Қорытынды
Тілдерді салыстыра және салғастыра зерттеу бүгінгі таңда
көптеген тіл мамандары мен ғалымдар тарапынан үлкен қолдау табуда.
Салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімінің негізі ХІХ ғ. тілдерді
тарихи салыстыра зерттеудің әдісі болып табылады. Тілді жүйелі түрде
салғастыра зерттеудің шет тілін оқыту барысында, аударма теориясы
мен практикасы үшін алатын орны ерекше. Отандық салғастырмалы
тіл білімі саласында алғашқы зерттеулер орыс және қазақ тілдеріне
қатысты жүргізілгені белгілі. Бүгінгі таңда, Қазақстанның халықаралық
аренаға шығып, өркениетті елдер қатарына қосылуға талпыныс жасап,
халықаралық қатынастар өркен жайып отырған тұста, қазақ тілін шет
тілдермен салғастыра зерттеудің қажеттілігі туындап отыр. Бұлардың
қатарына қытай тілі мен қазақ тілінің синтаксистік ерекшеліктерін,
нақтылай түссек сөз тіркесі синтаксисін қарастыру да жатады.
Қытай тіліндегі сөз тіркесі синтаксисінің зерттелу тарихын үш
кезеңге бөліп қарастыруға болады. 1-кезеңде (1920 ‒ 1950 жж.) сөз
тіркесі арнайы қарастырылмай, тек оқу құралдарында шеңберінде
ғана айтылып келді. Қытай тіліндегі сөз тіркесіне қатысты анықтама
ағылшын тілінің дәстүрлі грамматикасындағы теорияларға негізделіп,
сол тұрғыдан берілді. Қытай тілінің ішкі ерекшеліктеріне айтарлықтай
назар аударылмады. 2-кезеңде (1950 ‒ 1978 жж.) сөз тіркесінің өзіндік
белгілері нақтыланып, басқа тілдік бірліктерден – сөз, сөйлем, қос
сөздерден (қазақ тілі тұрғысынан қарағанда күрделі сөз ‒ Т.Қ.)
ерекшеліктері айқындалып, сөз тіркесінің түрлері, байланысу тәсілдері,
құрылымы тереңірек зерттеле бастады. Сөз тіркесін зерттеуде олардың
құрылымдық ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінді. Сондай-ақ, толық
мағыналы сөздердің өзара тіркесінің сөз тіркесі, яғни “сызу”, толық
мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесінің құрылым, яғни “жегоу”
деген терминдермен аталып, өзара саралануы да осы кезеңнің үлесінде.
Қытай тілін зерттеуші орыс мамандары сөз тіркесінің табиғатын орыс
тілі теориясының негізінде түсіндірді. Қытай тілі сөз тіркестерінің
өз ерекшеліктеріне сай зерттеле бастауы 3-кезеңге
(1978 ж. бүгінге
дейін) сәйкес келеді. Осы кезеңде сөз тіркесіне қатысты “сызу” термині
“дуанюй” терминімен алмастырылды. Сөз тіркесін құрылымдық
тұрғыдан талдау “қос бөлшектер әдісімен” жүргізілді. Сөз тіркесі
деп тануда олардың функциясы негізге алынды. Толық мағыналы екі
сөздің тіркесі де, толық мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесі де
синтаксистік сөз тіркесі деп танылды. Сөйтіп, сөз тіркестерінің аясы
кеңейді.
155
Қазақ тіл білімінде сөз тіркесі синтаксисінің өзіндік табиғаты
айқындалып, зерттеу нысаны, әдіс-тәсілдері белгіленген. Зерттеушілердің
арасындағы талас мәселе ‒ салаласа байланысқан сөздердің сөз тіркесі
бола алуы немесе сөз тіркесін құрай алмайтындығы. Қытай тілінде
салаласа байланысқан сөздер еркін сөз тіркестері деп қарастырылады.
Бұл мәселе жөнінде қазақ тіл білімінде екі түрлі көзқарас қалыптасқан.
Бірі ‒ сөз тіркесі синтаксисінде, екіншісі ‒ жай сөйлем синтаксисінде
қарастыру.
Қытай тіліндегі сөз тіркесіне берілген анықтамаларға талдау жасау
барысында олардың бәрі бірдей сөз тіркесіне тән қасиеттерді толық қамти
алмайтындығы анықталды. Қытай тіліндегі сөздердің синтаксистік тобын
сөз тіркесі деп танудың негізгі белгілері мыналар болуы тиіс:
1) мағыналық жағынан өзара байланыста айтылатын кемінде екі
немесе одан да көп сөздердің (толық мағыналы сөздің өзара тіркесі,
толық мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесі) тіркесі;
2) сөздердің тіркесі аналитикалық тәсіл арқылы іске асады;
3) сөйлемде тұтас күйінде белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін
атқаруы.
Ал қазақ тілінде сөз тіркесі болу үшін:
1) сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болуы
керек;
2) ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және
синтаксистік байланыста айтылуы тиіс;
3) тіркескен сөздер өзара анықтауыштық, толықтауыштық,
пысықтауыштық қатынаста жұмсалуы керек.
Қытай тілінде толық мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесі еркін
сөз тіркесін құрай ала ма деген мәселеге қатысты үш түрлі көзқарас
қалыптасқан:
1) сөз тіркесін тек қана толық мағыналы сөздер құрайды;
2) өзара тіркескен толық мағыналы сөздер сөз тіркесі, ал толық
мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесі “құрылым” болып табылады;
3) негізгі сөз бен негізгі сөз, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркестері
сөз тіркестері деп аталады.
Біз соңғы көзқарасты қолдаймыз. Себебі қытай тілінде сөз тіркестерін
танудағы негізгі ұстанымдардың бірі – олардың сөйлемдегі функциясын
есепке алу. Бұл тұрғыдан келгенде толық мағыналы сөз бен көмекші
сөздің тіркесі осы талапты қанағаттандырады. Қазақ тілінде негізгі
сөз бен көмекші сөздің тіркесі түйдекті тіркес құрайды да, еркін сөз
156
тіркестерінің бір ғана сыңары ретінде жұмсалады. Түйдекті тіркес ‒
қазақ тілінде күрделі сөз тіркесін жасаудың бір жолы.
Предикативті құрылымдар қытай тілінде сөз тіркесі ретінде
қаралады. Бастауыш-баяндауышты сөз тіркестерінің қытай тілінде болуы
сөз түрлендіруші формалар өте аз немесе жоқ тілдердің табиғатына
тән елеулі өзгешелік болып табылатындығымен түсіндіріледі. Қытай
тілінде бастауыш пен баяндауыш тек орын тәртібі арқылы байланысады.
Бастауыш-баяндауышты сөз тіркесі тиянақты интонациямен айтылса
немесе сөйлем соңынан келетін демеуліктер қосылып айтылса,
ол бастауыш-баяндауыш құрылымды сөйлемге айналады. Қазақ
тілінде бастауыш-баяндауышты құрылымдарда баяндауыш әр түрлі
грамматикалық формада көрінеді де, сөйлемдік сипат иеленеді.
Бірақ қазақ тіл білімінде предикативті қатынас негізінде жасалған
құрылымдардың сөз тіркесі немесе сөйлемге қатыстылығы жайында
екі түрлі көзқарас қалыптасқан.
Сөз тіркесі мен сөйлем қытай тілінде құрылымдық жағынан ұқсас, олар
интонация және шылаудың көмегімен ажыратылады. Басты айырмашылық
олардың құрылымында емес, семантикасында болып табылады.
Семантикалық мазмұны жағынан сөйлем байымдауды білдіреді және
кез келген сөйлем интонациямен айтылып, біршама тиянақталған ойды
білдіреді. Сөз тіркесіне мұндай белгілер тән емес. Сөйлем ‒ динамикалық
күйдегі коммуникативтік бірлік, ал сөз тіркесі статикалық күйдегі сөйлем
құрауға қажетті бірлік. Қытай тіліндегі сөз тіркестерінің құрамындағы
сыңарлардың орны тұрақты, өзгертуге болмайды, ал сөйлемдегі сөйлем
мүшелерінің орын тәртібі біршама еркін.
Сөз тіркесі мен сөзді ажыратуда семантикасына иек артамыз. Ал сөз
тіркесі мен қос сөзді (қытай тілінде күрделі сөз негізгі морфемалардың
тіркесі арқылы жасалады) “кеңейту әдісін” қолданып, талдау арқылы
ажыратамыз. Сонымен бірге олардың семантикасы да басты назарда
болады.
Қазақ тілінде сөз тіркесінің сыңарлары өзара аналитикалық,
синтетикалық, аналитика-синтетикалық тәсілдер арқылы байланысса,
қытай тілінде тек аналитикалық тәсіл, дәлірек айтқанда сөздердің орын
тәртібі мен көмекші сөздер арқылы байланысқа түседі. Бұл айтылғандар бір
жағынан, қытай және қазақ тілдеріндегі сөздердің байланысу тәсілдерінің
ұқсас тұсын, екінші жағынан, қытай тілінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді.
Қытай тілінде сөз тіркесі құрамындағы сөздердің орнын ауыстыру
олардың грамматикалық мағынасы мен грамматикалық қатынастарына
157
елеулі әсерін тигізеді. Мысалы, сөз тіркесінің ұйытқы (басыңқы) сыңары
алдында келсе, толықтырғыштық қатынастағы, ал соңында келсе,
пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркесі деп есептеледі.
Қытай тілінде де, қазақ тілінде де сөз тіркесі құрамындағы сөздерді
байланыстыруда көмекші сөздер ерекше рөл атқарады. Олардың
өзіндік ерекшеліктеріне тоқталсақ: жалпы қытай тіліндегі көмекші
сөздер көп саналғанымен, олардың ішінде сөз байланыстырушылық әрі
грамматикалық мағына тудырушы қабілетке ие көмекші сөздер үшеу
ғана, олар: 的, 地, 得. Бұлардың ішінде 的 ‒ анықтауыштық қатынастағы,
地
‒ пысықтауыштық қатынастағы, 得 ‒ толықтырғыштық қатынастағы
сөз тіркесінің құрамындағы сөздерді бір-бірімен байланыстырады. Ал
сөздерді байланыстыратын жалғаулықтарға мыналар жатады: 和[he],
跟
[gen], 同[tong], 与[yu] және, бірге, мен (бен,пен); 及[ji] сондай-ақ; 或
[huo] я, не, немесе; 并[bing], 并且[bingqie] әрі, және; 而[er] да//де(та//
Достарыңызбен бөлісу: |