Сабақтың тақырыбы: Абай Құнанбаев жəне оның «Күз» өлеңі.
Сабақтың мақсаты: а) Оқушылардың оқу дағдысын (дұрыс, шапшаң,
мəнерлеп оқу) қалыптастырып, Абай Құнанбаев туралы білгендерін
кеңейте түсіп, бекіту.
ə) Оқушыны дамыту мақсатында жұмыс
жүргізу,
онда
интеграциялық негізге сүйену жəне тіл байлығына үлес қосуға жол
ашу, ассоциациялық қиялын дамыту.
б) Табиғат пен адам, жалпы тіршіліктің
тұастығын түсіндіре отырып, жеріне, еліне, өз ұлтына деген
сүйіспеншілікке тəрбиелеу.
Сабақтың барысы: 1.Кіріспе əңгіме-сұрақ, жауап түрінде
жүргізіледі. Бастауыш сыныптарда оқылған Абай өлеңдерін еске
түсіреді. Абайды оқушылар кім деп таниды, жалпы ақын туралы не
білетіні тексеріледі.
2. Мұғалім – Абай ақын екенін, оның жылдың төрт мезгіліне өлең
жазғанын біледі екенсіңдер. Бастауыш сыныпта жылдың төрт мезгіліне
жеке-дара көп материал беріледі, яғни онда шағын əңгімелер мен
өлеңдер болатын, соларда не туралы айтушы еді? Мұны кім есіне
түсірер екен? (Мұндай жұмыс міндетті түрде жүруі керек. Дəл осындай
жұмыс тұсында өткен сыныпта оқығандардың бүгінгі өтіп отырған
33
материалмен қалай байланысты екені жəне пəнаралық байланыстың
интеграциялық түрін іске асыру мүмкіндігі туады)
Келесі кезекте бүгінгі өтілетін Абай өлеңінің де жыл мезгіліне,
соның ішінде күзге арналғанын айта отырып, мына сұрақтар қойылады:
1) Күз мезгілі көз алдымызға қандай көріністерді елестетеді?
2) Күз сендерге қандай көңіл-күй туғызады?
3) Қиялдарыңдағы күз көрінісі қандай, күздің түсі қандай?
Берілген сұрақтарға оқушыларды түгел қатыстыра отырып, əңгіме-
сұхбат жүргізеді. Əңгіме негізінде анықталған күз белгілері тақтаға
ретсіз жазылады. Жауаптарды жинақтай, саралай отырып, дəптерлеріне
мына үлгілерді топтастырады.
«Алғашқы қоңырау үні», «оқушылар мектепке бара жатыр», «құстар
жылы жаққа ұшады», «құстардың сайрағаны естілмейді», «жапырақтар
сарғаяды», «жапырақтар жерде шашылып жатады», «жаңбыр жауады»,
«қар да көріне бастайды» т.б. Ал күздің түсі қандай деген сұраққа
оқушылар барлығы дерлік «Сары түс» деп жауап қайырады.
– Неліктен күзді сары түспен елестетесіңдер? Егінді алқаптарда,
орманды, ағашты жерлерде сары екені рас. Ал, таулы, қыратты жерлерде,
мал жайылымдарында ше?
– Маусымның барлық мезгілінде күздің түсі бірдей ме?
Осы сұрақ барысында күздің түсі мезгіліне (басы, ортасы, аяғы)
жəне жеріне (орманды, ағашты, алқапты, қыратты) байланысты əр тектес
болып келетіні анықталған соң, осы кезеңдердің түстерін ажыратуға
арналған тапсырмалар беріледі. Оқушы қиялын ұштау үшін əр түрлі
түстегі қағаз қиындыларын немесе жапырақтарды жая отырып, күздің
мерзімдік бояуларын келтіру мақсатында түстерді іріктетіп алдырту
сияқты тапсырмалар беріледі.
34
Күздің басы, ортасы, соңындағы табиғат бояуының əр тектес екенін
аңғарту арқылы оқушы ассоциациялық ойын кеңейту мүмкіндігі молая
түседі. Келесі кезекте Абайдың «Күз» өлеңіндегі түстердің көрінісінен
сипатталып отырғаны күздің қай мезгілі екенін жеңіл ұғынады.
Мəселен, оқушыларға мынадай сұрақтар беруімізге болады:
– Күздің осы үш айында түгелдей күннің жылуы бірдей болама?
