Педагогикалық технология дара тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық ықпалдарды ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған өзара байланысты процестер



бет1/2
Дата15.09.2022
өлшемі271,43 Kb.
#39216
  1   2
Байланысты:
Оқыту жобаларының жіктелуі


Педагогикалық технология – дара тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық ықпалдарды ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған өзара байланысты процестер. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік жоспары, ұлттық үлгісі қалыптасуда. Осыған орай, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологиялары пайда болуда. Бүгінде елімізде білім беру ошақтарында 50-ден астам педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми қолданбалы бағыт тұрғысынан жазылған зерттеулерді арқауы етіп, оларды оқыту үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен отандық ғалымдар: Д.М.Жүсіпбалиева, Б.Ә.Әбдікәрімұлы, М.С.Мәлібекова, Г.Қ.Нұрғалиева, Қ.Қабдықайырұлы, Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева т.б. өз зерттеулерінде қарастырған, педагогикалық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін нақтылау қажеттілігін айқындай түсуде.


Осындай жаңа технологиялардың бірі – жобалап оқыту технологиясы. Жобалау – «proicere» деген латын сөзі. Бұл сөз «жоспарлау, дайындау» сияқты мағынаны немесе жоспардың жүзеге асырылуын білдіреді. Жобалау технологиясы ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында АҚШ ауылшаруашылығы мектептерінде пайда болған. Оның негізін қалаған психолог, педагог, философ Джон Дьюи. Дьюидің ілімін жалғастырушы профессор Уильям Херд Килпатриктің ойынша, балаларды өз жұмысының жемісін көруге ынталандыру арқылы үлкен өмірге дайындау – бұл технологияның негізі. "Өзіне көйлек тігіп киген бойжеткенді мысалға алайық. Егер ол кейін өзі киетін көйлегі үшін жанын аямай, ерінбей, аса қызығушылықпен көйлек үлгісін өзі ойлап тауып, өз бетімен өлшеп, пішіп, тігіп кисе – бұл мысал жобалау технологиясының нағыз типтік үлгісі" – деп тұжырымдайды Хилпатрик.
Жоғарыда айтылғандай, жобалау әдісі Еуропада ХХ ғасырдың басында басталғанымен, Қазақстанда білім беру салалары кредиттік жүйеге енгелі қазақ тілі әдістемесінде соңғы жылдары ғана қолданыла бастады.
Жобалап оқыту технологиясы ТМД елдерінің оқыту жүйесінде де кең өріс алып жатқаны белгілі. Жобалап оқыту технологиясының теориялық алғаш негіздеген Ресей ғалымдарынан В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин, Н.В. Кузьмина т.б. ғалымдардың теориялық зерттеулерінің нәтижесінде, сонымен қоса Е.Н.Ильина, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталов т.с.с. әдіскерлердің практикалық тәжірибелерінің негізінде қарастырылған.
Жобалап оқыту технологиясы – кредиттік оқу жүйесінің талабына сай, қазақ тілін үйренуге қазіргі заман тұрғысынан қойылып отырған міндеттерге жауап бере алатын, бүгінгі күн үдерісін толық ақтай алатын оқыту жүйесі. Яғни, жобалап оқыту технологиясының негізгі тірегі – өз бетімен белсенді істер атқаратын студенттің өзіндік ізденісіне, олардың өзін-өзі танытуына, танымдық-практикалық қабілеттерін жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктер.
Ш.Д.Абдиева: "жобалау әдісі – студент пен оқытушының бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады" – десе, ғалым А.А.Сатбекова: "жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттердің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы"– деп тұжырымдаған.
Яғни, жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру жəне сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта əр түрлі жағдаяттарда, əр түрлі қоғамдық ортада өзін өзі көрсете білуге бейімдеу.
Демек, жобалап оқыту технологиясын қолданып, проблемалық тақырыптың мазмұнын ашу, пікірталасқа түсу, өзіндік ойларын ғылыми дәлелдеудегі мұндай оқу ынтымақтастығын тудыратын топтық жұмыстардың мүмкіндіктері мен тиімділігі мол. Ә.Қисымова, Т.Увалиева ғалымдардың зерттеп, зерделеулерінің нәтижесінже жаңа кезеңде жобалай оқыту технологиясын қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқыту жүйесі ретінде таңдап алудың бірнеше себептері жүйеленді.
Жобалап оқыту технологиясы арқылы қазақ тілін меңгертудің ережесі мынадай: тақырып (жобалық) оқу бағдарламасына сәйкес болуы керек және ол оқушының қызығушылығын тудыруы қажет; оқытушының рөлі өзгереді, ол тек қана ұйымдастырушы әрі кеңесші болуы тиіс; жобалап оқытудың өн бойында іздену әрекеті, зерттеу әрекеті, талдау және жинақтау әрекеті ұйымдастырылады. Сонымен бірге, ізденуші жеке жұмысының жобасын ұсынып, оны нәтижесінде дәлелдеу үшін жоспар жасайды, сызба, кескіндеме, диаграммалар пайдаланылады; талқыға ұсынылатын тақырып кең және ашық болуы қажет; жобаны қорғау жұптық (диада), үштік (триада) және топтық шеңберде орындалуы қажет.
Осындай жұмыс тобын құру тілдік тұлғаның қазақ тілін жетік меңгеруге және шығармашылық белсенділігін тудыруға, топ мүшелерінің өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, жобалау әдісі – қандай да бір түрде безендірілген, нақты, айтарлықтай тәжірибелік нәтижемен аяқталуы тиіс мәселені толық өңдеу арқылы дидактикалық мақсаттарға жетудің тәсілі болып табылады. Жобалап оқыту технологиясын қолданатын педагогикалық үдерістегі – оқу қызметтері, оқыту әдістері мен тәсілдері, оқытудың формасы мен техникалық құралдары тілдің лингвистикалық негіздерімен байланыста қаралады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет