Педагогикалық қызметтің басты шарты –біліктілік және құзыреттілік



Дата27.03.2023
өлшемі21,13 Kb.
#76620
Байланысты:
Педагогикалық қызметтің басты шарты


Педагогикалық қызметтің басты шарты –біліктілік және құзыреттілік
Біліктілік, квалификация — адамның белгілі бір білім жүйесін тәжірибеде пайдалана алу қабілеті. Адамның өзі таңдаған қызметінде өз білімін көтеріп, нені, қалай және не үшін үйренетінін алдын-ала айқындап, білікті маман болуға бағытталуы.
Біліктілік – адамның қандай да бір кәсіби- еңбек қызметін орындауға деген дайындық деңгейі немесе біліктілік – кәсіпті меңгеру деңгейі. Біліктілік мінездемесі – қандай да бір біліктілік деңгейі бар нақты бір кәсіп маманы оны игеруге қажет білім, білік және дағдыларға қойылған талаптар тізімі белгіленген мемлекеттік құжат.
Құзырет – тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттері тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы, ол құзыреттілік – адамның өзінің іс-әрәкет саласына сай құзыреттерді меңгеруі.
«Құзыреттілік» сөзі француз тілінен «заңға сай», ал латын тілінен «сай болу», «қабілетті»,
«талап қою», ал ағылшын тілінен «қабілетті», «жетік» деген мағынаны білдіреді. «Кәсіби құзыреттілік» адамның өзіндік деңгейімен, тәжірибиесімен және өзіндік қабілеттерімен ерекшеленіп, оның түрткі болған талпынысы, үздіксіз өз бетімен білім алу, білімін жетілдіру, іске деген шығармашылық және жауапкершілік қатынасымен анықталады.
«Кәсіби құзыреттілік» адамның өзіндік кәсіби деңгейімен, тәжірибесімен және өзіндік қабілеттерімен ерекшеленіп, оның түрткі болған талпынысы, үздіксіз өз бетімен білім алу, білімін жетілдіру, іске деген шығармашылық және жауапкершілік қатынасымен анықталады. Педагогтің кәсіптік құзыреттілігі ол жалпыланған білімнің, дағдының және қабілеттіліктің, біліктілік пен іс–әрекет біртұтас және жүйеленген жиынтығы ретінде қарастыруға болады, өйткені ол педагогтің білімі мен дағдыларын іс жүзінде, кез–келген ортада, кәсіби міндеттерді шешу немесе күнделікті өмірде қандай да бір үрдістерді шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі мен дайындығы.
Педагогтің кәсіби құзыреттілігі төмендегідей компоненттерден тұрады:
- психологиялық (адамгершілік, мәдениеттілік, мамандығын сүю, кәсіби педагогикалық, білімдарлық, мақсат қоя білу, ойлау, тез шешім қабылдай білу, бақылай білу, болашаққа сеніммен қарау, сезіну, мәдениетнамалық қасиеттер)
- пәндік (өз пәнін терен меңгеру, аналитикалық ойлау, болжау, жобалай білу және логикалық ойлай білу)
- технологиялық (оқытудың жаңа технологияларын меңгеру, негізгі тәжіребиелік, іскерлік, ұйымдастырушылық, жұмылдыра білу, ақпараттық дамыту, бағдарлай білу, педагогикалық қарым-қатынас жасай білу ).
Кәсіптік құзіреттілік білімділік және тәжірибелік мәселелерді шешу үшін іс–әрекеттің алуан түрін орындау үрдісінде жүзеге асады, сондықтан олардың құрамына іс–әрекеттік білім, білік дағдыларымен қатар, мотивациялық және сезімдік –еріктік салалар да кіреді. Кәсіптік құзіреттіліктің маңызды құраушысы тәжірибе, яғни адамның түрлі мәселені шешудегі меңгерген жеке әрекеттері мен әдіс–тәсілдерінің тұтас бірлікке жаңалануы болып табылады. Педагогтің кәсіптік құзіреттілігінің шыңдалуының мақсаты – білім беру сапасын қамтамасыз ету, ол оқушылардың теориялық білімдерді игеріп қана қоймай, оны нақты мәселермен проблемалық жағдайларды шешуге қолдана алатындай болуын көздейді. Педагогтің кәсіби құзыреттілігін шындаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі және өзіндік жеке педагогтық тәжіребиесінің дамуының алғы шарты болып табылады. Педагогтің кәсіби құзыреттілігінің негізі, біріншіден, педагогтің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы, екіншіден, пәнді жетік білуі, ойын оқушыларға жеткізу үшін жан-жақты, терең дайындықпен баруы, оқушылар бойына әдеп, әдет, дағды сияқты қасиеттерді сіңіруі, моральдық нормаларды білуі , үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс – тәсілдерін міндетті түрде меңгеруі тиіс. Педагог көп біліп қана қоймай сол білгендерін оқушылара бере білуі қажет.
Педагогтің кәсіби құзыреттілігін төмендегі қасиеттері арқылы білуге болады:
- ұйымдастырушылық
- жоғары мәдениеттілік
- терең білімділік , біліктілік
- жаңа технологияларды қолдана білу
- қарапайымдылық
- жаңашыл тәжірибиелерді меңгере білу
- өзіне және өзгеге талап қоя білу
- азаматтығы, адамгершілігі
- психологиялық және педагогиялық дайындығы
- зерттеу жұмыстарын жүргізе білуі
- қарым – қатынасқа түсе білуі
- сергектік, байқағыштық
- сенім
- әділдік, байсалдылық
- педагогикалық ұстамдылық, төзім, сабыр сақтау
- ілтипаттылық
- іскерлік , шығармашылық
- өзін – өзі дамыту қажеттілігі
- сөйлеу мәдениеті
- педагогикалық шеберлік
Қазіргі таңда оқытушылар алдына студенттерді үздіксіз өз бетімен білім алуға, білімін жетілдіруге баурап, өмірлік белсенді ұстанымы бар шығармашыл, әрі жауапкершіл, ізденімпаз, дербес тұлға тәрбиелеу міндеті қойылып отыр, яғни студенттердің оқу–танымдылық іс–әрекетінде субьективті шығармашылық дербестігін дамытатын оқу үрдісін ұйымдастыру, тиімді әдістерін пайдалану, өзіндік жұмыс істеу, біліктіктерін қалыптастыру, іздену аясын кеңейту мәселесі тұр. Оқушылардың санасына адамзаттың, рухани құндылықтар мен жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, олардың даралық ерекшеліктерін танып, дұрыс бағытта дамыту, қоғам өмірін жаңа азаматты қазақтың ұлттық мәдениеті арқылы қалыптастыру мәселесінің көкейкестілігі күннен–күнге артып отыр. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі-оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. «Құзыреттілік» ұғымы педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылық-белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігінің негізгі шарттары:
1. Тұлғааралық және еңбектегі байланыс.
2. Қызметтің эканомикалық, әлеуметтік, құқықтық, адамгершілік, психологиялық аспектілерін меңгеруі.
3. Қызметті жаңа жағдайға бейімдеудегі, басқару шешімін қабылдаудағы дайындығы.
4. Практикалық кәсіби тапсырмаларды орындаудағы дайындық әлеуеті
5. Нақты жағдайларға байланысты қандай да бір әдістерді пайдалану біліктілігі.
6. Тиімді шешім қабылдау қабілеті.
«Құзырлылық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті»- деп түйіндейді белгілі оқымысты Т. Г. Браже. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет. Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деген сөздері ұстаздық мамандықтың болмысын ашатын сөздер емес пе? Сондықтан кәсіби шеберлігі шыңдалған, құзырлығы жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс – әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден тұрады. Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытуды талап етеді.Жоғары мәдениетті адам ғана осы
қажеттіліктерді шешудің жолдарын іздейді, табады. Ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, шығармашылығы биік, кәсіби шеберлігі жетілген, ізденуші, зерттеуші, жасампаз жаңашыл ұстаз – бүгінгі қоғамның тапсырысы. Әр сабағына өздігінен білім меңгерудің, ізденіс пен жемісті еңбектің қайнар көзіне айналдырғанда ғана, талапқа сай мұғалім болу мәселесі шешіледі. «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер», – дейді Жүсіпбек Аймауытов. Құзыр- бұл адамның бойындағы бар білік пен білім және қабілеттері. Құзырет – қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық; жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында табысты іс әрекетке дайындық, Ал, құзыреттілік дегеніміз – бұл адамға берілген немесе жүктеген істі нәтижелі түрде орындауын бағалау мінездемесі. Бұл адамның бойында өзіндік, жауапкершілік, коммуникабельдік, жаңалықты жоғары қабылдайтын, мәселені шеше алатын, адамгершілігі мол, білімі жоғары, жаңа технологияларды меңгере алатын, ұжымда жұмыс жүргізе алатын, белсенділік қасиет – қабілеттерінің болуы.
1. Арнайы құзыреттілік- өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
2. Әлеуметтік құзыреттілік- кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
3. Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті. Ендеше құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін -өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген. Студенттер оқытушы қауымнан тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы: жедел шешім қабылдаушы:ерекше ұйымдастырушылық қабілетті: нақты бағыт- бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы.Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім – қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың , интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.
Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады:
- бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
- мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
- оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
- коммуникативтік құзіреттілік ( адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
- ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
- әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
- тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті)..
Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан- жақты болуы талап етіледі.Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан - жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарына қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтің құзыреттілігіне байланысты болады. Құзыреттілікті қалыптастыру – білім беру саласының өзекті мәселесі. Күн сайын адамға көптеген ақпарат тасқыны келеді. Ал оқу мазмұны мен оқыту әдістері ескі сарында қалып қоюда. Сондықтан білім берудегі әлеуметтік қажеттілік пен ол қажеттілікті қанағаттандырудың арасындағы қарама –қайшылық білім беру саласының дағдарысына әкеліп соғуда. Сол себепті мектеп мұғалімдерінің әдістемелік шығармашылығын дамытуды педагог-мамандардың біліктілігін жетілдіру жүйесінде ұйымдастыруды олардың кәсіби құзіреттілігі кезінде жүзеге асыру қажеттігі туындайды.
Құзіреттілік тәсіл идеясы – «қоғамға қандай, жеке тұлғаға қандай білім қажет және ол қоғамның қандай қажетін өтей алады» деген сұраққа жауап береді. Мұғалімнің құзыреттілігін қалыптастыру – бүгінгі білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі. Құзырлылық тәсіл, білім сапасын арттыруды дәстүрлі тәсіл мен білім мазмұнын ұлғайту арқылы шешудің арасындағы қарама-қайшылықтан туындаған дағдарыстан шығудың бір жолы деп қарастыруға болады. Бұл тәсіл білім берудің нәтижесіне басты орын береді. Оның сапасы алған білімнің көптігінен емес, сол білімді қолдана білумен маңызды.
Мұғалімнің басты рөлі – тұлғаның жеке дамуына негізделген, жан-жақты зерттелетін, сараланған білім беру үлгісінің басым бағыттарын айқындау, нәтижесінде еліміздің әлемдік өркениетке негізделген білім саясатының стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру. Осыған орай, нәтижеге бағытталған жалпы орта білім берудің жаңа жүйесіне ауысу білім беруді басқару жүйесіндегілерден мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда жаңаша көзқарасты, ал мұғалімдерден негізгі кәсіби құзырлылықтарын дамытуды талап етеді. Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі - белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру. Ескі мазмұнды ығыстыра отырып,елімізде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. Әлемнің оқыту технологиялары жоғары дамыған елдерінің (Жапония, Германия, Голландия) тәжірибесіне назар аударсақ,түпкі мақсаты-баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, яғни, бірінші орында баланың білім, білігі мен дағдысы емес,жеке тұлғаның білім алу арқылы дамуын қояды. Осы мақсатқа орай, бүгінгі педагогика ғылымында жаңа оқыту технологиялары: дидактикалық біліктерді шоғырландыру, ізгілікті-тұлғалық бағдарламалар, дамыта оқыту, мәселелік, тірек сигналдары арқылы, деңгейлеп саралап оқыту, өздігінен ізденіп даму, оқытудың компьютерлік, модульдік технологияларды ғылыми тұрғыда дәлелдеп, баламен бірге жұмыс жүргізіп жүзеге асырушы мұғалім. Педагог мамандардың құзыреттіліктерін қалыптастырудың 8 деңгейiн қарастыруға болады:
1. Пәндiк - мамандық қызметтерiне байланысты қойылатын проблемаларды шешу қабiлеттiлiгi.
2. Аналитикалық бақылау - пәндiк iс-әрекеттерiн талдау мен бақылау проблемаларын шешу қабiлеттiлiгi.
3. Ұйымдастырушылық – оқушылардың өзiндiк iс-әрекеттерiн ұйымдастыруға бағытталған проблемаларды шешу қабiлеттiлiгi.
4. Коммуникативтiк - «Мұғалiм-Оқушы», «Оқушы-Оқушы», «Мұғалiм – Ата-ана» және т.б. жүйелердегi қарым-қатынасты проблемаларды шешу қабiлетi.
5. Бейiмделген - қазiргi жағдайдың өзгерiстерi мен талаптарына сәйкес проблемаларды шешу қабiлеттiлiгi.
6. Ынталық/психологиялық – психологиялық, жекетұлғалық, жекетұлғалар арасындағы өзара қарама-қайшылықты шешу проблемаларының қабiлеттiлiгi.
7. Жобалық – мектептi, мұғалiмдi және оқушыны дамыту жобаларын шешу қабiлеттiлiгi. 8.Ғылыми-iзденiстiк – мектептiң, мұғалiмнiң және оқушының даму нәтижелерiн зерттеудi ұйымдастыру және оны өткiзу проблемаларын шешу қабiлеттiлiгi.
Мұғалімнің кәсіби құзырлылығы, оның өзіне деген сенімділігінен, кәсіби қызметте өзін- өзі көрсетуінен басталады. Осыдан барып жетіктік іс-әрекеттің формасы, үлгісі (идеалы) ретінде көрініс табады. «Жетістік» адамның білімі, білігі мен дағдыларының қолдану саласын белгілейді. Құзырлылығы қалыптасқан маман – кәсіби қалыптасу барысында жетіктік үлгісіндегі мақсатқа ұмтылуда белгілі бір міндеттер жиынтығына ие болатын маман.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет