Қалалардың дамуы. Қазақстан жерінде орта ғасырдың ортасында қалалық мәдениет дамыды. Жазба деректер бойынша ерте орта ғасыр қалалары Оңтүстік Қазақстанда немесе Жетісуда жеткілікті көрсетілген.
Ең үлкен қалалар – Суяб, Тараз, Испиджиб, Отырар. Бұл қалалар қол өнер орталығы болып есептелді. Оңтүстік Қазақстанда Исфиджаб (Сайрам), Газгирд, Шараб, Будухкет, Отырар, Шаугар және Сауран тәрізді ірі қалалар бой көтерді. Исфиджаб сауда жолы өтетін орталық болды, мұнда көптеген тауарлар өндірілді, бұл жерден маталар, қару-жарақтар, мыс пен темір тасылды. «Исфиджаб,- деп жазды ортағасырлық авторлардың бірі,- Түркістан шекарасындағы Мауераннахрдың үлкен де, ірі қалаларының бірі. Ол Азия елдерінің өркендеген және керемет қалаларының бірі, жері құнарлы, ағаштары көп, суы мол және ғажайып бақтары бар».
Талас алқабында VI ғасырдан белгілі ірі қала Тараз болды. Тап осында Түрік қағаны Иштеми 568 жылы Земарх бастаған Византия императоры II Юстинианды дипломатиялық елшілігін қабылдады. Жылнамашылар Таразды саудагерлер қаласы деп атаған. Ол түргештердің, одан кейін қарлұқтар мен қарахандардың астанасы болды. ХІ ғ. бірінші ширегінде ақша айналымының қалыптаса бастауына сай Қазақстандық екі теңге сарайы – Тараз және Испиджаб қалаларында болды. Қалалардағы ішкі сауда айналымында мыс (қола) теңгелер жүрсе, ал күміс теңге қалааралық ірі товар айналымын қамтамасыз етіп, қаржы жинаудың құралы қызметін атқарды. ХІ ғасырдың 70-жылдарынан кейін күміс құю тоқтатылып, айналымда оның орнына алтын қолданылды. Талас, Асса өзендерінің бойында Тараз маңында Төменгі Барысхан, Жамукат, Жекіл, Бектөбе, Дех-Нуджикес, Адахкет, Текабкет, Шельджи, Жувикат және т.б. қалалар мен мекендер созылып жатты. Талас алқабынан Шуға дейінгі жолда Ақыртас, Құл-Шуб, Жұл-Шуб, Құлан, Мерке, Аспара, Нүзкет тәрізді қалалар орын тепкен.Тек VI-XIII ғасырларда Шу алқабында соғдылар, сириялықтар, түріктер, парсылар мекендеген ірілі-ұсақты 25 қала болған. Бұл Харанжуан, Жұл, Навакет, Бунджикет, Құрмырау, Суяб, Баласағұн, Жоғарғы Барысхан қалашықтары. Іле алқабының ірі қалаларының қатары Тальхиз (Талғар), Қойлық, Дунгене, Алмалық (Алматы), Ілебалық, Көк-Тума сияқты қалаларды жатқызуға болады.
Қазақстанның ертефеодалдық қалаларын Орта Азия қалаларымен салыстырар болмақ, біріншісінің көшпенділердің астық пен басқа егістік өнімдеріне деген сұранысынан туындағанын байқауға болады. Енді қалалардың ішкі құрылымын қарастырар болсақ, Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалар үш бөліктен құрылатын – цитадель (әкімшілік орталық), шаһар (қаланың өзі), рабат (қала маңы). Олар қорғанмен қоршалатын немесе кейбіреулерінде ол да жоқ. Көбінесе олар шеңберлете орналасатын, ал тау етегіндегі жазықтар мен Сырдарияның төменгі ағысында төрт қырлы болып келетін.
Шауғар қаласы қорғанмен қоршалған, дөңгелене орналасқан, шамамен солтүстігі мен оңтүстік батысында қақпалар болған. Қарғанның сыртында терең ор қазылып су толтырылған. Қақапаға таяу маңда күзет мұнараларының орны байқалады. Қаланың үлкен базары мен қала шетінде мешіт болғанын да араб деректері көрсетеді.
VIII ғасырға дейін Шауғар ауданы Түркі және Батыс Түркі қағанатына (552-702 жж.) қарайтын. Ал VIII ғасырдың басында ішкі және сыртқы оқиғалардың әсерінен құлаған Батыс Түркі қағанатының орнына келген Түркеш қағанатының (702-756 жж.) Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы иелігінің батыс шекарасы ретінде Шауғар қаласы орналасты. Әл-Макдиси былай деп жазады: «От Кедера он был один переход до Шавгара. Шавгар большой город с общирным рустаком, вокруг него стена. Мечеть на краю рынка. Он вдали от большой дороги».
VIII ғ. басына таман Шауғар қаласы сол кездегі Орталық Азиядағы саяси оқиғалар арнасына тартылады. ІХ-Х ғғ. Шауғар қаласы өзінің дамуының жоғарғы деңгейіне жетті. Ұлы Жібек жолына жақын орналасуы да дамудың бір факторы болды.
Қазақстанның басқа аймағында да VII-XIII ғғ. қала мәдениеті дамыды. Сырдарияның төменгі ағысында Асанас, Янгикент,Сығанақ, Жент, Барлышкент және т.б. қалалар болса, Орталық және Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Нұра, Жезді, Сарысу өзендерінің бойында жетпіс сегіз қаланың орны табылды. Нұра алқабындағы ірі қалаға Ақсикент жатса, Сарысу жағалауында Жұбаныш пен Ұлыбағыр, Торғайдың төменгі сағасында – Қаңлыкент, Қарақорым, Борсық қалалары болғаны белгілі. Ертіс өзенінің алқабында он алты қимақ қаласы кездессе, оның ішінде Хакан мен Хакан-Қимақ қалалары қағанаттың астанасы болған. Сол кезде қалалардың дамығанын сәулетті құрылыстардың болуы дәлелдейді. Тараз маңындағы Бабаджа-хатун (X-XI ғғ.), Айша–бибі (XI-XII ғғ.) кесенелері, Тараздағы Қарахан кесенесі, Сырдарияның төменгі сағасындағы Сырлытам, Орталық Қазақстанның Домбауыл кесенесі ортағасырлық сәулет ескерткіштеріне жатады.