Өмірзақ АЙТБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында ұлтымыздың ең нәзік әрі жанды жері – қазақ тілінің мәртебесіне
қатысты сөз қозғай отырып: «Үш тілді – мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілін меңгергеніміз өте
дұрыс. Соның ішінде біздің мемлекеттік тіл қатар келе жатыр. Біз соны неге ойламаймыз? Біз осылай үш
тұғырлы тілді қолдансақ, түбінде біздің жолымыз ашық болады. Осыны түсіну керек», деді. Менің ойымша,
бұл – аттандап жүрген тіл жанашырларына ғана емес, мұқым қазаққа ой салатын толғамды пікір.
ISSN 1991-3494
№ 5. 2014
237
Осыдан 23 жыл бұрын, Тәуелсіздік жарияланар кезде қандай едік, қазір қандаймыз? «Боламыз ба, бордай
тозамыз ба?» деген қысталаң шақтың қылкөпірінде тұр едік. Елбасының қайратымен, бұқара халқымыздың
сабыр-төзімімен ел болдық. Еңсемізді тіктедік. Сол бір қиын шақтарда тағдырына алаңдаған тіліміз қазір де
аман-есен, өзін тудырған халықпен бірге өсіп, өркендеп келеді. Демек, оның бұдан әрі де қолданыс аясын
кеңейтіп, өркендете беру тек өз қолымызда екен. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейтін мақалды
тілімізге қатысты қолданатын кез де енді келген секілді. Өйткені, мына заман – жаһандану заманы. Біз
қаласақ та, қаламасақ та әлем жұртымен, дамыған елдермен біте қайнасып, ықпалдастықта өмір сүруге
мәжбүрміз. Сол дүрмектің ішінде жұтылып кетпей, Мәңгілік Ел боламыз десек, оза шапқандардың қатарына
ұмтылуға тиіспіз. Ал бұл орайдағы байланыстың, қарым-қатынастың құралы беріде – орыстың, әріде –
ағылшынның тілінде. Ендеше, осы тілдерді меңгермейінше, бәсекеге де ілесе алмайтынымыз анық қой.
Елбасының үш тұғырлы тіл саясатының мәні де осында жатыр. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын
тілдерін білу – Қазақстан халқына қойылып отырған бүгінгі заман талабы.
Бұл орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы әлемде айрықша орны бар екі тілдің қатарына қазақ тілін қою арқылы
туған тіліміздің мәртебесін де асқақтатып отырғанын түсінгеніміз абзал. Қазақстан халқы мемлекеттік тілде
сөйлеп, жазып, шығарма тудырып, ұлт руханиятын еселеуге, тіл аясын дамытуға тиіс болса, орыс, ағылшын
тілдерін білу арқылы аталған тілдерді Қазақстанды дамытуға пайдалануы керек. Сонда біздің жолымыз
ашық, болашағымыз жарқын болады. Елбасының дәл осы сөзі Қазақстанды туған Отаным деп білетін барша
азаматтарға да ой салды деген үміттемін. Мұны Елбасы «Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын
адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр» деген салмақты мысалмен айтты. «Болашақ біздің
қолымызда. Болашақ бізге бетін бұрып тұр», дегені осыны аңғартады.
Қазақ тілінің болашағы қазақтың өз қолында. Осыны әр қазақ ұмытпауы керек. Ұлт тілін дамытуға әркім
қал-қадерінше үлес қосуы керек. Сонда ғана дүниедегі барша қазақтың ана тілі – қазақ тілі өсіп-өркендейтін
болады.
Еренғайып ШАЙХУТДИНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор:
– Мен өткен жылы «Елбасы жолы» фильмін үлкен ықыласпен көріп шықтым. Содан бір аңғарғаным,
Нұрсұлтан Әбішұлы жастайынан үлкенді сыйлау, ата-баба салтын қадірлеу, анасын ардақтау, кішіге қамқор
болу сияқты халқымыздың тамаша дәстүрлерін сақтап өсіпті. Ол Президентіміздің іс-әрекеті, сөйлеген
сөзінен үнемі айқын аңғарылып тұрады. Ұлытау төріндегі сөздің тағылымы да ата-баба тарихын, тілін,
салтын сақтау және оны осы заманның озық дәстүрлерімен ұштастырып, алға апаруымен байланысты деп
білемін.
Елбасы шешіліп сөйледі, өте шешен сөйледі. Ең болмағанда алдында бір парақ қағаз да болмады.
Жүректегісін айтты. Жалпы, шын жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жететін болады. Сондықтан Нұрсұлтан
Әбішұлының сөзі бүкіл қазақ қоғамында зор серпіліс туғызды.
Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде айтарым, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды
насихаттауға біз әрдайым көңіл бөліп отыруымыз керек. Бұған ерекше мән беруіміз қажет. Экономикамыз
қалыптанды, ғылым мен білім, медицина, жаңа технологиялар да қарыштап дамып келеді. Ал енді осының
барлығына рухани тұрғыдан негіз болатын бастаулар керек. Олар – адамгершілік, ізгілік, парасаттылық,
ұстамдылық, сыйластық, өнегелілік пен тәрбиелілік және т.б. ізгі қасиеттер мен амалдар.
Бұл ретте мен Елбасының ардагерлерге көрсетіп келе жатқан құрметін ерекше атап өтер едім. Елбасы
ардагерлермен әрдайым жүздесіп, олардың хал-ахуалдарын біліп отыруды естен шығармауы оның бойында
қалыптасқан үлкендерге деген құрметтің шынайы көрінісі дер едім. Ол ардагерлермен бір кездесуінде:
«Сіздердің ақ шалған шаштарыңыз даналық пен өмір сүрген жылдардың тәжірибесін сақтап келеді. Сіздер
майдан мен тылдың қатал мектебінен шыңдалып шықтыңыздар, елді қалпына келтіріп, соғыстан кейінгі
жылдардың мұқтаждығы мен азабын тарттыңыздар. Сіздер бейбітшілік пен келісімнің бағасын білесіздер»,
деген болатын.
Елбасының Ұлытауда айтқан ойлары ел мен жерге деген құрметті арттырудың өнегесі болса, екіншіден,
сол жерде туып-өскен, Отанға жан аямай қызмет еткен ата-бабаларымыздың салып кеткен өнегелі жолын
ардақтай білудің де ғажайып үлгісі болды деп есептеймін.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
– Қазіргі заманды әлемдік философтар мен саясаттанушылар «өркениеттер қақтығысы» кезеңі деп
бағалауда. Америкалық ғалым С.Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» атты дүниежүзінің көптеген
тілдеріне аударылған кітап та жазды. Тағы бір жапон тектес америкалық саясаттанушы Ф.Фукуяма
«Тарихтың ақыры» деген еңбек жазып, адамзат өз дамуының соңғы сатысы, ең күрделі, қақтығысты
сатысына шықты деген тезисті алға тартуда. Міне, осындай күрделі кезеңде бізге таразы басын тең ұстайтын
кемеңгер тұлға керек. Өз басым алуан тілді, алуан дінді әлемнің батысы мен шығысы түгел мойындаған
Вестник Национальной академии наук Республики Казахстан
238
Нұрсұлтан Әбішұлын дәл осындай қайраткер тұлға деп білемін. Ұлытау төріндегі сұхбат бізге осыны тағы
бір қырынан дәлелдеп берді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламалық сұхбатында алдағы ой-армандарымен де бөлісті.
«Қазақстанның болашағы өте жарқын! Біздің балаларымыз бен немерелеріміз бұдан да керемет елде өмір
сүреді деп ойлаймын», деді Елбасы.
Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының осы сұхбатында ұлттық философияның мәселелері айқын көрініс
тапқан. Атап айтқанда, өткен тарихымызды қадірлеудің философиясы, ел болудың, мемлекет болудың
философиясы, Мәңгілік Ел болудың философиясы тұнып тұр.
Біздің республикамыз әлемнің саяси картасынан өзінің лайықты орнын алды. Мемлекет басшысы ұлттық
рухты нығайтуға шақырады. Бұл – дәстүр, патриотизм, жаңару мен жеңістер рухы. Ғасырлар тереңіне кеткен
ұлттық тамырыңды білу арқылы балалар мен жастарды өткеннің игіліктерін құрметтеуге, туған жерге деген
сүйіспеншілікке тәрбиелеп, оларды туған Отанының шынайы патриоттары ретінде өсіруге болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы тарихымызды жастар міндетті түрде білуі керек деп есептейді. Олай болса, жастар
өз халқының рухани құндылықтарын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын терең меңгеруге тиіс.
Елбасы сұхбатында дін мәселесіне де айрықша тоқталып өтті. «Құранның қасиетті үкімдерін орындау
үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп
өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн», деді. Осылай еткенде ғана
діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болатынын атап көрсетті. Сырттан оқып келген жастар
біздің дәстүрімізге кереғар діни ағымдарды тықпалағысы келеді. Өздерінше бұл ағымдарды жөн санап,
күшпен, зорлықпен таңғысы бар. Мұны қостай алмаймыз. Дін жолында күштеу, зорлау деген болмау керек.
Әрине, басқа діндерді, оларды тұтынатындарды сыйлап, құрметтеген дұрыс.
Біздің мақсат негізінен дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуға ұмтылу болу
керек. Атына бүкіл ел қанық Жібек жолы қайта жаңғыруда. Құрлық көлігін дамытатын «Батыс Қытай –
Батыс Еуропа» жолының маңызы ерекше. Жезқазған жеріндегі жаңадан салынған теміржолды Шығыс пен
Батысты жалғайтын ғасыр жобасы деуге әбден болады. Бұл стратегиялық жоба Қазақстанның орталық
өңірінен жөнелтілетін жүкті Батысқа, одан Еуропаға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстардың
бәрі Елбасының биік мақсаты – Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуы үшін атқарылуда.
Ғарифолла ЕСІМ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
– Елбасы Ұлытаудағы сөзінде Ұлытаудың қасиетіне айрықша тоқталды. «Мына өзіміз келіп отырған
Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар», деді.
Расында да, Ұлытау – ұлан-байтақ қазақ даласының нағыз түп кіндігі, ұлықтау өңірі, Ұлытау жерінде
Жошы ордасының орнауы, Шыңғыс тұқымының еуразиялық саясатына оның ұйытқы болуы бұл өңірдің
даңқын әлемге танытып, мәртебесін биікке көтерді. Ұлытау сан жылдар бойы түркі-моңғол көшпенділерінің
хандары мен ақсүйектері, батырлары мен дегдар топтары қоныстанған саяси-мәдени киелі жұртқа айналды.
Қазақ хандарының, сондай-ақ, атақты тайпа көсемдерінің мүрдесі жерленген пантеон да осы Ұлытау
өңірінде. Ел қамын жеген ер Едігенің және Тоқтамыс ханның Ұлытаудың ұшар басынан мәңгілік жай
табуында да үлкен мән-маңыз бар. Алаша ханның сәулетті де асқақ әрі аса айбынды күмбезі Кеңгір өзенінің
жағасында ерек бейнесімен ерекше көз тартып тұр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Түркістанда өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесуде керемет
ойлар айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз өз ұлтымызды тануда Абай шығармаларын, ислам дінінің ұлағатын
алуда Ясауи ілімін басшылыққа алуымыз керек», деді. Керемет айтылған сөз! Елбасымыз Абайды жиі-жиі
аузына алады. Бұл тегін емес. Қазақтың бүкіл болмысы данышпан Абайда тұр. Мен Елбасына абайшылдығы
үшін ерекше тәнтімін және зор алғысымды білдіремін.
Ясауи ілімі, оның «Хикметтері» – қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін ерекше қастерлі ұғым.
Қазақстанға келген Түркия президенттері ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етпегендері сирек.
Олар Елбасының ұсынысын бірден қолдап, Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университетін ашты,
кесенеге жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Ясауи қайда, Түркия қайда жатыр. Олар ұмытпаған. Әлі күнге
дейін басын иеді, құрметтейді. Ендеше, ұлы бабамыздан біз де өнеге алуымыз керек.
Қазір Қазақстанда Сауд Арабиясы, Ливия, Пәкістан, т.б. елдерде діни білім алған жастар қаптап кетті.
Олардың білімі біз тұтынатын Ханафи мәзһабына сәйкес келе ме? Осыны мықтап ойлануымыз керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы мұны бәрімізден бұрын ойлап, Алматыдан «Нұр мүбарак» атты қазақ-мысыр ислам
университетін ашып берді. Ендігі кезде біз өзімізге қажет діни мамандарды өзіміз даярлауымыз керек.
Елбасымыз – үлкен философ тұлға, Ұлытауда сөйлеген сөзінде ол ұлтының ұлы ұстазы ретінде осыны
дәлелдеп берді.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Ұлттық ғылым
академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор:
ISSN 1991-3494
№ 5. 2014
239
– Мемлекет басшысы қасиетті Ұлытау баурайындағы сұхбатында: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы
да бұлыңғыр болуы мүмкін. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра
алмайды», деді.
Халықтың тарихындағы баға жетпес құнды ескерткіштер ретінде бабаларымыздың эпикалық мұраларын,
белгілі қазақ жазушылары мен ақындарының шығармаларын айтатынымыз белгілі. Елбасымыздың
бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асты.
Еліміздің егемендікке ие болуы жаңа көкжиектерді ашты. Әдеби үдерісті дамытуға, ұлттық сана-сезімді
дамытудағы әдебиеттің орнын айқындауға қолайлы жағдай жасады. Қазақ әдебиеті мен қазақтың
әдебиеттану ғылымына репрессияға ұшыраған ақындар мен жазушылардың, Алаш қайраткерлерінің
шығармашылық мұралары қайта оралды. «Бабалар сөзі» атты 100 томдық эпикалық және фольклорлық
мұралардың, 20 томдық «Әдеби мұралардың» қолға тиюі үлкен жетістік.
Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасында әлемдік қоғамдастыққа лайықты түрде енудің барлық
алғышарттары пайда болды. Ал еркіндік сүйгіш рух Ұлы Далада – өркениеттің бесігінде әрдайым үстемдік
құрып, сақталып келген еді.
«Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны ұсындым.
Мәңгілік Ел болу үшін бәрін жасап жатырмыз», деді сұхбатында Елбасы.
Мәңгілік Ел болуды мақсат еткен әрбір азамат тарихымыздың өткенінен сабақ алуы тиіс. «Орхон-
Енисей» ескерткішінде, тасқа басылған «Күлтегін» жазуында көңіл бөлер тұстар бар. Түркі халқының
елдіктен айырылуының себебін Күлтегін бабамыз соқырға таяқ ұстатқандай тізіп береді: «Әміршілері де
біліксіз екен, жалтақ болған екен, бектерінің, халқының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкісіне
көнгендігінен, інілі-ағалының дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан…». Бұдан шығатын
қорытынды, елге ең алдымен қажеті – ауызбірлік, ынтымақ. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегенді ту
ет деп тұр бабамыз.
Елбасымыздың қазіргі жүргізіп отырған саясаты Қазақстанды мекен еткен алуан ұлт өкілдерінің
достығын, қазақтың өз ішіндегі ауызбірлігін, берекесін сақтауға арналған. Сондықтан Нұрсұлтан
Әбішұлының қазақтың тілі мен тарихына, діні мен дәстүр-салтын сақтауға қатысты сөзі әр қазақтың жүрек
төрінен орын алады деп нық сенемін.
Менің шетелдердегі әріптестерім «Нұрсұлтан Назарбаевтай дана басшысы бар қазақтар қандай
бақыттысыңдар» дегенді жиі айтады. Ендеше, біз Елбасымыздың қазақты береке-бірлікке, ынтымаққа
бастайтын Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойларынан тиісті ғибрат алуымыз керек.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық ғылым
академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Елбасымыздың ұлт тарихының керемет білгірі екендігін бұған дейінгі еңбектері мен сұхбаттарынан
білетін едік. Әсіресе, Елбасының «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» және «Қазақстан жолы» атты
еңбектерінде қазақтың арғы-бергі тарихы ғана емес, болашақ дамуының да беталыс-бағдарына терең
талдаулар жасалған. Отандық тарихшылар үнемі осы еңбектерді басшылыққа алып келеді. Ұлытау төрінде
қысқа да нұсқа бірнеше тезистер алға тартылды. Біріншіден, қазақ – бай тарихы бар халық. Екіншіден, қазақ
тарихын терең әрі жан-жақты зерттеу қажет. Үшіншіден, қазақ тарихын өзге елдер архивтерінен алынған
деректермен салыстыра зерттеу қажет.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатында ұлт тарихы жөнінде
келелі ойлар қозғады. Елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатынын, кейін көк түріктерге
жалғасып, одан соң Алтын Орда орныққанын айтты. «Біз – өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан
елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз», деді Елбасы.
Президент атап өткеніндей, қолға алынып жатқан жұмыстар бар. Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының
жазба жәдігерлері жиналды. Осы жұмысты әрі қарай жалғастыру – баршамыз үшін міндет.
Елбасының сұхбаты тарихшыларға зор міндет жүктейді. Ұлт тарихын әлемдік тарих қазынасымен
байланыстыра, салыстыра, деректік негізде зерделегенде ғана өзгелер алдында бетіміз ашық болады.
Ғалымдарымыздың таңдаулы еңбектерін әлем тіліне айналып отырған ағылшын тіліне аударсақ, басқалар
еліміздің мақсат-мүддесіне, әлемдегі орнына барынша қаныға түседі.
Көрші жатқан Ресей, Қытай ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, ортақ ғылыми жобаларды бірлесе
жүзеге асырсақ, мұның да пайдасы зор. Біріншіден, кәсіби жағынан шыңдала түсеміз, екіншіден, біздің
ұлтымызға, елімізге қатысты олардың архивтеріндегі, музейлеріндегі, кітапханаларындағы тың деректерге
қол жеткіземіз. Тек бұл екі ел ғалымдарымен ғана емес, басқа да шетелдердегі ғалымдармен бірлесе жұмыс
істейтін болсақ, көп нәрсеге жол ашылатыны анық.
Елбасы сұхбаты барысында мынаны атап көрсетті: «Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен
өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол
жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сондықтан тарихыңды білген жөн. Тарихын білмеген ұлттың
Вестник Национальной академии наук Республики Казахстан
240
болашағы бұлыңғыр». Осының өзі басқаларды айтпағанда, тарихшы ғалымдарға зор жауапкершілік
жүктейді.
Бақтияр СМАНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы,
профессор:
– Елбасының сұхбатын әңгіме арқауына айналдыратын мұндай басқосулардың болып тұрғаны өте қажет.
Ұлытаудағы ұлағатты сұхбат бәрімізге ой салғаны сөзсіз. Аз мәселе қозғалған жоқ. Қарап тұрсаңыз, бәрі де
терең, салмақты дүниелер. Сұхбат дер кезінде берілді деп ойлаймын. Сұхбаттың басты лейтмотиві – жастар
тәрбиесі деп білемін. Өз басым педагог-ғалым ретінде осыны аңғардым. Біз оларға қандай білім, қандай
тәрбие береміз, елдің болашағы соған байланысты. Өйткені, біздің бүгінгі буын жасаған игі істерді алға
апаратын да, дамытатын да – жастар.
«Арманы биік асыл ер ұрпақтың қамын ойлайды» деген сөз бар ақындар толғауында. Болашақ
ұрпағының қамын ойлайтын нағыз асыл ер Елбасы деп білемін. Ол ел дамуының ең қиын кезеңінде, қаржы-
қаражаттың өте тапшы кезінде «Болашақ» бағдарламасын жасады. Мемлекет тарапынан оны жүзеге асыруға
орасан зор қаражат бөлгізді. Қазір он мыңнан астам талантты жастарымыз әлемнің ең озық
университеттерінде білім алып, туған жеріне оралды. Жай ғана оралған жоқ, сол өздері білім алған елдердің
озық дәстүрлерін ала келді. Солардың алды үлкен-үлкен, биік лауазымды қызметтерге арласа бастады. Бұл –
әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жоба.
Мен ұзақ жылдар білім беру саласында қызмет атқардым. Кеңес заманында Қазақстандағы мектептердің
саны дабырайтып көрсетілгені болмаса, сапасы шамалы болатын. Олардың ішінде, тіпті, революцияға дейін
соғылған ескі мектептер де өте көп болды. Елбасының тапсырмасымен тек кейінгі 10 жыл ішінде
Қазақстанда 500-ден астам жаңа мектеп салынды. Мен мұны да Елбасының жас ұрпаққа деген ұлы
қамқоршылығы деп бағалаймын.
Қазір еліміздің әрбір өңіріндегі талантты балалар іріктеліп, «Назарбаев мектептеріне» топтастырылуда.
Мемлекеттен орасан зор көлемде қаржы бөлініп, университеттерге лайық ғимараттарда орналасқан осындай
20 мектепте Қазақстанның «болашағы» білім алуда. Бұл да әлемдік үрдісте жоқ жоба. Бұл – Қазақ елінің
біліміне, ғылымына салынған қайтарымы да, қайырымы да мол инвестиция.
Елбасы Ұлытауда жастарға ұлтымыздың ұлы ұстазы ретінде әкелік ақылын айтты және еститін құлақтың
бәріне жеткізіп айтты. Сондықтан ол халықтың көңілінен шықты. Ендігі жерде еліміздің барлық
мектептерінде және жоғары оқу орындарында Елбасымыздың осы ұлағатты сөздерін терең зерделеп, жас
ұрпақ санасына сіңіруіміз керек.
Бауыржан ОМАРОВ,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы,
профессор:
– Бүгінгі сұхбатқа қатысушылардың ішіндегі ең жасы кішісі мен екенмін. Осыдан бірнеше жыл бұрын
Елбасымыз Ұлттық ғылым академиясында өткен жиында «Ғылымға жас буынды тарту керек» деп ұсыныс
жасаған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында академияда 50-ге толмаған ғалымдар
арасында арнайы сайлау өткізіліп, ұлттық ғылым ордасының корреспондент-мүшелерінің қатары жас буын
өкілдерімен толықты.
Менің тікелей қызмет істеген салам болғандықтан, Елбасының Ұлытауда сөйлеген сөзінен тіл
мәселелесін ерекше бөліп атар едім. Мәдениет және ақпарат министрлігі Елбасы тапсырмасымен 2010 жылы
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Сол
бағдарлама бойынша елімізде мемлекеттік тілді дамытуға қажет жағдайдың бәрі жасалуда. Бірақ тілді
дамыту бір ғана министрліктің немесе мемлекеттің ғана емес, әр қазақтың абзал борышы деп білемін. Осы
тұрғыдан келгенде, Елбасының Ұлытау төрінде айтқан сөзін әрбір министрлік және облыс әкімдері
басшылыққа алуы керек. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның
бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр», деп өте жақсы атап көрсетті. Осында «тағдыр», «Қазақстан» және
«қазақ тілі» деген үш киелі сөз бар. Осыған әрбір қазақ қана емес, өз тағдырын қазақ жерімен
байланыстыратын әр адам ерекше назар аударуы керек.
Елбасы «тілді байыту керек» деп ашық айтты. Оған бұқаралық ақпарат құралдары атсалысуға тиіс. Қазақ
тілін, сөз қадірін білетін, баспасөзде, теледидарда, радиода қызмет атқаратын біздің әріптестеріміз тілді
шұбарламай, оның әдеби қалпын сақтауға ерекше назар аударуы керек. Қазір елімізде тек «Қазақстан»
телеарнасы мен «Шалқар» радиосы тек қана мемлекеттік тілде хабар таратады. Сонымен қатар, 365 газет,
108 журнал қазақша шығады. Бұлардың ішінде 65-інің қазақша интернеттік нұсқасы таралады. Сонымен
қатар, 7 ақпарат агенттігі жұртшылықты тек қана қазақша мәліметпен қамтамасыз етеді. Жыл өткен сайын
мемлекеттік тілдегі интернет сайттарының қатары көбейіп келеді. Қазір олардың саны 450-ге жуықтады.
«Фейсбук», «Твиттер» және басқа да әлеуметтік желілерде қазақша сөйлесетіндердің қатары артты.
Телеарналарда негізгі бағдарламаларды қазақ тілінде жүргізетін өзге ұлт өкілдері жеткілікті.
ISSN 1991-3494
№ 5. 2014
241
Үшінші үлкен проблема термин жасауға қатысты. Елбасымыз айтқандай, біз халықаралық терминдерді
жатсынбағанымыз жөн. Оларды қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес тілімізге батыл енгізу қажет. Сонда
ғана ұлтпен бірге ұлт тілі де өседі.
Сөзімнің соңында айтарым, Ұлытау ұлағатын Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдарында,
әсіресе, жергілікті ақпарат көздерінде кеңінен насихаттау керек деп есептеймін.
Достарыңызбен бөлісу: |