ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер,
Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаев ҚазҰТУ-дағы Ғарыштық
ұшу аппараттарын басқару оқу-білім орталығын салтанатты
түрде ашты
Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке ғарыштық жобаларды
жүзеге асыруда мемлекеттік мекемелерге нақты тапсырмалар берген
болатын.
Орталықтың ашылу рәсімінде ҚазҰТУ ректоры Жексенбек Әділов
Ғарыштық ұшу құрылғыларын басқару оқу-білім орталығының ашылуы
Президент Н.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат,
бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған
ғарыш саласын дамытудағы міндеттермен байланысты екенін атап өтті.
Елбасы Жолдауындағы міндеттер Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің
қатарына кіруімен қатар, еліміздегі техникалық білім мен ғылымның
дамуына жарқын жол ашпақ. ҚазҰТУ-да аталмыш орталықтың құрылуы
университетте ғарыштық техника мен технология саласында білікті
мамандар даярлауға, сонымен қатар оқу және ғылыми зертханалық
базасының нығаюына септігін тигізері сөзсіз. Қ.И.Сәтбаев атындағы
ҚазҰТУ – Қазақстандағы Ғарыштық ұшу аппараттарын басқару оқу-білім
орталығы бар тұңғыш оқу орны болып отыр
.
Ректор өз сөзінде ғарыш саласын мамандармен қамтамасыз ету,
сондай-ақ, ғарыштық ақпараттарды тұтынушылар экономиканың
шикізат секторын дамытуда маңызды рөл атқаратынын тілге тиек
етті.
ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер,
Халық Қаһарманы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев ҚазҰТУ-ға
арнайы келіп,
Ғарыштық ұшу аппараттарын басқару оқу-білім орталығын
салтанатты түрде ашты. Талғат Амангелдіұлы өз сөзінде осындай маңызды
шараға шақырып, ерекше ілтипат білдіргені үшін университет ректоры
Жексенбек Әділовке алғысын білдірді. Сонымен қатар ҚазҰТУ өзінің ұзақ
жылдық тарихында экономиканың түрлі салаларына инженер мамандар
даярлап келе жатқан басты жетекші оқу орындарының бірі екенін айтты.
Сондай-ақ, Талғат Мұсабаев ҚазҰТУ-да ғарыштық техника және технология
мамандығы бойынша мамандар даярлайтын оқу орталығы ашылатынын,
мұндай орталық тіпті Ресейдің жоғары оқу орындарында жоқ екенін
мақтанышпен жеткізді.
«2007 жылдан бері мен ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған ҚР
Ұлттық ғарыш агенттігін басқарудамын. Бүгін біз еңбегіміздің жемісін көріп
отырмыз. Ұлттық ғарыш агенттігінің ұйғарымымен ҚазҰТУ ғарыш саласы
үшін мамандар даярлайтын базалық оқу орны деп табылды – деді өз сөзінде
Талғат Мұсабаев. Ол сонымен қатар өзі қойған күрделі сауалдарға мүдірмей
жауап берген университеттің бакалавр және магистранттарына жоғары баға
берді және Қазақстанда ғарыш аппараттарын басқару кешені құрылатынын
мәлімдеді.
Ұшқыш орталықты аралап, ондағы ғарыштық құрылғылармен танысты.
«Ғарыштық
құралдарды
пайдалану»
кафедрасының
меңгерушісі,
профессор Болат Сүйменбаев кафедрада мына мамандықтар бойынша
мамандар даярланатынын айтты:
Бакалавр
5В074600 – ғарыштық техника және технология
Магистр
6М074600 – ғарыштық техника және технология
PhD докторы
6D072300 – техникалық физика.
Жоғары технологиялар және тұрақты даму институтының Ғарыштық
техника және технология мамандығының 2-курс студенті, ғарыштық
аппараттарды ойлап табушы өнертапқыш Назифа Бақтыбаева зертхананың
жұмысы туралы баяндай отырып, орбиталық серік құру мәселесіне тоқталды.
Өнертапқыш студенттің айтуынша, «Политех №1» деп аталатын спутник
студенттердің ғарыш туралы зерттеу жұмыстарына көп мүмкіндік берер еді.
«Спутник көмегімен ғарыштан көптеген ақпарат, суреттер алатын боламыз.
Маусым айында «Байқоңырда» іс-тәжірибеден өтетін боламыз. Қазір олар
KazSat- ты ұшырды. Қазір біздің университетіміздің өз орталығы бар. Мен
мұны өте керемет деп санаймын» - деді студент.
Тағы да айта кететін жәйт, осындай тамаша сәтті пайдаланып, университет
ректоры Ж.Әділов Талғат Мұсабаевқа «Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың
Құрметті профессоры» атағын беріп, дипломын табыс етті. Сонымен қатар өз
келісімімен Талғат Мұсабаевты орталықтың ғылыми жетекшісі етіп
сайлады.
Мамандар даярлаудың сапасын арттыру мақсатында ҚазҰТУ жетекші
ғарыштық орталықтармен, ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
Қазіргі уақытта ҚазҰТУ С.А.Лавочкин атындағы ҮЕҰ-мен бірлесіп,
ғарыштық күн электростанциясы мен Политех-1 наноспутник геомагниттік
өрісінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үстінде.
ААО