Барлығында ауа – райының қандай өзгерістері болады?
– Жоқ. Қыркүйекте күн жылы болады, қазан мен қарашада күн
суытады. Жаңбыр жиі болады.
Оқушылар өз шамаларынша өзгешеліктерді айтып шығады.
Бұл тұста оқушыны дамыту мақсатында сабақта əр түрлі байланыс
көзі пайдаланылады. Біріншіден, бала білімінің жүйелі болуы, оның
беріктігін қамтамасыз етерлік күз туралы төменгі сыныпта
оқығандарымен байланыстырылады. Екіншіден, интеграциялық байланыс
іске асырылады.
Абай өмір сүрген кезең (1904 жылы қайтыс болған) XIX ғасырдың
екінші жартысы. Ол кезде қазақ даласы, қазақ ауылы бүгінгі біз өмір
сүрген дəуірден мүлде өзгеше болған. Қандай ақын, жазушы болса да,
өзі өмір сүрген дəуірдің, сол заманның көңіл-күйін, көрінісін, одан
алған өз əсерін жазады.
Абай шығармаларынан да сол байқалады (осы мазмұнға лайықталған
мəліметтерден соң мұғалім баланың оқу дағдысын қалыптастыру деген
мақсатына сəйкес жұмыс жүргізеді) Одан əрі мұғалім өзі оқиды. Оқу
үстінде:
1) Мағына жағынан өлеңде ерекше мəнге ие болып тұрған сөздерге
логикалық екпін түсіріп, сол сөз ие болып тұрған мəнді дауысымен
аңғарту көзделеді;
35
2) Сөз аралығында болатын паузаларды дұрыс жасау қажет. Бұл
паузалар, екінші сөзбен айтқанда «кідіріс» жасау бірде ұзақ, тіпті
ұзағырақ, бірде сəл ғана болуы мүмкін. Яғни сол кідірістер кейде
грамматикалық, кейде логикалық, кейде психологиялық болады. Осы
талаппен оқып шығып, сəл кідіріс жасауға (өлеңдегі жабырқаңқы көңіл –
күйде туған психологиялық кідіріс) тура келеді. Содан соң оқушыларға
мынадай сұрақтар беруге болады:
– Мен өлеңді оқып шыққанда сендерде қандай көңіл-күй пайда
болды? деген сұрақ береді. Маған бір ғана сұрақпен жауап бересіңдер,
сол сөз өлеңнің өз ішінде тұр. Тек қана, өлеңді іштей оқып, табыңдар
да өлеңнің өз сөзімен айтыңдар.
Оқушы: таптым, ол сөз «көңілсіз» – деген сөз.
Мұғалім: дұрыс, неге көңілсіз?
Оқушы: қара суық қырда жүрсең.
Мұғалім: дұрыс, тағы көңілсіздік неден туып тұр?
Оқушы: Сұр бұлт түсі суық,аспанда тұман.
Мұғалім: Тағы көңілсіздік туғызатын өлең жолын іздеп көріңдер.
Оқушы: «Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, жапырағынан айрылған
ағаш, қурай».
Мұғалім: тағы көңілсіздік туғызып тұрған өлең жолын кім табар
екен?
Оқушы: «Салбыраңқы тартыпты жыртық киім».
Мұғалім: Абай бір ғана ауыл көңілсіздігін сөз етіп тұрған жоқ екен,
оны өлеңнің қай жолынан көреміз, кім табады?
Оқушы: Қай ауылды көрсең де жабырқаңқы, күлкі, ойын жоқ.
Мұғалім: Абай ол заманға неліктен ренжиді? Ренжуі неден туып тұр
деп ойлайсыңдар?
36
Оқушылар: Оларда киім жыртық, қара суықтан тоңады. Ауыл
адамдарының ішетін тамақтары жоқ. Үйінде от жақпаған, суық, оларға
Абайдың жаны ашиды.
Мұғалім: Сендердің ойларыңша қалай?
Оқушылар: Ия, ол дұрыс емес, аянышты.
Мұғалім: Енді Абайдың күзгі елдің көңіл – күйін білдіруге қолданған
синоним сөздерін табыңдар.
Оқушылар: салбыраңқы, жабырқаңқы.
Мұғалім: Мұндай көңіл-күй неге байланысты болып тұр. Адам көңіл
-күйін білдіретін тағы қандай сөз тіркестерін білесіңдер, соны дəптердің
бір бетін екі бөліп, баған түрінде сыздырамыз. Жоғарғы бас жағында
«жағымды көңіл-күй», екінші жағына «жағымсыз көңіл-күй» деп
жаздырамыз. Бұл – үй тапсырмасы. Бұл айтылғаннан басқа тапсырма –
үйде өлеңді мəнерлеп оқуға əзірленіп келу. Мəнерлеп оқу үшін əр
сөздің мағынасын біліп, сол мазмұнда қалаған дауыс ырғағы қандай
дегенді білу қажет.
Үйге берілген тапсырманың орындалуы мына төмендегідей түрде
болуы тиіс. Оған қоса осы берілген əрбір сөздің бет, бейне, түр-түс,
қимыл қалпындағы көрінісін баланың өзі жасап көрсетуі талап етіледі.
Мұның дұрыс жасалғаны анық сөздің мағынасын көрсете алды ма? –
дегенді бағалаушы, түзетуші оқушылардың өздері. Бұл сергітеді жəне
осындай тапсырмаларды орындауға балалар өздері ерікті түрде қызыға
қатынасады.
37
Адам көңіл-күйінің қалпына салыстырма – талдау.
Жағымды көңіл-күй
Жағымсыз көңіл-күй.
Жайраңдаған
Жарқылдаған
Жүзінде күлкі ойнайды.
Көзі күліп тұр т.с.с
Салбыраңқы.
Жабырқаңқы
Қабағы түскен, иіні түсіп кеткен
Тұнжыраған.
2
АБАЙДЫҢ «КҮЗ» ЖƏНЕ «ҚЫС» ӨЛЕҢДЕРІН ОҚЫТУДА
ВЕЕН ДИАГРАММАСЫНАН ПАЙДАЛАНУ
Сабақтың тақырыбы: Абайдың «Қыс» өлеңі.
Сабақтың мақсаты: а) Оқушының дұрыс жəне мəнерлеп оқуын
дағдыландыру жəне əдебиет теориясынан түсінік беру.
ə) Тіл дамыту, баланы кейбір іздену жұмысына жетектеу.
б) Адам табиғат бөлшегі екенін айтып, бұл екеуінің бір-біріне
ықпалы мен етер əсері туралы түсінікке негіздей отырып, табиғатты
қорғауға тəрбиелеу, бала эмоциясын тəрбиелеу
Сабақтың барысында: а) Көңіл-күйін білдіретін сөздерді жазып
келгендіктері тексеріледі. Əр оқушының ондай сөздерді оқығанда қандай
дауыспен оқу керектігі талап етіледі жəне кейіп-кескінімен сөздің
мазмұнын ашу талабы қоса қойылады.
ə) Өлеңді мəнерлеп оқу. Талапқа сай емес жері түзетіледі (ол үшін
сабақта ойын элементі пайдаланылады. Мысалы: «Кемпір-шал құржаң
қағып, бала бүрсең» – дегенді қалай түсінесің. «Құржаң қағып» пен
«бүрсеңді» қимыл жасап көрсетші сияқты тапсырмалар беріледі.
Осындай оқушыларға жағымды көңіл-күй тудыратын сергіту сəттерін
ұйымдастыру да артық емес.
38
Осы тектес жаттығулар қажеттілігіне қарай жүргізіліп, бір-екі
оқушыға «Күз» өлеңін мəнерлеп оқыту іске асырылады. Үйде көңіл-
күйін көрсетуге арналған сөздерді балалардың қалай орындап келгені
тексеріледі. Тексеру үстінде əр сөздің адам бет пішініндегі,
қимылындағы көрінісі қандай екендігін олардың жасап көрсетуі арқылы
қаншалықты дұрыс түсінгенін байқауға болады.
1) Жаңадан оқылатын Абайдың «Қыс» өлеңін мұғалім лайықты
үнімен бір рет оқып шығады. Ол оқушылардың қыс суретін тұтас
қабылдауы үшін керек. Мұғалім оқушылармен төмендегідей сұрақ-жауап
жұмысын жүргізеді.
Мұғалім: Өлеңді оқығанда көз алдарыңа не елестейді ?
Оқушылар: Ашулы шал бейнесі.
Мұғалім: Қаһарлы қыс бейнесінің тағы қандай сипаттары көрінеді?
Оқушылар: ақ киімді, ақ сақалды, түсі суық сияқты жауаптар береді.
Мұғалім өлеңде малшылар туралы не айтылған, «Қар кеткенде
қажымас қайран жылқы, Титығы құруына аз-ақ қалды» дегенді қалай
түсінесіңдер, «Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр» дегенді кім
түсіндіріп береді, жылдың қыс мезгілі сендерге қалай əсер етеді,
қызықсыз ба? Егер қызықты болса, несімен қызық, Осы өлеңде ақынның
көңіл-күйі байқала ма, ақын ренжіп тұр ма? – деген сияқты сұрақтар
береді.
Мұғалім мəтінмен жұмыс жүргізу үстінде əдебиет теориясынан
берілетін ұғымды қамти отырып, өлең мəтініндегі мазмұнға қызмет етіп
тұрған сөздердің ішкі астарын ашады.
Мұғалім : Біз «Қыс» өлеңін оқығанда көз алдымызға қандай бейне
елестеген еді?
Оқушылар: Ақ киімді, ақ сақалды шал бейнесі.
39
Мұғалім: Иə, «үсті басы ақ қырау» өзі ашулы, жалаңаш, бүтініңе,
дайындығыңның бары-жоғына қарамай, тықсырып, «басқан жері
сықырлап», келіп қалған қаһарлы шал бейнесінде, түрінде, кейпінде
елестеген болатын, – дей отырып, осындай жаратылыстың жансыз
нəрселерін, құбылыстарын жан бітіре, жандылардың əрекетіне лайықтап
суреттеуді əдебиет теориясында, атынан көрініп тұрғандай кейіптеу деп
атайтынын түсіндіреді.
«Қыс» ұғымында көз алдарына қандай түс елестейтінін, қыстың
өзіне тəн түсі мен ұғымдары нелер сияқты сұрақтар беріп, өлеңдегі
«үскірік», «қырау», «аяз» «қар», «боран» сөздерінің қолданысына назар
аудартады.
Оқушыларға Абайдың «Қыс» өлеңі мен «Күз» өлеңінің ұқсас
жақтары мен өзіне тəн айырмашылықтарын сұрап, салыстыруды,
саралауды тапсыруға болады.
Сонымен қатар, өлең мəтініндегі сөздермен жұмысты тапсырмалар
көмегімен де жүзеге асыруға болады. Сабақта жан-жақты, жаппай
жұмыс ұйымдастыруда ауызша, жазбаша жұмысты қатар жүргізуге
болады. Мұндай жұмыстар сабақта уақытты тиімді пайдалануға да көмек
етеді. «Күз» жəне «Қыс» өлеңіне салыстырулар
«Қыс» өлеңі:
Қыс адам
бейнесінде
беріледі.
Ақынның
көңіл-күйі
айқын
көрінбейді
Ортақ
белгілері:
Екі өлең де
жыл мезгіліне
арналған.
Бұрынғы ауыл
өмірі
суреттеледі
«Күз» өлеңі:
Күздің жүдеу
көрінісі
суреттеледі.
Ақынның
көңіл-күйі
байқалады
40
Үйге тапсырма етіп, өлеңде Абай қолданған теңеу, салыстыру
түріндегі сөзді тауып жазу жəне мəнерлеп оқуға əзірленіп келу
тапсырылады.
Сабақты адам да табиғаттың, жаратылыстың бір бөлігі. Табиғаттың
құбылыстары бір-біріне əсер етіп жатады. Жыл мезгілінің əр кезі адамға
əр түрлі əсер етіп, оның өмір сүру жағдайына да байланысты болады.
Айталық киімінде, істеген шаруасы мен тіршілігінде жəне өмір сүрген
заманына да байланысты болады екен. Ақын, жазушының қай-қайсысы
да өзі өмір сүрген заманының, ондағы адалдық пен жамандықты,
халықтың мұңы мен зарын жырлайды. Абайдың көңіл-күйі, ренжісі де
халық үшін болып тұр.
Абай өз ұлты үшін жаны қатты ауырған ақын. Сол үшін бұрынғы
қазақ ауылының жағдайын, жүдеу тұрмысын жазып отырып, өзінің де
көңіл-күйін, жаны күйзелісте болғанын байқатады, – деп сабақты
аяқтауымызға болады.
Мазмұнды түрде ұйымдастырылған осы екі сабақтан соң үшінші
сағатты қорытындылау түрінде ұйымдастырған тиімді. Алғашқы
сабақтардан Абай өлеңдерінің мəні мен мазмұнын жақсы меңгеріп,
талдау барысында əдебиет теориясынан берілетін біліммен, ақын
қолданысындағы сөз мағыналарымен жақсы танысқаннан кейін үшінші
сабақта көбіне оқушыны шығармашылыққа баулу көзделуі тиіс. Бұл
сағатты сайыс сабаққа құрған орынды.
3 Сайыс сабақ түрі: «Күз» жəне «Қыс» өлеңдерін қорытындылау.
Сабақтың мақсаты: білімділік – Абай өлеңдерін терең меңгерту, жатқа
айту, өлеңді талдау машығын жетілдіру, теориялық ұғымдарды меңгерту,
этнографиялық таным көкжиегін кеңейту; дамытушылық – оқушылардың
шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау шеберлігін, сөйлеу
мəдениетін жетілдіру; тəрбиелік – эстетикалық, экологиялық тəрбие беру,
41
поэзия, саз өнері, бейнелеу өнері секілді көркем өнер дүниесіне
сүйіспеншілігін арттыру, Абайдың ұлылығын, оның поэзиясын, əнінің
тереңдігін сезіндіру, əдемілікті түйсінуге, туған табиғатқа қамқорлық
жасауға тəрбиелеу.
Сабақтың түрі: сайыс сабақ (топтық жарыс)
Сабақтың əдісі: əңгімелеу, сұрақ-жауап, көрнекілік, шығармашылық
жұмыс, түсіндіру.
Пəнаралық байланыс: қазақ тілі, музыка, бейнелеу өнері.
Сабақтың көрнекілігі: Абай суреті, слайдтар, тақырыптық қима
қағаздар.
Жарыс сабақтың мақсаты – сендердің өнер-білімдеріңді жан-жақты
байқау. Əр бағыттың арнайы сұрақ тапсырмалары бар. Сендердің
жауаптарыңды сарапшылар бағалап отырады.
Мұғалім бұл сабақтың мақсат, міндеттерін, сайыс тəртібін
түсіндіреді. Оқушылардан сарапшылар тағайындалады. Сайыстың
бағыттары алдын ала жазылып ілінеді.
Бұнда оқушыларды «Күз» жəне «Қыс» деп аталатын екі топқа
бөлуге болады. Топ жетекшілері шығып, өз тобымен, оның атымен жəне төс
белгісімен таныстырады. Бірінші топтың аты – Күз. Күзде жапырақтар
сарғайатындық -тан, төс белгіні сары жапырақ етіп алады. Екінші топ – Қыс.
Қырауды төс белгі етіп алады.
1. «Түстер сайысы» Екі топ өкілі өз атауларына қарай мезгілдің
табиғи түсін мадақтай отырып, қорғайды. Олардың адам өміріндегі,
түсінігіндегі алатын орнын, мəнін, мағынасын айтып, сол түстердің
ерекшелігін сипаттап беру тапсырылады.
2. «Кім тапқыр?» Ойынның шарты: Өлеңнен алынған сөз неге, кімге
қатысты айтылғанын, байланысып тұрған сөзін тез арада тауып айту
42
керек. Қай топ өкілі көбірек əрі шапшаңырақ орындаса, ұтысқа жетеді.
Тапсырмалар алдын ала жазылып, конвертке салынады.
Бірінші тапсырма.
Ол кім? Ол не?
1. Шидем мен тон қабаттап киген…
2. Ақ сақалды…
3. Қар тепкенде қажымас…
4. Бет қарауға шыдамаған…
5. Ақ киімді…
6. Əуес көріп жүгірген…
7. Түсі суық…
8. Дем алысы үскірік…
9. Шайқалған…
Екінші тапсырма.
Ол кім? Ол не?
1.Жерді басқан…
2.Дымқыл…
3.Түсі суық…
4.Енесіне иірткен шуда жібін…
5.Ыстан қорыққан…
6.Күлмес, жүгірмес…
7.Қайыршы шал-кемпірдей түсі кеткен
8.Жапырағынан айрылған…
9.Малма сапсыған…
Оны оқығанда (Мысалы: Шидем мен тон қабаттап киген кім?) келесі
топ өкілі кешіктірмей жауабын айту керек. Қай өлеңге қатысты
жазылған тапсырма келсе де, қорғап шығу міндеттеледі.
43
3. «Өлең өрнегі» Екі топ өкіліне Абай өлеңдерінің жеке тармақтары
ұсынылады. Берілген шумақтағы жасырылған сөздерді тез тауып, өлеңді
толық жатқа айту тапсырылады.
Бірінші тапсырма.
1. …киімді, денелі… сақалды.
2. …, … , танымас тірі жанды.
3. Үсті басы … қырау, түсі …
4. … … сықырлап келіп қалды.
Екінші тапсырма.
1. Күз болып, … тұман жерді басқан.
2. … шөп, бəйшешек жоқ …
3. … шал-кемпірдей түсі кетіп,
4. Салбыраңқы тартыпты … … .
Бұл тапсырмалардың берілу мақсаты өлең өрнегіне, айшықты сөзге
назар аударту. Негізгі нысан болып тұрған сөзді жаза отырып, оған
қызмет етіп тұрған сөдерді жасыру арқылы олардың мəнін ашып,
сипаттаушылық белгілерін асыра түсу көзделеді.
4. «Шебер суретші». Екі топ өкіліне Абай суреттеген қыстың, күздің
суретін салу тапсырылады. Əр топ өз атауына байланысты мезгілдің
суретін салуға талаптанады.
5. «Шебер суреткер» Абай суреттеген жыл мезгілдерін (əр топ өз
атауына қарай) ауызша суреттеп, сөзбен кескіндеп айту тапсырылады.
Мүмкіндіктеріне қарай күз бен қыс мезгіліне өлең шығаруға да
болатыны айтылады.
Салынған суретке сипаттама жасату немесе өлең құрауды тапсыру,
талпындырып отыру қажет.
44
6. «Білгір этнограф» Этнографияның нені зерттейтіні айтылып,бұл
сөздің мағынасы түсіндіріледі. Абай өлеңдеріндегі қазақтың көне
тұрмысына, шаруашылығына қатысты сөздердің мағынасын ашып
түсіндіру тапсырылады. Алдын ала дайындалған сұрақтарға келесі
топтың «білгір деген этнографы» жауабын айтып, түсіндіріп тұруы
керек. Бұған мынадай сұрақтарды дайындауға болады:
1. Шидем деген қандай киім? Қазақтың көне ұлттық киімдерін ата.
2. Бөрік деп нені атайды? Неден жасалады?
3. Құда деген кім? Қандай туыстық атауларды білесіңдер?
4. Алты қанат ақ орда деген не? Қазақ үйінің құрылысын атап айт.
5. Шуда жіп деген қандай болады? Оны қалай дайындайды?
6. Шом, шомшы дегенді қалай түсінесің?
7. Көшпелі қазақтардың күзгі, қысқы қоныстарын қалай атайды?
8. Малма сапсу дегенді қалай түсінесің?
7. «Теория сайысы» əдебиет теориясынан берілген ұғымдарға
түсініктеме беру тапсырылады. Екі топ өкілінің қайсысы жазба түрде
нақты мысалдармен шапшаң орындаса, жеңіске жететіні айтылады.
Осы көрсетілген үлгілер бойынша «жақтаушы» жəне «даттаушы»
топтарды белгілей отырып, сондай-ақ түстердің адам баласына тигізетін
пайдасы мен залалын, Абай шығармаларындағы ауыл өмірінің шынайы
көрінісін тілге тиек ете отырып, сондай түстердің адам көрінісіне əсер
ықпалын айтқыза отырып дебат сабақ ұйымдастыру мүмкіндігі мол.
8. Бейнелеу өнері. Оқушылар өздері салған қыс, күз көріністерін
көрсетеді. Əркім өз жұмыстары бойынша əңгімелейді.
9. Əн-күйге байланысты тапсырма. Əр топтың əншілері өздері
дайындаған Абайдың əндерінің біреуін шырқайды.
45
Бүгінгі сабағымыз Абайдың табиғат туралы жазылған өлеңдеріне
арналды. Сендер де табиғатты қорғауға өз үлестеріңді қосуларың керек.
Өйткені біздің бəріміз – табиғат перзенттеріміз.
Жарыстың қорытындысын шығарып, оқушыларды бағалау, мадақтау.
Достарыңызбен бөлісу: |