Пәнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені


- дәріс. Тақырыбы: Абай өмірбаяны



бет25/60
Дата05.05.2023
өлшемі254,18 Kb.
#90271
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   60
2- дәріс. Тақырыбы: Абай өмірбаяны
Жоспары:
1. Ақын өмірбаянының жазылуы мен нұсқалары
2. Ақын өмір сүрген кезеңдегі ел билеу жүйесі

Дәріс мақсаты: Ақын өмірбаянының жазылуы,нұсқалары жөнінде мәлімет беру


Дәріс мәтіні (қысқаша):Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу – өте күрделі мәселелерді молынан қамтиды. Абайдың ғылыми өмірбаянын терең танып, ақынның заманы тудырған ерекшеліктерін біліп меңгермейінше, Абай шығармаларының қоғамдық-әлеуметтік басты сарындарын ажырата алуымыздың өзі қиынға айналмақ.


Абайдың бірегей биографы Мұхтар Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу, қалыптастыру жолында ұзақ жылдар бойы толассыз ізденді. Абай жасаған ортада туып, балалық шағынан атасы Әуез арқылы ақын өлеңін жатқа алып, ел әңгімелеріне қанып өсуі – биограф Мұхтар Әуезовтің Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуға көп жеңілдіктер тудырды. Абайдың ақын шәкірттерімен тікелей араласып, ақын жайлы дерек мағлұматқа жастай қанып біліп өсуіне тірі архив иелерінің әсері де айтарлықтай болған. Әсіресе, Абайдың ақын шәкірті Көкбай мен Шәкәрімнің Абай өмірі мен жасаған ортасы, ақындық жолдағы рухани ізденістері туралы құнарлы әңгіме деректері жәрдемге келгенін биографтың «...Менің жұмысым жинастыру сияқты. Әуелі оның өмірін зерттедім... Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім... Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім» (ЛММА архиві, 398-папкі, 27 бет), - деп тебірене отырып баяндайтыны бар.
Біздер, қалың қазақ оқырмандары, Абайдың ғылыми өмірбаянын М. Әуезов 1924, 1940, 1944, 1951 жылдары, яғни төрт рет қайта толықтырып жазған нұсқаларынан оқу арқылы меңгереміз. Бұған қоса XX ғасырдың ұлы жазушысы атанған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын оқу арқылы да таным нанымымызды кеңейтіп тереңдете түсеміз.
Абайдың әдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек танып ұғынуымыз үшін, алдымен Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тәрбиесі мен сол заманның саяси-әлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып білудің мәні айрықша болмақ. Ол үшін Абайдың өзі ғұмыр кешкен заманы мен оның атасы Өскенбай мен әкесі Құнанбайдың заманын салыстыра қарап, сын көзімен қарасақ, көптеген саяси-әлеуметтік мәселелердің астарлы сыры ашыла түсетінін аңғарамыз.
Абайдың атасы Өскенбай Ырғызбайұлы (1773-1850) тобықты руының атақты биі болған. Өскенбай заманы тәуелсіз қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген. Құнанбай әкесі Өскенбайға 1851 жылы ас бергенде 6 жасар Абай әжесімен бірге сол асқа барған еді. Бала Абай жастайынан атасы Өскенбай заманын, онда болып өткен түрлі оқиғалар мен ру таласын, саяси-әлеуметтік мәселелерді сезініп өссе, олар жайлы тарихи әңгімелерді ел аузынан естіп, көкірегіне түйіп өсті. Өйткені ол заман әлі де болса қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрпын, ұлттық салт-санасы, дүниетанымы сол қаз-қалпында сақталып, өзгеріссіз тұрған кезең еді.
Өскенбай заманында-ақ біртұтас қазақ халқын отаршылдар үш жікке бөліп ажыратып жіберген кезең туған еді. Ресей патшалығы кіші жүз қазақтарын Орынборға қаратып, ел билеу жүйесінің негізін сұлтан правительдерге билетіп, билік басына тек қана төрелерді көтеріп жатты. Өйткені олар патша билігіне адал беріле қызмет етті. Олар саяси жағынан мейлінше сенімді әлеуметтік топ болуы себепті, патша үкіметі олардан 5 генерал шығаруы тектен тек болмаса керек.
Орта жүзде биліктің аға сұлтандық түрі орнықты. Әуелі аға сұлтандарды төрелерден қойғанымен оларды Кенесары көтерілісінен кейін саяси жағынан сенімнен ажыралуы себепті, аға сұлтандыққа дала қазақтары келе бастады. Құнанбайдың аға сұлтан болуына да осы жағдай себеп болғандықтан қара халық Құнанбайды «Қарадан шығып хан болған, айырдан шығып нар болған» деп мадақтауында мән-мағына бар еді. Билік жүйесінде сұлтан правитель мен аға сұлтандық билік отаршылдық саясатты жүзеге асыруы себепті оларды «ұзын арқан кең тұсау» саясаты шеңберінде ұстап келді.
Ал, ұлы жүзді Қоқан хандығы отарлап, бұл өлкеде ел билеу жүйесін де билік етуге ру (тайпа) өкілдері қойылды. Үш өлкеде үш түрлі жағдай қалыптасты. Осы өзіндік қайталанбас саяси-әлеуметтік ерекшелігі бар жағдай әдебиетте өз көрінісін беріп жатты. Мысалы, сұлтан-правительдер билігіне қарсы Махамбет бастаған ақындар тобы шықса, аға сұлтандық биліктің өз халқына қарсы сатқындық әрекетін Дулат бастаған ақындар тобы әшкерелеп жатты. Поэзияда тұңғыш рет сұлтан правителдер мен аға сұлтан образы жасалуы арқылы әдебиетте антиколониялық қуатты сарын дүниеге келді. Ал оңтүстік өлкеде датқалар образы жасалып, олардың сатқындық қылығын Сүйінбай бастаған айтыс ақындары шаңын қағып жатты.
1867 жылы Ресей патшалығы бүкіл Түркістан халқы жайлаған ұлан байтақ өлкені толық жаулап, Қытаймен екі арадағы шекараны бекітіп алған соң, ел билеу жүйесіндегі «ұзын арқан кең тұсау» саясатын өзгертіп, бүкіл түрік халықтары жайлаған жердегі ел билеу жүйесін патшалық ел билеу жүйесіне сәйкес ел билеудің территориялық принципіне негізделген «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясатын ұстанды. Енді қазақ арасындағы билік қазақтардың ауылдық болыстық билік шеңберінен аспайтын, одан жоғары билік сатысына бірде бір қазақ атқамінерлерінің қолы жетпейтін принцип ұстанды. Үкімет қазақ халқының рухани әлеміне де қол сұғып, миссионерлік саясатын ашық жүргізе бастауы болыстық билік тұсында күшейді.
Міне, ұлы ақын Абайдың 13 жастан өмірінің соңғы күніне дейінгі өмір жолы аға сұлтандық билік жүйесінің соңы мен елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің заманында өтіп жатты. Сондықтан да Құнанбайды терең танып білмейінше, Абайды жете танып білудің өзі қиынға соқпақ. Құнанбай Абайды 13 жасынан бастап ел билеу жұмысына баулып, ел өмірімен, халықтың тұрмыс болмысымен мидай араластырып жіберді. Абай осы ортада ер жетіп, отбасы тәрбиесі мен халық өмірін танып білу жолы мен қалыптаса бастады.
Бақылау сұрақтары:
1. Ақын өмірбаянын жазудағы ерекшеліктер
2. Өмірбаянның жазылуындағы Көкбайдың рөлі




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   60




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет