Жидебай батыр и казахско-джунгарское нашествие XVIII века
В статье раскрыт героизм Жидебай батыра, прославившегося во время казахско-джунгарского наше-
ствия ХVІІІ века. Проанализированы поэмы казахских акынов и жырау о Жидебай батыре. Авторы
статьи, опираясь на исторические факты и архивные материалы, а также на материалы казахских ше-
жире, пытались определить точную дату рождения и смерти батыра. Описана его жизнь и героические
походы против врагов казахского народа, а также освободительные войны и другие исторические со-
бытия того времени.
М.I.Аbduov, М.К.Zhunusova
Zhidebai batyr and Kazakh-dzhungar invasion of the XVIII century
In article it is told about heroism of Zhidebai of the batyr who has become famous in Kazakh-dzhungar inva-
sion of XVІІІ of an eyelid. Poems of the Kazakh akyns and zhyrau about Zhidebai the batyr are analyzed. Au-
thors of article, leaning on historic facts and archival materials, and also on materials Kazakh shezhire try to
define exact date of birth and death of the batyr. Describe his life and heroic campaigns against enemies of
the Kazakh people, and also liberating wars and other historical events of that time.
References
1 Bekmakhanov E. Liberation movement of the Kazakh people under leadership, Almaty: Gylym, 1993, р. 55.
2 Bekkozhayev M. Kenesary khan, Almaty: Zhazushy, 1999, р. 12.
3 Kopeev M.Zh. Kazakhsky shezhire, Almaty, 1993, р. 54.
4 Tynyshbayev M. Great disasters, Almaty, 1971.
5 Artykbayev Zh., Zhakin M. Shetsk region history, Karaganda: Bolashak-Baspa, 1994, р. 96.
6 Zhumakayeva B. History of Kazakhstan, Almaty, 2010, p. 87.
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
97
ƏОЖ 82 - 1(574) «19»
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(Е-mail: rkarenov@inbox.ru)
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі –
Қасым ақынның анық бой көрсеткен шағы
Мақалада ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы көрнекті қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың өмірі
мен қызметі баяндалған. Қасымның өз оқушыларына талантты ақын ретінде таныла бастауы 1936–
1939 жылдарға тұспа-тұс келгені көрсетілген. Ақынның Ұлы Отан соғысының алдындағы
жылдардағы шығармашылығына, əсіресе оның Батыс Қазақстанның Орал қаласында тұрған кезіндегі
туған шығармаларына баға берілген. Қасым Аманжоловтың поэзиялық көркем сөз өнерінің нағыз
шебері ретінде өзін Ұлы Отан соғысы жылдары көрсете білгеніне айрықша көңіл бөлінген. 1939–1945
жылдар Қ.Аманжоловтың XX ғасырдағы қазақтың көрнекті ақындарының бірі ретінде мойындалған
кезең болғандығы туралы қорытынды жасалған.
Кілт сөздер: өлең, соғыс, ақындық, естеліктер, оқырман, ата тегі, майдангерлер.
Кіріспе
Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде
(қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы), Қызыл тауының бөктеріндегі Жақыбала қыстауында
туған. Осы жайды:
...Қыс, Қыстау ата мекен Қызылдағы,
Ерттеулі аттар толы қора маңы.
Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,
Тойдырып күресіннің сырғанағы.
Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге —
Сұп-сұлық жатты əкем алдыңызда,
Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде.
Көл-көсір жылау-сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен-кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,
Жалын боп өткен əке күйініші.
Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,
Көзіме көріндіңіз əкеме ұқсап... —
деп ақын «Ағайыма» өлеңінде [1; 50] айтқан.
Қасым ауыл молдасынан хат таныған. 1923 жылы Қасымды ағасы Ахметжан Семейдегі
бастауыш мектеп-интернатқа түсіреді. Мектептен кейін Қасым Семей мал-дəрігерлік техникумында
оқиды. Оны тəмамдағаннан соң Оралдағы педагогикалық институтқа түседі. 1930 жылы Алматыға
барып, «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қызметке тұрады. 1931 жылы Қасым Ленинградтағы
орман шаруашылығы институтына түседі, бірақ аяқтай алмай, Оралға келіп, «Екпінді құрылыс»
газетіне қызметке тұрады. 1933 жылы міндетті əскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында
өтейді.
1936 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетіне орналасады. Содан былай республика
баспасөзінде қызмет істеп, ақындыққа біржола берілген дəурені басталады.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен ақын əскер қатарына шақырылған. Ұлы Отан
соғысына аттанған Қасым əуелі Қиыр Шығысқа, содан Батыс майданына жіберіліп, 9-шы атқыштар
Р.С.Каренов
98
Вестник Карагандинского университета
бригадасында аға сержант дəрежесінде соғысып, саяси жетекші подполковник Əлпиннің қолдауымен
«Вперед, на Запад!» газетінде əскери тілшілік қызмет атқарған. «Подполковник Əлпинге» жəне
«Мартбек» өлеңдері сол тұста жазылған. Бұл кезде Қасым Аманжолов орысша да өлеңдер жазған.
Олары еш жерде жарық көрмеген. Тек 1963 жылы 9 мамырда «Казахстанская правда» газетінде
«Приветствую тебя, Брянск» деген өлеңі ғана басылған [2].
