2.2 Тарихи романдардағы ғашықтық сарынның символдық және
философиялық мәні.
Тарихи дәуірлер мен оқиғаларды, тарихи адамдардың өмірін көркем
бейнелеп елестеткен, дүниетанымдық ізденістері жоғары шығармалардың
қатарына Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романын жатқызуға болады.
«Аңыздың ақыры» романы Әбіш Кекілбаевтың бұрыннан жазғандарынан
сыры да, сипаты да мүлде бөлек, жазушының шығармашылық тың табысы, өсу,
іздену эволюциясының жаңа қыры дерлік, өзіндік концепциясы бар дүние.
Жазушы мұнда өзінің ойшылдығы мен парасатты суреткерлігін көрсеткен десек
асыра айтқандық емес [35,42-б.].
Романның негізгі сюжеті шығыс елдерінің ежелгі аңыздарының негізінде
алынған. Тарихта болған дерек пен шығармашылық қиял, фольклорлық бастау
мен реалистік баяндау осы шығармада ерекше жымдасып кетеді де, халықтың
22
әр қилы аңыз әңгімелерін өзінше қызғылықты түсіндіретін автордың көркемдік
философиялық концепциясы барынша толық, айқын танылады.
Романның басты кейіпкері – Алмас хан. Ол өз халқын толық бағындыруда
да, оны басқаруда да, оған жаңа жетістіктер қосуда да табысқа жеткен әмірші.
Бірақ ол халқына өз философиясын уағыздауда жеңіліске ұшырайды.
Сондықтан автор кейіпкердің ой жүйесін, сезіну, түйсіну өрісін, оның
құбылыстарын, суреттеуге ерекше көңіл бөледі. Әміршінің мінез-құлқы –
романның негізгі желісі.
Үлкен ханша – әміршіні бұрын қасынан шығармайтын өркөкірек бәйбіше
жас әйелімен оңаша кеткеніне риза емес. Тірі ол түгілі, өлген әйеліне мешіт
салған жылы ұлы ханымның ұзақ уақыт қабағынан кірбің кетпеді.
Кіші ханша – «Он алтыға жаңа шыққан бала қыздың мінезі баяғы алғашқы
әйелін еске түсіреді. Тарпақ-тұрпақсыз, биязы. Биліктің әзәзіл дәміне әлі
құныға қоймаған уыз жас» [35,43-б.]. Жорықтағы жарының құрметіне мұнара
салғызған кіші ханым – ақ сезімнің, адал махаббаттың иесі.
Әміршінің бейнесін жасағанда Ә.Кекілбаев тарихи материалдарға сүйеніп,
қазіргі болмысқа сәйкес әлеуметтік-психологиялық модель жасаған.
Эгоцентризм мен өзін ғана сүюдің жалғыздыққа, рухани азушылыққа
ұшырататынын көрсеткен. Жазушы шеберлігі Жаппардың өзімен өзі сөйлескен
монологын беруде ерекше көзге түседі. Жасынан сәулетшілік өнер бойына
дарыған Жаппарға (әкеден берілген қабілеттілік) дүние жүзінде теңдесі жоқ
мұнара салу ісі тапсырылады.
Кіші ханшаға ерекше ықылас, құмарлық сезінген сәулетші мұнараны
салудың жаңа түрін ойлайды. Оның ойынша мұнара ендігі жерде өзінің
ұлылығымен емес, адамдарда басқа адамдарға деген сенім, сүйіспеншілік
сезімін туғызуы керек. Осы ойын іске асыру үшін сәулетші аса көп жұмыс
істейді. Алғашқыда сәулетші хан бақшасының ішінде жас сұлуды жиі көру
мүмкіндігі бар ккетікті бекітпеді. Енді сәулетші қалайда жас сұлуды өзіне
қарату үшін, оның өзіне деген сүйіспеншілік сезімін туғызу үшін мұнараны
ерекше ықыласпен әшекейлеп сала бастайды.
Жер бетіне өзінің әмірлігін, үстемдігін жүргізіп, ашса алақанында – жұмса
жұдырығында ұстай білген Әмірші «мұнара бейнелеген асқақ махаббаттың иесі
кім, ол кімге деген ақ сезім» деп іздеумен болады.
Кіші ханша әміршінің алдында жалғыз-ақ күнә істепті. Онда да өңінде
емес, түсінде күйеуінің көзіне шөп салыпты. Бірақ сол жалғыз қылмысының
өзін әміршінің қырағы көзі қалт жібермепті. Әміршінің мына монологына көңіл
бөлейік: «Ханымның сол жолғы түсінде құшқан еркегі басқа ешкім де емес,
әнеу күнгі монтаны жігіт. Ханым онымен өңінде болмағанымен түсінде
табысты. Ендеше сол бір жайнақ көз жігітпен өмірінде болмағанмен, көңілінде
әлдеқашан қауышқан. Көңілінде ол ханымға бұдан гөрі әлдеқайда
жақынырақ...» [35,172-б.].
Шығармада жазушы тек Әміршінің ғана қатыгездігін орынсыз кінәлай
бермейді, оның іс-әрекеттерін төтелеп даттай да бермейді, автор адамшылық
қасиетті, адамның жеке басын аяққа таптайтын зорлық пен зұлымдықтың, билік
құмарлықтың шірік философиясын әшкерелеуге назар аударады. Қаншалық
23
қаһарлы, қайратты болғанмен, Әміршінің өзі де, шынтуайтқа келгенде
көрсоқыр, қатыгез. Ол өзгелерді қайғы-қасыретке ұшыратумен бірге, өзі де
шектеусіз биліктің құрбаны болады.
Қазақ тарихи романдарына кірістірілетін аңыздар өмірлік шындыққа ажар
бітіріп, мазмұнын тереңдетеді, философиялық мән-маңыз береді. Олардың
образдарында, характерлік сипаттарында реализмнен гөрі романтикалық бояу
басым. Өйткені олар түгелдей тарих төрінен бағзы заманда-ақ өз орындарын
алып,
халық
көңілінде
өздеріне
лайық
ерекшеліктерімен,
мінез
даралықтарымен орныққан тұлғалар. Қаламгердің сюжет желісі түгелдей
аңыздан арна тартқан «Аңыздың ақыры» романы – сүйегі таза тарихи роман.
Мұндағы тарихи деректердің барлығы дерлік көркемдік шешімін үйлесімді
тапқан туынды.
Тарихилық деген ұғым шығармада суреттелетін дәуірдің алуан түрлі
ерекшелігінің сақталуын білдіреді. Қазақ халқы да өз басынан талай тарихи
оқиғаларды өткізген халық. Сондай шығармалардың бірі З.Шашкиннің «Тоқаш
Бокин» романы. Жазушының бұл романы тарихи тақырыпта жазылған көлемді
шығарма. Онда қазақ жерінде болған төңкеріс қозғалысының белгілі бір кезеңі
суреттеледі.
Белгілі ғалым, зерттеуші Х.Сүйіншәлиев: «Тоқаш Бокин» романы қазақ
кеңес әдебиетіне қосылған зор үлес, идеялық және көркемдік сапасы жоғары
шығарма [36,131-б.] десе, әдебиет зерттеуші, ғалым Б.Майтанов: «М.Әуезовтегі
байыпты философиялық интонация, Ғ.Мүсіреповтегі траги-комикалық
астарлардың бірлігі, қос авторға ортақ романтикалық леп пен қатал реалистік
нақыштар үйлесімі ұқсас та өзгеше стиль қырларын құрағаны мәлім.
З.Шашкин, Ә.Нұрпейісов сияқты кейінгі буын қаламгерлер творчествосында
жоғарғыдағы көркемдік-эстетикалық принциптер мол ізденіс нәтижесінде соны
даралық белгілермен көрініс тапты» [37,167-б.], деуі де бұл романға берілген
үлкен баға.
Шығармада Тоқаш бейнесі біржақты күресте ғана көрініп қоймайды, соған
қоса, Тоқаштың жалынды жастық жүрегінің сыры да ашылады. Достық,
махаббат дүниесінде Тоқаш бейнесінің өзіне тән жаңалықтары бар. Романда
Тоқашты ақ ниет, адал жан, ақжарқын адам бейнесінде көрсетуде, оның ішкі
сырларын ашуда жазушының көп ізденгендігі байқалады. Ол Тоқаштың
сүйіспеншілік сезімін ұстаған идеясына ұштастыра, азаттық күресіне
қабыстыра, күрделендіре суреттеу арқылы ашылады.
