Педагогика тарихы


Абай Құнанбаевтың (1845-1904) педагогикалық көзқарастары



бет81/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Абай Құнанбаевтың (1845-1904) педагогикалық көзқарастары. Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшыл педагогы.
Оның поэтикалық шығармалары мен “ғақлия” сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы.
Ұлы ойшыл адамдар жаратылысында бірдей емес дейтін нәсілдік көзқарасқа қарсы шыға отырып (отыз төртінші қарасөз), “адамның туысы, дене бітімі, шыққан жері, бармақ жері бәрі бірдей… Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу – жан құмарлығы”… (жетінші, қырық үшінші сөз) деп ой түйіндей келе, “адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол талаптылықпен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі…” деген қорытынды жасайды.
Абайдың дүниені тану жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстары бір-бірімен өзара байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адам қоршаған ортаны – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы танып біледі – деп қарады.
Ол қазақ халқының саяси-экономикалық және мәдени жағынан артта қалушылығы – оның феодалдық-патриархалдық қатынасынан, рулық талас-тартыс етек алған көшпелі тұрмысынан деп қарайды. “Күнде ұрлық, күнде төбелеспен күн кешкен” алты бақан алауыз елінің “жақсыларына” налыған Абай “малыңды жауға, басыңды дауға” салып, өміріңді қор қылмай татулас, бірлесіп ел боп “егіннің ебін, сауданың тегін” үйрен, “жан аямай кәсіп қыл” деп өсиет айтты. Ол қазақ ауылындағы тап тартысын көре білді, сол таптық қанаудан құтылудың жалғыз жолы оқу, ағарту мәселесі деп қарады.
Ол оқудағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты. Жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.
Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен, алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:
Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой, –деп сөкті.
Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде деп ұққан Абай:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып білім алған.
Би болған, болыс болған мақсат емес,
Өнердің бұдан өзге бәрі жалған, - дейді.
Ел болу үшін қала салып отырықшы болу керек, егіншілікті кәсіп ету, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салады. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін терең түсінген ол: “Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет… өнер де, ғылым да орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі…” – деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті. Абай бас қатыратын жаттамалы діни оқуға қарсы болды.
“Ақыл – ардың сақтаушысы” деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –
Ынсап, ұят ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап…
Терең ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – деп кейбір жастардың іс-әрекетіне кейістік білдіреді.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз, – деп, ел қамын ойлаған жастардың бойында қандай қасиеттердің болуы керектігін тізбектейді. Ақылды азамат болу үшін адам бойындағы қасиеттердің қалыбы үш нәрсеге байланысты екендігін айтады:
“…Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек”, – деп адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, жалқаулық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді еске сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдылардан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңгізу, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді қастерлейді.
Ұлы ойшыл Абай адамның өсіп, жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келе, өзінің он тоғызыншы қарасөзінде “Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді”, – деп ақыл-естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді. Абай “сүйекке біткен мінез сүйекпен бірге кетеді” дейтін теріс көзқарасты әшекерелеп, адам мінезі өмір барысынан сабақ алып, өзін қоршаған әлеуметтік орта әсерінен өзгеріске енеді, ол іс-әрекет арқылы көрінеді деген тұжырым жасайды. Адам мінезінің түрлерін адамгершілік, моральдық, имандылық тұрғыдан қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жіктейді. Әдептілікті, сыпайылықты, құмарлықты, тәуелсіздікті, беріктікті жақсы мінезге жатқызса, сенгіштікті, арсыздықты, мақтаншақтықты, қулықты, жауыздықты т.б. жаман мінез деп есептейді. “Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал” – дейді. Яғни адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады. Абай: “Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық”, – дей келе, адамды тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның рөлінің ерекшелігін саралап көрсетеді. “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі виноват”, – дейді. Нәсілдік көзқарасқа қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдей келіп, өзінің отыз жетінші сөзінде: “Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім”, – деді.
Абай жастардың белгілі бір мамандықты игеруін қуаттайды. Өзінің отыз үшінші қарасөзінде “Егер мал керек болса, қолөнерін үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп, жастардың сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі азамат болуын, белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен мал табуын уағыздаған ұлы ақын оларға:
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болса, арқалан
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, - деп өмірден өз орныңды таба біл, қоғамның пайдалы азаматы бол деп өсиет айтады.
Абай махаббат мәселесіне де ерекше көңіл бөліп, жастарды жұбайлық өмірге үлкен жауапкершілік сезімімен қарауға шақырады. Өзінің “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” (1891) деген өлеңінде отбасы өмірінің этикасын, ерлі-зайыптылардың бір-бірімен сыйласымды өмір сүруін ескерте келіп, күнделікті тіршілікте кездесетін қиындық атаулыны қол ұстаса отырып жеңе білуге жастардың әзір болуын талап етеді.
Абай әйелдің бас бостандығын, жастардың сүйгеніне қосылып махаббатты өмір сүруін қорғаушы болды.
Ұлы ақын Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысана “Атаның баласы болма, адамның баласы бол… жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін” деген гуманистік ой-пікірді қуаттауы еді. Оның жастарды тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары дүниежүзілік педагогика классиктері Ж.Руссо, Д.Дидро, И.Кант т.б., орыстың ойшыл ұлы педагогтары: Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің ағартушылық ой-пікірлерімен терең қабысып жатыр.
Абай ұрығын сепкен оқу, өнер-білім, адамгершілік, әдеп, мораль мәселелері бүгінде қазақ халқының рухани азығына айналып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет