Ауыздағы асқорыту және оның жас ерекшеліктері. Жеген тамақ ауыз қуысынан бастап
қорытылады. Сұйық тамақ бірден жұтылады, ал қою тамақ шайналып ұсақталады, сілекеймен
араласып ас қоймалжыңына айналады. Асты шайнау ас қорытудың алғашқы кезеңі.
Тамақты шайнап, ұстау – ауыз қуысының негізгі қызметі. Шайнауға қозғалмалы тістер, тіл
және ұрт қатысады.
Нәрестеде тіс болмайды. 4-6 айда баланың сүт тістері шыға бастайды да 3 жаста 20 сүт
тісі толық шығып бітеді. 5 жастан аса баланың сүт тістері біртіндеп түсіп, орнына тұрақты
тістер шыға бастайды. Тұрақты тістердің саны – 32, 15-16 жаста - 28 тіс, ең соңғы 4 ақыл тіс 20-
25 жаста шығады, кей адамдарда одан да кеш шығуы мүмкін.
Ауыз қуысына үш жұп сілекей бездерінің өзектері ашылады: шықшыт, жақ асты, тіл асты.
Бұлардан басқа ауыз қуысының кілегей қабатында ұсақ бездер болады. Олар муцинге бай
сілекей бөліп шығарады. Муцин астың жұтқыншаққа, өңешке одан қарынға жылжуына
ыңғайлы етеді. Ересек адамда тәулігіне 1-1,5 л сілекей бөлінеді. Бұл сілекейдің құрамында
амилаза, лизоцим деген ферменттер болады. Амилаза крахмал мен гликогенді ыдыратады.
Лизоцим аспен бірге енген микроорганизмдерді жояды. Бірақ ас ауыз қуысында ұзақ
болмайды.
Сәби туғаннан бастап сілекей бездері жұмыс істейді, бірақ сілекейдің мөлшері өте аз
болады. Мектепке дейінгі балалардың сілекейінің жалпы тәуліктік мөлшері 850-1000 мл
шамасында болады.
Жұтқыншақ. Жұту кезінде арнайы тетіктер ас қоймалжыңының тыныс жолдарына
бармай, өңешке өтуін қамтамасыз етеді. Жұтқыншақ пен өңеште ас қорытылмайды.
Жұтқыншақтың өңешке кіре берісінде сфинктер болады. Сондықтан өңешке өткен ас кері
шықпайды.
Өңеш. Өңеш ұзындығы 22-27 см шамасындағы ұзын түтік. Нәрестелердің өңешінің
кілегей қабаты нәзік болады, сондықтан ірі ас түйіршіктері оңай жаралайды. Жаңа туған
сәбидің өңешінің ұзындығы 10 см, 5 жаста – 16 см, 15 жаста – 19 см.