3-тарау. Кеңес қызметін ұйымдастыру 5. Кеңестің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.
6. Кеңес төрағадан, хатшыдан және Кеңестің басқа да мүшелерінен тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуы және 7 адамнан кем болмауы тиіс (Кеңес хатшысын есептемегенде).
7. Кеңеске келесі тұлғалар кіреді:
1) білім басқармаларының (бөлімдерінің) өкілдері, білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіподақтардың және (немесе) үкіметтік емес ұйымдардың және (немесе) қоғамдық бірлестіктердің өкілдері;
2) кемінде екі педагогог;
3) құрметті демалысқа шыққан педагогтер.
Білім беру ұйымының басшысы, білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлері, осы білім беру ұйымының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің ата-аналары Кеңес құрамына оның мүшелері ретінде енгізілмейді. Бұл ретте Кеңес хатшысы ретінде білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлеріне жол беріледі.
8. Кеңес құрамына:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
2) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған;
3) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін жұмыстан босатылған;
4) бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
5) азаматтың қатарынан үш және одан да көп сағат ішінде дәлелді себепсіз жұмыста (қызметте) болмауы негізінде жұмыстан шығарылған жағдайларды қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдар мен соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша босатылған адамдар кірмейді.
9. Кеңес білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде сайланады.
10. Білім беру ұйымының басшысы:
1) Кеңесті қалыптастыру кезінде заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
2) Кеңесті уақтылы сайлау үшін қажетті рәсімдерді өткізуді қамтамасыз етеді;
3) Кеңес жұмысына жағдай жасайды және жәрдем көрсетеді.
11. Кеңес құрамы білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
12. Кеңестің төрағасы мен хатшысы бірінші отырыста Кеңес құрамынан көпшілік дауыспен сайланады.
13. Кеңес хатшысы Кеңестің дауыс беруіне және кеңес отырысына шығарылатын мәселелерді талқылауға қатыспайды.
Кеңес хатшысы Кеңестің іс қағаздарын жүргізуді қамтамасыз ететін тұлға болып табылады: мүшелер мен шақырылған адамдарды кеңес отырысының өткізілетін күні мен орны туралы хабардар ету, Кеңестің жұмыс жоспарының жобасын жасау, хаттама жүргізу және оны сақтау, өтініштер мен ұсыныстарды қабылдау, сондай-ақ Кеңестің атына келіп түсетін хаттарды тіркеу.
Кеңес хатшысы Кеңес шешімдерінің орындалу мониторингін қамтамасыз етеді және олардың нәтижелері туралы кеңес мүшелеріне жеткізеді.
14. Кеңес төрағасы Кеңес отырыстарын шақырады және күн тәртібін белгілейді.
Кеңестің мүшелері:
1) отырыстардың күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) Кеңес отырыстарына материалдар мен оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысады;
3) Кеңес қарайтын мәселелерді талқылауға қатысады.
Кеңестің кезектен тыс отырысы төрағаның шешімі бойынша және (немесе) білім беру ұйымы басшысының ұсынысы бойынша және (немесе) Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен астамының бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін.
15. Педагогикалық әдепті сақтау туралы мәселе қаралған кезде педагогтің:
1) қаралып отырған мәселе туралы ақпаратты жазбаша түрде алуға;
2) қаралып отырған мәселе бойынша барлық материалдармен танысуға;
3) өз құқықтары мен заңды мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке өзі немесе өкілі арқылы заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;
4) шешімді жазбаша түрде алуға;
5) қабылданған шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
16. Кеңес мүшесінің қызметі осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда, сондай-ақ Кеңес мүшесі қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.
17. Кеңестің шешімі бойынша Кеңес мүшесі оның құрамынан:
1) уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайында болған, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау үшін жұмыстан босатылған, демалыста, іссапарда болған уақытты қоспағанда, Кеңес отырыстарына жыл ішінде үш реттен артық қатыспаған;
2) Кеңес мүшесі Кеңес құрамынан шығу туралы өтініш берген;
3) педагогке қатысты талқылау мәліметтері оның жазбаша келісімінсіз жария етілген;
4) осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген;
5) осы қағидалардың 19-тармағының талаптары бұзылған жағдайларда шығарылуы мүмкін.
18. Кеңес отырысы:
1) егер оған Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады;
2) жұмыс жоспарына сәйкес, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес, сондай-ақ өтініштер мен шағымдардың түсуіне қарай өткізіледі;
3) Кеңестің күн тәртібі мен күні туралы қызметкерлерді, сондай-ақ мүдделі тұлғаларды Кеңес хатшысы оны өткізгенге дейін күнтізбелік 7 күннен кешіктірмей хабардар етеді.
Кеңес мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.
19. Кеңес мүшесі, егер ол не онымен бірге тұратын жақын туыстары өзіне қатысты іс қаралатын адаммен туыстық қатынастармен байланысты болса, не аталған адамға қызметтік немесе өзге де тәуелді болса, іс бойынша талқылауға және дауыс беруге қатыса алмайды. Кеңес мүшесі тиісті іс бойынша талқыланғанға және Кеңес дауыс бергенге дейін осы мән-жайлар туралы Кеңес мүшелеріне хабарлайды.
20. Кеңес отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелері санының қарапайым көпшілік дауысымен шешім қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Кеңес мүшелері дауыс беру кезінде қалыс қала алмайды.
21. Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша Кеңес мүшелерінің бірі төрағаның міндеттерін атқарады.
22. Кеңес отырысы хаттама түрінде ресімделеді, оған Кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды. Кеңес отырысының хаттамасы - Кеңес отырысының барысын және онда қабылданған ұсынымдарды көрсететін ресми жазбаша құжат. Хаттама білім беру ұйымында сақталуы тиіс және білім беру ұйымының істер номенклатурасына енгізілуі тиіс.
23. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде Кеңесте қаралады.
Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде Кеңесте қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.
Оны қараудың қорытындылары туралы өтініш берушіге отырыстың өзінде не оны Кеңестің хатшысы қарау қорытындылары бойынша дереу хабарлауы тиіс.
24. Педагогке қатысты істі қарау:
1) еңбекке уақытша жарамсыздық;
2) демалыста немесе іссапарда болған;
3) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін атқарудан босатылған;
4) даярлауда, қайта даярлауда, біліктілікті арттыру курстарында және тағылымдамада болған кезеңде тоқтатылады.
25. Хатшы жауапкершілікке тартылатын адамдарға Кеңес отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы күнтізбелік 7 күннен кешіктірмей хабарлау жөнінде шаралар қабылдайды.
Кеңес отырысында істі қарау, егер жауапкершілікке тартылатын адамдарға Кеңес отырысының уақыты мен орны туралы отырыс өткізілгенге дейін кемінде үш күн бұрын тиісті түрде хабарланған болса, олардың қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
26. Осы Қағидаларда тиісті хабарлау деп адамды хатпен, тапсырыс хатпен немесе жеделхат арқылы хабардар ету танылады, ол өзіне немесе онымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолхат арқылы не хабарламаның немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып тапсырылады.
27. Отырыста педагогтің жауапкершілігі мәселесін қарау кезінде Кеңес мына мәселелерді шешеді:
1) педагогтің жауапкершілігін қарау үшін негіз болып табылатын нақты іс-әрекет (әрекетсіздік) орын алды ма;
2) бұл іс-әрекет (әрекетсіздік) әдепті бұзу болып табылады ма;
3) бұл әдепті бұзу педагог тарапынан жасалды ма;
4) педагогтің осы бұзушылықты жасауда кінәсі бар ма.
28. Істі қарау қорытындылары бойынша Кеңес білім беру ұйымының басшысына педагогке тиісті жаза қолдануды және (немесе) қолданбауды ұсынады.
29. Кеңестің шешімі ұсынымдық сипатта болады.
30. Білім беру ұйымының басшысы Кеңестің ұсынымын қарау кезінде еңбек және өзге де заңнама талаптарына сәйкес шешім қабылдайды.
31. Педагогке қатысты талқылаулар және олардың негізінде қабылданған шешімдер оның жазбаша келісімімен ғана жариялануы мүмкін.
Кеңес хатшысы өтініш берушіге оның өтінішін заңнамада белгіленген мерзімде қарау нәтижелерін жазбаша хабарлайды.
Бұл ретте, өтініш берушіні "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 4-тармағының және осы Қағидалардың 31-тармағының талаптарын сақтау қажеттігі туралы хабардар етеді.