Енді осы қауымнан алғашқы дараланып шыққан феномендерге талдау
берейік. Алғашқы қоғамдастықтарда тұтастықтың басымдылығы жөніндегі
пайымдау дұрыс болғанымен, бұл тұтастықты не механикалық агрегат, не
биологиялық популяция, не көпмүшелі ағза ретінде қарастырған дұрыс емес.
Адамдық коллективті (тіпті, қоңыс аударушы ежелгі аңшылар мен
терімшілердің өзінде) жекелік қасиеттерін жоғалтпаған адамдар бірлестігі
құрастырады. Осының бір дәлелі – субъективтік жаны жоқ адамдардың о
бастан болмағандығы.
Архаикалық көшпелілер мәдениетін зерттеушілер қауымнан алғашқы
дараланған адамдар ретінде ру басыларды, ақсақалдарды, батырды, абыз,
бек, көсемдерді, сәуегейлерді тағы б. атап өтеді. Бұл сипаттағы ру басылар
адамдық ынтымастықтың қауымдық тәртібін жүзеге асырушыларға жатады.
Ру басылардың «билігі» шын мәнісінде бағындырушы қатынастардан
тумайды. Ру басы мен кейінгі қазақ қоғамындағы билердің арасында
түбегейлі айырмашылықтар бар. Ежелгі мәдениет контекстінде ру
басылардың төмендегідей ерекшеліктерін атап өтуге болады. Біріншіден,
ауызекі ақпараттық беріліс жағдайында ру басылар ең тәжірибелі, көпті
көрген және көпті түйген, осының нәтижесінде руластарының арасынан
дараланып шыққан. Екіншіден, ру басының белгі мен беделі сакралды
(қасиетті) сипатта тиянақталған.
Достарыңызбен бөлісу: