IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы Оның үстіне егер Тойнбидің түсінуінде адамның түпкі мәні
жасампаздық болса, ал оны жаңа нәрсені тудыру, жарату деп
түсінсек, ол тек адамға ғана тән нәрсе емес, табиғи процестерде де
бар, ондада жаңа нәрселердің туып жататынын білеміз. Олай болса,
жаратымпаздық тек адамдардың өзіндік мәні бола алмайды.
Ал егер адамға ғана тән нәрсені айтсақ, ол әрине, еркіндік деп
көрсетіледі, – аталмыш еңбек авторлары [1, 52 б.]. Бірақ адамға ғана
тән еркіндік – олардың өз өмір жолын, өмір сүруінің түпкі мағынасын,
мақсатын өздерінің таңдап, өздерінің ғана шеше алуға мүмкіндігі.
Ол мүмкіндікті әркімнің өзі іске асыруы да, асырмауы да мүмкін.
Яғни, ол бұлтартпайтын қажеттілік емес. Осы тұрғыдан қарағанда
адамдардың ондай таңдаулары барлық уақытта дұрыс, ақиқат таңдау
болады дегенді білдірмейді. Таңдаулар сыртқы бір бұлтартпайтын
Заңның күшімен болмайтындықтан екінің бірінде мағыналы нәрсе
бола бермейді. Даму да, жасампаздық та тек еркіндіктің белгісі
ретінде тек адамдарға ғана тән. Және ол таңдау болғандықтан
мүмкіндік дәрежесінде айтылып отырған концепциядан шығатындай
белгілі бір халықтың немесе мәдениеттің деңгейін, қалпын ондағы
еркіндіктің қаншалықты берік орныққандығымен, түпкі құндылық
деп саналатындығымен, оның сақталу мүмкіндігімен, оның
толықтығымен өлшеу қажет дегенді қолдаймыз.
Көшпенді қазақ қоғамы, әрине, техниканы, ғылым мен білімді,
әртүрлі әлеуметтік институттарды дамыту, яғни күштілік пен әлеу-
меттілікті үдетуде тоқырап қалды. Соның нәтижесінде ол жағынан
ілгерілеп кеткен, қарулардың барлығымен жарақтанған халықтар мен
мәдениеттерге тәуелділікке душарланды. Дербестіктен айырылып,
даму мүмкіндіктерін жоғалтты. Себебі, өз жолын өзі таңдаудан қалды.
Көшпенділер мешеулік қалыпқа түсті. Бірақ, Тойнби айтқандай олар
өздерінің адамдық мәнін тәрік еткен жоқ. Олар еркін өмірінің ең
алғашқы қарапайым қалпына тым берік болып қалды. Сол үшін де
жер бетінен алаңсыз жоқ болып кетуге жақындады. Көшпелі қазақтар
еркіндікті сақтау, дамыту, толыстыру үшін оны қаруландыру керек
екендігін ескермеді. Бұл, әрине, үлкен кемшілік, бірақ адамдықтан
айну емес. Зерденің қуатымен, оның жетістіктерімен қаруланған адам,
әрине, күшті бола алады, бірақ барлық уақытта қайырымды бола
бермейді. Қуаттылықтың адамдықтың өлшемі бола алмайтындығын
талай ойшылдар көптен айтып келеді.
Осы айтылған сарындағы ой кешулер Батыс, оның ішінде әсіресе
Еуропа ойшылдарында ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін, ХХ ғасырдың
2-жартысында басымдық алды. Оған түрткі болған сол әлемдік
трагедияның ащы сабақтары.