БҚму хабаршы №2-2016ж


СҰЛТАНМАХМҰТ  ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ  АЗАТТЫҚ ИДЕЯ



Pdf көрінісі
бет33/40
Дата28.02.2017
өлшемі4,16 Mb.
#5072
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   40

СҰЛТАНМАХМҰТ  ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ  АЗАТТЫҚ ИДЕЯ 
 
      Аңдатпа.  Бұл  мақалада  С.Торайғыровтың  ұлт  мәселесін  көтерген 
өлеңдеріндегі  азаттық  идея  кеңінен  сөз  етіледі.  ХХ  ғасыр  басындағы  алаш  
зиялыларының  басты  мақсатына  ақынның  қолдау  көрсетіп  отырғандығы  жете 
зерделенген.  С.Торайғыровтың  «Анау-мынау»,  «Сарыарқаның  жаңбыры»,  «Алаш 
ұраны»  өлеңдерінен  сол  уақыттың  шындығы,  қазақтың  өз  алдына  жеке  ел  болу 
идеясын  қолдап,  жұртының  ауызбіршілігін  қалайтындығы    қарастырылып, 
ақынның негізгі ұстанымы талдауға алынады.  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
261 
     Тірек  сөздер:  Бостандық,  алаш  идеясы,  ұран,  Алаш  партиясы, 
ауызбіршілік, Алашорда үкіметі,  ұлт, заман.  
 
ХХ  ғасыр  басында  ұлт  мәселесін  көтеріп,  елінің  ертеңіне  қам  жеген 
ақындардың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол – өз жұртының мүддесі үшін 
алаш    зиялыларының  басты  мақсатына  қолдау  көрсетіп  отырған  дарынды  ақын. 
С.Торайғыровтың алаш қозғалысының іргесін қалаған қазақ оқығандармен қарым-қатынас 
орнатуы  оқу-білім  іздеп  келген  Тройцк  шаһарында  басталған.  Тіпті,  оның  ақын,  азамат, 
публицист ретінде қалыптасуына да Троицк кезеңінің айрықша маңызы болды.  
Барлық  қазақ  оқығандары  тәрізді  ақпан  төңкерісін  бостандық  әкелді  деп  зор 
қуанышпен қарсы алған Сұлтанмахмұт 1917 жылдан бастап ел мүддесі жолында игі 
іспен айналысуды өзінің парызы деп санап, алаш партиясының түрлі  шараларына өз 
үлесін  қосуға  бел  байлайды.  Семей  облыстық  қазақ  комитетінің  құрамына  мүше 
болып  енгеннен  кейін  «Айқаптағыдай»  хатшы  ретінде  қызмет  жасап, 
алашордашылар  шығаратын  «Сарыарқа»  газетінде  бостандықты  дәріптейтін 
туындыларын да жариялайды.  
Сұлтанмахмұттың «Сарыарқа» газетінде «Алаш ұраны» (1917, 21 қараша, №21) атты 
өлеңді  жазуы  да  оның  Алаш  қозғалысын  қолдауының  ең  басты  айғағын  танытады. 
Академик  З.Ахметов    айтқандай,  «Сұлтанмахмұт  алаш  партиясының  ұранын,  алаш 
үкіметінің  бостандық  жолымен  елді  көгерту  мақсатын  өз  жанына  жақын  санап,  бар 
ықыласымен құптады» [1, 86 б.].Сонымен, Сұлтанмахмұттың алаш қозғалысына қатысты 
ой-пікірлерін,  дүниетанымдық  ұстанымы  мен  тарихи  көзқарасын  тұтастай  айқындауда 
азаттық идеяны жырлаған шығармаларына ғана тоқталамыз.  
Патша  отаршылдығының  әбден  шегіне  жеткен  тұсында    өмір  сүрген 
Сұлтанмахмұттың  біршама  өлеңдерінде  ағартушылықпен  қатар,  елінің  мұң-шерге 
толы  халі  басым  жырланады.  Ақынның  өз  халқының  тағдыры  мен  болашағына 
алаңдаушылығы молынан сипат алады. Айталық, «Анау-мынау» [2] өлеңінде: 
Анау қырда татар тұр, 
Басқалармен қатар тұр. 
Мынау ойда қазақ тұр, 
Қастарында азап тұр,– 
деп  бастап  оқырманға  ой  салады.  Өлең  зерттеушілердің  дерегі  бойынша                
1912  жылы  жазылған.  Ақынның  татарды  басқалармен  қатар  тұрғызуында  да  үлкен 
мән  жатыр.  Өйткені    1912  жылдың  12  қарашасынан  1917  жылғы  26  ақпанға  дейін 
Ресей  Мемлекеттік  ІV  Думада  қызмет  еткен  мұсылман  халықтарының  6  өкілінің 
ішінде татар халқының жайын ойлайтын Қазан губерниясынан шыққан депутат бар. 
Ал қазақтардың қасында қандай азап тұрғанын осылай-ақ емеурінмен екерткен еді.  
Ұйқысы көп, ояу аз, 
Бұл не деген ғажап тұр? 
Бұл ұйқысын ашпаса, 
Надандықтан қашпаса, 
Хахолдарға мазақ тұр. 
Қазағының  оқу-білімге  ұмтылып  оянуын,  жерін  тонап  жатқан  хахолдарға  таба 
болмауын қалаған ақын ел ішіндегі келеңсіз жайттарды да сын тезіне алып өтеді. Сондай-ақ 
бір сәт ел қамын жеген жастардың, қазақ оқығандарының ісіне сүйсініп те отырады.  
Анау қырда жастар тұр, 
Алға қарай бастап тұр. 
Оян-дағы тез жүр деп, 
Дамыл таппай қақсап тұр. 
Ақынның  бұл  арада  Міржақып  Дулатов  бастаған  алаш  зиялыларын  мегзеп 
отырғаны аян. Және де олардың аңдыған дұшпандары бар екенін де былай ескертеді: 
Аңдыған оны қастар тұр,  
Көңілі соқыр мастар тұр. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
262 
Атайын деп толтырған 
Қойындарында тастар тұр. 
Осылайша,  ел  тағдырына  жайбарақат  қарай  алмаған  ақын  ұлт  зиялыларының 
игі  істерін  құрметтеп  қана  қомай,  оларды  «ұйқысы  көп,  ояу  аздарға»  үлгі  етеді. 
Сұлтанмахмұттың  «Тұтқындағы  Байтұрсынұлының  «Масасына»  деген  өлеңінде  де 
осы мәселе сөз етіледі. 
Бағаң жоқ көр соқырдың көз алдында, 
Мұңыңды жылап шақшы өз алдыма: 
Гауһар тұрсын, айырып алтыныңды, 
Аузына керек тас деп бір алды ма?– 
деп  көр  соқырларға  «Масаның»  қазақ  үшін  зор  маңызын  ұқтырғысы  келеді. 
Ақын  «Сен  сұңқар,  көңілі  соқыр,  сенімен  қас,  Өзінің  болмады  деп  қарғасындай» 
дегенді  айтқанда  да  Ахмет  Байтұрсынұлын  сұңқарға,  «Масаның»  құнын  бағалай 
алмайтын  қарға  сияқты  көре  алмаушылардың  көңілін  соқырға  балап,  ол  уақыттың 
шындығын ашып көрсетеді. 
Елінің  азаттығын  аңсаған  ақынның,  әсіресе,  1917  жылдарда  жазған 
өлеңдерінде  ерекше  серпіліс,  көңілінің  қуанышы  анық  сезіліп  жатады.  Патша 
тағынан  құлағанда  отаршылдық  езгіде  қалған  қалың  елінің  еңсесі  көтеріледі  деп 
қуанған  зиялы  қауымының  ішінде  Сұлтанмахмұт  та  болды.  «Патша  үкіметінің 
қанаушылық  саясатынан  жапа  шегіп,  әлеуметтік  ой-пікірлерін  ашық  айтуға 
мүмкіндігі  болмай  келген  ағартушы-демократтық  бағыттың  өкілдері  бостандық, 
тереңдік атаулының қандай сипаттысын болса да тілеген едік. Сондықтан да олардың 
буржуазиялық  Февраль  революциясын  қошеметпен  қарсы  алғандарын  кінәлауға 
болмайды.  Өйткені  олардың  жалпы  өресі  бұдан  да  гөрі  түбегегейлі  қоғамдық 
өзгерістің бар екендігіне жетпейтін және күрес жүргізіп жатқан пролетариаттың шын 
мақсатын  жете  түсінбейтін.  Міне,  осыдан  келіп  революция  дәуірінің  шындығын,  оның 
алған  бағытын  жалпылама  жырлаған  және  идеялық  қайшылыққа  ұрынған  беталыстар 
болды»  [3,  19-20  бб.]  деген  пікірлерге  ақынның  «Сарыарқа»  газетінде  жарық  көрген 
«Сарыарқының жаңбыры» (1917,10 қазан) сияқты өлеңін қарастыруға болады. 
