Байланысты: Жоғары мектепте математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі (2)
Он екінші апта № 23, 24 Дәріс тақырыбы: Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру. Жобалап оқыту әдісі.
Дәріс мазмұны:
Студент тек толығынан беріліп еңбектеніп қоймай, оқу әрекетін іске асыруда өзінің даралық мәнін түсінеді. Оқытушы мен студенттің бірлесе жұмыс істеуі студенттің білім деңгейінің жоғарылап, дара тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берері сөзсіз. Студент пен оқытушының ынтымақтастықта жұмыс істеуі негізінде кері байланыс орнап, белгілі бір оқу әрекеті белсенді түрде орындалып, орындалған әрекеттер бақылау мен өзіндік бақылау арқылы бекітіледі.
Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында субъект-субъект қатынасы жүзеге асып, оқытушы мен студент арасындағы кері байланыс күшейе түседі. Оқытудың репродуктивті сипаты қарқынды, шығармашыл сипатқа ие болады.
Мазмұндық компонент педагогиканы тереңдетіп оқытуда өзіндік жұмысты ұйымдастыру мазмұнын анықтайды. Студенттердің кредиттік оқыту жүйесі жағдайында өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың әдістемелік жүйесін құру үлгінің негізгі мақсаты болады. Мазмұндық компонент өзіндік жұмыс негізінде студенттің дара тұлға ретінде өсуіне мүмкіндік береді. Студенттерге педагогикадан терең білім беру процесін нәтижелі ұйымдастыру пәннің әдістемелік қамтылуын қандай дәрежеде әзірлегенге байланысты болады. Пәннің әдістемелік қамтылуына оқу бағдарламасын, оқу жұмыс бағдарламасын, студенттің оқу-әдістемелік кешенін құру жатады. Аталған оқу-әдістемелік кешендер Қазақстан Республикасы білім беру стандартына, Қазақстан Республикасы жоғары білімін дамыту бағдарламасына, типтік бағдарламаға сүйеніп құрылады. Мазмұндық компонент пәнді оқыту құралдары толық болып, оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдері қолданылуын керек етеді. Студенттерді әр түрлі оқыту формаларын (дәріс, семинар, зертханалық жұмыс, сарамандақ сабақ), СӨЖ және СОӨЖ-ын дұрыс ұйымдастырудың да маңыздылығы кем емес.
Мазмұндық компонентте ең алдымен студенттердің өзіндік жұмысының жоспары құрылып, орындалу кестесі іске қосылады. Өзіндік жұмыс кестесі студенттерге арналған оқу-әдістемелік кешен силабуста беріледі. Өзіндік жұмыс жоспары мен кестесі оқытушы тарапынан өткізілетін кеңестер кестесімен толықтырылады. Студенттің қолында осындай оқу-әдістемелік кешеннің болуы студенттің өзіндік ұйымдасуын тездетіп, уақытын үнемді пайдалануына жағдай туғызады.
Процессуальды әрекеттік компонент оқытушының оқыту іс-әрекеті мен студенттің танымдық әрекетінің бірлесуінен тұрады. Оқытушының педагогикалық іс-әрекеті жоғары оқу орнының педагогикалық процесінде оқытуға, студенттің дара тұлға ретінде қалыптасуына, шығармашылықпен дамуына тиімді жағдай туғызуға бағытталады. Педагогикалық әрекеттің негізгі функциялары:
оқытушылық, білім беру мазмұнын жүзеге асыруда көрінеді;
тәрбиешілік, жалпы адамзаттық және кәсіби мәдениетті таратушы ретінде;
ұйымдастырушылық, оқу – танымдық процесті ұйымдастырып, жобалап, жоғары білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес оқытудың әдіс, құрал және формасын таңдаушы ретінде;
зерттеушілік, кәсіби іс-әрекеті мәселесінің теориялық және іс жүзіндегі мәселелерін зерттеуші, оларды шешудің тиімді жолдарын іздестіруші ретінде көрінеді.
Оқытушы мен студенттің іс-әрекеті оқу жұмысының әр түрін іске асыруға бағытталады. Жоғары оқу орындарында оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына дәріс, сарамандық сабақ, зертханалық жұмыс, семинар, студенттің оқытушы қатысында өтетін өзіндік жұмысы жатады. Оларды дәрісханалық, дәрісханадан тыс деп жіктейміз. Сонымен бірге кез келген оқыту формасында өзіндік жұмыс түрін ұйымдастыру кредиттік оқыту жүйесінің негізгі құрам бөліктерінің бірі болып есептеледі.
Дұрыс құрылған дәріс сабағы басынан аяғына дейін студенттің белсенді ширыққан еңбегін қажет етеді. Дәріс сабақтарының деңгейі оқыту жүйесінің барлық дерлік ұйымдастыру әдістері мен формаларының тиімділігін анықтайды. Оқытушы студентті дәріс үстінде жұмыс істеу ерекшелігімен таныстыруға міндетті, студент негізгі ойды түйіндеп, қысқаша, рет-ретімен жазуға, материалды өңдеп, толықтыруға үйренеді.
Сарамандық сабақтар. Өзіндік жұмыстың сарамандық сабақта ұйымдастырылуы дәріспен байланысты және сарамандық икемділіктерді толықтыруы керек. Олар оқытушы мен студенттердің бірлескен әрекеті арқылы іске асырылады. Мұнда студенттің дербестік деңгейі жоғары болғандықтан, оның үлесіне тиетін жұмыс көлемі айтарлықтай деңгейде болады.