Қ.Аманжолов майданнан 1946 жылы оралды. Əскерден қайтқан соң біраз жылдар «Əдебиет
жəне өнер» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі болды. 1955 жылы 18 қаңтарға қараған түні,
сағат бірдің кезінде Қасым мəңгіге көзін жұмды. 19 қаңтар күні Алматы жұртшылығы зор құрметпен
Қасымды жерледі. Кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің
нұсқауы бойынша Қасымның басына арнайы ескерткіш қойылды. Ескерткішке ақынның «Өзім
туралы» өлеңінің:
Өкінбеймін мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп, —
деген шумағы тасқа ойылып жазылды.
Қалың оқырман Қасымды ақын ретінде 1936–1938 жылдары ғана тани бастайды. Алғашқы жеке
өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен 1938 жылы жарық көреді. Бұдан басқа өзінің көзі тірісінде
«Гроза» (орыс тіліне ауд. Дм. Снегин) — 1946, «Дауыл» — 1948, «Балбөбек» — 1949, «Стихи» (орыс
тілінде) — 1949, «Нұрлы дүние» — 1950, «Таңдамалы шығармалары» 1952 жылдары жарыққа
басылып шығады.
Еліміздің оқырман қауымы Қ.Аманжоловтың төрт томдық шығармаларын оқу арқылы ақын
болмысын кеңірек танып, ұғына түсті. 1977–1980 жылдары Алматыдан басылып шыққан төрт
томдық еңбекті құрастырған қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков. Жинаққа ақынның өлеңдері,
поэмалары, аудармалары, прозалық жəне драмалық шығармалары енді.
Қ.Аманжолов əңгіме, очерктер жазды, əдеби сынға да араласты. Драматургия саласында да
қалам тартып көрді. Əдеби сында ол поэзияға деген биік талабын көрсетсе, драматургияға ақындық
жігермен қатысты.
Қ.Аманжолов шығармалары қазақ, орыс жəне басқа да туысқан халықтар тілдеріне аударылды.
Оның шығармашылығы əдебиет тарихынан берік орын алды.
Ол туралы замандастары естеліктер жазды. Ақындар оған өлеңдерін арнады. Қазақ əдебиеті
тарихына, мектеп бағдарламаларына Аманжолов шығармашылығы арнайы тарау болып енді. Өйткені
қазақ халқының атын кеңінен танытып жыр жазған Қасым ата-бабалар үмітін, намысын, даңқын
асқақтатып, қастерлеудің жарқын үлгісін танытты. Ендеше, сол дауылпаз ақын тұлғасы мен рухына
тағзым етіп, оның танымдық, тəрбиелік тағылымы мол шығармаларын жас жеткіншек зердесіне
жеткізу — мына бізге парыз. Осы ойды профессор Қ.Құсайынұлы былай өрбітеді: «Жақында
еліміздің мектеп оқулықтарымен түгелдей танысып шықтым. Сонда байқағаным, бүгінгі оқулықтарда
Қасым Аманжоловтың өлеңдері қысқартылып, үзінділері берілген. Неге мектепте ақынның əдебиет
пен тарих мəселелерін қамтыған шығармаларын кең көлемде оқытпасқа! Білім берудің жаңа
бағдарламаларына осы өзгерістерді енгізуге тиіспіз. Яғни Қасым өлеңдерін мектеп оқулықтарына
молынан қосып, мектеп оқушыларының кеңірек танысуына мүмкіндік жасауымыз керек. Тағы бір
айтарым, Қасымның бүгінге дейін ақындық, азаматтық бейнесі толықтай ашылмай келді. Ақынның
бай мұраларына тереңірек үңіліп зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру қажет» [3].
Жас дəурен — жігер оты жанған жалын,
Көрмесем қызығыңды — армандамын.
Өмірге екі келер уақытым жоқ,
Сондықтан үлесімді мол қармадым.
Жас дəурен, қызығыңа тоя алмаспын,
Əн мен күй, өлең, сені қоя алмаспын.
Тірлікте тербелейін, тебіренейін,
Бір күні кетсем ұйықтап, оянбаспын, —
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
99
десе («Жас дəурен» өлеңі [1; 94, 95]), енді бірде:
Жаман-жақсы болсам да ел ұлымын,
Елім деген ер болса — серігімін.
Туған елдің намысын, абыройын
Өрге тартар бір жүрдек көлігімін, —
деп жырлаған ақын («Ілияс Омаровқа» атты туындысы [1; 86]) қаламгерлік парызын үлкен азаматтық
жолымен атқарып өтті. Өз ойындағыларын ақ қағаз арқылы жалпақ жұртқа жариялаудан
жасқанбаған, руханият, мəдениет, əдебиет əлемінің заңғар, тарихи тұлғасы екені күмəнсіз.
Ұлт ақыны:
Қазақтың əні мен өлеңін,
Найзадай көтеріп келемін.
Шығыстың аласа аспанын,
Түндіктей түріп бір тастадым, —
десе [1; 23], Қасым əдебиеттегі өз орнын, ақындық қадір-қасиетін кəміл біліп отырғаны. Мұндай
пайғамбарлық тек ұлы ақындарға ғана тəн.
Қасым ақынның ата-тегі жайлы деректер
Қ.Аманжолов туралы елдің білетіні тек оның шығармалары. Ал оның арғы тегі, туып өскен жері
туралы ақпаратта аз жазылып, аз айтылады.
Көп деректерде Қасым Қызыл Көшен тауының етегінде туып-өскен деп жазылады. Негізінен
Қазақстан бойынша колхоз шаруашылықтарына жерді картаға түсіріп, жекелеген шаруашылықтарға
жердің көлемін белгілеп бөліп берген кезде сол Қызыл Көшен тауы, Ақтайлақ өзенінің бойы Қарадөң
жайлауы толықтай Ақтоғай ауданы, Қусақ селолық округі «Береке» ауылына тиесілі болған.
Шұбартау кеңшарының Қызыл Көшен тауы мен Ақтайлақ өзені бойында жəне Қарадөңде шопандар
мал бағып, жазғы жайлауда отырған. Сол уақытта ауыл тұрғындары Қасым құдығы, немесе
Рахымжан қорасы, деп Көшен тауын мезгейтін. Көшен тауының жанындағы Сарыобалы ауылының
тұрғындары Қасым ақынмен аталас болып келеді. Яғни, Арғын ішінде Қаракесек руынан. Ата-тегі —
Қара. Кешегі Сеңкібай бидің ұрпақтары болып саналады. Қасым Сеңкібай бидің інісі Ақжолдан
тарайды. Яғни, Оразғұл бабаның бесінші баласы. Ақжол күйші болған деп те айтады. Жалпы, Ожаң
(Оразғұл) ұрпағы ел арасында оқымыстыларымен ерекшеленеді. Төрт Социалистік Еңбек Ері, тоғыз
ғылым докторы, жеті Мемлекет қайраткері жəне Қасым ақын шыққан əулет. Алаш көсемдерінің бірі
Əлімхан Ермековтің өзі бір төбе.
Қасым Аманжоловтың ата-тегіне келетін болсақ, Оразғұл бабаның бесінші баласы Ақжолдан үш
ұл туады: Алакөшек, Жетібай, Бостыбай (кестені қара.).
Ақжолдың бірінші баласы Алакөшектен — Аманжол, одан — Рахымжан (Қасым ақынның
əкесі). Қасымның əкелері ауқатты адамдар болыпты. Тіпті, Рахымжан үйіндегі тайжүзгендегі
қымызды пісуге жігіттер таласып тұратын еді деседі. Өйткені сол үшін бір күлдəрі көйлек сыйға
алады екен.
Рахымжан жүйрік атты таңдап мініп, серілік те құрыпты. Жиын-топқа барғанда атын жібек
белбеумен тұсап, қайта мінгенде сол жерге тастап кетеді екен.
Қасымның шешесі Айғанша қымызды жақсы ұстаған, маңайындағы ауылдастары сүйсініп ішкен
екен. Қасымның əкесі Рахымжан сол уақыттағы салт-дəстүр бойынша үш əйел алған деседі. Қасым
əкесінің тоқалы Айғаншадан туған екен. Рахымжан аң аулап жүріп тосыннан қайтыс болған. Бұл
оқиға аласапыранға толы 1917 жылы болады.
Рахымжан қайтыс болғаннан кейін бар билікті қолына алған бəйбішесі Қасымның шешесі
Айғаншаны қалың малға сатып жібереді. Қаршадай бала лажсыздан Семейдегі жетім балалар үйінде
тəрбиеленеді.
Қасымның Оралдағы жылдары мен жырлары
Қ.Аманжолов Оралға 1931 жылы кеудесінен өлең оты ұшқын ата бастаған кезінде келеді.
Р.С.Каренов
100
Вестник Карагандинского университета
Ақын Ақұштап Бақтыгереева «Орал жылдары мен жырлары» атты мақаласында [4] былай
тебіренеді: «Кеудесі жалын жыр толы, пейілі кең жарқылдаған 20 жасар жас жігітті оралдықтар
құшағына қысады. Ол бірден облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына келіп, жұмысқа
кіріседі. Осында Абдолла Жұмағалиев, Хамит Ерғалиев, Жəрдем Тілековтермен, кейін Жұмат
Шанинмен танысып, Оралдың қазақ театрында əдеби жетекші болып қызметке орналасады. Музыка
аспабының бəрінде ойнайтын жас ақын көңілді ортаның бас кейіпкеріне айналып шыға келеді.
Ақ қайың мен сұлу қарағай аралас орманы бар, жиегін Ақ Жайық пен Шаған көмкерген
табиғаты сұлу өзі де Еуропа үлгісінде салынған Орал қаласы ақынның жалынды жас дəурені,
алғашқы махаббаты, отты жырларының куəсі мен сырласына айналып, ол осы елге бауыр басады.
Оралда өткерген 6 жыл ғұмыры Қасым ақынның ең бақытты кезеңі деп айтуға дəлеліміз мол.
Оралда Қасым алғаш рет Марфуға Кенжеғалиева деген аруға жолығады, оған 12 өлең арнаған.
«Гүл жүзді, бұлбұл үнді» сұлу үй-күйі, тұрағы жоқ, жалғыз басты жігітке серт беруден сескенгенін,
кейін оған өкінгенін еске алған екен дейді. «Айтшы, жаным», «Көптен бері өзімнен кетті ерік»,
«Сайра, сайра, сандуғашым», «Əлде», «Жаным, сəулем, еркешім, қызыл гүлім», «Қыраулы терезе»,
«Көре алмай қайттым үйіме» сияқты лирикалық сұлу өлеңдер сол қызға арналып, Оралда жазылып,
газетте жарық көрген».
Қасым «1936 жылы «Кім кінəлі?» деген өлеңді [5; 37] жазып, қолыма өзі ұстатып кетті», — деп
Марфуға замандастарына сырын айтыпты дейді:
Кім кінəлі? Мен бе? Сен бе?
Таласпалық. Айтсын жұрт.
Егілмеші құр бекерге,
Мə, орамал, жасыңды сүрт.
* * *
Бұл хикая болсын жария,
Жасырмайық жұрттан біз
Көздің жасын көл дария
Етіп біз де сыққанбыз.
Бірақ та мен жылағанда
Мазақ етіп күліп ең...
Ал мен күлмен.
Жыласаң да
Жас балаша түнімен.
Рас, жаным! Едім ғашық,
Жастық албырт күнімде.
Ол бір кездер кетті-ау қашық,
Түс сықылды бүгінде.
Онда менің көңілім көктем,
Жүзім бейне жаз еді.
Өсек, аяң, қауесеттен,
Зифа бойым таза еді.
Махаббаттың бұғалығы
Мойыныма түспеген,
Құландай ем.
Жырлай-жырлай еш жауап алмаған алғашқы махаббатынан күдер үзген Қасымның осы Оралда
ойда жоқта бір көңілді кеште отырған үйдің жап-жас шай құйған келіншегіне көзі түседі. Ол —
ақынның болашақ жары Сақыпжамал еді.
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
101
Қасым Аманжоловтың ата-тегі (толық шежіреден үзінді)
1943 жылдың қысында Шығыстан Батысқа қан майданға əскер алып бара жатқан эшелон
Оралдың вокзалына тоқтаған. Қасым ақын эшелон бастығынан бір сағат уақыт сұрайды, бірақ рұқсат
ала алмаған. Қағаз бен қарындаш тауып, отырып өлең жазған. Сол өлеңін үшбұрыштап бүктеп
Оралдағы өзі қызмет еткен редакцияға жолдап, теміржолшы орысқа жалынып беріп кете барады. Ол
атақты «Орал» өлеңі [1; 23, 24]:
Бесінші ұрпақтары
Оразғұл баба
Сеңкібай би
Ақжол
Алакөшек
Садақбай
Өтеубай
Бостыбай
Жетібай
Спатыл
Талғат
Бəшкей
Садық
Қайыр
Арқабай
Балтабай
Боқанай
Аманжол
Атшабар
Қазақбай
Шөгелбай
Ыбыраш
Əмірқас
Түсіпбек
Мағыз
Сүлеймен
Ақыжан
Бəден
Молдақаш
Əбілқас
Бейсенбай
Сəрсенбай
Сарышолақ
Ысқақ
Смағұл
Рахымжан
Ахметжан
ҚАСЫМ ақын
Тайжан
Нығметжан
Төлеуғазы
Қасым
Нұрлан
Жанна (қыз)
Дариға (қыз)
Еркін
Арман
Жаһангер
Дəурен
Бекен
Дəулет
Төлеген
Рымжан
Сəкен
Бауыржан
Талғат
Айдар
Р.С.Каренов
102
Вестник Карагандинского университета
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым!
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Оралым, сенің қойныңда
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында
Достармен сайран құрғанмын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.
Өмірдің алтын кесесін
Тосқанмын айдың нұрына.
Кезгенмін Совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.
Сонау бір шетте сонау үй
Кетер ме, сірə, көңілден?
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат, жастық лебімен.
Терезе алды — жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап үйге еніп?..
Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.
Келгенше қайтып оралып,
Алып қал осы жырымды, —
деп ақын анасына бар сырын атқарған баладай толқиды. Табалдырығынан талай аттаған жылы үйді
есіне алады. Оралмен өзінің туған жеріндей, өзінің туған анасындай қоштасады:
Сіркіреп жаңбыр жауғанда
Байқарсың өзің анықтап:
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауаңда сенің қалықтап.
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның?
Кетейін алып майданға!
Бейбіт елдің майданға бара жатқан ақынының көңілінде мұң, көзінде жас бар. Бірақ ол жасық
емес. Қайсар жан. Сондықтан да өз даласының боранын майданға ала кеткісі келеді.
Соғысқа дейінгі ақын шығармалары
Қасымның өмірі мен шығармашылығының басты-басты кезеңдері — балалық жəне жалынды
жастық шақ; арайлы Алматыдағы ақындық қалыптасу кезеңдері мен Ұлы Отан соғысы; соғыстан
кейінгі шабытты шығармашылық жылдары.
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
103
Ақынның соғысқа дейінгі кезеңдегі көркемдік сапасы аса биік туындылары қатарына «Ақын»,
«Бірінші Май», «Жолдас маршал», «Жалғыз жалау», «Дүниеге жар», «Орамал», «Мен табиғат бөбегі»
тəрізді өлеңдері жатады.
Соғысқа дейінгі Қасым шығармаларында Абайдың əсері басым тəрізді. Тіпті, азын-аулақ сөз
қылған махаббат жырларының өзінен Абайға тəн терең іңкəрлік, шексіз құштарлық, оптимистік
арман сезіледі. Бір түрлі, Абай лебі ескендей болады. Өйткені Қасым бала кезінен Абай жырларын
естіп өсті. Есейе келе Абай өлеңдерімен, Абай рухымен тіптен жақын танысты. Əсіресе Абай
мектебінен мол сусындағандығы ақынның «Сұлудың сымбаты» [5; 92] деген өлеңінен қылаң беріп
қалады:
Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай;
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай;
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай;
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,
Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.
Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,
Қос емшек ақ төсінде қос алмадай...
Мықыны тар, қиылған қыпша белі —
Бұралған бейне нəзік пружинадай,
Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар.
Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай;
Бүлкілдеп балтыр еті, екі аяғы —
Түп-түзу мергендердің мылтығындай,
Еш мін жоқ, көз тойғысыз сырт тұлғасы,
Заказбен мрамордан құйылғандай.
Ақ көңіл, таза пейіл, уыз жүрек,
Сырты қандай болса, дəл іші сондай;
Кішіпейіл, білімді, ойы зерек,
Ибадатты боп келсін, арсызданбай;
Қара көзін төңкере қарағанда
Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай,
Жымың қағып, еркелеп сызылғанда
Балдан тəтті қылығы — ес танғандай;
Жарқ-жұрқ етіп тұрғанда, жүргенінде
Көзге түсер таудағы ор құландай;
Нəзік даусы сыңқылдап күлгенінде
Аққу құсы айдынның ойнағандай;
Жүз бұралып, сызылып шыққан үні,
Қос сандуғаш бақшада сайрағандай.
Жібек желдей тəніңе тисе лебі,
Бойы балқып, ойыңды арбағандай.
Он жеті мен он сегіз шамасында
Көзді тартар кенеттен туған айдай;
Болар ма еді арманың бұл жалғанда,
Жарың болса өмірлік дəл осындай;
Болмаса егер, амал не, тудың, өлдің
Дəл осындай сұлуды ойлай-ойлай.
Шығармашылығының бастапқы кезеңінде хакім Абай жырларынан тəлім алуы — табиғи
заңдылық. Абайды оқымай, оны терең зерттеп танымай, ақындық жолға түсудің өзі əбестік болар еді.
Р.С.Каренов
104
Вестник Карагандинского университета
Енді, Қасымның отызыншы жылдардың аяғында жазылған «Алдында мен махаббат əулиенің...»
деген өлеңін [5; 40] оқып көрелік:
Алдында мен махаббат əулиенің
Ұлы жанды ұсынып, бас иемін,
Аңыз болып қалғандай жұрт аузында
Дəл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйемін,
Дəл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйемін,
Жалыны ғой махаббат жан-жүйенің,
Махаббатсыз қан салқын, дене жансыз,
Махаббатсыз сəні жоқ дүниенің.
Түсінбейді-ау, кей адам махаббатты,
Оған, сірə, махаббат — гүл сияқты,
Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты,
Гүлі солды, тастады, болды ұятты.
Жоқ! Махаббат — гүл емес, жанның күйі,
Табиғаттың адамға тартқан сыйы,
Кеуде бейне күй сандық, білсең ойна,
Оның да бар До, Ре, Ми... Соль, Ля, Сиі.
Махаббат бар адамда, ақыл, ой бар,
Сергек ақыл жан сырын терең ойлар,
Ойсыз жанға кеудеңнен орын берсең,
Жүрегіңді алар да доп қып ойнар.
Ондайларға ежелден кеудем жабық,
Сырым жұмбақ, бір жанмын таңғаларлық,
Жүрегімнің түбінде не жатқанын,
Кімді сүйсем, сол ғана білер анық.
Кімді сүйем? Айтпаймын. Өзім білем,
Ол түсінер мені осы өлеңімнен;
Ол бір бейне махаббат періштесі,
Қанатымен сипар деп сенемін мен.
Бұл өлеңді шекер сорғандай таңдай қағып, тамсанбай оқымау мүмкін емес. Махаббатты
осыншалықты асқақтатқан, оның тылсым табиғаты мен тұңғиық болмысын танып білген, сəулесіне
шомылып, нұрына шалқыған Қасым сияқты ақындар бұл дүниеде өте сирек болса керек.
Елінің перзенті, жалпақ жұртының жүйрігі Қасым «Нар тəуекел» өлеңінде [1; 16]:
Нар тəуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін, алып шықса, қиын ба?!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!
Жығылам деп, жүре алмаймын жəй басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жалт қарап байқасып.
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетемін, —
деп əдебиет əлеміне деген құлашын кең сермеді.
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
105
Белгілі ақын Ғафу Қайырбеков «Қасым Аманжолов — қазақтың ұлттық ақыны» атты
мақаласында [6] былай деп ой өрбітеді: «Қасымның туған топырағы Қарқаралы Қасымды
«Дауылпаз» деп атайды екен. Мұнысы да əдемі. Шынында, Қасым, өзі айтқандай, «Дауыл мен оттан
жаралған» ақын еді. Қасымның қай өлеңін алсаңыз да, дауыл, «найзағайлы қара бұлт, от-жалын
қаптап жүреді ғой».
Кезінде Қ.Аманжоловтың атағын аспандатып жіберген, кейін «ұлтшыл» атандырған осы
«Дауыл» өлеңі еді [5; 142, 143]:
Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда,
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға,
Жүгіруші ем жарысып,
Сарыарқаның желімен,
Ойнаушы еді алысып,
Соққан дауыл менімен...
«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп,
Аспан тұрды төбемде,
Аласұрып, күркіреп.
Дүние сол кез дүрілдеп,
Келе жатты бір дауыл.
Түндіктері желпілдеп,
Күтіп тұрды жарлы ауыл.
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл,
Бұрқырады бар аймақ,
Соқты ышқына көк дауыл.
Көшті ауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім.
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз.
Қасым — қара өлеңнің отымен қараңғы түнді жарық қылар найзағай тектес талант. «Күлемін де
жылаймын...» деген жырында [5; 121, 122]:
Күлемін де жылаймын,
Жылаймын да күлемін.
Неге ғана бұлаймын, —
Өзім ғана білемін.
Өкінбеймін өмірге
Босқа келген екем деп.
Өкінемін, бір күнде
Түк бітірмей кетем деп.
Р.С.Каренов
106
Вестник Карагандинского университета
Мен сүйемін өмірді
Құшақтаймын жарымдай;
Бірде болам көңілді,
Бірде тұрман қайғырмай.
Білмеген жан өлерін
Қайтып сүйер өмірді,
Білмей қайғы келерін,
Қайтіп болар көңілді?
Дəл осыны түсінбес
Адамдар бар не шара!
Іші қуыс, сырты мес,
Тас бауырлы бишара... —
дейді.
Қасымның бұл жыры жайында академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» атты еңбегінде былай
дейді: «Не деген ғаламат контраст жəне осы арқылы ақын адам баласын қандай тұңғиық
психологизмге сүңгіте жүздіріп əкеткен! Күле бере жылау, жылай бере күлу — адамның көңіл-
күйіндегі шекспирлік құштарлық пен өшпенділіктен ғана туатын мінез: бұл адамның жан
дүниесіндегі нөсер мен дауыл, жаз бен қыс. Ақын мінезінде осындай күрделі құбылулар болмаса,
оның қаламынан қызулы жыр да тумаған болар еді» [7].
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайды — байшыл, Мағжанды — түрікшіл, Сəкенді
жапон тыңшысы деген тұрпайы социалистік сынның нөсерінің арасынан сытылып шығып, сол
қоғамның шыны мен сырын «кеудеден тау суындай ақтарып жазу» — Қасымның ғана қолынан
келген ерлік. Сондықтан да сыр-сандыққа сыналап енгізген жүрек құпиясы — сол қаһарлы һəм
үрейлі 1930 жылдардың бізге жеткен ақындық, азаматтық аманаты [8].
...Сынса да, сыр сандықтың бітпес сыры,
Сынығын жамап алдым, жоқ еш міні;
Бұйымы сандығымның басымда мол,
Таусылмас шашсам-дағы күні-түні.
Сандықтың кілтін ашсам сыр тамады,
Жан сүйер, тəнің балқыр — нұр тамады,
Тамылжып, бойды серпіп, ойды желпіп,
Сорғалап, күй тамады, жыр тамады.
Сандығым — тəн азығы, жан азығы,
Сандығым — қуат, жігер, қан азығы,
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын
Сандығым — сана-сезім, ар азығы.
Сандығым — жас жүрегім, тілім кілті,
Сұлулап сырдан құйған іші-сырты.
Сақталған көкірегімде сыр сандығым,
«Сенікі», «менікі» емес, көптің мүлкі!
Тəн тозып, қан суалмақ, — расында!
Тəн қалар қара жердің жырасында,
Сонда да сыр сандығым жерде қалмас,
Сақталар ұлы тарих мұрасында.
Сенемін! Сақталар деп сыр сандығым,
Білінер! Бұл өмірде болғандығым!
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
107
Сандықты сақталғандай ете алмасам,
Не керек босқа туған адамдығым! —
деп шабыттанады ойшыл ақын «Қарай — қарай, көзімнің нұры бітпес...» деген толғауында [5; 44–47].
Бұл оның жүрекжарды сөзі. Өйткені, Қасым жыры — елінің қазынасы. Халқының жауһары.
Шынында, ақынның жырында бір ұлы қасиет болды. Ол тіліміздің ұланғайыр байлығының
алтын қазығын сақтап қалды. Қазақ поэзиясының ұлықты да ұлағатты, киелі қара шаңырағын
биіктетіп сөзстан əлемінің мерейін өсірді. «Атамекен» деген шығарамасында [1; 17]:
Сүйем сені туған ел — атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзінсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Іздеймін деп «Жерұйық», желдей желген
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен,
Қорқыт та емен елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей, жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін, — осы сертім, —
деп шырқады. Бұл тек арынды ақынға тəн мінез. Ұлылардың сарқытындай жарасып тұр.
Жыр жүйрігі «Советтік менің өз елім» деген туындысында [1; 14, 15]:
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап əкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағы қату түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Əкем боп таптың сол кезде,
Советтік менің өз елім!..
Тауға да шықтым, жер бастым,
Аспанға ұштым — көк көрдім.
Өмірге құлаш кең аштым,
Бəрін де көзден өткердім.
Жарқылдап жаһан — кең сарай,
Аралап оймен кеземін.
