26
Шынжаң оқу-ағарту баспасынан шыққан «Қазіргі қазақ тілінде» сөз
тіркесіне: “Кемінде толық мағыналы екі сөздің синтаксистік бірігуінен
құралған, белгілі бір ұғымды білдіретін бірлікті сөз тіркесі дейміз”
деген анықтама берілген [54, 235 б]. Дұрысы, “сөз тіркесі белгілі бір
ұғымды білдіреді” дегеннен гөрі, “күрделі ұғымды білдіреді” деген
дұрысырақ сияқты. Осы оқулықта қос сөздерге мынадай анықтама
берген: “Сөздерді қосарлап, қайталап не бір буынын қабаттап айту
арқылы жасалып, бір ұғымды білдіретін сөздерді қос сөздер дейміз”
[54, 115 б.]. Қос сөздер де, сөз тіркесі де бір ұғымды білдірсе, онда
олардың қандай айырмашылықтары бар?
Сөз тіркесіне анықтама
бергенде оның басты ерекшеліктері толық қамтылу керек.
Гың Шымин: “Сөз тіркесі тиянақты (бірақ бөлшектеуге болатын)
ұғымды білдіреді, ол екі немесе екіден көп толық мағыналы сөздерден
құралады” деп анықтама берген [55, 213 б.]. Ғалым толық мағыналы сөз
бен көмекші сөздің тіркесі сөз тіркестері бола алмайтындығын былайша
түсіндіреді: “Сөз тіркесінің анықтамасында сөз тіркесі міндетті түрде
толық мағыналы сөздердің өзара тіркесі болатындығы айтылған, бұл
– өте маңызды, өйткені көмекші сөздер (көмекші етістіктер, көмекші
есімдер, септеуліктер, т.б.) – грамматикалық тәсілдер, олар тек толық
мағыналы сөздермен ғана тіркесіп қолданылады.
Отан үшін және
отанға дегендердің грамматикалық тұлғасы мен грамматикалық
мағыналарында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Сондықтан
да соңғысы –
сөз тіркесі емес, әрине, алдыңғысы да сөз тіркесі
болмайды...” [55, 213-214 бб.].
Біздіңше, толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздердің тіркесі
сөз тіркестері болмайтындығын септеуліктер мен септік жалғауларын
теңестіру арқылы дәлелдеу бір жақты пікір сияқты. Септеуліктер
мен септік жалғауларының қызметі жағынан ұқсастықтарына қарап,
екеуін
бір-бірімен теңестірсек, онда оларды бір-бірінен ажырату
қиынға соғады, септеуліктерге қатысты көптеген грамматикалық
құбылыстарды ашып түсіндіру мүмкін болмайды.
Қазақ тіліндегі
септеулік шылаулардың бірқатары сөз бен сөздің арасын септік
жалғаулары тәрізді байланыстыруға бейім тұратын болса, енді
бірқатары сөз бен сөздің арасын байланыстырудан гөрі өзінен бұрынғы
сөзге үстеме мағына қосуға, мағынасын нақтылай түсуге бейім тұрады.
Ал енді бірқатарлары сөз бен сөзді әрі ұластырады, әрі өзінен бұрынғы
сөзге үстеме мағына қосады [56, 48-49 бб.].
27
Чын Янян: “Екі немесе екіден көп толық мағыналы екі сөзден
құралған, бір ұғымды білдіретін тілдік бірлік” деген анықтама береді
[57, 208 б.].
Шынжаң Тіл-жазу комитеті шығарған «Қазіргі қазақ тілінде» сөз
тіркесі мына түрде анықталған: “Синтаксистік
қарым-қатынасты
білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтасқан тобын
сөз тіркесі дейміз” [58, 332 б.]. Бұл – М.Балақаевтің анықтамасы.
«Қытай және қазақ тілдерін салғастыра зерттеу» атты еңбекте:
“Толық мағыналы екі сөздің белгілі бір тәсілдер арқылы тіркесуінен
құралған тілдік бірлік сөз тіркесі деп аталады” деген анықтама береді.
Авторлар көмекші сөзді тіркестің сөз тіркесі бола алмайтындығы
туралы: “...қазақ тілінде көмекші сөздер сөз тіркесін құрай алмайды,
көмекші сөздер – грамматикалық тәсілдер, олар тек толық мағыналы
сөздерге тіркесіп қолданылады, мысалы:
Отан үшін және
отанға
дегендердің грамматикалық тұлғасы мен грамматикалық мағыналары
жағынан сөз тіркесі деп саналмайды.
Жаңа үй салынды дегеннің
құрамындағы
жаңа үй немесе
үй салынды дегендер сөз тіркестері
болады, өйткені олар өздерінің бастапқы лексилалық мағынасын сақтап
қалған толық мағыналы сөздер”, – дей келе, “...сөз тіркесі сөйлемнің
әрқандай мүшесі бола алады, ол бүтін бір ұғымды білдіреді”, – дейді
[59, 200-201 бб.].
Яң Ліңнің «Қазақ тілі бойынша зерттеулер» деген еңбегінде сөз
тіркесіне берілген анықтама: “Екі немесе одан да көп лексикалық
мағынасы мен грамматикалық
құрылымы жағынан байланысты
сөздерден құралған тілдік бірлік сөз тіркесі деп аталады” [60, 221 б.].
Автор анықтамаға дәлел ретінде келтірген мысалдардың қатарына
Тынық мұхиты, Халық Үкіметі сияқты күрделі сөздерді де қосып
жіберген.
Жоғарыда сөз тіркесіне берілген анықтамаларда авторлардың
сөз тіркесінің толық мағыналы сөздерден құралатындығын,
ұғымды білдіретіндігін және белгілі
бір заңдылықтар арқылы
байланысатындығын басты назарда ұстағанын байқаймыз.
Р.Әміров синтаксистік қатынасты білдіру үшін кемінде толық
мағыналы екі (немесе одан да көп) сөздердің сабақтаса,
салаласа
байланысқан тобын сөз тіркесі деп түсінеді [16, 10 б.].
Автордың анықтамасынан салаласа байланысу арқылы сөз тіркесі
жасалатындығын қуаттайтындығын байқауға болады.
Қазіргі қазақ тіл білімінде еркін сөз тіркестері туралы ондаған
жылдар бойы қалыптасқан анықтама бар: “Синтаксистік қарым-
қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса
байланысқан синтаксистік тобын сөз тіркесі дейміз”.