Тапсырмалар: 1-тапсырма. Мәтіннен жеке тұрып белгілі бір ұғымды білдіретін сөздерді бір бөлек, ұғымды білдіре алмайтын сөздерді бір бөлек теріп жазыңыздар. Жеке тұрып ұғымды білдіре алмайтын сөздердің қалыптасқан мағынасын көрсете отырып, сөздің ұғымы мен мағынасының арасындағы айырмашылықты ашыңыздар. Аздан соң Оспанды ертіп Тәкежанның үйінен Абай аттанғанда, күн кешкіріп, екінтіге тақап қалған екен. Екі туысқан кешкі қоналқада қайда боларын шешпесе де, атқа мінісіп, өлкені, өзенді бойлады. Кешкі суға келіп жатқан қалың жылқыларды шеттей жағалай түсіп, ешбір ауылға соқпай, белгілі бір сейілге шыққандай. Осылайша атқа мініп, оралып қайтуын Оспан тілеген соң, бағанағы сөзін айтар деп, Абай үндемей ерген-ді. Бірақ Бұл жүрісте де Оспан сөзін бастағанша көлденең бір жай олардың келелі сөзінің арасына түсіп кетті. Ол күйдің себепшісі – бұл екеуінің аңшы інісі, әдемі көк қаршығаны қолына ұстаған, сұлу жарау, ақсұр байтал мінген Шәке болатын (М.Ә.).
2-тапсырма.Төмендегі сөйлемдерден қарамен терілген сөздерді теріп жазып, мағынасын анықтаңыздар, тура немесе ауыс мағына ма, ұқсатудан немесе фразеологиялық байланыстан туған мағына ма, конМәтіндік мағына ма екенін анықтап, пайда болу жолын түсіндіріңіздер. 1. Адам әлі білмеген, талай жұбақ сырың да, жырың да бар-ау табиғат-ана! (Ғ.С). 2. Бұл кезде менің миым асты-үстіне келіп қайнап кеткен (Ғ.М.). 3. Бақшаның мен жақ шеткі ағаштары кесе-көлденең жапырылып, жер бауырлап бүксие берді (Ғ.М.). 4. Дүние желі олай соғып, былай соғып, бір теңбіл шаңды соның ішіп отырған шайына апарып түсірсе қандай жақсы болар еді дейді (Ғ.М.). 5. Жоқ, ол ойды мен өсірген емеспін (Ғ.М.). 6. Ауа лайнері Алматының үстін бір шолып өтіп, күннің шығысына – Өскеменге қарай бет түзейді. Алатаудың қойнынан көтерілген құрыш құс бір сағаттың о жақ, бұ жағында Алтайдың қиясына барып қонады. Ыстық күн Алатаудың иығынан күле қарайды. Ол ұзын алтын кірпіктерімен айналаны қытықтап тұрған тәрізденеді (Ә.Нұрш.). 7. Шіркін, сапар шегу қандай жақсы! Сапар – өмірдің баспалдағы (Ә.Нұрш.). 8. Алып таудың төсінен шыққан үлкенді-кішілі өзендердің бәрі неше алуан жыр шырқап, соған келіп қосылады (Ә.Нұрш.).