Таппадым сенен артық жай,
Советтік менің өз елім!
Бұлбұлым сайра кеудемде,
Бұлбұлым — менің жүрегім.
Көңілдің күйі келгенде,
Ағыл да тегіл жыр едім.
Ағыттым ойдан ел үшін
Өлеңнің ерке өзенін.
Ақының болдым сен үшін,
Советтік менің өз елім! —
деп саяси тақырыптың өзінде де шедевр туғызған. Сондықтан да Қасымның шеберлік мектебіне
соқпаған қазақ ақыны жоқ. Өйткені Қ.Аманжолов уақыттың сынынан сынбай өткен сымбаты бөлек
Р.С.Каренов
108
Вестник Карагандинского университета
сырлы əлемнің сəулетшісі болып қала беретін Алаштың ақиық ақындарының бірі. Ұлы Абай — қазақ
жырының қасиетті Алатауы болса, сом тұлғалы асылымыз Қасым — қазыналы Қаратауы.
Бұл жерде ерекше айта кететін жайт, біз сирек туатын аса дарынды ұлдарымызды тірісінде
түртпектеп, өлген соң данышпаным, арыстаным деп өксиміз. Өкінішке орай, қайран қазақ қанына
сіңген қашанғы қызғаныштық, күншілдікпен Абаймен иықтасқан Қасымды, Мағжанды, Мұқағалиді
кешеуілдеп танып, кеш бағаладық. Дегенмен, табиғи таланттың бағасын тарихтың өзі беріп
отыратыны мəлім.
Мұхтар Əуезовтің қабірінің басында Ғабит Мүсірепов: «Ат тұяғын тай басар» деген ескі нақыл
өнерге жүрмейді. Бұдан былай қақ ортамызда ойылып қалған Мұхтардың орнын ешкім ауыстыра
алмайды. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ...», — депті. Шын мəнінде, ірі таланттардың, дара
таланттардың орнын ешкім де ауыстыра алмайды. Сондықтан да ірі таланттарымызды, дара
таланттарымызды сақтай, қорғай, бағалай, қадірлей білуіміз керек.
Ақиық ақын сонау 1940 жылы «Дүниеге жар» деген шығармасында [5; 95–97]:
Ей, тəкаппар дүние!
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!..
...Есе тиер, енші алар
Ел болсам деп ойлаушы ем.
Қазақпын деп айта алар
Мен болсам деп ойлаушы ем.
Тəкаппар дүние төріне
Емін-еркін шықсам-ау,
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам-ау,
Деп ойлаушы ем, сол болды,
Арманыма жеттім мен,
Үдере жорттым, жол болды,
Тау төңкердім екпінмен...
Тəкаппар ұлы дүние!
Қазақ деген — мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба,
Қолыңды ұсын, кел деймін! —
деп кемеңгер Абай аңсаған, бабалардан жалғасып, қанымен санасына жеткен азаттық, теңдік
арманын жырмен жариялады. Содан бері Қасымның шиыршық атқан ойлары мен шымыр түйдек
сөздері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлттың отаншылдығын тəрбиелеуге қалтқысыз еңбек етіп келе
жатқаны ақиқат.
Ұлы Отан соғысы кезеңі — Аманжолов ақындығының бой көрсеткен шағы
Қасым Аманжолов Ұлы Отан соғысы кезінде қаныпезер жауға қарсы қаламымен де, қаруымен
де күресті. Оның азаматтығы, ақындық қуаты ұрыс даласында шыңдалды. От ішінде, оқ астында
жүріп, туған жерін жан-тəнімен қорғауды ең басты парызы санаған ол болашақты да ойлайды. Ақ
парақпен бетпе-бет қалып, жан сезімін жыр жолдарына көшірер сəттерді сағынды. Белгілі
қасымтанушы Тұрсынхан Əбдірахманова: «Ұлы Отан соғысын көркем əдебиетте бейнелеу, поэзияға
өзек ету əдебиетте мазмұн жағынан да, түр жағынан да жаңалық болды. Қасым Аманжолов қазақ
поэзиясында дəл осы тұрғыда үлкен төңкеріс тудырған, зор жаңалық əкелген ақын» [9], — деп
жоғары бағалады.
Туған жеріне тұтқиылдан дұшпан басып кіргенде Қасым қайсыбіреудей:
Қулығы жоқ мен бір солдат,
Шинелінен сыққан қанын,
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
109
Сызып жалау, қойып ноқат
Картасына Еуропаның
Отырғам жоқ кабинетте,
Қарындашпен қиратып жау... —
деп («Қалмақанға» деген өлеңі [1; 48, 49]) кеңседе отырып қала алмады. 1941 жылы ол майданға
аттанар алдында Қиыр Шығысқа жөнелтіліп:
Қош бол, досым, жақыным!
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа.
Тепкісінде соғыстың
Дүние меңзеп жатқанда,
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда, —
Қоян емес, адаммын,
Қайтіп бұғып жатармын!
«Жаны тəтті жаманның» —
Сыналар күні мақалдың.
Сыналар күні жігіттің,
Қош бол, досым, сөз қысқа!
Зіл боп ойым, мен кеттім
Сұрапыл бір соғысқа! —
деп («Қоштасу» өлеңі [1; 17, 18]) тығыз уақытта дос-жаранмен еркін қоштасуына да мұршасы
келмей, сол кеткеннен қанды қасап қырғынның ортасынан бірақ шықты.
Ақын отырған эшелон қазақ даласының үстімен өткенде, бір сəт өзі туып-өскен сайран тау,
самал жайлау, сырнайлы өзен, сап-сары алтын нұры жүзген қасиетті Сарыарқа көңіл-күйін
шалқытады. Осы сəтте шығарған «Сарыарқа» атты туындысында [1; 25]:
Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға.
Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен
Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.
Көтеріп əн мен жырдың күй қанаты,
Жүрегін ұшар құс боп аспанында.
Əлемнің саған ауып махаббаты,
Сарыарқа орнар сенің жас жаныңда.
Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,
Есімде ойнағаным жас шағымда
Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып,
Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.
Арқа ару, ашып нұрлы күн бетіңді,
Ойнатып, еркелетіп мен жетімді,
Аулаққа сұр бейіттен əкетуші ең,
Не дермін сенің сол бір құдіретіңді?
Сарыарқа, сағындырдың, атамекен,
Сардала анам едің құшағың кең.
Р.С.Каренов
110
Вестник Карагандинского университета
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта — сен, алда — майдан, қайтсем екен? —
деп перзент жүрегін толқытады.
Соғыс жылдарында Қ.Аманжолов қазақ солдатының ерлік сыпатын танытар өлеңдерді көп
жазды. Мысалы, «Елге хат» деген шығармасында [1; 37–40]:
Менің бір бар еді ерке тентек ұлым,
Өлі ме, тірі ме екен сол құлыным?» —
Дейтіндей болдың ғой сен, туған елім,
Жоғалдым зым-зия боп, шықпай үнім.
Арада өтті үш жыл ойран-топыр,
Теңіздей тебіренді қала мен қыр.
Шарықтап аспанында жүрген шығар,
Қанатын өрт шарпыған өлең мен жыр.
Көре алмай содан менің қаршығамды,
«Қан болып жатыр ма, — деп, — құшып шаңды».
Астынан алақанның алыс қарап,
Іздер ме ата қазақ ақ сақалды?!
Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
Жоқсың деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға — тозар емес,
Солдаттың етігіндей жаным сірі, —
деп соғыстағы қазақ майдангерлерінің қиыншылық пен азапқа төзімді бейнесін отқа да, суға да,
батпаққа салса да, мыңқ етпейтін солдаттың кирза етігі түрінде көрді.
Соғыс даласында оқ пен оттың арасында жалын кешіп жүрген ақын «Сырласым» атты өлеңінде
[1; 47]:
Хат жоқ елден: достан да, жақыннан да,
Шынымен-ақ шіркіндер ұмытқан ба?
Жапа-жалғыз тұңғиық ойға батып,
Ұқсаймын су түбінде отырғанға.
Жалғыз сенсің сырласым, осы өлең,
Ақын жыры, туысы, досы — өлең.
Мейлі мені ұмытсын дүние жүзі,
Жырлап тудым анадан, жырлап өлем! —
деп толғанады. Мол мұңдану үстінде отырып, жан сырласы — өлеңі екенін ескертеді.
Қазақтың кең даласын, Сарыарқаның сары жайлауын, Ертістей сұлу өзенін, Оралы мен
Жайығын, ақбасты Алатауын жалынды махаббат, сарқылмас сағынышпен жырлаған Қасым соғыстың
ойдағыдай аяқталып, фашистердің күйреуіне Кеңес адамының ерлігі мен гуманизмнің жеңісі ретінде
қарады. Əлем сахнасында еркін басқан Кеңес солдатының қатарына ол өз жерлестерін қосты. Днепр
толқынында «ажалды астына басып, басқа тепкілеген» Мартбек, əскери адам бойындағы жылы сезім
үлгісін танытатын подполковник Əлпин, Берлиннің тар көшесінде фашистерді жөнге салып жүрген
Жылқайдар бейнелері — лирикалық поэзиядағы тың образдар. Фашистер «азиат», «тағы халық»
атаған қазақтардың бүгін олардың ордасын талқандауға қатысуын Қасым мақтан тұтты [10].
Сондықтан да алапат өрттің ортасынан аман шыққан ақын жүрек «Алматы» атты өлеңінде
[1; 56, 57]:
Жақсы екен ғой Алматым,
Алтын үйім — Астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
Соғысқа дейін жəне Ұлы Отан соғысы кезеңі ...
Серия «Филология». № 1(73)/2014
111
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям — Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.
От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп көр құшқан
Жауды жеңіп келдім мен... —
деп шаттана жырлады.
Түйін
Қорыта айтсақ, отызыншы жылдардың аяқ шені (1939–1941) мен Ұлы Отан соғысы кезеңі —
Қ.Аманжолов ақындығының анық бой көрсеткен шағы. Оның бұл кездегі өлеңдері ойы айқын, өрнегі
нақышты болып келеді. Көңіл-күйінің əр алуан сезім-толқыныстарын бірде публицистік леппен,
бірде сыршылдықпен жырлайды. Тез түйсік алып, тез тұтанатын сезіміне ойының батылдығы,
поэзиясының үнділігі, бейнелеулерінің тапқырлығы, тілінің байлығы қосылғанда, Аманжолов
ақындығының тегеурінді қуаты анық сезіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |