Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
Ежелгі Үндістандағы тәрбие және мектептердің дамуы. Ежелгi Үндістан тарихы екi басты, яғни б.з.д. екiншi мыңжылдықтың бiрiншi жартысынан және жаңа дәуiрдiң VI ғасыр аралығындағы кезеңдерге: дравидтiк-арилiк және буддистiк деп бөлiнедi. Осы кезеңдерде дравид тайпасының өркениеттi (жергiлiктi халық) алғашқы Қосөзен мемлекетiнiң мәдениет деңгейiне тең болатын. Тәрбие мен оқыту отбасылық-сословиелiк сипатта жүргiзiлдi, мұнда отбасының ролi жоғары болды.
Үндістан территориясын б.з.д. 2-1 мыңжылдықтарда ежелгi парсылар, арилiк тайпалар түгелдей игерiп алған. Жаулап алушы арилiктер мен жергiлiктi тайпалар арасындағы қарым-қатынастар негiзiнде қауымдастық құрылып, кейiнiрек каста деген атауға ие болды. Сөйтiп, халық төрт басты касталарға немесе варнаға бөлiндi. Арилердiң ұрпақтары үш басты кастаға: брахман (дiн қолдаушы), кшатр (әскерилер), вайшы (дихандар, саудагерлер, қолөнершiлер) касталар деп жатқызды. Ал, төртiншiсi Шудлер – төменгi кастаға (жалдамалы жұмыскерлер, қызметшiлер, құлдар) жатты.
Дравидтiк-арилiк дәуiрде тәрбие мен оқытуда, әрбiр оқушы өзiнiң адамгершiлiк ақыл-ой және дене күштер мен қасиеттерiн дамытулары тиiс. Мәселен, брахмандар интеллектiлiк қабiлеттерiн дамытса, кшатрлар -күшi мен жау жүректiлiгiн, вайшылар - еңбексүйгiштiк пен төзiмдiлiгiн, шудрлер - бағыныштылығын тәрбиелеген.
Осы типтес идеалдық тәрбиелер үндiстердiң ертедегi эпостарында да ұшырасады. “Бхагават – пуран” аңызында құдайшыл және ақыл-парасатты Кришна бейнесі арқылы үндiарилық тәрбиенiң үлгiлерi берiлген. Эпикалық патша - әскери және шопан - қатар-құрбыларымен ойын-сауықта және еңбекте бiрге ойнап, бiрге еңбектенiп өседi.
Идеалдық тәрбие алған Рамаға ерте үндiлердiң “Махабхарата” эпосы кейiпкерiнiң адами қасиетi бiлiмдiлiгiне, ақыл-ойына, күштiлiгi мен ерлiгiне ешқандай адам сәйкес келмейдi. Ол адамдармен қарым-қатынастарында адал, үлкен-кiшiнi сыйлай бiлетiн, бос уақытында әскери өнермен айналысатын, заңдар мен салт-дәстүрлердi ұстайтын, шешендiк өнердi игерген, толық қалыптасқан адам ретiнде саналады. Сонымен қатар қасиеттi және оқу құралы мiндетiн атқарған “Бхагавадгит” кiтабында оқушыларды тәрбиелеу мен бiлiм берудiң мазмұндары мен жолдары анықталған Ұстаз бейнесінде құдайшыл Кришна болса, оқушы бейнесінде– патшаның баласы Арджун алынған. Қиындық жағдайға ұшыраған Арджун ұстазы Кришнадан кеңес сұрап, танымның бiр сатысынан екiншi сатысына көтерiлiп, бiлiмiн толықтырды. Бiлiм алудың алгоритмдiк жолы, мұғалiм жаңа бiлiмдi түсiндiредi, содан кейiн көлемдi бiлiм материалдарын бөлшектеп ұғындырады. Кришна Арджунның алдына айқын мақсаттар қойып, оны өздiгiнен бiлiм алуға ынталандырып, оқудың әдiс-тәсiлдерiмен қаруландырады.
Үндістанда б.з.д. бiрiншi мыңжылдықтың орта шенiнде отбасы – қоғамдық тәрбие дәстүрi қалыптасып, жоғары үш кастаның балаларын есею рәсiмiнен өткеннен кейiн мектепке қабылдайтын. Брахман баласы 8 жаста, кшатр 11 жаста, вайшы 12 жастан бастап бiр-бiрiнен айырмашылығы бар бағдарламалармен оқытылды.
Мысалы, Брахман оқушылары толық бiлiм алу бағдарламасымен оқыса, кшатрлар әскери өнерге, вайшылар ауылшаруашылық жұмыстар мен қолөнерге бағдарланған толық емес бағдарламалармен оқыды. Оқу мезгiлi сегiз жылдан аспай, оқығандарын ауызша айтып беру, оқу мен жазуға үйретiлдi. Толық бағдарламамен оқыған брахман балалары поэзия мен әдебиет, грамматика мен философия, математика, астрономия пәндерiнен сабақтар алды. Мұғалiмнiң үйiндегi оқу отбасылық қарым-қатынас түрiнде ұйымдастырылып, оқушылар мұғалiмнiң отбасы мүшесi ретiнде есептелiп, отбасыаралық қарым-қатынастар ережесiне дағдыландырды.
Бiрiншi мыңжылдықтың ортасында (б.з.д.) ежелгi үндi өркениетiнде жаңа дәуiр басталды. Үндi мемлекетiнiң экономикалық, рухани өмiрлерiндегi өзгерiстер тәрбие мен оқытуға ықпалын тигiздi. Жаңа дiн – буддизм ежелгi үндi халықтарының өмiр-тiршiлiктерiне ауқымды өзгерiстер әкелдi.
Буддистiк оқу дәстүрiнiң басында Будда немесе Шакия – Муни (б.з.д. 623-544 жж.) тұрды. Ол жоғары рухани жетiстiкке жеткен тұлға, буддизм касталардың теңсiздiк ұстанымын жоққа шығарып, адам дүниеге келгенде бiрдей болып келедi, олай болса адам тең құқықты, сол себептен буддистiк қауымдастыққа әрбiр адамды ниетiне қарай қабылдаған.
Буддистiк iлiм бойынша тәрбиенiң басты мақсаты – адам жанын жетiлдiру, өзiн-өзi танып, өзiн-өзi дамытуға тиiс. Буддистiк дәуiрде оқу бағдарламаларына өзгерiстер енгiзiлiп, грамматикаға ерекше көңiл бөлiндi. Сол кездерде ежелгi үндi елiнде буынды әлiппе - брахми мектептерге енгiзiлiп, әлiппе – буынды жазу бiлiм сапасын көтерген. Элементарлық бiлiмдер дiни мектептерде және зайырлы оқу орындарында берiлдi. Дiни мектептерде бiлiм сословиелiк сипатта болса, зайырлы мектептерде оқушыларды кастасына, дiнiне қарамай оқытатын.
Кейбiр буддистiк монастырларда жоғары деңгейдегi философиялық ежелгi трактаттар, математика, дәрiгерлiк бiлiмдер берiлген.