Бақылау диктанты. Бұл диктант белгілі бір тақырып өтілгеннен кейін оқушылардың білімін сынау үшін жүргізіледі. Мектепте диктанттың басқа түрлеріне қарағанда бақылау диктанты көбірек жүргізіледі. Ол үшін материал тұтас мәті түрінде де, жеке сөйлемдер түрінде де алына береді. Дегенмен, жеке-жеке сөйлемдерден гөрі тұтас мәтінді жазу анағұрлым жеңіл болады. Бақылау диктантының жүргізілетінін оқушыларға 3-4 күн бұрын ескертіп қою керек.
Бақылау диктанты былайша жүргізіледі:
Мұғалім диктант мәтінін оқып шығады.
Мәтін мазмұнына қарай 2-3 сұрақ қойылады, оқушылар ол сұрақтарға жауап береді, осылайша оның мазмұны анықталады.
Мұғалім әуелі бір сөйлемді оқып шығады, балалар жазбай, тыңдап отырады. Содан соң осы сөйлемдегі сөздерді қайталап айту арқылы оқушыларға жаздырады.
Мәтін жаздырылып болған соң, мұғалім басынан аяғына дейін түгел мәнерлеп оқып береді. Оқушылар бұл уақытта жазғандарын тексереді, қате жіберсе, түзетеді.
2.2. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілінен жүргізілетін диктант жұмыстарын бағалау нормалары. Оқушылардың жазбаша жұмыстарын белгілі бір норма бойынша бағалаудың маңызы өте зор. Себебі, жазба жұмыстары жөнінде нормада көрсетілген талаптар оқушылардың жазба түрдегі білім дәрежесін әділ белгілеудің негізгі нұсқауы болып саналады.
Бағалау нормалары жазба жұмыстарының сапасын арттырады, оларға бірыңғай талап қояды. Сондықтан да бірыңғай норманы оқушылардың білімін дұрыс бағалай білудің көрсеткіші деп қарастырады.
Мұғалім оқушылардың білімдерін белгілі нормамен бағалау арқылы олардың әрқайсысының өткен материалдың қай жерін біліп, қай жерін білмейтіндігін аңғарады. Содан барып мұғалім сол бойынша үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс жүргізеді немесе жалпы сыныптың нашар түсінген ережелерін қайталайды.
Жазба жұмыстарда жіберілген қателерге талдау жасаудың зор пайдасы бар. Оқушылардың қате жазған сөздері сыныпта ұжымды түрде талданса, келешекте оқушылар сол сөздерден қате жібермейтін болады.
Диктант пен көшіріп жазуға берілетін материалдардың көлемі әр сыныпта әр түрлі болып келеді.
1 – сынып үшін оқу жылының алғашқы жартысының аяғындағы диктант 12-14 сөзден артық болмайды. Жыл аяғына дейін біртіндеп 18-20 сөзге дейін жеткізіледі. 2 – сыныпта 40-45 сөз, 3 – cыныпта 60-65, 4 – cыныпта 85-90 сөз мөлшерінде беріледі. Ал әр оқу жылының басында әр сыныптағы диктантқа арналған сөз саны алдыңғы сыныптардың оқу жылының аяғындағы сөз санымен бірдей болуы керек. Жазуға берілетін мәтіндегі сөз саны әр тоқсанда қосылып отырады, яғни тоқсан аяғында шамамен 8-10 сөз шамасында қосылады. ІІІ тоқсанда әр сынып үшін жоғарыда көрсетілген нормаға дейін жеткізіледі. Ал әрбір сөйлемдегі сөз саны 1 – сыныпта жыл аяғында 4-5 сөзден, 2 - сыныпта 6-8 сөзден, 3-4 – сыныптарда 10-12 сөзден аспауы керек.
Диктант жүргізгенде әрбір сөйлем көлеміне қарай 2 – 3 реттен қайталанбауы тиіс. Егер 4-сыныпта сөйлем 10 – 12 сөзден құралған ұзақ болса, мәтіннің мазмұнына қарай бірнеше бөліктерге бөліп оқып беріп жаздыру керек. Сабақ барысында өтілмеген емле, тыныс белгілеріне байланысты сөздер мен сөйлемдер мәтінде болмауы керек. Егер бола қалған жағдайда оқушыларға алдын ала ескертіп, сол сөздерді тақтаға жазып қою керек. Егер оқушы қайталап жазылған бір сөздің бір әрпінен бірнеше рет қателессе, онда ол қатенің барлығы бір-ақ қатеге саналады. Ал сондай бір түрлі қателер түрлі-түрлі сөздерде кездессе, ол қателердің әрқайсысын бір-бір қатеге санау керек.
Мұғалім қателердің есебін ала отырып, бүкіл сыныптың және жеке оқушылардың не себепті диктанттан қате жібергендерін біліп алу керек. Қателердің көбі ережені жақсы меңгере алмағандықтан, жаттығулардың жеткілікті дәрежеде жүргізілмегендіктен, жаттығу жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен болады.
Оқушылардың жазба жұмыстарын түзету реттерін ыңғайластыру да зор маңызға ие. 1, 2- сынып оқушыларының жазба жұмыстарындағы қате жазылған сөз өшіріліп, үстіңгі жағына немесе тұсына дұрысы жазылады не қате жазған әріп өшіріледі де, сөздің үстіне дұрысы жазылады. Ал, 3 -4 – cынып оқушыларының жазба жұмыстарын осылайша түзетуге де болады немесе қате жазылған әріптердің немесе сөздің астын сызып, тұсына сол қате жазылған сөзді түзету үшін соған ұқсас бір сөз жазылады немесе тиісті сұрақ қойылады, кітаппен сол сөздің жазылу ережесінің тақырыбы көрсетіледі.
Қателерді түзету әдісі оқушылардың дайындық дәрежесіне, қателердің түріне қарай қолданылады. Қателерді түзеткенде балалардың ойланып, өз беттерімен түзеуіне, яғни ережелерді естеріне түсіруіне мүмкіндік туғызу керек. Жіберген қателерінің түріне қарай және оқушыға ережені пысықта, белгілі бір жаттығуды орында, сөйлемдер құрастыр деген сияқты тапсырмалар берудің пайдасы зор.
Мұғалім оқушылардың жазуларын тексеріп, қателерін түзетіп болғаннан кейін, әр оқушының жұмысына баға қояды.
Әр сынып оқушыларының жазба жұмыстары былай бағаланады. Оқу жылының екінші жартысында 1-сынып оқушыларының көшіріп жазғандарына және диктанттарына «5» бағасы ешбір емле қатесі жоқ, жазуы таза, жазуы көркем жазылған болса қойылады. « 4» бағасы көшіріп жазудан ешбір қатесі жоқ, жазуының көркемдігі жағынан аздаған кемшілігі бар жұмысқа, ал диктанттан тек 1-2 ғана емле қатесі болса қойылады. «3» бағасы көшіріп жазудан екі-үш, диктанттан 3-5 емле қатесі болса қойылады. Көшіріп жазудан 3 емле қатесін жіберсе, диктанттан 6-7 емле қатесі болса, «2» бағасы қойылады. «1» деген баға көшіріп жазу мен диктанттан емле қатесінің саны «2» қойылатын нормадан артық болса қойылады.
2-сыныпта да көшіріп жазу мен диктанттан ешбір қате жібермеген болса, «5» бағасы қойылады, көшіріп жазу мен диктанттан бірден артық қате жіберілмесе, «4» бағасы қойылады, «3» бағасы көшіріп жазу жұмысынан 2 қате жіберсе, ал диктанттан жіберген қатесі 5-тен аспаса қойылады, көшіріп жазудан 3 қате, диктанттан жіберген қатесі 8-ден аспаса «2» бағасы қойылады, «1» бағасы «2» қойылатын нормадан артық қате жіберілген болса қойылады.
3-4 – сыныптардағы көшіріп жазу мен диктантқа қойылатын бағалар жөнінде мынаны айтуға болады: «5» бағасы ешқандай қатесі жоқ көшіріп жазу жұмысына, ал тыныс белгісінен 1-ден артық қате кетпеген диктантқа қойылады, «4» бағасы көшіріп жазудан 1 ғана қате кетсе, диктант емлесінен 2, тыныс белгісінен 2-ден артық қате кетпесе қойылады, «3» бағасы көшіріп жазудан 2 қате кетсе, диктантта тыныс белгісінен 4, емледен 5-тен артық қате кетпеген болса қойлады, «2» бағасы емледен 8, тыныс белгісінен 5 қате кетсе қойылады. «1» бағасы «2» қою нормасынан қателері асқан көшіріп жазу жұмысы мен диктантқа қойылады.
Әрбір мұғалім оқушылардың жазба жұмыстарын бағалағанда, бағалаудың осы нормаларын бұрмаламауы керек. Диктантта 6 емле қатесі болып, оның ішінде 3-4-еуі бір тектес қателер болса, бірақ жұмыс ұқыпты орындалып, түзетіп жазу, сызу сияқтылары болмай, көркем жазылса, мұндай жұмысқа «3» қоюға болады. Диктантта осы тәрізді ірі қателер болмай, байқаусызда кеткен қателер болса ғана жеңілдік жасалады. Ал, оқушының жұмысы ұқыпсыз, лас орындалса, бірнеше жері өшіріліп, көп түзетіліп жазылса, жақсы білетін емле ережесінен қате жіберілсе, ондай жұмыстардың бағасы төмендетіліп қойылады.