Пәнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені


-дәріс. Тақырыбы: Он төртінші, он жетінші қарасөздердегі адамгершілік негізі – қайырымдылықтар туралы



бет36/60
Дата05.05.2023
өлшемі254,18 Kb.
#90271
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   60
13-дәріс. Тақырыбы: Он төртінші, он жетінші қарасөздердегі адамгершілік негізі – қайырымдылықтар туралы
Жоспары:
1. Жүректегі (жандағы) этикалық қайырымдылықтар.
2. Әділетті ақыл туралы.
3. Жүрек сөзінен жан сырын тану жайы.
4. Абайдағы ақыл мен жүректің пайымдау мен нұрлы ақылға қатысы туралы

Дәріс мақсаты: Он төртінші сөздің Аристотель айтатын этикалық қайырымдылықтармен байланысын және он жетінші сөздің қалтарысты тұстарын таныту


Дәріс мәтіні (қысқаша):Абай он төртінші қарасөзінде Аристотельдің этикалық қайырымдылықтарына жақын қасиеттер туралы әңгімелейді және ол қасиеттер жүректің меншігі ретінде аталады. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» дегенде ақын сірә жүректің көбіне рухани құбылыстармен жақын болатынын ескерген-ау. Ал жанның сыры көпшілік қауымға беймәлім әрі ол туралы «жан кұдайдың аманаты» деген ұғым берік қалыптасқан. Ақылдың да деректі мән-мағынасы мен көз бен көңілге мәлім дейтіндей әрекеті белгісіз. Осындайда адамның әртүрлі рухани құбылыстары мен көңіл-күйіне жүрек қана өзінің қатынасын танытып отырады. Қуану мен қайғыру, рахат пен азап, қанағаттану мен қынжылыс, жақсы көру мен жек көру – бәрі де белгілі бір шамада адам жүрегіне әсер етіп отыратыны бар. Содан да адам саналы өмірімен сабақтасып жүретін жүрегін аяулы көрсе керек. Абайдың жүрек мәні мен қасиеті туралы «рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, асықтық (ғашықтық), шынайылық» секілді адамгершілік қасиеттерін адам жанының аффектілік және ақылды бөліктерінде орнығатын жақсы халдар ретінде таниды. Қысқасы, дианоэтикалық қайырылымдылыққа жататын тапқырлық, ақылдылық, даналық, парасаттылықтан өзге ізгі қасиеттердің бәрі де - жан деңгейінде орнығатын қайырымдылықтар. Абай осы этикалық қайырымдылықтар туралы айтып, оларды жүрек ісі деп біледі. Сірә, Абайға бұл қасиеттерді сыры беймәлім жаннан шығарғаннан гөрі, тіршілігі біршама таныс жүректің ісі ретінде әңгімелеу көңілге қонымдырақ әрі көптің санасына жетуі жеңілірек болған. Қандай болғанда да адамның көңіл-күйі мен сезімдеріне жүректің қатысы айқын болса да, көпшілік ойшылдар қайырымдылықтарды жан жағдайы мен халіне тәуелді етіп қарастырады. Абай атаған адамдағы этикалық қайырымдылықтар жанның ақылды бөлігі мен Парасатқа еріп, ұмтылумен кемелдене түссе, жанның тәнмен байланысты бөлігіне бейімделіп қадірі мен қасиетін кемітеді. Ақын «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» дейді. Ал шынында адам сөзі мен әрекетінің ізгі, қайырымды болуы жанның ақылды бөлігі мен Парасатқа байланысты. Абайдың өзі де «Жүректің ақыл суаты» деп жырлаған. Біз ақын қолданысындағы «жүректің айтқанынан» жанның ақылды бөлігі мен Парасатты ұқсақ болар. Өйткені бұрынғы талай ойшылдар жүректе ақыл бар дегенді айтпайды. Ал мұның бәрін Абай қарапайым тыңдарманына тәптіштеп айтып жатуды артық көрген болар әрі жан әрекетін жүрек ұғымы арқылы баяндау көпшілік ұғымына біршама сәйкес келеді. Ақын «Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» дейді. Оның өзі атаған ізгі қасиеттері жүрек ісі екені анық болса, онда олар ақылмен анықталып, ақылмен мойындалып қана өздерінің қайырымдылық қасиетін сақтайды. Керісінше жағдайда олар қасиетінен айрылады, қайырымдылық болудан қалады, олардың иесі ретіндегі жүрек те ұмыт қалады. Абай айтып отырған «ұмыт қалатын жүрек» үнемі Парасатқа ұмтылып әрекет ететін ақылды жанның ұмыт қалуы дер едік. Яғни адам жаны тән тілегіне беріліп азады, ұмыт қалады. Тән тілегіне берілген жанның өзінде де жағымсыз қалаулар пайда болады. Мұның бәрі Абайдың «амалын» құрайды.
Ақын қолданысындағы «жүректің» жанмен байланыстылығы, яғни мәселе жан туралы болып отырғаны осы сөздің соңына таман айқындала түседі. Абай қарапайым халық ұғымындағы жүректің батырлықпен байланысын қарабайыр түсініктен айырып, жүрекке қатысты батырлықты әділетті ақылға еріп ерікті адам болу деп біледі. Тағы да айтарымыз ақылға еру, ақылды мойындау – жүректің емес, жанның әрекеті. Сөйтіп Абай жанға қатысты жетілуді, яғни жүрекке қатысты ерлік пен батырлықты адамгершіліктің (қайырымдылықтың) шыңы – ақылға қатысты түйіндейді. Он төртінші сөздегі жүрекке байланыстыра айтылатын нақты ерлік мынау: «Әлілетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық». Біздіңше, Абайға ақылды әділетті деп түстей айту оны суық ақылдан әрі пайымдаудан ажырату үшін қажет болған. Адамның өз еркімен саналы түрде амал-айлаға еруінен суық ақыл қызметі танылады. Ал пайымдау бұрынғы ойшылдар көп аялдаған жан деңгейінен әрі аса алмаған ақылдылық. Жан деңгейіндегі ақылдылық, яғни жоғарғы Парасатқа иек артпаған жанның ақылды бөлігі әлі де адасуға бейім келеді. Себебі жаннан жоғары Парасатқа қарай талпынбаған пайымдау жанның төменгі тілектерімен байланған. Пайымдау жанның ақылды бөлігі арқылы Парасатқа талпынып ақиқатқа жақындаса, жанның төменгі бөлігімен байланысып адасу мен қателікке жол береді. Ақыл әркез ақиқатты айтса, пайымдау үнемі ақиқатқа жете бермейді. Ақыл мен пайымдау бұрынғы Аристотель, Плотин, Прокл, Әл-Фараби, Ибн-Сина, И.Кант секілді ойшылдарда разум, рассудок ретінде қарастырылады. Пайымдау – жан деңгейінен қара үзіп кете қоймаған ойлау жемісі. Ал ойлау Парасат деңгейінде кемелдене түседі. Абайдың әділетті ақылы бұрынғы ойшылдар ұғымындағы Парасатқа көп келеді. Ақылды әр қырынан сынап, байқап көрген Абай осындай түйін жасайды. Әл-Фараби адамдарды ақыл мен қайратын әрқилы қолдануына қарай үш топқа бөледі. Ақиқатына ақылы жетіп, оны орындауға күш-қайраты жарап жатса, оларды ерікті адамдар дейді. Ақылы жеткенмен, орындауға қайраты кемдік көрсететіндерді құл адамдар, ал ақиқатты тануға ақылы да, қайраты да жетпейтіндерді хайуандар деп бөлетіні бар. Абай айтқандай, әділетті ақыл мойындамаған оңай нәрсеге еріп кетпей, қиын да болса әділетті ақыл мойындаған ақиқатқа мойынсыну – ақылы мен қайраты, еркі күшті адамдардың қолынан келетін батырлық.
Ақынның он төртінші сөзі тыңдаушыны осындай ойларға жетелейді. Абайдың өзі мойындаған жүректі кісінің батырлығы – осы және оны жетілу жолындағы жан әрекетінің ерлігі деп қабылдауға да болады.
Абай Әл-Фарабидің ақиқат жолында ақылдың дегеніне ере білу ерлігін өзіне үлгі тұтқанға ұқсайды. Ақын ортақ ақиқатты өзінше түйіндейді: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғына аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады». Әл-Фараби мен Абай айтпақшы, ақылды болу аз, сол ақылды ерік-жігері жетіп шындыққа айналдыру – ерлік.
Абай қазақта ақылдылық болса да, Әл-Фараби айтатын күш-қайрат жетіспейтінін меңзейтіндей көрінеді. Содан да Әл-Фараби айтатын ерікті, адал, Абай армандаған толық адамның қалыптасуы ақсап жатады. Абай «Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді» деп күйінеді. Бұл – кәдімгі Әл-Фараби жазған құл адамның әрекеті. Абай ұғымында да, бұрынғы ойшылдар танымында да Құдай жолы мен адамгершілік жолы бір нәрсе. Абайдың ойынша, «Құдайға терістік, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жинап ала алған кісі ғана адам». Сөйтіп әр нәрсенің де Құдай, ар мен ұятқа терістігін я лайықтығын білу - ақылдылық та, осы жолда бойын жиып алып» күш-қайратын таныту түпкі нәтижеге жеткізеді, яғни адам болуға алып барады. Адам болмысы туралы атақты танымда адамның тән, жан, ақылдан тұратыны айтылады. Бұл әбден мойындалған ақиқат. Абайдың толық адамы да осы танымға сәйкес адам болмысының тұтастығын танытады. Ақынның он жетінші сөзіндегі ақыл, қайрат, жүрек те адам болмысын құрайтын аталған үшеуін ойға оралтады. Тек жан Абайда жүрек, ал тән қайрат түрінде аталады. Абай бұл сөзінде адам болмысының мәніне үңіледі, адам несімен қымбат, қасиетті, құнды деген ойды дамытады. Абайдың «ғылым» дегені – бұрынғы ойшылдардың адам болмысы туралы танымы. Бұл таным ең берісі Сократтан бері жалғасып келеді. Абайдың «қайратын» тән деп ұғамыз. Тәнді ең әуелгі игілік ретінде Аристотель мойындаған. Тәнсіз әлемде талас та, күрес те жоқ. Ал адам болмысы Плотиннің ойынша, тән мен ақылды, ойлаушы жанның қоспасы. Демек адам болмысында екінің бірін таңдау еркі бар: я оларды тәртіпке салып үйлестіру әрекеті, я бірін көмекші, екіншісін жетекші етіп жетілу әрекеті бар.
Оқырман қауым он жетінші сөздің мазмұнымен жан-жақты таныс. Сондықтан біз өзге екеуіне аялдамай, жан сырына қатысы бар жүрек сөзін түгел келтіруді жөн көреміз: «Мен адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жайлы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жайы қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рахым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еретұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?» Енді жүректің сөзінен оның мәнін тануға талаптансақ, нәтижесінде жан сырын сатылап, біршама түгел білгендей боламыз. Әуелгі түйін – жүрек өзін тіршілік көзі санайды. Бұл тәнге қозғалыс беріп, өмірге қосатын жанның белгісі. Келесі түйін – екі жақты жанның негізгі бағыты Ақыл болғанымен, тәнге де селқос қарай алмайды. Оның үстіне бүкіл қайырымдылықтар (этикалық) жан деңгейінде қалыптасып, орнығады. Жүректің өзінен шығара айтатын әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық қасиеттері Ақылдың көмегімен анықталып табылса да, жан халі, жан денсаулығы ретінде қалыптасатын этикалық қайырымдылықтар. Ал бірыңғай білу, ойлау, тануға қатысты ойлылық, білімділік, даналық секілді қасиеттерді Аристотель дианоэтикалық қайырымдылық деп алғашқысынан ажырата қарастырған. Жүректің «…мені таза сақтай алмайды… Мен таза болсам…» деуі де жанға қатысты шындықты ойға оралтады.
Жан тән мен Ақылдың арасындағы дәнекер секілді. Адам өмірі Ақылдың етене араласуынсыз да өте береді, бірақ жансыз тіршілік жоқ, яғни тән де жоқ. Ақылға қатысты әңгімеден де жанға байланысты деректі тануға болады. Ақылға ғылым тарапынан берілген баға бойынша, жанды таза Ақыл, Парасат деп қабылдауға келмейді. Себебі жанның ақылды бөлігі болмаса, таза Ақылдың өзі ешқашан қателеспейді әрі пайда мен залалды шынайы ажыратады. Ал Абай айтып отырған ақыл «амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені сен» дегеніне қарағанда таза Ақыл емес, өз сөзімен айтқанда суық ақыл, бұрынғы ойшылдар пікірімен санассақ, бұл жанның ақылды бөлігінен туатын пайымдау (рассудок).
Ғылымның жүрек туралы әңгімесінде де сәл-пәл қисынсыздық бар секілді. «Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады». Енді ойланып көрейік. Көркем әдебиет табиғаты мен әдісінің мүмкіндік жасайтын «кеңдігімен» біраз субъективті пікір айтуға болар. Ал ақын шығармасынан ақиқат іздер болсақ, кей мәселеге сын көзбен қарауға тура келеді. Философия мен ғылымда жанның қабілет-күштері оның ойлау мен қайырымдылыққа, тіпті тәнге қатысы біршама анықталған. Ақылдың да табиғаты мен ойлау, тану ерекшелігі ойшылдар тарапынан айтылып келеді. Абайдың өзі де жан құмары, жан қуаты, жан азығы және ақыл қызметі мен табиғатын әжептәуір танымдық биікке көтере қарастырған. Ақыл егер пайымдау емес, шынайы таза ақыл болса, я шамасы келген, өресі жеткен ақиқатты айтады, я өресі жетпей, антиномияға (тануға қабілетсіз болу) ұшырайды. Ондайда адамзат өзінің шектеулі болмысын мойындап, танымын тоқтатады. Адамзат әдетте Жаратушы, Әлем, жан сырын танып-білуде ақылы сыр беріп, дағдарысқа ұшырайды. Жаратушы құдіретіне шынайы сену осы сәттен басталады. Адамзат осындайда, әсіресе, жүрегіне жүгінеді. Ал бұған дейін адамға ақыл басшы, ақылдан артық асыл күш адамзатта болмайды. Сірә, Абай ғылым аузынан «ақыл» деп пайымдауды, «жүрек» деп әділетті, нұрлы ақылды айтып отыр-ау! Нұрлы, әділетті ақыл ғана жан деңгейіндегі суық ақыл мен пайымдауды еркіне жібермей, қатаң бақылап отырады. Абай біздің ойымызша, адамдардың басым бөлігі қанағат көріп, бір жағы жеткен жері сол, күнделікті өмірде жиі тұтынатын пайымдауды (рассудок) ақыл түрінде қолданған. Ал таза ақыл дегеніміз уысымызға сия бермейтін киелі нәрсе, ұлы ұғым. Оған адам болмысында еш нәрсе тең келмейді.
Сөйтіп Абай он жетінші сөзінде жүректің өзін сөйлеткенде, ол жанға ұқсап кетеді. Ал ғылым жүрек туралы баға бергенде, бұл жүрек әділетті ақылға көп ұқсап кетеді. Төрелік жасайтын ғылым туралы да екіұдай ойда қаламыз. Ең әуелі мемлекеттегі әмірші секілді адам болмысындағы жүрекке басымдық беріп, бүйрегі бұратын Әл-Фараби танымы ойға оралады. «…Мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітапта айтқаны осы» деген ілім сөзінің ой төркіні сопылық ілім бе екен деп те ойлап қаламыз. Жалпы он жетінші сөздің мазұны біздің ойымызша, өте күрделі, көп дайындалып, танымды кеңейтіп келіп қарастыратын сөз.
Ең төркінін танып айтар болсақ, адам болу сезім мүшелерінің түйсінуінен басталады. Адам болудың жолындғы кейінгі шарықтаулар осы сезім мүшелері арқылы табанын жерге тигізіп тұрады. Сондықтан М.Мырзахметұлының Абай танымындағы хауас мәселесін кеңейте қарастырып,ғылыми айналымға енгізуін зор жаңалық деп білеміз. Абайдың қайта-қайта сезім мүшелеріне орала беруі тегін емес. Ол адам болу әрекетін табанынан бастап төбесіне дейін жеткізе қарастырады. Абайдағы адам болудың табаны сезім мүшелерінің түйсінуі болса, шыңы, төбесі – иманигүл, үш сүю.
Бақылау сұрақтары:
1. Қайырымдылықтардың түрлері туралы.
2. Ақындағы жүрек ұғымының жанмен қатысы туралы.
3. Ақындағы пайымдау ұғымы туралы.
4. Нұрлы ақылдың қарасөздегі жүрекке қатысы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   60




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет