Әдеби KZ
Cәйгүліктер
Повесть
Қабдеш Жұмаділов
24.03.2013
1
Әдеби KZ
Мазмұн
СӘЙГҮЛІКТЕР ................................................................................................................................................ 3
I .................................................................................................................................................................. 3
II ............................................................................................................................................................... 22
III .............................................................................................................................................................. 40
IV ............................................................................................................................................................. 49
V .............................................................................................................................................................. 62
VI ............................................................................................................................................................. 72
Vll ............................................................................................................................................................. 85
VIII ......................................................................................................................................................... 106
IX ............................................................................................................................................................ 122
X ............................................................................................................................................................. 141
XI ............................................................................................................................................................ 161
2
Әдеби KZ
Қабдеш Жүмаділов
Қабдеш Жүмаділов (1936 ж. т.) - жазушы, Қазақстанның халық жазушысы.
Оның «Жас дәурен»өлеңдер, «Қаздар қайтып барады», «Сары жайлау»,
«Шарайна», «Сәйгүліктер» әңгіме, повесть жинақтары, «Көкейкесті», «Бақыт
жолында», «Атамекен» т. б. романдары, «Соңғы көш» оқырман қауымға
жақсы таныс. Жұмаділовке Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен
азаттығы жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы үшін Қазақстан
Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. *1+"Қазақ
әдебиеті" газетінде (1965 - 67), "Жазушы" баспасында (1967- 76),
Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі
мемлекеттік комитетінде (1976 - 81) қызмет істеген. 1981 жылдан
шығарманың жұмыста. Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан
жергілікті баспасөз беттерінде, ал "Жамал" тырнақалды әңгімесі 1956 жылы
Үрімжіде шығатын "Шұғыла" журналында жарияланған. Жұмаділовтің бір
олеңдер жинағы, сегіз роман, бес повесть, ондаған әңгіме, мақалалар
жинақтары жарық корген. Олардың негізгілері "Қаздар қайтып барады"
(1967) атты әңгімелер жинағы, "Көкейкесті" (1969), "Соңғы қош" (1974 - 81,),
"Атамекен" (1985), "Тағдыр" (1988,) романдары, "Соңғы көш" (1-кітап 1974; 2-
кітап 1981) және "Дарабоз" (1-кітап 1994; 2-кітап 1996) дилогиялары.
Жұмаділовтің соңғы жылдардағы көлемді шығармасы - "Таңғажайып дүние"
(1998) ғұмырнамалық, "Қылкөпір" (2003) романдары
.
3
Әдеби KZ
СӘЙГҮЛІКТЕР
Арудан асқан жар бap ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма.
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?!
(Ақтамберді жырау — XVIII ғасыр)
Атты артық көрген елміз мінген тақтан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы,
Қашан да қазақ халқы жылқы баққан.
(Ілияс Жансүгіров — XX ғасыр)
I
Шығыс көкжиектен доғадай иілген алтын садақ керіліп, дүние құланиектеніп
сәл тұрды да, кенет дірілдеп толқыған көгілдір сәуле сабадан ақтарылған
саумалдай Алатау жотасынан аса, лықсып төгіліп кетті. Сол - ақ мұң екен,
батысқа қарай лап қойған мың-сан нұр жебесі түн көрпесін шұрқ - шұрқ тесіп,
іргесі бұзылып, ыдырай қашқан қара бояу терең құз - шатқалдарға, арбиған
арша түптеріне барып тығылды. Онда да ұзақ тұрақтай алған жоқ, енді міне,
салқын сайларға шыпылдап толып алған қою көлеңкелердің де түсі қашып,
тесік астауға құйған судай, кемерінен түсіп, азайып барады.
Жылқылы ауылдан таңмен таласа атқа қонған Ағыбай, биік тұрғылар басын
шұғыла шалып, алтын сәукеле кие бастаған шақта, астындағы жіңішке
4
Әдеби KZ
жиренді сипай қамшылап, Көксаланың кезеңіне көтерілген. Тақымына
қыстырған құрығы бар, сақал-шашы түгелге жуық ағарып кеткен иір қара шал
осы арада тізгін тартып аз-кем байырқалады: «Өлмеген кісіге тәңірінің тағы
бір таңы атты - ау! — деді ішінен, қарсы алдынан самсап қоя берген адыр -
қырларға сұқтана көз жіберіп. Бұл таңды көрген де бар, көрмеген де бар...
Шіркін, жарық дүние - ай, саған пара-пар келетін не бар екен бұл тірлікте?!»
Жасынан мал көздеп үйренген көшпендінің дағдысы бойынша ер үстінде
шірене көтеріліп, жан-жағына үңіле назар салды. Кеше іңірде ағытылған
сауын биелер де, өрісте жатқан былайғы көп жылқы да көзіне түсе қоймады.
Жердің оты қашқан сайын жылқы өрісі де шығандап барады. Қашанда
шөптің сонысын, судың тұнығын талғайтын кірпияз жануарлар қой шиырлап
тастаған ауыл маңын қалай місе тұтсын - ау, өзге түліктің аяғы жете
бермейтін қашыққа тартып кетті ғой не қылса да. Осы болжамға бекіген
жылқышы атын тебініп, Көксаланың күнгей бетін қапталдай жортып кетті.
Жайлауда ауыл-ауылдың арасы тым тығыз. Әр сайда, бастау - бұлақ
бойларында жеке - дара тігілген шопан үйлері қылаң береді. Шопанның да
түрлі-түрлісі бар ғой. Біреулері малын ертерек өргізіп, өріске беттетіп барады.
Қойын қоршаудың ішіне қамап тастап, бастары іскенше ұйықтап жатқандар
да ұшырасады. Күнде көріп жүрген Ағыбайға бұлардың тірлігі де жақсы
таныс еді. «Мына сорлының суатқа сұғынып тым тақау отырғаны - ай! — деп
қынжылды, бұлақтың бойына итініп тұрған киіз үйге көзі түсіп, — күндіз-түні
көк қарын болып су ішкен малға шыр бітуші ме еді? Одан гөрі сонау бір
мойнаққа барып қонса, кешкі суаттан соң өрге қарай өрістеген қойдың
жаясына май жиналып, қоңдана түсер еді ғой... Бірақ, соны тектеп - тексеріп
жатқан кім бар қазір. Қызыл ауыз қызғыштай бұлардың қайсысына жаман
атты боларсың. Қолында билігі, басында мансабы бар біреу айтпаса, жай
кісінің сөзіне күле қарайтын болды ғой бұл жұрт...»
5
Әдеби KZ
Жыл өткен сайын жайлау да тарылып барады. Осынау алақандай Көксала
мен Тайсойғанның сай-саласын қазір үш совхоздың малы жайлап отыр.
Төңіректе мал аяғы тимеген, қой шиырламаған тоқымдай да жер қалған жоқ.
Бір кезде бетегесі киіздей ұйысып, желкілдеп тұратын беткейлер, жота-
жондар қазір әбден тұяқкесті болып, шибарқыттың жолындай таңдай -
таңдай сүрлеуге айналған. Ал жылқылы ауылды қас қылғандай мына бір қой
шиырының ортасына әкеліп қондыруы, басқаны былай қойғанда, мал
төркініне обал тіпті: «Қой өрісіне жылқы жайғанды қай аталарыңнан
көрдіңдер?
Жылқылы ауылды алыс бір шетке аулағырақ қондырыңдар» деп, жайлауға
көшерде осындағы мал маманымыз деп жүрген жігіттерге Ағыбай құдайдың
зарын қылды. Бірақ мұның сөзін құлағына қыстырған бір пенде болды ма?
Арғы жонға түйемен көшіруді қиынсынып, машинаның дөңгелегі жеткен
жерге әкелді де, төңкере салды.
Ағыбай бас жылқышы атанып жүрген баяғы жас кезінде, кейбір жөнсіз
пікірлерге құлақ аспай, өріс - қоныс жағын өзі басқара беруші еді. Қазір үйтіп
кеуделей беруге жағдайы көтермейді. Жасы алпыстан асқан соң, жұрт
қатарлы пенсияға кетуі керек еді, жылқының бір шетінен қалмай жабысып
жүрген өзі. Қазір бұл шеттен келген кірме іспетті. Лауазымы да тым төмен —
жылқышы емес, жылқышының көмекшісі. Әйтеуір әлі де болса сақалын
сыйлап, жылқыдан біржола қуып жібермегеніне шүкіршілік етеді.
Осындай ойлардың жетегімен іштей ширыққан Ағыбай астындағы жирен
бестіні бусандырып, өзі білетін төте жолдармен Тайсойғанның бергі
бөктеріне де жетіп қалып еді.
Анау бір көлбей созылған қара жалдан асып түссе, ар жағында қырғыз
жайлауы тиіп тұр.
6
Әдеби KZ
Бірақ жылқы ол тұсқа жете қоймапты. Өзінің о баста мөлшерлегеніндей,
Ұзынбұлақтың кезеңіне шыққанда, сай табанында жайылып жатқан қалың
шоғырдың да қарасы көрінді.
Өзі іздеп шыққан сауын биелер мен мініс аттары да көп жылқыға қара
тартып, осылай таман ойысқан екен. Ағыбай бергі қапталда бөлек жүрген
шағын үйірді ауылға қарай беттетіп салды да, өрістегі өзге жылқыны да
түгендей кетпек болып, аттың басын кepi\sбұрды.
Қарт жылқышының оқ өтіп кететін осал жері — жылқы еді. Өмірінде көрген
бейнеті де, рақаты да осы түліктің төңірегінде. Қапталдай жайылған қалың
жылқыны көрсе болғаны, өзге дүниені ұмытып, көңілі шалқып жүре береді.
Міне, қазір де өзен бойының балқашты жасыл балаусасына бас қойған
сәйгүліктер тобына ішкерлей түсіп, жаны жадыраған кездегі дағдысымен
қалтасындағы мүйіз шақшаға қол созды. Шақшаны ердің қасына бір - екі рет
тықылдатып ұрды да, алақан шұқырына түскен көк бұйра насыбайды
астыңғы ерінге басып жіберді... Ой, жалған дүние-ай! Құйрық-жалы
күлтеленіп көк жайлаудың сәнін кіргізген қайран жылқы - ай! Көңілдегі реніш
- мұңды да, өкпе-наланы да ұмыттырып жібересің - ау сен. Күлдір-күлдір
кісінеген құлын - тайдың күміс - қоңырау үнін тыңдап жасамыс аттар мен
мама биелердің дала акордындай үздіксіз пысқырғанын естудің өзі бір рақат
екен ғой. Бұрын білмейді екен, елу жыл бойы жылқы соңында жүрген
Ағыбай осы шындықты бертінде пайымдады. Өткен қыста қатты боранға
ұрынып, ай жарым ауруханада жатқанда, өзінің жылқыдан бөлек тірлігі жоқ
екенін, тіпті айқынырақ сезінген... Қазір қарттыққа мойынсұнған зауал
шағында да жатса-тұрса тәңірден тілейтіні — қашан бұл өмірден көшкенше
ат арқасынан түспеу. Осы жылқының маңынан ұзамау үшін, ол қандай
қорлыққа болсын шыдауға әзір еді.
7
Әдеби KZ
Ағыбай жүрісін жеделдетіп, табынның бас-аяғын түгел шолып шықты. Құшақ
құйрық, қаба жал қазақы торылардың үйірі бір бөлек, шоқтығы биік, серке
сан, құбақан дончактардың үйірі бір бөлек жайылып жүр. Ара - арасында
ақалтеке шатыс қақпан бел қара керлер мен ағылшын қанды, жел аяқ
мақпал қаралар үйірі де ұшырасып қалады. Дон жылқысының Алатау өңіріне
келіп қоныс тепкеніне көп болды. Ал ақалтеке мен ағылшын қандылардың
келуі осы бертінде, он-он бес жылдың айналасында ғана. Ана бір жылдары
жылқы басын жеті мыңға дейін жеткізіп, ұшы - қиырсыз кең жерді алып
жатқан «Көктөбе» совхозы осыдан біраз жыл бұрын өз шаңырағынан тың
көтеруші екі бірдей шаруашылықты бөліп шығарып, жер жағынан
шағындалып қалды да, асыл тұқымды жылқы заводы делініп қайта
құрылған. Осыған байланысты төрт түлік санын күрт азайтып, қазір екі
мыңдай ғана жылқы ұстап отыр. Басшы - мамандардың сөз саптауына
қарағанда, бұл түлікті әлі де болса шағындап, санның есесін сапамен
қайырмақ. Ол үшін қазақы жабыны қысқартып, оның орнын кілең асыл
тұқымды, қымбат бағалы жылқылармен толтырмақ. «Екі есеп — бір қисап,
одан совхоз бәрібір ұтылмайды» десіп жүр. Онысы рас та болар, өйткені
базар бағасы жөнінен бір дончак — қазақы жылқының үшеуіне, ақалтеке
тұқымдасы — бесеуіне, ал ағылшын қандысы — онына татитын көрінеді.
Жылқының құны бұл күнде қандай қасиетіне қарап бағаланатынын кім
білсін, шаруашылықтарға да осы асыл тұқымды, қымбат жылқыларды сатып,
шаш-етектен пайда түсіріп отыр.
Алайда жылқы басынын қымбаттауы шаруашылық есебіне тиімді
болғанымен, былайғы жұртқа, әсіресе жылқышыларға жеңіл тиіп тұрған жоқ.
Егер ғайыптан тайып асыл тұқымды әлгі сетерлердің бірі себепсіз шығын
болып кетсе, орнын толтыра қоюдың өзі бір қиямет. Өткен жылы із - тозсыз
қолды боп кеткен ағылшын қанды қоңыр байталдың төлеміне осындағы бес
жылқышы бір-бір биесін қосып, зорға құтылды. Сондықтан жылқышылардың
8
Әдеби KZ
көзден таса қылмай, екі шоқып бір қарайтыны да — осы алыстан келген асыл
тұқымды ардақтылар. Бір жаманы, бұларда өз үйірін шашау шығармай
қайырып жүретін айғыр болмайды екен. Айғырлары қазір ферма
орталығында, жылы қорада байлаулы тұр. Оларды тек үйірге түсетін кезде
ғана жылқыға әкеліп қосады да, басқа уақытта көк жоңышқа мен сұлыға
бөктіріп бөлек ұстайды. Баланы дүниеге әкелуін әкелгенімен, семья бағуға
құлқы жоқ, алименттен көз ашпайтын берекесіз еркек секілді бірдеңелер...
Ағыбай олардың, міне осы мінезін ұнатпайды. Өз үйірін бақпаған,
қайырмаған, қажет болса қасқырға қарсы шаппаған айғыр — айғыр ма,
тәйірі? Айғыры жоқ үйірлер жетім-жесір, бала - шаға секілді бет-бетімен
шашырайды да жүреді. Шіркін, шын қормал айғырлардың даланы басына
көтере анда-санда азынап кісінегенінің өзі неге тұрады?! Соның өзі
жылқының айбары, алдырмас қорғаны тәрізді көрінбейтін бе еді... Ал мына
айғырлардың оқта - текте кеудесін көтеріп, биеге шапқаннан өзге міндеті
жоқ.
Әрқайсысына жемін - шөбін беріп, күніне бір уақыт шомылдырып тұратын
бір-бір күтуші керек. Бір есептен сонысы да дұрыс шығар, соларды бағып-
қағуға жылқышылар да құмар болып жүргені шамалы. Пәлесінен аулақ!
Өйткені әр айғырдың құны тым жоғары, он-он бес мың сомнан кем түспейді.
Жазатайым бірдеңеге ұшырай қалса, орнын толтыра қою да оңай болмас.
Түнгі күзетте болған жігіт жылқыдан таң алдында ғана оралған-ды. Дегенмен
сақтықта қорлық жоқ, дәл қазір тікелей міндетіне жатпаса да, Ағыбай жаңағы
дегдарлар үйірін жіті шолып, тез түгендеп шықты. Бәрі түгел, орнында
сияқты. Тек асыл тұкымды арғымақтар жайлауға келгелі оқырда тұрып
жейтін жемін өгейсіп жүр ме, жүндері үрпиіп, жүдеп бара жатқан секілді.
Таулы жер бұларға қол емес-ақ. Қия беттерде жерге мойын жеткізіп жайылу
9
Әдеби KZ
былай тұрсын, жүріп - тұруының өзі қиынға соғып жүр. Жауын-шашында
құлап кете ме деп зәрең ұшады.
Асыл тұқымды биелер мен құлын - тайлардың өз номерлері, тіркемеге
жазылған есімдері бар. «Араб», «Жұлдыз», «Юпитер», «Шолпан», «Космос»
— толып жатыр. Мұндай сөздердің көпшілігіне Ағыбайдың тілі де келе
бермейді. Номерлерін еске сақтау да оңай емес-ті. Ондай жазу-сызудың бәрі
бас жылқышы Отарқұл мен мамандардың қолында.
Отарқұлдың қолына құрық ұстағанынан гөрі қағаз - қаламға жармасуы
көбірек. Кейде оның арақтан айыққан кездерінде қағазға шұқшиып, желкесін
қасып отырғанын көріп, «бұл байғұстың да жұмысы жылдан - жылға ауырлап
бара жатыр - ау» деп ойлайды Ағыбай. Сондықтан Отарқұлдың: «Жай
жылқышыға қарағанда, бас жылқышының басы артығырақ істейтін болар.
Басым істемесе, совхоз мені бұл жұмысқа қоймас еді» деп ақырғанын да кек
көрмей, тәртіп сақтап, жұмсаған жеріне үнсіз бой ұсынып жүре береді.
Жылқыны аралап шыққан соң, Ағыбай сауын биелерді алдына салып,
манағы келген ізімен ауылға қайтты. Бұл кезде күн едәуір көтеріліп, сағым
бұлаңдаған сай-сала мен бетегелі беттер неше алуан түске еніп, кілемдей
құлпыра түскен-ді. Киіз үйлердің алдынан шүйкеленген түтін көтеріліп,
малшы қауым күнделікті тірлігіне кірісе бастаған. Жылқылы ауыл аталатын
мойнақтағы төрт үйдің маңында да қара-құра көбейіп қалыпты. Ағыбай
қотанның ортасында тұрған «уазикті» көріп, бастықтардың бірі келген - ау
деп шамалады.
Бұл сауын биелерді ауылдың желке жағындағы бие бауға әкеліп иіргенде,
манадан есік алдында қарауылдап жүрген кемпірі осылай қарай емпеңдеді.
Күлайша екі-үш күннен бері белінен баса алмай, шойырылып жатыр еді, бүгін
қалқайып басын көтеріпті - ау, әйтеуір.
10
Әдеби KZ
Бие сауатын шелегі мен бес-алты құлынның ноқтасын қиралаңдап зорға
көтеріп келеді.
Қайтсын енді, қырық жылдан бергі тартқан азабы мен көрген бейнеті түбінде
белгі бермей қойсын ба, тілдігін басып, азуының бүрі тайған қақсап кәрі
биедей бұл байғұстың да күйі кетіп барады.
— Найқалмай, бассайшы аяғыңды! — деді Ағыбай кемпірінің күйін көре тұра
әлденеге қырыстанып. — Қайда жүр әлгі осындағы жігіттер? Мына малдың
бір жағына шықса бірдемелері кете ме екен?
— Келетін шығар... Көріп отыр ғой өздері де, — Күлайша кінәлы адамдай
шалының жүзіне жапақтай қарады.
Ағыбай атынан түсіп, ен, алдымен енелері жуас, қолға тұратын екі-үш
құлынды ұстап, желіге әкеп байлады. Ал жаңадан қосылған қулық биелер
сусылдап желі басына тоқтайтын емес. Жаяу қуса жеткізбейді, атқа мініп
қайырып әкелсе, асау құлынды ұстап, ноқталап алуға Күлайшаның қауқары
жетпейді. Өнімсіз тірлік осылайша қайталана берген соң, Ағыбай шыдамай
кетіп, киіз үйлер жаққа барды да, ат үстінен айқай салды:
— Уа, қайсың барсың? Мал келгенде үйде омалып отырмай, шықсаңдаршы,
түге!
Біреулерің келіп мына құлындарды байласып жіберіңдер.
Ауылдағы еркек атаулы ортадағы боз үйде, бас жылқышының маңына
жиналып отырса керек. Ағыбайдың дауысын естіп, іштен Сайлау деген жас
жігіт шықты. Аузындағы темекісін тастамай бұрқыратқан күйі желі басына
таман келді де, Күлайшаның қолындағы ноқтаны ала салып, асау
құлындардың біріне тап беріп еді, жас құлын шабақтай шоршып ұстатпады.
Енесімен бірге үркіп, желі басынан шыға қашты.
11
Әдеби KZ
— Таста темекіңді, бар болғыр! Танауыңды құрт жеп бара жатса, сонан кейін-
ақ түтіндетерсің, — деді Ағыбай қашқан биені қайтадан қайырмақтап.
Сайлау ыржалақтай күліп, темекісін түкіріп тастады. Әкесі Ағыбаймен құрдас,
әрі көңілдес - тұғын. Сондықтан шалдың артық ауыз сөзін кек көрмей, көтере
береді... Үшеуі үш жақтап жүріп, айналдырған алты құлынды зорға байлады.
Ағыбай ат үстінде ширақ көрінгенімен, жерге түскенде сынық арбадай
қиқалаңдап, жасы құрғырдың келіп қалғаны біліне бастайтын. Жаңағы аз
қимылдың өзіне әжептәуір бусанып, алқынып қалды. Екі қолымен бірдей
жер таянып, көк шөптің үстіне сылқ етіп отыра кетті де, Сайлауға шұқшия
қарады.
— Осы биені байлағанда, мен бір әкеме ас бергелі жүрген жоқпын ғой... Осы
елдің таңдайы ағарсын, мейірі қансын деп жүрмін. Ал, сендер болсаңдар
кемпір - шалды сынағандай, қол ұшын бергілерің де келмейді...
— Неге? Көмектесеміз ғой... Жаңа ана кісілерге айналып байқамай
қалыппыз, — деді Сайлау қипақтап.
— Оларың кім? Балға қонған шыбындай бәрің неге үймелеп отырсыңдар?
— Завферма келді. Қасында газеттің тілшісі бар. Директор өз машинасын
беріпті.
— Не керек екен оларға? Жай жүр ме?
— Жылқыны көреміз дейді... Біз туралы газетке мақала жазбақ, суретке
түсіріп алмақ.
— Ым - ым. Солай де... Онда жолыңнан қалма, шырағым. Суретіңе түсе бер.
— Сіз ше? Өзіңіз бармайсыз ба? — деді Сайлау артына бұрылып.
— Мені қайтесің... Біз кезінде талай суретке түскенбіз. Ендігі кезек сендердікі.
12
Әдеби KZ
Қарт кемпірі екеуі биенің алғашқы сауымын өткермек болып, желі басында
аялдап қалды.
Жайлауда бие байлап, қымыз ашыту қазір міндетті жұмыс емес. Жылқы түлігі
асыл тұқымға айналғаннан бері совхоз мемлекетке қымыз өткізу
жоспарынан босатылған.
Биенің сүтін жырымдамай, асыл құлындар арда емуге тиіс еді. Оған жас
жылқышылар қынжыла қойған жоқ, қайта артық жұмыстан құтылып,
мойындары босап қалды...
Жылқышылардың бірді-екілі меншік биесіне совхоздан тағы екі - үш бие
қосып байлап, қымыз ашытып, басына бейнет тілеп алып жүрген—
Ағыбайдың өзі. Қайтерсің, сүйекке сіңген әдет: жаз бойы жайлау үстінде
қымызсыз қалай отырады? Қолда жоқ болса бір сәрі, бір қос жылқыны
алдына салып айдап жүргенде, ауылыңның іргесіне желі тартылмай қаңсып
жатса, оның несі тірлік!? Тіпті өлі аруақты былай қойғанда, тірі ұрпақтан ұят
емес пе? Қымыздың бабын біле бермейтін, ата салтынан қарайып қалған жас
жылқышыларға ештеңе емес-ау, осы жылқымен бірге жасасып келе жатқан
Ағыбай не деп ақталады жұрт алдында? Осыдан кейін жылқылы ауылда не
абырой, не бедел қалады? Қара сабаны қаңсытып қойып, қасиетіңнен
айналайын Қамбар атаға қалай сиынады?! Жоқ. Ағыбай кеудесінде жаны
тұрғанда, ондай тексіздікке бара алмас. Баяғыдай бас - аяғына оқ шырқаса
жетпейтін желі тартуға шамасы келмегенімен, ауылдың іргесін үңірейтіп,
биебаусыз қалай отырмақ?!
Бірақ биыл қарт жылқышының жынына тиетін және бір жағдай болып тұр.
Мына үш үйдің бас жағын ала бөлегірек қонған, іргесінде автолавканың ақ
машинасы тұрған киіз үй — дүкенші Әбікейдікі. Осындағы екі совхоздың
малшыларына бірдей қызмет көрсетуге міндетті сауда орны бұдан гөрі
13
Әдеби KZ
ішкерілеп, қойлы ауылдардың біріне барып қосылуға тиіс екен. Анада көшіп
келе жатқанда, дәл осы тұста машинасы бұзылып қалыпты да, одан ары
әуреге түсіп жатқысы келмей, жылқылы ауылдың қасына орнай салыпты.
Бұған қатын - қалаш, бала-шаға мәз, әрине. «Қант - кәмпит, шай - тұзымызды
іргеден алатын болдық» десіп қуанысып жүр. Бірақ соның бір ыңғайсыз жері
— ауыл опыр - топырдың астында қалды. Не керек, Ағыбайдың қымызынан
гөрі Әбікейдің шөлмектері өтімдірек болып шықты ғой Дүкеншінің
белдеуінен күндіз-түні ат кетпейді. Арақ іздеп сандалған жұрт - ақ маза
беруді қойды. Кейде сол ащы судан ауыз тимесе үзіліп кетердей, бүкіл
ауылдың итін дүрліктіріп, түн ортасында келетінін қайтерсің. Бейне әл
үстінде жатқан зәрурет науқасқа дәрі іздеп шапқылаған адамдар тәрізді.
Отарқұлды қойшы, Отарқұл — сол үйдің тұрақты қонағы... Не сиқыры барын
кім білсін, осындағы жас жылқышылар да Әбікеймен әмпей - ақ. Бір уақыт
бие сауғызуға мойны жар бермейтін сабаздарың, қашан көрсең дүкеншінің
арақтан босаған жәшіктерін көтерісіп, сол маңда айналсоқтап жүргені. Бірақ
оған қарап, алған бетінен айнитын Ағыбай тағы жоқ. Бір шеттен бұл да
беріспей, айналаға қымыз исін аңқытқан қазақы қара сабасын күмпілдетіп,
өршелене пісіп жатады...
Кемпірі мен екеуі биелердің алғашқы сауымын атқарып, ең шеткі қоңыр үйге
қарай бет алды. Ортадағы бас жылқышының боз үйінде дуылдаған еркек
дауыстары, көңілді күлкі естіледі. Отарқұлдың әйелі ішке самауыр енгізіп,
қазан-ошақ басына келгіштеп, қарбаласып жүр Жас жылқышылардың бірі
Әбікейдің дүкеніне қатынап қайтты. Ағыбай сол жаққа барып, қонақтармен
сәлемдесейін деп бір оқталды да, ол ойынан тез тыйылды.
Жастардың арасында не бар бұған? Өздері-ақ дуылдай берсін.
14
Әдеби KZ
Үй сыртындағы көлеңкеден артқы бір аяғы таңулы, ағаш аяқ ақсақ құлын
көтеріліп, бұған қарсы жүрді. Екі кезі жақұттай жаудыраған, маңдайында
танадай ағы бар, тор төбел ақсақ құлын таңулы аяғын сүйрете шоқаңдай
басып келді де, мұны иіскелеп, оқыранып жіберді.
Бірдеме дәметіп тұр. Ағыбай дереу ішке кіріп, кішкентай шелекпен жаңа
сауылған саумалдан бір тостағандай сүт алып шықты да, құлынның аузына
тосты. Ол да әбден дәнігіп алыпты, мақпалдай жұмсақ еріндерін
жыбырлатып, шелекке бірден бас қойды да, сүтті лезде сіміріп алды.
Бұл да — Ағыбайдың өзі тілеп алған бейнетінің бірі. Осыдан он шақты күн
бұрын қалың жаңбыр кезінде қиядан құлап, байғұстың мінер жақ артқы
жіліншігі уатылып кеткен - ді.
Жылқышылар өрістен өңгеріп әкелгенде, сынған аяғы терісіне ғана ілініп,
былғақтап бос жатыр еді.
— Бәрібір мал болмайды. Жанын қинамай бауыздап тастайық, — десті
жігіттер. Бас жылқышы Отарқұл да осы пікірде еді.
— Адал өлген малдың арманы жоқ. Акт жасайық та, мына суықта майлы
қуырдаққа бір тоялық, — деген пейілін кеңге салып.
Бірақ Ағыбай көнбеді Жас сәбидей жазықсыз жануарды көзін жәудіретіп
қалай ғана бауыздап тастарсың. Сынған аяқты сығымдап біраз отырды да.
Пышақтарыңды жалаңдатпай сәл сабыр етіңдерші, жігіттер. Мал төркініне
обал ғой, алдымен ем дом жасап көрейік те бұл байғұсқа, деді құлынға жаны
ашып. Онысын Отарқұл ұнатпай
— Қойшы ары. «Бояушы - бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, сен
шал да қайдағыны айтады екенсің. Қанша оташы болсаң да, тап мына құлын
мал болып қатарға қосылса, мұрнымды кесіп берейін, — деп теріс айналған.
15
Әдеби KZ
Бірақ Ағыбай оның сөзін тыңдаған жоқ. Сол күні түске дейін әлектеніп
құлынның аяғын таңатын қалып шапты. Жуантық қайыңды қақ жарып, ішін
қобылап қуыстады да, сынған сүйекті біртіндеп орнына түсіріп, киіз астарлы
жаңағы қалыпқа салды. Сонан соң сыртын сірімен қаптап, таспамен шандып
танып тастаған. Ақсақ пен жауырды жаңа көріп жүрген жоқ қой, талай істеген
кәсібі. Тор төбел құлын бір жұмадай үш аяқпен шоқаңдап жүрді де, ақырын
ағаш аяғын да демеп басатын дәрежеге жетті. Қолдан сүт ішіп, жем жеуге де
үйреніп алған. Енді балталасаң да өлетін емес, күн өткен сайынжал бітіп,
оңалып келеді.
— Ақсақ құлынды жаңа көрдің бе, шайыңды ішсейші, — деді Күлайша,
шалдарына бір мін тақпай қалмайтын кемпірлердің әдетімен.
Ағыбай табиғатынан шайшіл кісі емес-ті. Қымызға орын қалдырып, екі-үш
кеседей ғана шай ішті де, шынысын төңкеріп тастады. Онын есесіне Күлайша
ұзаққа сілтейді. Маңдайы жіпсіп терлей бастаған екен, сары самауырынның
қасынан жуық арада тұра қоймас.
Даладағы дабыр - дұбырды естіп, Ағыбай сыртқа шықты. Отарқұл үйінің
сыртында қауқылдасып бір топ адам тұр. Топтың жуан ортасында ұмақұрт
болған айғырдай талтақтай басып, ферма бастығы Пернебек жүрген секілді.
Қасында мал дәрігері Қырғызәлі, тағы басқа жылқышылар бар. Барлығы да
қара көзілдірік киген, сұр костюмді бейтаныс жігітті ортаға алып, шырқ
үйіріле береді. Ағыбай қастарына жақындап барды да, жасы үлкен болса да,
кейінгі кезде шыққан салт бойынша, иіліп сәлем берді... Жігіттер көңілді
екен: шай ішіп, қуырдақ жеп дегендей, ар жақтарына ел қондырып
алғандары байқалып тұр. Сөз тізгіні ауыл ағасы Отарқұлда:
— Мана өрістен жылқы айдап келген Ағыбай деген бақырауық шал осы кісі,
— деді ол, мұны қонағына таныстырып. — Ауылда қонақ барын байқамаған
16
Әдеби KZ
ғой, орынсыз дауыс көтеріп, мазаңызды алғанын кешірерсіз... Ал, бұл азамат
— сонау Алматыдан келген қадірлі қонақ, газеттің адамы, — деді сонан соң
Ағыбайға түйіле қарап.
— Жөн - жөн, шырақтарым, жолдарың болсын, — деді Ағыбай да өңін
жылыта қоймай.
— «Қонақ — ырыс» дейді аталарымыз. Қонақтың келгені жақсы.
Екеуінің арасынан ши шығып кетер деді ме, осы тұста әңгімеге Пернебек
араласқан:
— Дегенмен, Ақа, бүгін өзіңіз ауылдың апшысын қуыра, бірдемеге тарылып
келдіңіз ғой?
Мал - бас аман ба, әйтеуір? — деді мұның қабағындағы кірбеңді байқап
қалып.
Ағыбай сыр берген жоқ. Мұртының астынан жымиып қана күлді:
— Е, шырағым - ай, баланың қай жылағаны есте қалады дегендей,
малшының да қай гөй - гөйін сұрап жатасың. Біз деген айқайсыз жүре
алмайтын халықпыз ғой, — деді баяу тіл қатып.
Қарттың ағынан жарыла қоймай, әлденені көмейінде іркіп қалғанын сезген
әккі Пернебек өзінің майда тілімен алды-артын орап, бұған да бір-екі көпшік
тастады.
— Біздің бұл Ақаң деген ақсақал молодец болып тұр, — деді тілшіге
бұрылып. — Әсілі, біздің ауылда бие байланбайды ғой, оның себебін жана
өзіңізге айттым. Бұл күнде қымыздың бабын білетін адамдар да сиреп
барады. "Әзірше аузымызды аққа тигізіп отырған — осы Ақаң. Бұл кісіден
қымыз үзілмейді. Әйтпесе, өздеріңіз сияқты сыйлы азаматтар келгенде,
17
Әдеби KZ
мүлде ұятқа қалғандай екенбіз, — деп ауыр денесін сабадай іркілдетіп,
лекіте күлді.
— Енді бұл шалды пенсияға шығып кеткеніне қарамастан, сол қымыз үшін
ұстап отырған жоқпыз ба, — деді Отарқұл дүңк етіп. Бірақ оның сөзін ешкім
елей қоймады.
— Жылқы баққаныңызға көп болды ма? — деді тілші Ағыбайға енді ғана
назар аударып.
— Қалай десем екен? Колхозға дейін байдың жылқысын бақтым. Колхоз
құрылғаннан кейін де, құрығым қолымнан түскен жоқ.
— О, бұл Ақаң «Көктөбемен» бірге жасасып келе жатыр, — деп қойды
Пернебек.
— Демек, жылқы баққаныңызға жарты ғасырдай болып қалғаны ғой? — деді
тілші. — Алған орден - медальдарыңыз бар ма?
— Орден дейсіз бе? — Ағыбай сөзінің аяғын жұтып күмілжіңкіреп қалған. Ол
үшін Пернебек жауап берді.
— Ақаң ақсақалда орден жағы бола қоймас... Ал, әр жылдары алған
медальдарының бар екенін білемін, — деді кінәлы адамдай қипақтап.
Көзілдірікті жігіт: «Түсінікті» дегендей, басын изектетіп біраз тұрды. Қонақтың
бұған көңілі толмай, қарны ашып қалғанын Ағыбай да сезе қойды.
— Ал, Ақа, бұл не тұрыс? Қонақты қымызға шақырмайсыз ба?—деді
Пернебек арадағы жайсыздықты жуып-шайғысы келіп.
— Қымыз бар ғой... Жүріңіздер, — деді жылқышы қонақжайлық білдіріп.
Көзілдірікті жігіт әлсін-әлсін қозы қарнын сипалап, танауын самалға тосып
тұрған-ды.
18
Әдеби KZ
— Дәл қазір жаңағы тамақтың үстіне қымыз бата қояр ма екен? — деді
қынжыла тіл қатып. — Таза ауа жұтып, тоқ басып дегендей, азырақ бой
жазып қайтпаймыз ба?
Соны айтып, қасына Пернебекті ертті де, ауылдың сыртындағы жыраға қарай
түсіп кетті.
Отарқұл осы оңашалықты пайдаланып, жігіттерге тапсырма бере бастады.
— Қазір тегіс атқа қонып, осы тұрған бәріміз де жылқыға барамыз, — деді ол
жүндестеу келген шомбал жұдырығын сермей сөйлеп. — Газеттің адамы
өрістегі жылқыны аралап, сол жақта бәрімізді суретке түсірмек. Жұттан
шыққандай болмай, сақал - мұрттарыңды басып, бір киер тәуір киімдеріңді
киіп алыңдар. Ұқтыңдар ма?
— Ұқтық! — десті жігіттер.
— Ұқсаңдар, тағы бір тығыз шаруа шығып тұр. Ағылшын қанды он екі тайды
Алматы ипподромына жеткізу керек деген бұйрық келді. Ертең фермаға
қаладан арнайы машина келетін көрінеді. Сондықтан түстен кейін екі адам
шығып, сол тайларды орталыққа дейін айдап апаруы керек. Түсінікті ме?
Мұның түсінбейтін несі бар? Алайда бас жылқышыны құптай жөнелген де
ешкім бола қоймады. Соңғы жылдары қаладағы ипподром мен совхоз
аралығында осындай бір ауыс - күйіс болып тұратын. Асыл тұқымды тай -
құнандар топ-тобымен кезектесіп, қаладағы ғылыми зерттеу институты мен
ипподром қорасында айлап - жылдап тұрып қайтады.
Осында қаны - тегі тексеріліп, ат қойылып, айдар тағылып, бағасына дейін
белгіленіп бір - ақ шығады... Мұның бәрі дұрыс - ау, тек кеңседе
отырғандардың осы алыс-берісті қай кезде атқару керек екенін тереңдеп
ойламайтыны жаман.
19
Әдеби KZ
— Осы ипподром дегені де бір қырсық болды-ау. Алатын малын ел жайлауға
шықпай тұрып, не жайлаудан түскеннен кейін алса, бірдемелері кете ма екен
солардың?—деді Сайлау ренішін жасырмай.
— Соны айтпайсың ба. Жүген - ноқта көрмеген өңшең асау тайды ит өлген
жерге қалай жеткіземіз? Соны ойлаған пенде бар ма? Олары жетекке, не
айдауға көнетін жуас болса екен - ау!—деп оны тағы бір жылқышы қостады.
Жігіттер бір-біріне қарап дағдарысып тұр. Әншейінде Отарқұлдың: «Жай
жылқышыдан гөрі бас жылқышының басы тәуірірек істейтін болар» деп
өкірештеп шыға келетіні болушы еді, дәл қазір оның басы да түк бітірмей
тұрса керек, «былай істейік» деп, нақты ештеңе айта алмады.
— Жігіттер, бұл — бұйрық. Директордың бұйрығын өлсек те орындауымыз
керек, — дей береді әлсін-әлі.
Осындай тығырыққа тірелгенде бұлардың Ағыбайға жүгінетін әдеті. Отарқұл
жігіттерге жағалай көз салып қарап шықты да, соңында бар назарын бұған
аударды.
— Ақаң бір амалын таппаса, — деді мүләйімсіп. Басқалар да жауап күтіп,
қарап қалысқан.
Ағыбайдың басы бұлар үшін бейне бір есеп машинасы секілді. Қиын есепті
соған салып қойып, енді тек жауабын күтіп отырғандай. Ал Ағыбай оған түк
қиналған жоқ, мана а дегенде - ақ басына келген бір ойды айта салды:
— Мал сорлының тағы да бір артық жүрісі, арам тері ғой шығайын деп
тұрған, — деді сақалын тарамдай түсіп. — Әлгі тайларды енесімен бірге
үйірімен айдап апарып, қораға барған соң, бөліп алғаннан басқа амал жоқ.
— Дұрыс - ақ!
— Табылған ақыл!
20
Әдеби KZ
— Апырай, осы нәрсе манадан бері біздің ойымызға не қып келмеген?!—
десіп жігіттер қуанысып қалды.
Бас жылқышы басымен осы әдісті өзі неге ойлап таппағанына Отарқұл да
ыңғайсызданып тұрған. Бірақ оған дәл қазір намыстан гөрі жұмыстың біткені
қажет еді.
— Олай болса, Ақа, қасыңызға мына Сайлауды алыңыз да, осы шаруаны
өзіңіз тындырып қайтыңыз, — деп үстінен ауыр жүк түскендей ойнақтап
шыға келді.
Сонымен бұл мәселе де шешіліп қалды. Жігіттер қымыз ішпек болып,
Ағыбайдың үйіне таман келді де, бірақ ішке кірмей, тілші мен Пернебекті
күтіп тұрған.
Басқа ермек болмаған соң, ақсақ құлынды қоршап алып, соны әңгіме қыла
бастады.
— Ей, мына қасқаның өлетін түрі жоқ, аяғын басып қалған секілді, — деді жас
жылқышылардың бірі таңданып.
— «Ақсақ мал жатып семіреді» деп, мынауың жалданып алған ба деймін.
— Ақаң ақсақал ғой — мұның жанын алып қалған...
— Отеке, осыны сіз әлдеқашан тізімнен шығарып тастаған жоқсыз ба? Бір
амалын тауып өзіміз жесек қайтеді? — деп Омарбай деген егде жылқышы
Отарқұлға қолқа салды.
— Е - е, қасқа құлын қайда қашар дейсің. Ел етекке түскеннен кейін де жас
сорпа қажет болар, — Отарқұл мардамси күліп, мұртын сылады.
— Көр де тұр, осыны өзімізден қызғанып жүргенде, қызығын бастықтар
көреді, — деді алғаш сөз бастаған жігіт қызуланып.
21
Әдеби KZ
— Мынаны қазір жығып алсаң да, қазы - қартасының сыртында, елу
килограмм етті еркін беріп тұр, — деп Омарбай сілекейін жұтып, тамсанып
қойды.
Ағыбай жұрттың әңгімесін селқос тыңдап, қасына келген қасқа құлынның
жалын тарап тұрған-ды. Осы тұста шыдай алмай, шарт сынды:
— Осы сендер малшысыңдар ма, әлде ет комбинатында жүрген
қасапшысыңдар ма? — деді терісіне сыймай ашуланып. — Іріген ауыздан
шіріген сөз шығады... О заманда бұ заман, қазақ баласы тірі малдың қасында
тұрып, ет туралы сөз қылатын ба еді?! Сендерді де жылқышы дейді-ау!
Жігіттер: «Қайран қараңғылық - ай» дегендей, бір-біріне көзін қысып,
өздерінше қарт жылқышыға жеңілдікпен қарағансып, күлісіп тұр.
— Жарайды, қойдық, отағасы...
— Осы Ақаңның - ақ ырым - жырымы таусылмайды, — десіп, жуып-шайған
болысты.
Бұл кезде мана сайға түсіп кеткен Пернебек пен тілші де бұлардың қасына
жақындап қалған-ды. Пернебек қолын сермеп, тілшіге бірдемені түсіндіріп
келеді.
— Біз енді аты жылқы екен деп, қыл құйрықтыны қаптата беруді қойдық.
Жылқы тұқымын түгел асылдандырмақпыз... Өзіңіз ойлаңызшы, бағасы бес
жүз сомнан аспайтын он жылқы баққан тиімді ме, әлде соның орнына бес
мың сомға қақпай әкететін бір жылқы ұстаған тиімді ме? Совхозға, әрине,
соңғысы пайдалы, — деген ақырғы сөзі ап - анық естілді.
Бұлар сол беттерінде Ағыбайдың үйіне кіріп, қымызға қанып алды да,
барлығы тегіс атқа қонып, жылқы өрісіне қарай бет түзеді.
22
Әдеби KZ
Достарыңызбен бөлісу: |