Педагогика тарихы



бет14/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Ежелгі Қытайдағы мектеп пен педагогикалық ойдың туындауы. Ежелгi Қытайдағы алғашқы педагогикалық идеялар мен ой-пiкiрлердiң пайда болу басында Конфуций тұрды. Оның идеялары Шығыс және Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiнде жаңадан қалыптасып, дами бастаған оқу-тәрбие жүйесi мен тәжірибесіне нақты ықпалдар жасады.
Конфуций (шамамен б.з.д. 551-479 жылдар) сол замандағы этикалық-саяси iлiм түзген және ол iлiм Қытай императорының құнды идеологиясына айналған, мемлекеттегi бiлiм беру саласында екi мыңжылдықтай мезгiлде бағыт-бағдарын өзгертпеген.
Жер жүзiндегi философ, саясаттанушы, тарихшы, әлеуметтанушы, дiнтанушы мен педагогтар оның iлiмiн ерекше бағалап, ғылыми еңбектерiнде пайдаланған.
Өйткенi Конфуцийдiң iлiмi Қытайда б.з.д. VI-V ғасырлардағы қалыптасып қалған экономикалық саяси-әлеуметтiк және идеологиялық үрдiстердi жинақтап, бiр жүйеге келтiрген, бұл iлiм оқу-тәрбие мәселелерiне күштi ықпалын тигiзген. Конфуций оқудың мазмұндық белгiлерiн анықтап, әлеуметтiк құрылыстағы, оның iшiндегi балаларды оқыту мен тәрбиелеудегi адамдар арасындағы қарым-қатынастар адамгершiлiк құндылықтарға негiзделуi тиiс деп санаған.
Б.з.д. VI-II ғасырлар аралығында Қытайдағы отбасы тәрбиесi және мектептер жұмысында жинақталған бай педагогикалық тәжiрибелер жүйеленедi. Оларды ой елегiнен өткiзiп қорытындылау барысында және халықтың ауыз әдебиеттерiнде, әртүрлi жазу ескерткiштерiнде таңбаланған мәтiндер зерделендi. Мәселен, баланы неге және қалай оқыту керек? Қандай құндылық бағдарларын қалыптастыру керек? Бұл ұсыныстар нақты қандай педагогикалық жағдайларда шешiлмек? деген сұрақтарға жауап табудың маңызы күшейдi.
Қытайда б.з.д. бiрінші мыңжылдықтың ортасында педагогикалық бiлiмнiң көлемi арта түскен. Ежелгi Қытай қоғамы шаруашылығының бұл тұста дағдарысқа ұшырауы бала тәрбиелеуге деген ықыластың артуына ұйытқы болған. Себебi қоғамның тұрмыс-тiршiлiгiн жөнге келтiрудегi таптырмайтын құралдың бiрi – бiлiм деп саналды. Сондықтан балаларды тәрбиелеуде рухани iзденiстiң ұстайтын бағыты – оқытуда және тәрбиелеуде үлгi тұтуға болатын құбылыстар мен материалдарды мектептерде жүйемен беруге бағдар алу талап етiлдi.
Отбасында, мектептердегi тәрбие үрдiсiнiң деңгейiн көтеру, оның мәнiн, заңдылықтарын ашу жолында Конфуций ерекше тер төктi.
Ежелгi Қытайдағы мыңдаған жылдардағы тәрбие дәстүрлерiн және өзiнiң жеке меншiктi мектебiндегi педагогикалық тәжiрибесiн талдай келiп, Конфуций адамның мiнез-құлқын жөндеу, оны ақыл-ой жағынан кемелденген қоғамдық тәрбиенiң басты мұраты деп белгiлейдi. Конфуцийдiң этикалық-саяси iлiмiн зерттеушi Л.С.Переломовтың пiкiрiнше, Конфуций адамның табиғи қасиетiн қалыптастыру, яғни мемлекеттiң, қоғамның үлгiсiне сай тәрбиелеу үшiн алдымен адамның табиғатын бағдарлап алып, содан кейiн белгiлi бағытта оған нәтижелi ықпал жасау қажет деп есептеген.
Адамның табиғи ұмтылысын iске асыруға жағдайлар жасау, оның мұратқа жетуге өзiнен-өзi талпынып, дамуына мүмкiндiк туғызады. Конфуций әлеуметтiк-саяси iлiмiнде “Дао” ұғымын қолданған, оның мәндiк мағынасы: “адамды шындыққа, адалдыққа бағыттай басқару, мақсатты ықпал жасап тәрбиелеуде “Дао”- ны меңгеру, бұл адалдыққа, шындыққа, мақсаттылыққа, талаптылыққа апаратын басты жол” деп санаған.
Конфуций дәлелдегендей, адамдар табиғаты бiр-бiрiне жақын, бiрақ әдет-дағдылары мен мiнез-құлықтары жағынан айырмашылықтары бар. Ал, адамдардың мiнез-құлықтарындағы айырмашылықтарға тәрбиелiк тұрғыдан ықпал жасағанда, барлығына бiрдей бiркелкi тәрбиелiк iс-шаралар жүргiзiлуi керек.
Сонда да болса кей адам өз қабiлетiне қарай “Дао” ұстанымын толықтай игерсе, кейбiреулерi “Дао” адамгершiлiк нормаларын бойларына қалыптастыра алмайды. Конфуций адамдарды бiлiмдiлiгiне (даналығы), бiлiмдi алғаны мен қолданудағы жеткiлiксiздiгiне, бiлiмдi игеруге қабiлетсiздiгiне қарай адамдарды төрт санатқа бөлген. Бiрiншi санатқа ерекше ақылдылығымен, даналылығымен бiлiмдi менгерген және тыңдаушыларына жүйелей жеткiзе алатындар кіреді. Бұл қасиет аспанның құдiретiнен жаралған. Екiншi санаттағы адамдар тиянақты оқу, iздену арқылы бiлiмдi игеретiндер: бұлар жетi терiн төгiп, еңбегi арқылы бiлiм алатын аспан балалары туа бiткен ақылдылығымен мiнезделедi. Үшiншi санатқа жататындар оқудың қиындығына қарамай оқиды. Төртiншi санатқа кiретiндер оқуды қиындық көретiн бiлiм алуға қабiлетсiз адамдар деп бөлген.
Конфуцийдің соңғы айтуынша, соңғы санатқа жататын адамдар оқудан қиындық көрген соң оқуды жалғастырмайды, яғни, олардың оқуға бейiмi болғанымен, ынтасы жоқ немесе тiптен оқығысы келмейтiн жандар.
Конфуций адамдарды төрт категорияға бөлудегi алдына қойған басты мiндетi мейiрiмдi, қайырымды, кемелденген адамдарды қалыптастыру үшiн тәрбиенiң басты мақсаты мен мұратын анықтап алу еді.
Парасатты адамның мұраты жоғары адамгершiлiк және бiлiмдiлiк, бұл – жан-жақты дамыған жеке тұлғаның үлгiсi. “Өзiңнiң ерiк-күйiң алдыңа қойған мақсатыңа жетуге жұмылдырады, - деп жазады Конфуций, - моральдық ұстанымды ұста, адамға деген сүйiспеншiлiкке қарай әрекет жаса, өнердi үйрен”. Өнер дегенде ол дәстүрлi “алты өнердi”, яғни дәстүр, музыка, садақ тарта бiлу, екi дөңгелектi арбаны басқару, оқу және математиканы игерудi айтады.
Конфуций оқушыларды ақыл-ой, эстетикалық, дене және әскери тәрбие бiрлiгi арқылы жан-жақты тәрбиелеу мәселесiн көтерген. Олар:
- парасатты адам нормасын ұстап, өзiнiң бейiм-қабiлетiн дамытып, жан-жақты болуға талпыныс жасау;
- парасатты адамның бойында жоғары адамгершiлiктi қасиеттер: - айналасындағы адамдармен мейiрбандық, сыйластық, қарым-қатынас жасау, сөзiнде тұрақты және оқуға ынталы болу, оқуға ниетсiз болу – адамды азғындыққа итермелейтiн басты жол;
- парасатты адам жоғары рухани мәдениеттi болуы тиiс, ол тиянақты бiлiм алу арқылы келетiн қасиет, яғни адамның табиғаты, туа бiткен қабiлетi мен еңбекқорлығын бiрлiктi байланыста ұстау;
- адамның тәкаппарлық, өркөкiрек пиғылы жоғары болса, ол жетесiз болмақ, зерделi болса – бiлiмдiлiгi артады. Адамның мiнез-құлқындағы табиғилық қасиет мәдениеттiлiкпен ұштасса, кемелденген тұлға деп айтуымызға болады.
Конфуцийдiң пiкiрi бойынша, мәдениет пен адамгершiлiктi бөлуге болмайды. “Егер парасатты адам өзiн-өзi ұстай бiлмесе, абыройы болмайды, алған үлгi-өнегесi, бiлiмi мойындалмайды. Ал, парасаттылыққа ұмтылып, ата-анасын құрметтеп, мемлекетке тазалықпен қызмет жасаса, жора-жолдастарымен қарым-қатынаста адал болса, бiрақ бiлiмдi болмаса да, оны зиялы адам қатарына қосар едiм”, - деп жазады.
Оның адамның бойындағы адамгершiлiк қасиетiн бiлiмнен жоғары қоятындығын байқаймыз. Ол адамның iшкi жан дүниесiн мақсатты бағыттылықпен, белсендi және жүйелi мәдениеттендiрудi адамгершiлiкпен, дiни-философиялық және әлеуметтiк-психологиялық ұстанымдармен ұштастыруға талпынады.
Адам психикасына ықпал ететiн басты құрал – дәстүр. Дәстүр қоғамдық тұрақтылықты сақтайтын тетік қана емес, адамның мiнез-құлқында қажеттi құлық дағдыларын, тұрақты iс-әрекеттерiн қалыптастыратын негiзгi амал. Рәсім арқылы Конфуций тәрбие мен бiлiм берудiң мазмұндық байлығын арттырды. “Парасатты адам қандай бiр iске болмасын адамның борышына сай әрекет жасап, iстейтiн iсiн дәстүрге негiздеп атқаруы керектiгiн, сөзiнде тұруды, iсiнде шыншыл, сыпайы болғанды қалайтынын Конфуций көп айтушы едi”, - деп жазады шәкiрттерiнiң бiрi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет