PISA оқу сауаттылығының «Рефлексия және бағалау» құзыреттілігі Рефлексия және бағалау көзқарастар жүйесінің өзіндік тәжірибесіне негізделген. Оқушылар рефлексия және бағалау жасауда мәтінде көтерілген ақпаратты байланыстыру үшін мәтіннен тыс білімге сүйенеді. Сонымен қатар оқушылар оқырман ретінде мәтінде айтылған мәселеге қатысты түсініктерін дамыту мүмкіндіктеріне ие болады. Рефлексия және бағалау оқушыдан дәлелдер келтіруді, оларды жалпы және нақты біліммен байланыстыруды, сонымен қатар абстрактілі ойлау қабілетін пайдалануды, қарама-қарсы пікірлер айтуды талап етеді.
Сол сияқты өңдеуді қажет ететін тапсырмалар беру – бағалауды жүзеге асырудың бір жолы. Себебі оқушылар мәтіннен тыс дәлелдемелерді, тұжырымдарды, ақпараттарды пайдаланып, тапсырманы орындайды. Тапсырмада оқушыдан автор ойын бағалауды, мәтіндегі ойға ой қосуды, басқа ақпарат ұсынуды немесе фрагменттерді анықтауды талап етуге болады. Осыған қоса, автордың стилін анықтауды, мақсаты мен көзқарасын түсіндіруді тапсырма етіп беруге болады. Мәтін формасын ойластыру да мақсатқа жетелейді.
Мәтін мазмұны бойынша рефлексия жасауда PISA-дан күтілетін нәтижелер:
мәтіннен алынған ақпаратты басқа дереккөздерден алған білімімен байланыстыру;
қоршаған орта туралы түсініктеріне сүйене отырып, мәтінде айтылған ойға баға беру.
Бұл нәтижелерге жету үшін тапсырма құрастыруда мынадай ұсыныстарды назарға алған жөн: Аталған деңгейді тексеру үшін PISA тесттерінде оқушылардың білетіндерін мәтіндегі ақпаратпен байланыстыру сұралатын тапсырмалар ұсынылады. Оқушылар қоршаған орта туралы білетіндеріне сүйеніп, мәтіндегі ақпаратқа баға берулері керек. Мұндай тапсырмаларда оқыған ақпараты бойынша адамгершілік, эстетикалық нормаларды ескере отырып, өзіндік көзқарасын білдіру, айтылған ойға дәлел ретінде мәтіннен тыс аргументтер келтіру ұсынылады. Мұндай сипаттағы тапсырмаларды орындау үшін оқушылар абстрактілі ойлау қабілеттерін көрсетіп, өз көзқарастарын дәлелдей алулары керек, яғни жоғары ойлау дағдылары талап етіледі.
Мәтін мазмұны бойынша рефлексия жасаумен байланысты білік-дағдыларды дамыту үшін оқушыларға келесідей тапсырмалар ұсынуға болады:
мәтін мазмұны бойынша пікірін білдіру;
мәтін ақпаратын өз тәжірибесімен байланыстыру;
өз көзқарасын мәтіннен алынған ақпаратқа сүйеніп не болмаса тақырып бойынша бұрыннан білетіндерін қолданып дәлелдеу;
өз білімі мен құндылықтарын ескере отырып, мәтін мазмұнында айтылған қорытындыларға баға беру;
мәтін кейіпкерлерінің әркетіне баға беру;
мәтін кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен оқиғалардың ретін болжау;
мәтінде айтылатын оқиғалардың әрі қарай дамуын болжау.
Мұндай тапсырмаларды табысты орындау оқушылардың төмендегідей білік-дағдыларды меңгеруімен тығыз байланысты болып келеді:
көлемді мәтіндерді оқу;
жасырын ақпаратпен жұмыс жасау;
ақпараттың бөлігі ретімен орналаспаса да, керекті ақпаратты табу;
тұтас емес мәтіндермен жұмыс;
сыни тұрғыдан баға беру талап етілетін қарама-қайшы ақпаратпен жұмыс жасау;