154
Германияда Гейне, т.с.с. Сонымен бiрге романтизмге тән адамның iшкi
“менiне” тереңдей бойлауға талаптану ХlХ ғасырдағы Батыс әдебиетiнде
пайда болған психологиялық реализмге iз аша бастады.
XIX ғасырдың 40-жылдарынан бастап Европаның басты елдерiнде өзiнiң
тұғырлы орнын сыншыл реализмге бере бастағанымен, романтизм негiзгi
көркемдiк әдiс ретiнде әдебиет төрiнен бiрден ығысып кеткен жоқ. Тiптi
сыншыл реализм нығайған тұстың өзiнде романтизм белсендi позициясын
бере қоймады. Мысалы, Францияда романтик В.Гюгоның “Отверженные”,
”Тоқсан үшiншi жыл ” романдары реалист жазушылар О.де Бальзак пен
Стендальдардың шығармашылық жолдары аяқталған тұста дүниеге келгенi,
М.Ю.Лермонтовтың романтикалық поэмалары өз тұсындағы өзге реалистiк
шығармалармен қатар жазылғаны мәлiм.
Романтизм тағдыры мұнымен де тәмәмдалған жоқ. Араға жылдар салып,
мүлде жаңа тарихи жағдайларда қаламгерлер көркемдiк бейнелеудiң
романтикалық тәсiлдерiне жиi оралып отырды. Реалистiк және романтикалық
дүниелердi қатар жасаған Горький қоғамды өзгертуге құштар, асқақ бiтiмдi
кейiпкерлерiн, күрес пафосын реалистiк дүниелерiнен гөрi өзiнiң
романтикалық туындылары арқылы толық бере алды. Дәлел ретiнде
“Кейуана Изергильдегi” Данконы, ”Сұңқар туралы жыр” мен ”Дауылпаз
туралы жырды” айтқан орынды.
Қазiргi кезеңде романтизм тұтастай көркемдiк бағытты құрай алмайды.
Тек қана жекелеген қаламгерлер шығармашылығында романтизм сипаттары
ұшырасады. Сондай-ақ, романтизм әсерi кейiнгi кезеңдердегi неоромантизм,
символизм, экспрессионизм бағыттарында, сондай-ақ сюрреалистiк поэзияда,
т.с.с. авангардтық ағымдарда байқалып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: