2-параграф. Біліктілікті арттыру институты (филиалы) басшысының (директорының) орынбасары 208. Лауазымдық міндеттері: нормативтік құқықтық актілерге және жарғылық қызметке сәйкес біліктілікті арттыру институты (бұдан әрі – Институт) құрылымдарының қызметін басқарады; институттағы оқу, ғылыми, әдістемелік және шаруашылық қызметті жоспарлайды, ұйымдастырады және бақылайды; курстық және курсаралық іс-шараларды оқу, бағдарламалық-әдістемелік және ғылыми сүйемелдеудің дайындығына басшылықты және бақылауды жүзеге асырады; баспа қызметін басқарады; жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты ұйымдастырады; барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының, білім беруді басқару органдары мен әдістемелік қызметтердің басшы, ғылыми-педагогикалық және әдістемелік кадрларының біліктілігін арттырудың сабақтастығын, үздіксіздігін қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады; институттың құрылымдық бөлімшелері үшін кадрларды іріктеуді жүзеге асырады және оларды институт басшысына ұсынады; әдістемелік кабинеттердің, кафедралардың және басқа құрылымдардың қызметкерлеріне кеңес береді, олардың жұмысын үйлестіреді; есептілікті дайындауды және ұсынуды қамтамасыз етеді; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, қызметкерлер арасында академиялық адалдық қағидаттарын бойына сіңіреді. 209. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Ғылым туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдары және білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика және психология негіздері; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; педагогикалық этиканың нормалары; менеджмент, экономика, қаржы-шаруашылық қызмет, андрагогика, синергетика, педагогика, психология негіздері; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары, санитариялық қағидалар мен нормалар. 210. Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білім, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл; ғылыми дәрежесі болған жағдайда педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 2 жыл.