Романдағы Аянбектің қызы Айгүл – Тоқаштың сүйген қызы. Кезінде Айгүл
әкесімен бірге Қытайға өтіп кеткен. Сол кездегі ел басына түскен түрлі
ауыртпашылық бұлардың да басында болады. Әкесі Құлжаның байы
Бабашевтың атшысы болса, Айгүл сол үйдің күңі болып жүреді. Айгүл мен
Тоқаш бірін-бірі қалтықсыз сүйеді. Екеуінің де бір-біріне құмарлығы кіршіксіз.
Романда бірнеше әйелдер бейнесі берілген. Олардың ішінде Кәрден
байдың қызы Бикен бар. Ол ақыл, амалын қатар жұмсай біледі. Бақ құмар да
емес. Ол Тоқаштың атағына емес, болмысына ғашық. Бикен Тоқашқа қанша
айыптаулар тағылса да, ешбіріне сенбейді. Түрмедегі Тоқашқа ас-су жеткізіп,
бостандыққа шығуына тілекші болады. Кейін Тоқаш тұтқыннан босағанда, той
24
жасап, ерекше қуаныш білдіреді. Шығармадағы осы тұс «Абай жолы» роман-
эпопеясындағы Абай мен Салтанат арасындағы сезімді суреттейтін көрініске
орайлас келеді. Жазушы Бикен образы арқылы қазақ романдарында бұрын-
соңды көп кездеспеген қазақ өмірінің жаңа бетін ашады.
Тоқаш бейнесі жаны таза, саналы күрескерлерге лайық жақсы адамдарға
тән абзал қасиеттер мен қайтпас ерліктерге ізгілік пен әділет істерге толы. Сол
ауыр заман шындығын әр дәрежедегі кейіпкерлердің тағдыры арқылы
суреттейді. Тоқаш, Айгүл, Бикен т.б. Бұлардың басындағы ауыртпалық біреу
болғанымен, кейіпкер ретіндегі тағдырлары әр түрлі.
Көркем әдебиеттің басты компоненті адам образы болғандықтан
З.Шашкин әсіресе, образды әр қырынан жіті қадағалайды да идеялық,
философиялық, көркемдік бірлігін сақтауға айрықша көңіл бөледі.
Тоқаштың Айгүлге деген адал махаббаты кіршіксіз. Оған деген жүрек
жалыны ешқашан сөнбек емес. Тоқаштың басына түскен үлкен қайғының бірі
Айгүлден айрылған кезі еді. Айгүлдің өлігін көріп те түңілмейді, қабірінің
басында болса да үмітін үзбейді.
Роман оқиғасы дамуы, құрылысы мен стилі жағынан қазақ
романдарындағы бар дағдыны қайталамайды. Автор ойды ықшамдап, аз сөзге
терең мағына беруді көздеген. Жазушы табиғат құбылысы мен адам көңіл-
күйінің байланысын сәтті пайдаланып отырған. Кейіпкерлер бейнесі де шағын
да нақты ашылып, туындының өн бойында оқыс оқиғаларды беру арқылы,
оның даму, шиеленісу шарттарын өзінше құрған. Қаламгердің осындай
шығармашылық ерекшелігі оқырмандар жүрегіне жол тауып, көркем
дүниесінің қазақ әдебиеті сапынан өз орнын табуына мүмкіндік берді.
3 Ақын, сал-серілер өміріне арналған шығармалардағы махаббат.
3.1 С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» романындағы ғашықтық
характердің берілуі. Қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-
эпопеясынан кейін, жазушы салған жаңа дәстүр негізінде әдебиетіміз өнер
адамдарының ғұмырын, олар өмір сүрген дәуір шындығын бейнелейтін
шығармалармен толықты. Олар: С.Мұқановтың «Балуан Шолақ», З.Ақышевтың
«Жаяу Мұса», Ә.Әбішевтің «Найзағай», С.Жүнісовтің «Ақан сері» романдары.
Жұмыстың бұл тараушасында жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан
Шолақ» романындағы Балуан Шолақ пен Ғалия арасындағы ғашықтық сезім,
махаббат мәселелері талданады.
«Балуан Шолақ» - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында күреске
толы ғұмыр кешкен өнерпаз тағдырынан өмір шындығына негізделіп жазылған
шығарма. Жазушы Балуан Шолақ ән-өлеңдерінің шығармашылық сырын
тереңнен ашады. Туындыдағы ұлттық психология – халық жанының пәктігін,
өнерге деген құрметін, сал-серілік, әншілік өнердің асқақтығын танытады.
Балуан Шолақтың болмыс-бітімі, көкірек көзі, сана-сезімі, ой-толғамы көп
адамнан артық бола тұра, сол әлеуметтік келеңсіздік пен кемсітушіліктің
тұтқынына айналады. Бойында қайрат пен күш бар, ақыл мен пайым бар, бірақ
оны әлеуметтік теңсіздік буып тастаған. Сол ғаламат күш оны сүйгені Ғалиямен
де еркін тұруына мүмкіншілік бермей, соңында адам қолынан қаза табады.
Бірін-бірі сүйген екі жас қауіпті қыспақта қалған.
25
Шығармадағы Ғалия бейнесі, өмір жолы тарихи деректен алшақ кетпейді.
Ізеттілік, ұлттық салт-дәстүрді бойына жинақтаған, жан дүниесі бай, тартымды
етіп суреттейді.
«Келіншектің қарақаттай мөлдір, күлімдеген көзі Нұрмағанбетке күн
сәулесінен өткір қадалып, оның өмірде жаннан жасқанбаған көзін тайдырып
жібереді. Сол өткір қарастан оның бойы отқа тиген қорғасындай еріп кеткен
сияқтанды, аузына сөз түспей, жаутаңдап қарай берді» [38,44-б.].
Ғалияның портретіне назар аударғанда, автор өз кейіпкерінің хал-күйін,
оның түрлі іс-әрекеттерін ашып көрсету мақсатында психологиялық талдаудың
эпикалық тәсіліне көбірек сүйенген. Жазушы бірде іс-әрекетті бейнелеп
отырып, кейіпкердің сезім әлемі, жан дүниесіне ойысу сияқты көркемдік
тәсілдерді шебер пайдаланған. Ғалия портреті кейіпкердің ішкі жан сипаты,
суреті есепті.
Балуан Шолақтың келе жатқанын естiген Ғалия оны iштей тосып-ақ
жүрген болатын. Тағдырдың табыстыруымен араға бiраз уақыт салып, қайтадан
кездескен Балуан Шолақ пен Ғалия бiрiн-бiрi асыға күткен ғашықтардай iштей
арпалысуда:
“Қараған сайын Ғалияға ол құмарта түстi. қазiр алғашқы екпiнмен жұтқан
жарты аяқ қымыздың өзi әрi өтпей, өңешiнде тұрып қалған сияқтанды. Өлең айт
деп қолқалаған кезде де домбыраға қолы жүрмей, аузына сөз түспей, жүрегiнде
бiр ән толқып, ол ән кеңiрдегiне сыймай кептелiп, тығылып тұрғандай болды”
[38,84-б.].
Осыдан кейiн жазушы екеуiнiң арасындағы көзқарасты, ерекше бiр сезiмдi,
қатты толқуды қалай жасырамыз дегенмен де іште сақтай алмай, сыртқа
шығарып алғандарын маңайында отырған жiгiттердiң байқап қалғанын мына
диалог арқылы бередi:
- “Дауылпаз деген бiр құс бар, дауысы жер жарады, қасына келсе
жұдырықтай” дегендей,- дедi бiреуi - Балуан, Балуан”, -деп жұрттың дәсердей
қылып жүргенi осы ма?! Қаңқайған денесi болмаса мынауыңда береке шамалы
екен!..”
- Бiлмей айтып отырсың,- дедi қасындағысы, – еркектiң сиқыры әйел емес
пе? Әйелге елтiмеген, әйел арбап, қуатын да қайратын да мұрындықтаған
түйедей жетегiне алғанын абайламай отырмысың?..” [38,84-б.].
Балуан Шолақтың көңiлi барлығын Ғалия ана жылы да көзқарасынан
аңғарған, бұл жолы да аңғарды: “Балуанға қараған сайын, жүрегiнде бұрын
бықсып жанған құмарлық оты қызына түстi…” [38,89-б.].
Жазушы екеуiнiң арасындағы сүйiспеншiлiктi сөзбен суреттемей, көбiне
iшкi сезiмге жеңдiредi, iс-әрекет үстiндегi ым-ишара, қимыл-қозғалыс, салт-
дәстүр түрiндегi қарым-қатынастар үстiнде көрiнiс берiп жатады.
С.Мұқанов адамның iшкi әрекетi өз алдына дербес құбылыс емес, ол
сыртқы практикалық әрекетпен, материалдық өмiр шындықтарымен тығыз
бiрлiкте ашылады дей отырып, кейiпкердiң iшкi әрекетiнен оның сыртқы
әрекетiне немесе, керiсiнше, тысқы әрекеттен iшкi әрекетке ойысып отырады.
Ұнату, жақсы көру сезiмiн бiлдiрудiң бiр жолы көзбен түсiнiсу, ымды
ұғыну, жүрiс-тұрысымен, қимыл-қозғалысын iзеттiлiкпен жеткiзу сияқты да
26
жолдары бар. Осындай әдемi де астарлы, қылықты да қызықты түсiнiсу
жолдарын жазушы шығармада жиi қолданады.
-Менiң бүгiн оралып келетiнiмдi қайдан бiлдiң? –дедi Балуан қуланған боп.
-Еркектiң әйелге деген бар сыры көзiнде тұрмай ма, Балуан - дедi Ғалия
күлiп, – көзқарасыңызбен айтып аттанбадыңыз ба маған, “кешке оралам” деген
сөздi?..
–Ә, солай ма едi? -деп Балуан мойындай қалды [38,92-б.].
Осы жолғы кездесулерi бұлардың тағдырын мүлдем өзгертедi. Бiрiн-бiрi
көптен берi бiлетiн адамдай тез түсiнiстiк тапты. Бiрiн-бiрi көруге деген
құштарлық туа бастады. Тосу, iздеп алаңдау, асыға күту сияқты жүрекке
тынышсыздық кiре бастайды.
Әсем Ақбозбен ел аралап, думан-сауықпен күн кешiрген Шолақ,
тағдырдың айдауымен бiр күнi бiр ауылда қыз ұзатылатын тойға кез келiп,
кешкi ойын-сауығында болады. Ел арасына танымал болып қалған басы сыйлы
өнерлi Шолақты ұзатылатын қыздың қасына отырғызады. Бұл кезде Шолақтың
жасы жиырма үштерге келген кезi болатын.
Қасында отырған қызға қараса: «аршыған жұмыртқадай аппақ жүздi,
мөлдiр көздi, мiнезi ойнақы бiреу екен» [38,86-б.].
Жазушы қыздың сыртқы келбетiн жiгiт қызығатындай етiп суреттей
отырып, мiнез-құлқындағы жеңiлтектiктi де ескертiп өтедi. Балуанның бала
жасынан бойына бiткен бiр мiнезi - аяғыштық болатын. Балқаштың өз күйеуiн
менсiнбейтiндiгiн айтып, «өмiрлiк панаңа ал!» деген өтiнiшiне қарсылық
бiлдiре алмай, өзiн ұнатып, өмiрлiк жар болуға бел буған қызды сүймеген
адамынан құтқаруға серт байласады. «Батыр аңғал келедi» дегендей, сол сәтте
көңiл жықпай бiрден шешiм жасауы өнерлi жiгiтке тән қасиет екенi бұрыннан
белгiлi.
Шығармада аз да болса Балуан Шолақтың өміріне қатысы бар өзіндік бір
ерекшелігімен есте қалған қыз – Татьяна.
Балуан Шолақ ояздың қара күшiне қарсы қара күш жасау ретiнде оның
қызы Татьянаны «ояз адамшылыққа келсе, мен де адамшылыққа келем» деген
ниетпен ұрлап алып қашып, тауға апарып паналайды. Жолда жолыққан
Ақылбай:
- Құсың құтты болсын!
- Менде өзiм сүйген бiр ғана құс бар, -дедi Балуан күрсiнiп,- одан басқа
бұлбұлдың да, тотының да керегi жоқ.
-
Кiм ол?
-
Ғалия.
-
“Сексен сұлу сылаңдап тұрсадағы Ғалияның алмаймын кiрпiгiне! -деп
шығарған әнiмдi естiп пе ең ?
-
Естiгем.
-
Сол сөзiм-сөз» [38,130-б.].
Осы бiр диалогтан да Ғалия Балуан үшiн тек аз уақыттағы ғана көңiл
көтерер адамы емес, оның шын сүйген ғашығы екендiгiн көрсетедi. Тау
басында Татьянамен бiрге болғанда ән айтылады. Айтылған әннiң әуенi
жүрекке өте жылы тиедi де, әнде үлкен бiр сыр жатқанын сезген қыз:
27
- Қандай ән?
- Ғашығыма шығарған…
- Жаңылмасам, естуiмше, ғашығыңыздың аты Ғалия болу керек?»-дедi
Татьяна Балуанның бетiне күлiмсiрей қарап [38,136-б.]. Осы әннiң әуенiне
елтiген екеуi де бiраз уақыттың қалай өткенiн де байқамады. Қыз тағы да ән
айтқанын қалап едi…
- Әр нәрсе дәмiмен, Тәнәйжан! – дедi Балуан, (“Татьяна” деген сөздiң
орнына “Тәнәйжан” деген сөз аузына қалай түскенiн Балуан байқамай да қалды.
Татьяна ол сөзге түсiнбегендiктен мән бермедi) [38,136-б.]. Ғалиясын еске
түсiрiп, сағынышын өлеңмен басқан Балуан көпке дейiн iшкi жан дүниесi
астан-кестен болып, сезiмнiң шеңберiнен шығып кете алмай, жаудың қызы деп
әкелген Татьянаға үлкен бiр iлтипатпен, сезiммен қарады. Балуанның
бойындағы үлкен адамгершiлiктi, кез келген ер азаматтың қолынан келе
бермейтiн шыдамдылықтың Балуан бойынан табылуы, көрсеқызар, жеңiл
ойлылықтан тазалығы бiр көрген нәсiлi бөлек Татьянаны да бейжай
қалдырмайды. Осы кездесудiң соңы Татьяна Балуанды шын ұнатып қалады.
Оны қоштасар алдында мойындап:
- Дүниеде екi сүю бар ма, аға?
- Жоқ!..
- Ендеше, мен сiздi ғана сүйем!..-дедi де, қыз өксiп жылап жiбердi.
- Рахмет сiзге!.. Мен ендi дүниеде адам барына да, достық барына да,
махаббат барына да сенем!..
Қызды бауырына басқан Балуан, не сөз айтарын бiлмей қалды.
-
Ал, хош, сүйiктi Тәнәйжан! -дедi Балуан, аз уақыт үнсiз тұрғаннан кейiн.
-
Хош! –дедi Татьяна әлсiз дауыспен, одан әрi сөйлесудiң қажетi жоғын
ұғып. Балуанның Ғалияға деген сертi бұзылмастай берiк екендiгiне оның көзi
әбден жетiп болған [38,139-б.].
Автор Балуанды бiраз сынға салып, бәрiнен де сүрiндiрмей алып шығады.
Яғни Балуан тек күш иесi ғана емес, махаббатқа берiк, сүйгенi Ғалияға деген
адал көңiлi осы тұста тағы да көрiнедi.
Жалпы Балуан сұлулыққа селсоқ қарамайды. Өнерлi сал-серiлердiң
бойындағы қыз құмарлық, жақсыға құштарлық Балуан бойынан да көрiнiп
жатады. Балуанның көңiл аудара қарауы Татьянаны да ойсыз қалдырмады.
Тағдырдың жазуымен жазықсыз қыздың аз күнгi Балуанмен бiрге болуы, қыз
жүрегiне өмiрлiк естен кетпейтiн жылылық ұялатады. Таза бiр әдемi
сыйласудың махаббатқа ұштасуын көремiз.
Елсiз-күнсiз биiк таудың басында, ќараңғы түнде, баспанасыз жерде оңаша
екеуден-екеу қалып, панасыз қызды шекпенiне бөлей, құшағына алған Балуан
қыз құшып жатырмын деген бөгде ойдан аулақ болды. Ойында тек сүйгенi
Ғалия ғана болады. Ғалияға деген берiк және адал жүрек сертiнен жаңылмады.
Жазушы “сексен сұлу сылаңдап тұрса дағы, Ғалияның алмаймын кiрпiгiне”
деген антынан Балуанды айнытқан емес. Сүйгенiнiң сенiмдi серiгi болып, өз
бақытына шамасы келгенше күресе алған, бар өмiрiн ғашығы Ғалияға арнаған
Балуанның бейнесi шығармада сәттi шыққан.
28
3.2 С.Жүнісовтің «Ақан сері» роман-дилогиясындағы ғашықтық
сарынның әлеуметтік маңызы.
С.Жүнісов Ақан өміріне қатысты барлық оқиғаларды сол қалпында
суреттеп қана беруден бойын аулақ салған. Яғни тиісті көл-көсір
материалдарды пайдалана отырып талдау, жинақтау жасауды көздейді. Ақан
өміріне байланысты негізгі мен өткінші шындықтардың ара салмағын ажырата
отырып көркем шындыққа айналдырған.
Ел арасында Ақан сері мен Ақтоқты туралы айтылып келген біраз аңыз
әңгімелерді оқи отырып, «Ақан, Ақтоқты, Жалмұқан хикаясының шындығы»
[39-б.] деген көлемді бір мақалаға тоқталып өтейік. Онда біршама деректер
келтіріліп,айтылған мәселелер нақты фактілермен дәлелденген. Ақтоқтыны
алып қашқан Ақан құтылмайтынын білген соң, Ақтоқтыны аттан лақтырып
жібергендігін, оның жараланғандығын жазады. Шынтуайтында оқиға басқаша
өрбіген. Ақан сері қызды алып қашқанда жаужүрек Жалмұқан мен оның
серіктері артынан қуып береді. Қуғыншылар: «Айырылып қалдық-ау, құтылып
кетті-ау?» деген сәтте Ақан мен Ақтоқты Есіл өзеннің алдында жатқан кәдімгі
сарымиға келіп тіреледі. Осы кезде қуғыншылар да жетеді. Ақан сері аттан
секіріп түсіп «маған бұйырмаған Ақтоқты, Жалмұқан саған да жоқ»,-деп
Ақтоқтының қабағының үстін қанжармен орып түсіреді. Қызыл қаны аспанға
шапшыған Ақтоқты талып құлайды. Бар адам жапа-тармағай соған ұмтылғанда,
Ақан атына мініп кетіп отырады. Бұл оқиғаның шын мәнісінде болғанын Ақан
серінің:
«Басыңды сарымида кесіп тастап,
Құныңмен даулассам ед өлгенімше», - деген сөздері дәлелдейді. Мұнан
шығатын қорытынды: Ақтоқты аттан құлағанда жараланбаған. Оның айдай
аппақ ақ жүзіне қанжардың мәңгілік өшпес таңбасын Ақан өз қолымен салған.
Осындай тарихи шындығы мен жазушының фантазиясы қоса өрілген
көркем туынды бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды мұра.
Ақтоқтыны Ақан алғаш осы шілдехананың үстінде көреді. Асыға күткен
сәтіне ақын жетеді. Топ арасынан аққудың балапанындай болып, кіріп келген
Ақтоқтыны жазушы былай суреттейді:
«Бір кезде жұрттың соңын ала Ақтоқтының маңдайы жарқ етті. Өзі де
айтса айтқандай-ақ екен. Тоқсан түрлі шөптің ішіндегі раушандай жайнап,
көздің жауын алғандай. Тостағандай қарақат көзі танадай жарқырап, бір-ақ уыс
беліне қиылған жағасыз қамзол қыналып, аппақ ұзын мойынды, жасы он
жетілерге келген қыз маңайындағы құрбыларынан ерекше көрінеді. Жүріс-
тұрысында еркіндік бар, өз жұртының алдында бір келісті еркелігі бар,
бойындағы мінсіз көркіне әдептілігі сай келіп, еріксіз Ақанды елең еткізген»
[40,46-б.].
Жазушы шығарманың өн бойында Ақтоқтыны әр қырынан оқырманына
жақындата түседі, тереңірек тануымызға мүмкіншілік жасайды.
Осындай үлбіреген Ақтоқтының жүрек түпкірінде ауыр бір мұң байқалады:
«Ер бала боп жүре бергенге не жетсін, шіркін... – деп жеңіл күрсініп қалды...»
[40,56-б.]. Ол мұң басының бос еместігі. Әкесі Бақтыбай Сүтемгеннен
29
Ақтоқтының қырық жетісін де алып, өрісі малға толып, қуанышы қойнына
сыймай, алған малының өсімін есептей алмай әуре болып жүрген тұсы.
Тартыс – шығарма үшін аса зәру емес, сонда ғана характер дараланады,
характер адамды танытады. Жазушы бұндай шешімге бірден әкелген жоқ.
Осыған дейінгі екеуінің араларындағы болған кездесулердегі ақтарылған
сырлардың, үнсіз жүрек ұғысуларының, кертартпа заманның кедергілерінің
тоғысып барып жеткен шегі осы байламға әкеліп тіреді. Бірақ барлық
жағдайдан хабардар болып отырған Жалмұқан бастаған Сүтемген ауылының
жігіттері жолды торауылдап, Ақтоқтыны сүйгенінен айырады.
Ақтоқтыны алып қашқан Ақанның соңынан қуып келген жігіттер бір
кездегі Ақанның әнін айтып, жаттап өскен бозбалалар. Бұған кім кінәлі? Уақыт
па, жоқ Адам ба?
«Ақан – бүкіл қарауыл атын, қала берді қазақ атын аспанға шығарар
ардагер емес, әрқайсысының әкесін өлтірген қаныпезер сияқты. Төніп тұрған
көп тобыр, қапысын тауып айдалада жалғыз Ақанды қанға боямақ» [40,186-б.].
Қоршауда қалған қос ғашық енді күресуге дәрменсіз. Жан-жақтан
садақтың оғынша қадалған мейірімсіз, қанды ауыз қасқырдың көзіндей
анталаған кісәпірлер төніп тұр. Ақтоқтының ойлағаны Ақанның жанының
жәбір көрмеуі еді. Есіне ақыл қылып айтқан апасы Ақтотының «Ақанды шын
сүйсең, басын сыйла, текке аяқ астында мерт болмасын, Ақан көптің Ақаны,
елдің Ақаны» деген сөзі түсіп:
« - Ақан аға, кездігіңді маған беріңізші»,-деді. Ақтоқтының бетін қайтарып
көрмеген Ақан ештеме ойламастан қолына қалай ұстата салғанын да
байқамады. Ақтоқты кездікті шапанының ішіне тықты.
« - Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен. Мен үшін
жүдеп мынадай ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп, Ақан сері
біреу ғана қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса
алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге өлу қолымнан келмеді. Бұғалыққа
мойынсұнар көп жасық қыздардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал
жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін
серуен құрар азат Ақтоқты емеспін, көгендегі басыбайлы қара тоқтымын,- деп
соңғы сөзін әрең құрап жылап жіберген Ақтоқты Ақанның мойнына асылып,
көкірегіне соңғы жасын төгіп-төгіп жібереді» [40,186-б.].
Ақан жеңіледі, қалтасы қалың, құрығы ұзын Жалмұқан жеңеді. Қалыңдығы
Ақтоқтыны ата жолымен қолына қондырады. Жазушы сол кездегі теңсіздікті,
әділетсіздікті әшкерелейді.
Қорыта келгенде, арқада ән салтанатын құрған атақты әнші, ақын,
композитор Балуан Шолақ, Ақан сері сияқты өмірін өнермен өрнектеген
С.Мұқановтың «Балуан Шолақ», С.Жүнісовтің «Ақан сері» дилогиясы –
ұлттық, халықтық сипаттағы әдеби мұра. Мұндағы ғашықтық сарын өнерді кие
тұтқан ортада бірде күйініш, бірде сүйініш әкеліп, алма-кезек ауысқан көңіл
толқынысын терең беруімен бағалы.
Достарыңызбен бөлісу: |