ДӨҢТАЙ ҚОЖАМБЕТҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ
ДІНИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЛАР
Шамахай Сайра
Астана
Қазақ халқы Батыс Түркі қағандық дәуірінен бері ислам дініне сенетіндігі тарихтан
белгілі. Моңғолия қазақтары арасында ислам дінінің таралу түп қазығы күллі қазақ халқы,
Алтай тауы қазақтары ортасында қанат жаюымен тамыры бір. Бұл өлкеге қазақтар мекен
ете бастағанда (ХҮІІІ ғ. орта шеңі) ислам діні қандарына сіңіп орныққан кез еді. Сөйтсе де,
Моңғолиядағы қазақтардың рухани өміріндегі бір ерекшелігі ретінде олардың қазақтың
төл тума наным-сенімдерін, салт-саналарын сақтап келумен бірге ислам діні рәсімдері
өзара сіңісіп, астасып қалыптасып кеткендігін айтуға болады.
Ата-мекенінен шалғай, бөтен елде өмір сүрсе де, моңғол жеріндегі қазақтар
өздерінің рухани, ұлттық-мәдени дәстүрінен қол үзбестен, ұрпақтан-ұрпаққа күні бүгінге
дейін кір шалдырмастан мұра етіп қалдыра білді.
Қазақтың оңды психологиясының, адамгершілік мүмкіндіктерінің көзі ұлттық мораль
десек, оның таусылмас потенциалы болатын қазыналары ақындар өлеңдерінде айтылатын
идеялар мен сындарлы көзқарастар екені сөзсіз.
Моңғолия қазақтары арасында өздері өмір сүрген дәуірдің саяси, қоғамдық
құбылыстарын ұлттық мүдде тұрғысынан суреттеген шынайы ұлттық ақындар және
азаматтық, ақындық ғұмырын халқының азаттығы, бақыты, ынтымақ бірлігі, ғылым-
білімге бет алу жолындағы күреске бағыштаған ірі қоғам қайраткерлері көптеп кездеседі.
Моңғолия қазақ ақындары өкілдерінің бірі, қоғам қайраткері Алтайдың күнгей
және теріскей бетіндегі күллі Абақ Керейге аты танымал ақын - Қожамбетұлы Дөңтай
(1878-1938) молла. Көзі ашық, көкірегі ояу, ана тілінің сыртында моңғолша, қытайша,
арабша сауатты жандардың бірі болған. Халыққа білім беру, бала оқыту ісімен үлкен
өнеге көрсеткен. Ол өз шығармаларында жастарды және замандастарын имандылыққа
шақыра отырып, өзіндік адамгершілік нормаларын ұсынады. Ақын этикалық адамгершілік
нормаларын діни тұрғыда қарастырады.
Дініңді күт балалар,
Өлім деген жақында.
Қараңғы көрде періште,
Еркіңе қоймас ақыры.
Заман қандай, заң қандай
Барамыз бекер аңғармай.
Оттан ыстық сұм дүние,
Ақырда бір күн қалғандай – деген өлеңін ақын шығармашылығының
беташары деуге болады. Бұл өлеңнің бір ерекшелігі - адам, заман, заң үшеуін бірге,
байланыста қарастыруы, яғни адамсыз, заңсыз заман болмайтындығын ақиқат ретінде
мойындауы. Сонымен қатар, жастарды дінін сыйлауға шақыра отырып, о дүниедегі
адамның көрешегін бұл дүниелегі іс-әрекетімен байланыстырады, бұл өмірдің қамшының
сабындай қысқалығын ескертеді.
Дөңтай Қожамбетұлы шығармалары адам мәселесін түптеп келгенде барлық адам
бірдей, жанда айырмашылық жоқ дейді. Тек адам сол өз жолын жамандыққа немесе
жақсылыққа өз санасының, ақыл-ойының деңгейі бойынша бағыттайды.
Дөңтай ақынның бұл жайлы:
«Мәулім қазы болғанның бәрі бірдей,
Шыбындай көкірегінде жаны болса»- дегені де бар. Яғни жақсы жан,
жаман жан деген жоқ деп жанды дербес түрде қарайды. Осылайша қарастырады да, осы
жандардың өз бойларына қалыптастырған нашар мінез-құлықтарын сынға алады.
«Бір шапан, бір көйлекті көтере алмай,
Кей надан мақтанады қарап жүріп.
Балалар ізденіңдер жанап жүріп,
Әбжаттың калимасын санап жүріп» - деп мақтаншақ мінез тек надан
адам қасиеті екенін көрсетіп, балаларды ғылым жолына шақырады. Дөңтай ақынның
«мақтаншақтық» мінезді наданға , яғни білімсізге тән қасиет деп қарастыруы Абайдың
«ғылым таппай мақтанба» дегенін еске түсіреді.
Дөңтай ақынның өлеңдерінде имандылық мәселесі тереңнен толғанады. Ол өзінің
«Асылың бойыңдағы әуелі иман» деген толғау дастанында адам мінезінің бітім-болмысы
мінездің қарама-қарсы жақтарының бірлігі мен күресі тұрғысынан қарастырылады.
Дөңтай ақынның кісілік ой-толғамына арқау болған әрі ғылыми, әрі діни негіздерді
аңғаруға болады. «Әлемдік дуализм» принципіне (Шеллинг) және диалектиканың кез-
келген бүтін қарама-қарсы жақтардан тұрады және олардың әрі бірлікте, әрі үнемі өзара
күресу заңдылығын (Гегель) ескерсек, «әлемдік дуализм» мен әлемдік дихотомия ғылыми
да, діни де көзқарастарға ортақ объективті ұстаным және заңдылық болады. Өйткені бүкіл
ғаламның «аталық» және «аналық» бастамалардан тұруын ғылым мойындайды. Діни
дүниетаным бойынша да бұл екі бастама жоққа шығарылмайды. Олай болса, адамзаттың
өзі сондай қос бастаманың тұтастығын білдіреді. Мәселен, адамның тән мен жаннан
тұруы. Осыны ескерсек, адамзатының бір бойында оң да, теріс те мінездердің қатар келуі
табиғи шындық. Мұндай егіз мінез адаммен біте қайнайтын немесе адамның құрылымдық
тұрпатын құрайтын онтологиялық құбылыс деуге болады.. Мысалы, Берікбай
Сағындықұлы өз еңбегінде «Адамның бойында 999 жақсы қасиеттің 999 жаман сыңары
бар»-деген. Осы айтылғандарға негізделе отырып, Моңғолия қазақ ақындары
шығармаларындағы діни ой-толғамдары осы көзқарас негізінде өрбіген деп айта аламыз.
Олар да «әлемдік дуализмге» қарама-қарсы жақтардың дихотомиясына сүйене отырып,
адамзат бойындағы мінездердің жаманы мен жақсысына талдау жасай отырып, оларға
баға берген. Жан еркіндігін оң мінездерге қарай бет бұруын уағыздаған.
Жақсы мен жаман жайлы Кебекбай шешен:
Асыл мен жасықтың
Аспан жердей арасы» деп екі қарсы жақтың ара-жігін нұсқап ғана
көрсетеді.
Абай «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде адам бойындағы бес жақсы қасиет пен
бес жаман қасиетті атап көрсетіп: «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол»-деп
өсиет етсе, Дөңтай ақынымыз «Асылың бойыңдағы әуелі иман» өлеңінде адам бойындағы
жалпылай үш жаман қылық пен үш жақсы қасиетті атап көрсетіп, «үш асылды үш
жасыққа жегізбеңіз»-дейді.
Дөңтай ақын:
«Үш асылды үш жасық жеп тауысар,
Алланың бұйрығына таң қалыңдар.
Асылың бойыңдағы әуелі-иман.
Бір асыл-таза қылып дәулет жиған,
Бір асыл-басыңдағы ақыл екен»- деп үш асылға: иман, адал дәулет,
ақыл үшеуін жатқызса, олардың қарама-қарсылықтарын:
«Ақылмен харам іс пен нәпсі тиған,
Иман бойда тұра ма харам болса,
Дәулеттен пайда көрмес сараң болса,
Асылыңды жасыққа жегізбеңіз»- деп диалектиканың бірін-бірі жоққа
шығаратын қарама-қарсылық заңдарын көрсетеді. Мұнда үш жасыққа: харамдық,
сараңдық, надандық үшеуін жатқызады.
Дөңтай ақын бұл өлеңде адам бойындағы үш түрлі қарама-қарсылықтың
тенденциясын құрады. «Үш асылды үш жасық жеп тауысар» дегенінен-ақ қарама-
қарсылықтардың бірі-біріне өту заңы айқындалып тұр. Бұл өлеңде Дөңтай ақынның
тенденциясы ұлы Абай тенденциясын осылайша байыта түскендей.
Мұсылмандық қағидаларға сүйенетін болсақ, ол «джихат» белгіленіп, адамның
ішкі дүниесіндегі зұлымдық пен ізгіліктің күресін, немесе осы күрес үстінде адамның
өзін-өзі жақсы қасиетке қарай жеңе біліп, жоғары ізгі қасиеттерге ұмтылу жолындағы
рухани жетілуді, күресті білдірген. Дөңтай ақынның өлеңіндегі жоғарыда келтірілген
үлгіні сол мұсылмандық заңдылықтың көркемделіп бейнелену формасы деп айтуға
болады.
Дөңтай ақын осылайша имандылықты адамға қымбат үш асылдың бірі
ретінде қарастырады. Осы орайда діни көзқарастарға жүгінсек, Құранда «Алладан еш
залалдық жоқ, бар залымдық тікелей адамның өзінен, ниетінен» дейтін жолдар бар. «Адам
ата мен Хауа ана» қиссасында: «Адамзаттың денесінде Алла тағала төрт түрлі зат пайда
етті. Бірі - ақыл, бірі- рух, бірі- нәпсі, бірі- көңіл. Нәпсіні оттан алды. Осы себепті кімде-
кім нәпсінің жалынына түссе, оны машақат, әурешілік айналдырады, ақырында жазаға
кіріптар болғанын білмей қалады»- деп көрсетілген. Осы пікір Дөңтай өлеңдерінде де
айтылған.
Ақын шығармалары жанр жағынан өлең, толғау, хисса, дастан болса, тақырып
жағынан адам, қоғам, заман, адамгершілік, махаббат, дін, салт-сана, білім-ғылым болып
келеді. Ол өз шығармалары арқылы жастарға бағдар беріп, дүние танымын кеңейтуге,
ізетті, өнегелі болуға шақырады.
Сондай-ақ, өмір мен өлім, жан және рух, ғұмыр, тіршілік, еңбек, ақиқат пен шындық, ақыл
мен білім т.б. сияқты категорияларға терең талдау жасап, олардың өзара қатынасы ең
күрделі мәселе ретінде ақын өлеңінде жіті көтеріліп, өз шешімін іздеген.
Қорытындылай келе, Дөңтай ақынның шығармаларында діни мәселелер жан-жақты
тереңінен толғанады. Бұл діни-философиялық ойлар адамды рухани тазалыққа,
имандылыққа үндеу идеясына толы. Сондықтан да, осы өткен заманымыздың
зиялыларының, ақындарының шығармалары қазіргі және келер ұрпақты адамгершілік пен
имандылыққа тәрбиелеу тұрғысында аса маңызды болары анық.
«Рухани байлық әр халықты сақтап қалатын және өмір сүру құқын дәлелдейтін
қайнар бұлақ»-деп айтылғандай осындай діни тағылымға толы шығармашылықтар
халқымыздың ізгілік пен адалдыққа, еңбекқорлыққа, рухани тазалыққа, имандылыққа
ұмтылуындағы бағытына оң ықпалын тигізеді. Өйткені діни тағылым ең әуелі рухани
тазарудың кілті.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Д.Қожамбетұлы. Ұрпаққа ұлағат. Қарағанды,1998 ж.
2. Сағындықұлы Берікбай. Ғаламның ғажайып сырлары. Алматы ғылым, 1997 269 бет,
3. Зардыхан Қинаятұлы. Монғолиядағы қазақтар. Алматы, 2001 ж.
4. «Шұғыла» журналы. /МХР/ Баян-Өлгий, 1990 №2; 1994 №5.
5. Д.С.Раев. Қазақтың шешендік өнері: философиялық пайымдау Алматы 2001 ж.
ҰСЫНЫС
АТЫ-ЖӨНІ Шамахай Сайра
ЖҰМЫС ОРНЫ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университет философия
кафедрасы
АТАҚ ДӘРЕЖЕСІ оқытушы
МЕКЕН ЖАЙЫ Астана қаласы, Көктал-2 ш/а, Ақмола көшесі 53,
тел. 40-89-50
МАҚАЛА АТАУЫ Дөңтай Қожамбетұлы шығармашылығындағы діни-философиялық
ойлар
СЕКЦИЯ АТАУЫ Гуманитарлық ғылымдар секциясы Философия
ТӨЛЕМ КВИТАНЦИЯСЫ
АЙЫ, КҮНІ, ҚОЛЫ 07.12.2008
Достарыңызбен бөлісу: |