2-параграф. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары басшысының (директорының) оқу жұмысы жөніндегі орынбасары 250. Лауазымдық міндеттері: Қазақстан Республикасының заңнамасына, білім беру ұйымының жарғысына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес білім беру ұйымының қызметін ұйымдастырады; оқу процесін ұйымдастыруды, оқу жұмысын ұйымдастыру бойынша жоспарлар әзірлеуді жүзеге асырады; білім беру ұйымы жұмысының ағымдағы және стратегиялық жоспарлауын ұйымдастырады, оқу жоспарлары мен білім беру, үлгілік оқу бағдарламаларын орындау бойынша оқытушылардың жұмысын үйлестіреді, сондай-ақ оқу процесінің сапасын қамтамасыз ету үшін оқу-әдістемелік құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастырады, оны ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді қамтамасыз етеді; білім беру бағдарламаларын, оқу жұмыс жоспарларын әзірлеуге жәрдемдеседі, оқу жылына педагогтердің тарификациялық тізімін әзірлейді, педагогтің бір жылдағы оқу уақытын есепке алу ведомосының толтырылуын бақылайды; оқу процесінің сапасын, оқу жоспары мен бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады; білім алушыларды ағымдағы бақылауға, аралық және қорытынды аттестаттауға дайындау және өткізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жүзеге асырады; тиісті жұмыс бағытының кадрларын іріктеуді және орналастыруды жүзеге асырады және оған қатысады, оларды басшыға ұсынады; педагог кадрларды іріктеуге және орналастыруға қатысады; педагог қызметкерлерді аттестаттауды дайындауға және өткізуге қатысады; оқу кабинеттері мен зертханаларды қазіргі заманғы жабдықтармен, көрнекі құралдармен және оқытудың жаңа құралдарымен жарақтандыру жөніндегі жұмысты үйлестіреді; оқытудың инновациялық технологияларын зерделейді, таратады және практикаға енгізеді; ғылыми-әдістемелік кеңестерді, семинарларды, конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау жөніндегі қағидалар талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді; оқу жұмысы бойынша есептік құжаттаманың уақтылы жасалуын, дұрыстығын және тапсырылуын қамтамасыз етеді; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары орынбасарларының біліктілікті беру( растау), арттыру кезінде қойылатын тиімділік көрсеткіштеріне сәйкес келеді; білім алушылар, педагогтер және басқа да қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, Академиялық адалдық қағидаттарын бойына сіңіреді. 251. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңдары; білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, білім алушыларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика және психология негіздері, қазіргі педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; педагогикалық этиканың нормалары; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, басқарудың инновациялық әдістері; экономика негіздері, құқық, қаржы-шаруашылық қызмет мәселелері; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары. 252. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) кәсіптік білім және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл; немесе білім беру ұйымының "үшінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "екінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "бірінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" біліктілік санатының болуы.