«Сарыарқаның жаңбыры» деген өлеңін ақын: 
Көп уақыт жаңбыр көрмей қурап, күйіп,  
Жоқ еді Сарыарқада көрер сиық.  
Сол қатарда шөлдеген жан-жануар 
Аузына тұра алмаған тілі сыйып,– 
деп  кең  даланың  шөлдеп  сусаған  көрінісінен  бастайды  да,  елінің  көктен 
жаңбыр  күтіп  құдайға  жалбарынғанын,  кенеттен  жұртының  зарығып  күткен 
жаңбырдың  астында  қалғанын  сипаттайды.  Тіпті,  судың  молдығынан  үйлері  құлап 
мазасызданғандар мен кемпір-шалдың от жаға алмай әбігерге түскені арқылы үлкен 
бір  өзгерісті  айтқысы  келеді.  Яғни,  ол  –  бостандық  жайы.  Өлең  қорытындысында 
ақынның өзі осылайша тұжырым жасайды:  
Бұл мысалдың мәнісін ұға алсаң сен, 
Келген заман – бостандық жаңбырмен тең. 
Уақытша тезек құрғақ болмады деп, 
Кемпірдей қашпа құдай рахметінен. 
Жаңбырдан соң көгерген Сарыарқадай 
Бостандықтың күшімен көгерсін ел! 
Сұлтанмахмұт  осы  өлеңінде  1917  жылғы  ақпан  төңкерісін  қурап  жатқан 
меңіреу далаға жан бітіріп, елінің көсегесін көгерткен жаңбырға теңейді. Сондай-ақ 
ақын  «Жаңбырсыз  ескі  қалпым  жарар  десең,  Жылан-шаян  өршиді,  болғаның  жем» 
дегенді  де  ескертеді.  Бұл  арада  «ыстық  жерде  өршитін  жылан-шаяны»  патша 
отаршылдығының  қолшоқпарлары  екені  тағы  белгілі.  Ақын  «жылан-шаяндарды» 
жаңбыр құйып жауғанда «жан сақтауға ін таппай қалтылдаған» деп суреттеу арқылы 
олардың да шынайы келбетін ашып кетеді. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
263 
Ақпан  төңкерісінен  кейін  елінің  толық  азаттығына  қол  жеткізу  үшін  алаш 
қайраткерлері  Алаш  партиясын  құрып,  батыл  қимыл-әрекет  жасауға  кірісе  бастаған 
кезінде Сұлтанмахмұт  «Сарыарқа» газетінде «Алаш ұраны» (1917, 21 қараша) атты 
өлеңін  жариялайды.  Ақынға  кеңес  дәуірінде  «байшыл»,  «ұлтшыл»,  «ұсақ 
буржуазияшыл»,  т.б.  орынсыз  айыптаулардың    тағылуына  осы  өлеңінің  де  қатысы 
бар екенін тағы білеміз. 
Сонымен,  1917  жылдың  20  наурызында  Петроградтан  жолдаған  Әлихан, 
Мұстафа,  Міржақыптың  «Алаш  ұраны»  атты  мақаласындағы:  «Азаттық  таңы  атты. 
Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай 
арман  қалған  жоқ.  Неше  ғасырлардан  бері  жұрттың  бәрін  қорлықта,  құлдықта 
ұстаған жауыз үкімет өзгеге  қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға 
кетті...»  (Қазақ,  1917,  №225,  12  сәуір)  деген  алаш  қайраткерлерінің  зор  қуанышы 
Торайғыров өлеңінде де жалғасын табады.  
Расында  да  «Алаш  ұраны»  сол  уақыттарда  Алашорданың  гимніне  айналды. 
Ақынның  әр  топтаманы    «Алаш  туы  астында»  деп  бастап,  соңын  «Жасасын  алаш, 
жасасын!» деген ұранымен аяқтап отыруы өлең рухының биіктігін асқақтата түседі. 
Бес топтамадан тұратын бұл өлеңнің алғашқы бөлімінде:  
...Құрт аурудай жайлаған,  
Құртпаққа бізді ойлаған,  
Қанымызға тоймаған, 
Қолымызды байлаған,  
Ерімізді айдаған, 
Елімізді лайлаған. 
Жерімізді шимайлаған, 
Өшті залым қарасы,– 
деп  қазаққа  құлдық  қамытын  кигізген  отаршылдықтың  шынайы  келбетімен 
таныстыра  отырып,  сол  залым  патшаның  құлағанына  шексіз  қуанышын  жеткізеді. 
Екінші топтамада  «...Заң жасайтын орынға,  Жұртпен бірге барамыз! Қатардан орын 
аламыз!» деп Алаш партиясынан бөлек, ел мәселесін шешетін үлкен құрылтайларда 
өз  мүддесін  өзі  қорғай  алатын  қазақтың  да  орны  болды  деп  жүрегі  жарыла  шаттанады 
ақын. Ал үшінші топтамада алашты көркейту үшін жанын құрбан етуге де даярларды паш 
етсе,  төртінші  топтамада  «...Не  жақсылық,  не  қайғы,  көрсек  бірге  көрдік  біз!»  деп  алаш 
үшін өлуге дайын жандардың ауызбіршілігін қалайды. Соңғы топтамада ақын:  
Алаш туы астында 
Күн сөнгенше сөнбейміз! 
Енді ешкімнің алашты  
Қорлығына бермейміз! 
Адамдықтың жолына 
Бастаған ерлер соңында  
Басқаға көңіл бөлмейміз! 
Қандай шайтан келсе де, 
Алдауына көнбейміз! 
Өлер жерден кеттік біз,  
Бұл заманаға жеттік біз, 
Жасайды алаш, өлмейміз! 
  Жасасын алаш, жасасын! 
деп  алаш  қайраткерлерінің  қазақтың  өз  алдына  жеке  ел  болу  идеясын 
қолдайды. Сол заман ақиқатын көз алдымызға анық елестеткен бұл өлеңнің ең өзекті 
түйіні десек те болады.  
Сұлтанмахмұт  «Алаш  туы  астында»  жиналған  қазақ  зиялыларының  көксеген 
асыл мұратын қолдап қана қоймай, олардың ең жанашыр тілекшісі  бола білді. 
 Ұлт  азаттығы  үшін  күрескен  қазақ  зиялыларын  елге  таныстыру  мақсатында 
жазған ақынның «Таныстыру» поэмасы осының айғағы десек те болады.  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
264 
Поэмада  ақын  таныстыратын  тұлғаларды  қара  қазақ  пен  оқыған  азамат 
арасындағы  сұрақ-жауап  арқылы    көрсетеді.  Поэмада  ақын  оқушысын  ең  алдымен 
қазақтың  бағына  туған  ғажап  заманға  назар  аударта  отырып,  қара  қазақ  сауалы 
арқылы  Семей  облысының  көш  басшы  адамдарын  таныстырғысы  келеді.  Бұл  қалай 
деген  заңды  сұрақ  та  туатыны  белгілі?  Алайда  «мұндай  заманда»,  яғни,  Алаш 
партиясының  құрылып,  жеке  қазақ  автономиясына  ұлт  зиялыларының  ұмтыла 
бастаған тұсында ақын өзіне де үлкен міндет жүктегендей. Анығырақ айтқанда, 1917 
жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткізілген Екінші жалпықазақ съезде 
«Алашорданың  тұратын  орны  –  Семей  қаласы  болсын»  деп  қабылданған  қаулымен 
жете  таныс  Сұлтанмахмұт  осы  Алашорда  үкіметінің  төрағасымен  қоса,  оның 
айналасында қызмет ететін қазақ зиялыларына тоқталып өтуді жөн санаған тәрізді.  
Ақын  Оқығанның  атынан  жауабын  бергенде  ең  алдымен  бар  қазаққа  мәлім 
Әлихан Бөкейхановты таныстырудан бастайды:  
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,  
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.  
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан, 
Талассыз жеке дара тұр ғой өзі. 
Әрі  қарай  ел  үшін    құрбандыққа  жанын  беруге  дайын  алаш  қозғалысының 
жетекшісі  Әлиханның  бит,  бүрге,  қандалаға  таланып,  «сасық  ауа,  темірлі  үйде 
зарығып алаш үшін бейнет көрген» қиындықтары шынайы сипатталады.  
Түймеге жарқылдаған алданбаған, 
Басқадай бір бас үшін жалданбаған. 
Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,  
Басқа ойдан өмірінде малданбаған... 
Осылайша,  поэмада  алаш  қозғалысының  серкесі  Әлихан  Бөкейхановтың 
қайсар  қайраткерлік  бейнесі  сомдалады.  Оқығанның  аузымен  Әлиханды  бар 
қазақтың жанына жақын азамат етіп бейнелеуі де тегін емес. Өйткені ХХ ғасырдағы 
қазақтың мемлекет қайраткері, зерттеуші ғалым, публицист, әдебиетші, алаш көсемі 
Әлихан  Бөкейхановты  Сұлтанмахмұтқа  дейін-ақ  А.Байтұрсынұлы,  М.Дулатов,  
М.Жұмабаев  сынды  оқыған  замандастары  да  өз  шығармаларында  зор  құрметпен 
бағалаған еді.  
Поэмада Әлихан Бөкейхановты Қара қазақ та жете біледі.   
Басында ол қарағым тұр ғой дайын,  
Тек ұзақ өмір берсін бір құдайым. 
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,  
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын...  
 Қара қазақ Ә.Бөкейхановпен бірге  Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты 
еске  алып,  «Бірі  күн,  бірі  шолпан,  бірі  айым»  деп  үшеуін  де  алаш  қозғалысының 
көсемдері ретінде бағалайды. Осы орайда зерттеуші Ө.Әбдиманұлы «Ақын міндеті – 
қазақтың  ұлтын  сүйген  ұландары  туралы  кейінгіге  сөз  қалдыру.  Мұны  көрегендік 
десе болғандай. Кейін ұзақ жылдар бойы сол ұлылардың аты аталмай, шығармалары 
оқылмай,  тарихымыздың  «ақтаңдығына»  айналарын  Сұлтанмахмұт  сезімтал  жүрегі 
сезінген  болуы  керек.  Басқасын  былай  қойғанда,  ақынның  осы  поэмасы  –  алаш 
азаматтарының  тарихтан  алар  орнын  айқындап    беруімен  бағалы»  [4,  270  б.]  деген 
пікір білдіреді.  
Жалпы, Сұлтанмахмұт бұл поэмасында оқыған да қара қазақ та  білетін Әлихан 
Бөкейханов,  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Міржақып  Дулатовты  алдымен  ерекше 
таныстырып  өтеді  де,  содан  соң  Шәкәрім  Құдайбердіұлы,  Әлімхан  Ермеков,  Халел 
Ғаббасұлы,  Мұқыш  Поштайұлы,  Жақып  Ақбайұлы,  Нәзипа  Құлжанова,  Нұрғалы 
Құлжанов  сынды  жұрт  қамын  ойлаған  азаматтарды  рет-ретімен  тарихтағы  орнын 
бағамдауға  көшеді.  Ақынның  мақсаты  олар  туралы  білетіндерін  ортаға  салып, 
еңбектерін елге таныту, жасаған ісін үлгі қылып көрсету.  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
265 
Поэмада «Солардан басқа кеше кім бар еді...» деген Қара қазақ сөзінен кейін Оқыған 
таныстыруды қазақ зиялыларының жас буын өкілі Әлімхан Ермековтен бастайды.  
Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен, 
Келеді екінші болып бұл ретпенен. 
Қазақта мұндай жігіт көрмедім, – деп, 
Ардақты қарт Потанин лепес еткен. 
Ақын  Әлімханның  орыс  ғалымдарына  танымал  талантымен  қоса,  жастар 
арасында  ақ  жүрек,  алғыр  ойлы,  адалдығымен  қадірлі  екенін,  сондай-ақ  «Томдағы 
инженерлік  сабағында...»  дей  отырып  жас  жігіттің  өмірдегі  ұстанымдарына  да 
тоқталып өтеді. Тіпті, оның азаматтық қасиеттерін дәріптегенде қара басының қамын 
күйттеген жастармен қатар ала отырып шынайы сипаттайды. Ақын елі десе ет жүрегі  
елжіреген жас азаматтың жарқын бейнесін сомдауда Қара қазақтың да айтары барын 
ескереді. Қара қазақ алдымен Оқығанның сөзін растап алады да, 
...Меніңше, Ермеков деген бала, 
Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға. 
Сөз білімін сынайтын жер ілгері, 
Әзіргісі адал ғой жеке дара... – 
деп  жас  жігітті  «ұшқыр  қыран  қаршығаға»  балап,  адалдығына  құрметпен  қарайды. 
Сенгіш, адал, шыншыл жігіттің қадірін ел білсе екен деп тілейді.  
Ақынның Оқығанның аузымен келесі таныстыратын тұлғасы Ғаббасұлы Халел 
мырза  болатын.  Сұлтанмахмұт  поэмада  «Жас  жігіт  университеттен  оқып  шыққан» 
деп,  оның  білімді,  терең  ойлы,  алысты  болжағыш  қырағы,  бастаған  ісінің  түбіне 
дейін  апаратын  іскерлігін  дәріптейді.  Оқығанның  аузымен  Х.Ғаббасұлының 
қайраткерлік тұлғасын айқындаған ақын енді Қара қазақ арқылы көпшіліктің назары 
да осындай жас буын өкілдерінде екендігін былай білдіріп өтеді:  
...Меніңше, Халел деген сынсыз жүйрік, 
Не түрлі ұзақ салсаң шабар шүйгіп. 
Арбайып қол-аяғы алдан келер, 
Алашты қақпайсың ба, сонда сүйсініп.  
Сұлтанмахмұттың келесі таныстыратыны Мұқыш Поштайұлы, Жақып Ақбаев, 
Биахмет Сәрсенов сынды азаматтар   болатын.  
Онан соң Поштайұлы Мұқыш келер, 
Білмеймін халық аузы бұған не дер. 
Өзі юрист, жас жігіт жаңа талап, 
Шықпайды деуге бола ма мұнан өнер... 
Поэмада  Оқығанның  атынан  Мұқыш  бейнесі  осылайша  сипатталса,  ал 
оның  бар  болмысы  мен  жасаған  істері  Қара  қазақтың  көңіліне    жақпайтынын 
байқаймыз.  Тіпті,  оларды  санамалап  тізіп  те  шығады.  Жақып  Ақбаевты  да 
Оқыған мен Қара қазақ сынға алады.  
Белгілі Жақып мырза Ақбайұлы, 
Қызмет қылар кісінің бұ да бірі. 
Азды-көпті атағын былай қойып, 
Тексергенде мынау ғой оның сыны...– 
деп  бастайды  да  әрі  қарай  Оқыған  оның  бар  мінез-құлқын  сын  тезіне  алып, 
жақтырмайтын  қылықтарын  жайып  салады.  Қара  қазақ  та  Оқығанның  сөзін 
мақұлдап,  Жақып  пен  Райымжанның  сайлауға  түсердегі  істеген  іс-әрекетін  түгел 
баяндап  шығады.  Поэмада  «Ісі  де,  таланты  да  қалыспайды...»  деп  таныстырылған 
Биахмет  Сәрсенов  те  осы    жалпықазақ  сиездерінде  осындай  қызмет  атқарып, 
А.Байтұрсынұлы,  М.Жұмабаев,  Е.Омаров,  Т.Шонанұлылармен  біріге  Білім 
комиссиясының құрамына кіреді.       
 «Таныстыру»  поэмасында  ақын  енді  тек  Оқығанның  атынан  Нәзипа  ханым 
мен  Нұрғали  Құлжанұлын  таныстырады.  Шығармада  Нәзипа  Сегізбайқызы  –  қазақ 
әйел  затынан  шыққан  жалғыз  тарихи  тұлға.  Ерлі-зайыпты  Нәзипа  мен  Нұрғали 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
266 
Құлжановтардың  қазақ  халқының  мәдени  тарихында  өзіндік  із  қалдырған  және  өз 
халқының болашағы үшін күрескен қоғам қайраткерлері екені бүгінде баршаға аян.  
Поэмада Сұлтанмахмұт  «ертеден бұл алашқа аты мәлім» Шәкәрімге айрықша 
назар аударады. Алаштың ақсақалы атанған дана қарияның тек қазағының түзелгенін 
ойлаған асыл бейнесі шынайы жырланады. Ақын Шәкәрімнің жұрт білетін кемеңгер 
ойшылдығын  тап  басып  айта  отырып,    оның  «бір  жолмен»    алаш  көсемдеріне  де 
ақсақал бола алатынын ескертіп өтеді. Яғни, «бір жолмен» деуі ел мүддесі жолында 
олардың  пікірлес  екенін  анық  аңғартқандай.  Қара  қазақтың  да  Шәкәрім  туралы 
бағамы жоғары. 
Сонымен,  Сұлтанмахмұт  қазақтың  осындай  ірі  тұлғаларын  таныстыру 
барысында,  «Таныстырдық  білгенше  әр  адамды,  Тағы  айтайын  демеңіз  мынау 
қалды»  деп  өзі  айтқандай,  Райымжан  Мәрсеков,  Сатылған  Сабатаев,  Әнуар  мен 
Иманбек, Дурманов сынды азаматтарға да тоқталып өтеді.  
Түйіндей  келгенде,  ақын  «Таныстыру»  поэмасында  алаш  қозғалысы 
жетекшілерінің  тарихи  тұлғасын  шынайы  сомдап  қана  қоймай,  сол  Алаш  партиясы 
өкілдерінің діттеген мақсатына қол жеткізуіне ниеттес бола білді. Сұлтанмахмұттың 
азаттық  идеяны  жырлаған  шығармаларынан  алаш  қозғалысына  қатысты  өзіндік 
ұстанымдарымен  қоса,  ұлт  болашағына  алаңдаған  азаматтық  парызы  да  айқын 
аңғарылып жатады. 
Әдебиеттер: 
1.  Ахметов  З.  «Алаш»  деп  ұран  салған  ақын.  Дәуір  ақыны:  Ұлы  ақын 
С.Торайғыровқа арналады. – Алматы: Орталық ғылыми  кітапхана, 2002. – 264 б. 
2.  Торайғыров  С.  Шығармаларының  үш  томдық  жинағы.  3-том.  –  Алматы: 
Алаш, 2005. – 232 б. 
3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-том, І кітап. – Алматы: Ғылым, 1997. – 247 б. 
4.  Әбдиманұлы  Ө.  ХХ  ғасыр  бас  кезіндегі  қазақ  әдебиеті.  –  Қарағанды, 
2010. – 441 б. 
Абдикалык К.С., Орынханова Г.А. 
Освободительная идея в лирике С. Торайгырова 
В статье рассматриваются такие стихи поэта, как «Клич Алаша», «Про то 
и про это», «Дождь Сары-Арки».  Данные произведения отличаются высоким духом, 
своеобразной 
композицией. 
Выразительные 
и 
запоминающиеся 
строки 
стихотворения "Клич Алаша" передают тогдашнее всеобщее ликование: поэт всем 
сердцем  желает,  чтобы  казахский  народ  справедливо  получил  соответствующей 
ему  доли.  Он  призывает  к  тому,  чтобы,  отбросив  внутренние  распри,  тяжбы, 
междоусобицы,  зависть,  деление  на  землячество  и  роды,  жители  Сары-Арки,  и 
всего  Алаша  объединились  и  общими  усилиями  образовали  основательное  и 
суверенное  государство.  Это  произведения,  которые  своим  пламенным 
содержанием  призывают  к  национальному  развитию  и  процветанию.  Особенно 
сейчас,  в  настоящее  время,  когда  республика  добилась  суверенитета  и  строит 
независимое государство. 
      Ключевые слова: Просветитель, идея Алаш, клич, партия Алаш, единство, 
правительство Алаш-Орды, нация, религия. 
 
Abdikalyk K.S., Orynkhanova G.А. 
Liberation idea in the lyrics of S. Toraigyrov 
The  author  considers  such  poems  as  “Battle-cry  of  Alash",  "About  this  and  that", 
"Rain  of  Sary-Arka".  These  works  are  of  high  spirit,  unique  song.  Expressive  and 
memorable lines of the poem "Battle-cry of Alash " tell about that times’ universal triumph 
: with all his heart the poet wishes the Kazakh people to receive their corresponding share. 
He urges residents of Sary-Arka and Alash to unite and together form a solid and sovereign 
state  leaving  aside  their  internal  quarrels,  disputes,  strife,  envy,  division  on  communities 
and  clans.  These  works  with  their  fiery  contents  call  for  national  development  and 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
267 
prosperity. Especially now, at the present time when the country had obtained sovereignty 
and builds an independent state. 
Key  words:  Еnlightener,  idea  of  Alash,  battle-cry,
Alash  party,
  unity,
  government 
Alash-Orda,   nation, religion. 
 
*** 
 
 
 
ӘОЖ 821.512.122.32.09  
Кәріпжанова Г.Т. –  филология ғылымдарының кандидаты, профессор, 
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 
Қадыров Ж.Т. – филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., М. 
Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 
Абикенов М.Т. –  филология ғылымдарының кандидаты,   
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті 
E-mail: zhkadyrov_777@mail.ru 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет