І ТАРАУ
ФИЛОСОФИЯЛЫҚ
ТӨҢКЕРІС
14
І ТАРАУ
ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТӨҢКЕРІС
1.1. Жасанды елдегі мәдени шок
2014 жылы Нархоз университетінде қаржыгер
мамандығы бойынша магистратурада оқып жүрген едім.
Магистранттар міндетті шетелдік тағылымдамадан
өтуге баратын болдық. Алғашында Барселонадан
шақырту аламыз деп ойладық. Кейін бір жағдайларға
байланысты Оңтүстік Кореяға баратын болдық.
Еуропаны көруді армандағандар үшін бұл аса жақсы
жаңалық бола қоймады. Менде үміт басымырақ болды.
Қазір Кореяға барғаныма еш өкінбеймін. Керісінше, осы
сапар менің өмірімді түбегейлі өзгертті деуге болады.
Әрине, жақсы жағынан...
Алдымен Кореяның Инчхон қаласына қондық. Бұл
қала елдің көлік дәлізі саналады. Кореядағы ең үлкен
әуежай да осы Инчхонда орналасқан. Әуежайдан
түскен бойда қаланың ауасына үйрене алмадым. Түбек
мұхиттың жағасында орналасқандықтан, ауаның
ылғалдылығы жоғары екен. Тағы бір ескеретін нәрсе,
Инчхон – Кореяның «жасанды» қаласы. Қалай дейсіз
бе? Қаланың жартысы қоқыстан тұратын құрлықта
орналасқан.
Бізді Ескендір есімді Өзбекстанның азаматы күтіп
алды. Ол Кореяда университетте сабақ береді екен.
Байқап қарасам, Кореяда өзбек азаматтары көп болып
шықты. Өзбекстанда да Кореяның зауыттары көп.
Көрші мемлекеттің экономикасының көш ілгері дамып
кетуіне олардың әсері бар екені тағы белгілі.
15
Таңертең ерте келгендіктен, Ескендір аға бізді
бірден жатақханаға апарды. Бұл уақытта қараңғы
болғандықтан қаланы, ғимараттарды аңғара қоймадық.
Мені Кореяда ең алғаш тәнті еткен нәрсе – жолдың
жағдайы. Жатақханаға арнайы автобуспен бардық. Біз
жүріп өткен жол 1970 жылдары салынған екен.
Содан кейін әлі жөндеу жұмыстарын көрмепті. Жол
құрылысын Hyundai компаниясы жүргізіпті. Жарты
ғасыр жөндеу жұмыстарын көрмеген жолдың жағдайына
таңғалдым. Шынымды айтсам, бұл 70-жылдардан бері
жөндеу жұмысын көрмеген жолға мүлде ұқсамайды.
Тақтайдай теп-тегіс. Оның үстіне Жапония елі сияқты
Корея да сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан,
жиі жер сілкінісі тіркелетін аймақта тұр. Соның өзінде
бәріне төтеп бере алатын, жарамдылық мерзімі ұзақ
жол салу үшін мемлекет қаншалықты даму деңгейіне
жету керек деген сұрақ мені мазалады. Біздің елде
жыл сайын жөндеу көрсе де, сапасы сын көтермейтін
жолдар көп қой. Сондықтан бұл құбылыс мен үшін
таңсық болып көрінді.
Біз барған Solbridge университеті Тэджон қаласында
орналасқан. 1950 жылдары Оңтүстік Корея мен
Солтүстік Корея арасында болған соғыс баршаңызға
тарихтан белгілі. Тэджон қаласы осы кезеңде қатты
бомбаланып, жермен-жексен болған. Алайда қаланың
қазіргі инфрақұрылымына қарап, 70 жыл бұрын бұл
жерде қала болмаған деп айта алмайсың.
Solbridge университетінің профессорлары Оңтүстік
Кореяның экономикасын көтерген басты бес бағыт
бар екенін айтты. Олар: SAMSUNG Electronics –
электроника, HyundaiMotors – құрылыс, Daewoo
– көлік, LG Electronics – тұрмыстық техника және
әлемге әйгілі K-pop мәдениеті. Осылайша, бес бағыт
16
бойынша аграрлық мемлекеттен технологиялық
мемлекетке айналды. Қарап тұрсаңыз, Корея мемлекеті
жаңадан ешнәрсе ойлап тапқан жоқ. Себебі, қазір жаңа
ғаламшар ашатын заман емес. Ғылым да, экономика да
дамыған. Өндіріс жүйесі қай елде дамыған – сол елдің
экономикасы, әлеуеті, ғылымы мен білімі озық деген
сөз. Тарихқа көз жүгіртсек, Кореяның экономикасы
технологиялардың
көшірмесін
дайындаумен-ақ
қарқынды дамып кеткенін байқауға болады. Мысалы,
әлемдегі үздік дамыған мемлекет – Жапонияның өзі
Американың тауарларының көшірмесін жасаған.
Мәселен, алғашқы Тойота көлігін Chevrolet-тен алған.
Ал, Корея Жапонияның тауарларын көшіріп «күнелтеді».
SAMSUNG өнімдерін SONY түпнұсқасынан, Huyndai
автокөлігін Mitsubishi-ден көшірген. Бірақ, байқап
қарасаңыз, алғашында көшірме болған туындылар
жан-жақты дамып, қазір түпнұсқасынан да озық
брендке айналған. Біздің елге де дамыған елдерге
еліктеуден, олардан көшіруден қорықпау керек деген
ой келді.
Оңтүстік Кореяда маған ерекше әсер қалдырған
Hyundai зауыты болды. Жалпы Hyundai компаниясының
мақсаты – жапондық Тойота брендін басып озатын
өнім шығару. Ал сапалы өнім шығару үшін сапалы
жұмыс істеу керек. Жұмыстың сапасы қызметкерлерге
байланысты. Сондықтан Кореяда қызметкерлерге деген
құрмет жоғары.
Жалпы, тарихқа көз жүгіртсек, Корея мен
Жапония арасындағы бәсекелестікті байқауға болады.
Кореялықтар мұны ашық айтпаса да, Жапонияны
«жау» санайтынын жасырын ұстамайды. Олар жеңісті
қарумен емес, өніммен, сапамен, құндылықпен алып,
алда болуды, экономикалық жеңіске жетуді қалайды.
17
Hyundai зауыты қаланың ішіндегі қала іспетті.
Жай қала емес, тәртіп пен нақтылыққа бағынатын
тұрғындардың қаласы сияқты. Бәрі өз орнында.
Зауыттың есігінен аяғыңды аттап бассаң болды,
«соқырға таяқ ұстатқандай» барлығы түсінікті.
Арнайы бағдаршамдар, белгілер, жолсілтеуіштер... Әр
қызметкер өз жұмысын жақсы біледі. Ешкім басқаға
кедергі жасап, тапсырма беріп жатқан жоқ. Бірақ өнімді
еңбек етіліп жатқанын аңғаруға болады. Кореядағы
жүйеленген жұмыс тәртібі мені тағы да таңғалдырды.
Түскі ас уақыты болғанда, бәрі жұмыстарын тоқтатып,
шығып кетеді. Тыныштық деген осындай болады
екен-ау дерсің. Мұнда ауыр жұмыстың бәрін роботтар
атқарады. Олар да интеллектуалды қабілетке ие. Осы
«қалашықтың» заңына бағынады. Қауіпсіздік те жақсы
жолға қойылған. Тазалық, тәртіп, реттілік, түсіністік
дегеннің Отаны осы жер ме дерсің?! Осындай жүйе
біздің елде де қалыптасса екен деген ой келді... Кейін,
2016 жылы мен жұмыс істеп жүрген «Алель Агро»
компаниясында қызметкерлерді өндірісті дамытудың
жаңа үлгісіне үйрететін тренинг болды. Тренинг
барысында үздіксіз даму үдерісімен қамтамасыз
ететін кайдзен деп аталатын жапон философиясымен
таныстым. Осыдан екі жыл бұрын Кореяда көрген
мінсіз жұмыс істеу және даму жүйесінің кайдзен
стратегиясымен дамығанын сол кезде түсіндім. Бұл
жүйені ғылыми түрде кайдзен деп атайтынын, оның
еркіндік пен шығармашылыққа, бастысы, табысқа
ұмтылатын адамдардың ортақ мүдде үшін біріге жұмыс
істеуіне жағдай туғызатынын білдім. Осыдан кейін
кайдзенге деген қызығушылығым арта түсіп, ол туралы
тереңірек зерттеп, іздене бастадым. Оның пайда болу
және даму тарихын зерттей келе, оның өте тиімді екенін
18
түсіндім. Кайдзенге деген қызығушылықты арттырғаны
үшін алғашқы ұстаздарым Асыл Қабдуллин, Анатолий
Феськов, Сергей Корчагин сенсейлерге және біздің
компанияның іргесін қалаушы Марғұлан Сейсембай
ағамызға алғысымды айтам.
Сенің кезегін келді. Адамдарға пайдалы болатын
нәрсені істеу уақыты келді.
Достарыңызбен бөлісу: |