне ортақ байлық туралы да
сөз болады. Мұның əрқайсысы өз алдына бөлек түбегейлі
зерттеуді қажет ететін қазына деп ойлаймыз.