Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
65
Хан сарайына кірісімен-ақ, Әбілқайырдың қалай ойға шомып кеткенін
Қобыланды айтпай-ақ білді. Амал жоқ, үн-түнсіз ұзақ күтуге тура келді. Жасы
егде тарта бастағанмен де ол әлі қызба, шыдамсыз мінезінен айырыла қоймаған-
ды.
— Хан ием, — деді ызбарлы жуан даусын шамасынша ақырын шығарып.
Терезеге қарап тұрған Әбілқайыр селк етіп жалт бұрылды. Дағдыланған оң қолы
болат қанжарының алтын сабына барып та қалды.
— Мен сіздің қасыңыз емеспін...
«Иә, иә, бұл менің қасым емес. Ақжолдың қасы...» Әбілқайыр лып етпе сезімін
батырына оңай аңғартып алғанына жаман өкінді... «Осыншама жұртты өзіме
қаратсам да, осылай болмашы бірдемелерден елегізіп қаламын. Шіркін жаны
құрғыр неткен тәтті едің...»
— Жай ма, батырым?
— Жай емес, хан ием, баяғы бір Ақжол би жайы да... Қобыланды мен Ақжол
жанжалы ең алдыменен Әбілқайыр ханға қайсымыз ықпалымызды көбірек
жүргіземіз деген бақталастықтан басталған. Иә, әрқайсысы өзін Яссауи мешітінің
күмбезіндей зор санайтын екі рудың екі батыры жанжалдасса, оның артында
тұрған екі ру ел де қырғи-қабақ болады. Араларына қылау түседі. Мұндай
жанжалдар тек хандардың мүдделерінен шығуы керек-ті...
Әбілқайыр Ақжол мен Қобыланды арасын астыртын шоқ тастап шиеленістіре
түскен. Бірақ бұдан екі батырдың өшпенділігі екі рудың өшпенділігіне айнала
қоймады. Демек, Қобыланды мен Ақжол өшпенділігі күннен күнге өрши
бергенмен де, жеке бастың өшпенділігінен аса алмады. Бұрын мұндай батырлар
таласы бірден ойран-асыр рулар таласына айналып кететін-ді, бұ жолы ондай өрт
шықпады. Тіпті айтыс, бәйге таластары да екі топтың уақытша қызбаланғаны
болмаса, кектесіп, қан төгісер күйге жетпей қойды. Бұның себебі Арғын,
Қыпшақтың басын қосып, өзіме қарсы салғылары келіп жүрген Жәнібек пен Керей
сұлтандарда-ау деп жорамалдады хан. Ал шын себебі басқа еді. Кең байтақ далада
бар күн көрісі мал бағу ғана болған қазақ рулары бірігіп, бір жеңнен қол, бір
жағадан бас шығарудың өте қажет екенін ұға бастаған. Жерінің шалғайлығы да,
сол жердің шалғай болуын тілеп отырған мал шаруашылығы да, бірлесіп бір
жерде отыруға мүмкіндік бермейтіні рас. Бірақ қазақ руларының түсіне бастаған
тағы бір жағдайы бар. Ол жағдай бастары қосылмағандықтан көрінгеннің жеңіл
олжасына айналып кете беруі еді. Осыдан барып бытыраған қазақ Жошы
ұлдарынан да, Ақсақ Темір қосындарынан да жеңілген. Шапқыншылық заманда
тағы бөтен жақтан келген бір басқыншының жеміне айналып кетпес үшін, бүкіл
қазақ рулары бір жерде бас қоспағанмен де, әдет-ғұрпы, жайлау-қыстауына қарай
одақтас жұрт болу керек екенін ұққан. Оларда енді Үш жүзге бөлініп қауымдассақ
қайтер еді деген үміт туған. Үш жүз деп атқа бөлінбегенмен де үш сапқа
ыңғайланып бастарын біріктіруге кіріскен. Дәл осы кезде Арқада көшіп жүрген
Арғын мен Қыпшақ арасында да осындай одақтың лебі сезіліп қалған. Бұны жөн
көрген осы екі рудың атақты биі, ақылгөй ақсақалдары Қобыланды мен Ақжол
арасындағы кикілжіңді рулар жанжалын өршітпеуге тырысқан. Халық тұрғысынан
дәстүрге айналған, әркім өз байлығын, ерлігін, шешендігін дәріптейтін айтыстарға
қатынасқанмен де, бұл бірігудің абзал екенін Асан Қайғы, Қазтуған, Қотан секілді
бүкіл қазақ қауымы ардақтаған жыршылар да қолдаған. Сол себептен екі
батырдың дауы өз араларының дауынан аспай қала берген.
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
66
Ал осы дауды түбі Жәнібек пен Керейдің дауына аударсам деген Әбілқайыр әлі
де болса Қобыланды мен Ақжолдың арасын оқта-текте бүлдіріп отыратын.
— Ақжол жайында дейсің бе? Оның жайын маған несіне айтасың, — деді хан
баяу сөйлеп.
Қобыланды мен Ақжолдың арасындағы өшпенділіктің өзі білетін жайдан
бөтен, біріне-бірі кешпес жау боларлықтай тағы да бір сырдың барын Әбілқайыр
білмейтін. Сондықтан екі батырдың арасын тек өз тұрғысынан өршіте түскен.
Түбін күтіп, өз басына тиер өсек-аяң сөздерге де шыдаған.
— Батыр Саянды Ақжол қашырып отыр ғой.
— Білемін...
— Білсеңіз... Кінәсі қолыңызда тұрғанда...
Әбілқайыр ақырын күлімсірегендей болды.
— Өйтуге болмайды. Ақжол жақтағылардың күші мол...
Қобыланды кенет ашулана қалды.
— Қандай күш?! ән мен сөз баққан Арғынның көп жігітін айтасыз ба? Рұқсат
етіңіз, он сойылмен Ақжол бидің аулын тал түсте шауып берейін.
— Ақжол бидің аулы Жәнібек пен Керей сұлтанның ордаларымен қотандас
отырған жоқ па? Ақжолды шауып жатқанда олар үндемей қалар ма?
Қобыланды бұрынғысынан бетер күреңденіп:
— Үндемей қалмаса тағы мейлі! Онда мен оларды Ақжолмен бірге шабамын.
Хан тұнжырап кетті. «Жоқ, жоқ, өйткізуге болмайды. Бүгін қара халық
сұлтандардың ауылын шауып дағдыланса, ертең ханның Ордасына да лап беруден
тайынбайды. Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар. Қара халықты
басқарудан туған таласымызды Шыңғыс ұрпағы өзіміз шешуіміз керек. Мейлі
бірімізді біріміз қан жоса етсек, о да біздің ғана шаруамыз. Ал сұлтандар
тағдырын бүгін қара халыққа шешкізсек, дағды алған бассыз кеткен ноқай тобыр
ертең ереуілдеп Орда тағдырын өзі сойылымен шешеді. Иә, сонда Қобыландыға
қандай жауап беру керек? әйтсе де, оның елу батпан
1
шоқпарын сілтетіп қалған
жөн-ақ».
— Ақжол батырдың көзі жойылса, Жәнібек пен Керей ең жанашыр адамынан
айрылады.
— Олай болса, тек Ақжол бидің жалғыз өзін жоюға рұқсат етіңіз, хан ием!
— Бір адамды өлтіру үшін, он адам боп ауылды шабудың қажеті бар ма? әлде
жекпе-жекке күшің жетпей ме?
Бұл сөз Қобыланды батырдың намысына тиді, бірақ ол хан алдында тұрғанын
ұмытпай, қинала жауап қайырды.
— Жекпе-жекке Ақжол би шықпаса қайтемін, хан ием?..
— Онда... Жекпе-жек жүз кездесер жолын торлау керек.
Қобыландының онсыз да күрең беті енді тіпті күреңденіп кетті. Хан сөзін ол
дұрыс түсінді. «Ақжолды қарақшыдай аңдып жүріп жалғыз жүрген кезінде өлтіруі
керек. Жоқ, Қобыланды батыр ондай қарақшы емес. Өлсе де, өлтірсе де қан
майданда жаумен бетпе-бет келеді».
Қара Қыпшақ жолбарысының намыстанып қалғанын хан да сезді. Енді ол
бұйыра сөйледі.
1
Б а т п а н — салмақ өлшемі. Бір батпанда 200—300 грамм ауырлық бар.
|